Белдемше Сәнді кестеленген белдемше немесе белшалғыш қазақ, қырғыздардың тұрмыс құрған әйелдерінің сәндік үшін киетін киімдерінің бірі ретінде ертеректе пайда болғаны жөнінде деректер бар. Белдемшелер қырғыздардың жерлеу салтында кездескен. ХІХ ғасырдың аяғына дейін әйелдер ойын-сауық кезінде көйлектерінің сыртынан киген Белшалғыштар әсіресе оңтүстік өңірде Ұлы жүз қазақтары мен Орта жүздің қоңырат руларында, шығыста Семей, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында, Таулы Алтайда кеңінен тараған. Белдемшенің алдыңғы өңірлері бір-біріне түйісіп тұрады да, белінен төмен қарай кеңи береді. Белдемше барқыттан, шұғадан және басқа да жібек маталардан тігіліп, жиегі кестеленеді, түрлі әшекейлермен безендіріледі. Бағалы аң терісімен көмкерілген түрлері де болған. Әсіресе алдыңғы екі өңірін, белдігін, етегін кестелеген. Егде жастағы әйелдердің белдемшелерінің түстері көбіне қара болған. Белдемшенің белі қапсырмамен түймеленген.
Әйел көйлегі Қыздар мен әйелдер көйлегін бүрмелі, тік етек, қос етек, үш етек, көп қатарлы деп бірнеше түрге бөледі. Тік етек, кең етекті көк көйлекті қарт әжелер, бүрмелі көйлекті көбіне орта жастағы әйелдер, қатарма, таспа жүгірткен бүрмелі, қос етек көйлекті жас келіншектер мен қыз балалар, етегі үш қатпардан көп қатарма қатпарлы көйлекті жаңа түскен келіншектер мен бойжеткен қыздар киген. Етегінің қатпарына сай жеңіне де қатпар түсіріледі. Тана, шытырма, жармалармен сәнделеді. Көйлектер тігілген матасының түріне, мақсатына байланысты күнделікті, жиын-тойға арналған «кештік» көйлектер болып бөлінген. Әйелдер көйлегінің желке тұсынан артқы жағынан түймеленетін тік жағалы түрі көбіне жас қыздар мен өрендер көйлегіне тән болған.
Әйелдерге арналған қос етек көйлек – түрлі түсті шыттардан әшекейленіп немесе қамқа, манат, пүліш, шұға, ұштоп қатарлы тыстық маталардан тігілген сәнді киім. Белі қыналып, ішкөйлектің сыртынан киілген. Оған жең, жаға, бел, бүрмелі етек, қатпарлы желбір салынады. Қосетек көйлектің етегінің кеңдігі 2-3 құлаш, биіктігі белге дейінгі өлшеммен лайықталады. Етегін әдіптеп, кестелейді, оқа, зермен әдіптейді. 1,5 қарыстай ені бар бірнеше қатпарлы бүрмені негізгі етектің үстіне бастырады. Бүріп бастырған тігіс үстіне зер, кесте, асыл мата жапсырып әшекейлейді. Осындай қосарлана етек жасап тұрған етектердің қатпары 2-9 қатар жасайды. Жең ұшы да қос-қос етіп бүрмеленеді. Көйлектің өңірін алдыңғы жағынан бел бүрмесіне дейін, қолтық тігісіне дейін жететіндей етіп асыл матадан салады. Жағасын, өңірін кесте, салпыншақ, қымбат тас, үзбемен әшекейлейді. Кейде жағасына тамақша (күмістен соғылған, көйлектің тік жағасына қоса көктелетін алқаның бір түрі) тіккен.
«Қос етек, бұраң бел, Қуалай соғар самал жел...» - деген өлең сөздері осы көйлек атынан шыққан болу керек. Кең таралған көйлектік мата түстері ертеде көкшіл болғанымен (арзан әрі көптігіне байланысты) XIX ғ. орта шенінен бастап орыстың ала бұлы, шығыс өңірде қытайдың кездемелері таралды. Ертедегі әйел көйлегі кимоно пішімді, екі бүйірі, қолтық тұсы кең, жеңі түзу, ұзын, жағасының төменгі бөлігі тілік (ашық). мойынды орап тұратын болған (Захарова-Ходжаева). ХІХ ғасырдың ортасынан бастап қайырма жаға болса, кейінірек оны тік жаға алмастырды. Тамақтың астынан төменге қарай тіліп, оған қақпақша орнату, тіптен оны басқа түсті матадан жасау, кейінірек көйлектің қақпағын жеке өңірше жасап орнату таралды. Өңіршені қымбат, берік матадан кестелеу тәсілімен жасаған. Тозған көйлектің өңіршесін сөгіп алып, бірнеше мәрте қолданатын болған. Ойық жағалы түрі де болған ол балалар мен жастар көйлектеріне жиі қолданылған.