Республикада партия мен комсомолдың орталық органдарының құрылуы 1921 жылы құрылған облыстық партия ұйымы 1925 жылы өлкелік болып өзгертілді. 1921 жылы Орынборда Қазақстан комсомолының І съезі болып өткеннен кейін жастар ұйымдары да өздерінің қызметін жандандыра түсті. Қазақстан комсомолының тарихында Ғани Мұратбаевтың (1902-1925 жж.) орны ерекше. Қысқа өмір сүрсе де Қазақстан комсомолы тарихында өшпес із қалдырды.
Ғани Мұратбаев Қазақстан мен Орталық Азия комсомолының аса көрнекті ұйымдастырушыларының және басшыларының бірі, ол қазіргі Қызылорда облысының Қазалы ауданында 1902 жылы 3 маусымда дүниеге келген. Кеңес өкіметі орнасымен ол Қазалы уездік Кеңесі атқару комитетінің мүшесі болды. 1918 жылы Ғани Мұратбаев Ташкенттің кеңес- партия мектебіне оқуға түседі. 1920 жылы ол Түркістан комсомолы Орталық Комитетінің мүшесі болып сайланды. Самарқан өлкелік комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып істеді. 1920 жылы қазанда Ғани Мұратбаев комсомолдың ІІІ съезінің жұмысына қатысты. 1921 жылы Ғ.Мұратбаев Түркістан комсомолы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Жастардың Коммунистік Интернационалының (КИМ) ІІІ конгресінде ол Жастардың Коммунистік Интернационалы атқару комитетінің мүшесі, ал 1923 жылы Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі болды. 1923 жылдан бастап Ғ.Мұратбаев Мәскеуде жұмыс істеді. Ол Жастардың Комммунистік Интернационалының Шығыстағы еңбекші жастар бөлімін басқарды. Ғани 1925 жылы 15 сәуірде Мәскеуде қайтыс болды. Ол, алдымен, Қазақстан мен Орталық Азия республикаларының жастарын оқуға тартуға, кәсіптік маамндықты тезірек үйренуіне күш салды. Қазақстан жастары өз қатарынан Ғ.Мұратбаев сияқты халықаралық коммунистік жастар қозғалысының тамаша қайраткерлерін өсіріп шығарғанын мақтан етеді. Қазақстан жұртшылығы 2002 жылы оның туғанына 100 жыл толуын құрметпен атап өтті. Бұл жылдары Қазақ АКСР үкіметі Мәскеуден келген нұсқауларды басшылыққа ала отырып, Кеңес өкіметін одан әрі нығайтумен қатар, өз тарапынан ескіліктің «сарқыншақтарын» жоюмен де айналысты. Жергілікті жерде өтіп жатқан сайлаулардан байлар, діни қызметкерлер, имамдар шеттетілді. Мәселен, күйеуге беретін қыз үшін қалың мал алуды жою, көп әйел алуға, әмеңгерлікке тыйым салу туралы Декреттер қабылдап, оларды халық арасында кеңінен насихаттады. Әйелдер тағдырына қатысты осы және басқа да қаулы қарарлар мен Декреттерді жүзеге асыруға Н.Құлжанова, Ш.Иманбаева және басқалар белсене қатысты.