Байланысты: Қазақ халқының ұлттық киімдері (копия)
Кеудеше Кеудеше жеңсіз, ойма жеңмен тігіледі, етегі шолақ келеді. Тігілуі қамзолға ұқсас. Кеудешенің беліне қима, танас түсірілмейді. Кеудешені әйел, еркек демей, еңкейген қариядан еңбектеген жасқа дейін киеді. Қыс маусымдарында киетін кеудешелерді ішіне жүнін тақырлап қырқып илеген қой терісі, елтірі, түлкі, қарсақ, суыр терілері, басылған жабағы күсіп те тігуге болады. Жаз маусымдарында киілетін кеудешелерді кестелеп сырып әшекейлейді. (Н. Халел). Бүйрек, ревма тизм, құяң ауруына емдік қасиеті үшін иірілген жас түйе жүнінен тоқылатын женсіз, жағасыз, тоқыма түрін түйе жүн кеудеше дейді.
Кеудешенің күрте деп аталатын түрінде жең де, жаға да болмайды. Бар болғаны екі өңірі мен артқы бойдан тұрады. Ұзындығы шалбардың ышқырынан аспайды. Күртені мақта не жүн тартып, теріні мақтамен тыстап та тігеді. Астарына кез келген атлас, шағи сияқты жібек тектес маталармен астарланған түрін ерлер киеді.
Күрдекше Сырткиімнің астынан жылылық үшін суықта тон, шапан астынан киетін, қимылдауға қолайлы, жанынан немесе алдынан түймеленетін жеңсіз кеуде- ше. Күрдекшенің астарына мақта салып, сырылып, қалың матадан тігеді (КСЭ 7-том,171-б).
Көкірекше Көбіне жас балалар мен тұрмыс құрмаған жас қыздар киетін, алды мен арты тұйық, бір жақ қырынан тігілген, екінші жағынан түймеленетін немесе байланатын кеуде киімі.
Кәзекей Астары бар, жағасы кең ойылған, жеңсіз, етегі мен жағасы тастармен, оқа, күміс тиындармен (сөлкебай) әшекейленетін әйелдердің жеңіл, жұқа киімі.
Жағасы кеңірек ойылады да, жеңсіз болады. Аса ұзын емес, белден сәл ғана төмен түсіп тұрады. Көбінесе барқыттан тігіледі. Оны астарлағанымен арасына жүн, мақта салынбай ықшамдап тігіледі. Өңірі, жаға-жиегі және омырауы түрлі түсті зер жіптермен кестеленеді немесе ою-өрнек салынады. Қыз-келіншектердің денесіне қонымды болып, тұлғасын ажарландырып тұрады. Кейбір түрік тілдерін зерттеушілер (НК. Дмитриев т.б.), «кезекей» сөзі башқұрт, татар тілдерінен енген дейді. Қазақ тілінде кәзекей, кежекей деп те қатар қолданыла береді.
Жейде Ертедегі орыс, батыс жазба деректеріне және бейне суреттерге сүйенсек, ХѴІ-ХІХ ғғ. қазақтар түймелігі жоқ ішкиім – жейде киген. Мұндай жейде түрі қазақтармен көршілес халықтарда да таралған және қазақтарда сәл ұмыт болғанға ұқсайды. Оның орыс деректерінде жазылуы бойынша алдыңғы екі өңірі өте ұзын, қамзол тәрізді төменге салбырап тұрған.
Қазақтар ертеде жейдесін тұтас матаны нық тұсынан екі бүктеп беттестіріп өлшеп алып жеңі мен иығын тұтас пішкен, нық тұсынан бас сыятындай етіп дәл ортасынан симметриялы түрде көлденең тіліп, оның дәл ортасынан төменге қарай тағы бір тілік (Т әрпіне ұқсас) жасаған. Бұл тунико тәрізді пішім сол кезде көптеген халықтарға ортақ пішім үлгісі болғанға ұқсайды. Оның тағы бір ерекшелігі, нығы сол күйінде қалдырылатын түзу иықты пошымды болып келетіндігінде. Сондай-ақ оның жеңі иықтан төмен түсіп, кейде шынтаққа қарай жақындап келетін түрлері болған.