2.2 Шығарманың композициялық сөйлеу түріндегі көркемдігі Белгілі бір жазушы шығармасының тілін ғылыми тұрғыда қарастырғанда, оны қалай зерттеу керек, ғылыми ізденіс неден басталып, немен аяқталуына тиіс, зерттеуші қандай мәселелерді қамтуға міндетті, тілдік фактілерді жүйелеу, түсіндіру, талдау принциптері қандай болмақ тағы сол сияқты толып жатқан күрделі мәселелер көркем әдебиет тілін зерттеушінің назарын аударады.
Көркем шығарма тілін зерттеумен көп шұғылданған және елеулі табысқа ие болған ғалымдардың бірі Г.Винокурдың пайымдауынша, көркем шығармада тіл үш түрлі сапада көрініс табады (сөйлеу тілі, әдеби норма үлгісі және өнер туындысы тілі) соған сәйкес оны үш түрлі бағытта зерттеу мүмкіндігі туындайды. Ал, академик В.Виноградов тілді бағалаудың үш түрін ұсынады. Олар жалпы тілдік стилистика немесе құрылымдық стилистика, екіншіден сөйлеу стилистикасы, үшіншіден, көркем әдебиет стилистикасы. Осылардың ішіндегі ең жасы – көркем әдебиет стилистикасы [18,172].
Көркем әдебиет тілін зерттеудің алғашқы қадамдары ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезінде Еуропа тілші – ғалымдары тарапынан жасалғаны белгілі. Ол көркем проза арқылы өзінің әдебиеттегі орнын белгіліп, ғылыми айналымға түсіп, ғылыми-теориялық анықтамаға ие болған ішкі монолог тәсілі қазақ әдебиетіндегі ХХ ғасыр басындағы прозада орын алды. Көбінде кейіпкердің ішкі ойын немесе кейіпкерді сөйлетудің бір тәсілі ретінде эпизодтық ретте қолданылып келген қарапайым, дәстүрлі монолог тап осы кезеңде өзінің сапалық өсу сатысын бастан кешірді. Ол енді тек көркем шығармадағы кейіпкерді сөйлету, оның ішкі ойын жүйелі түрде айтып шығу секілді қарапайымдылықтан біржола қол үзіп кетпесе де бөлектеніп, дербес тәсілге, яғни ішкі монологқа айналды…[ ].
Бір ғана адамдың ішкі көңіл-күйін білдіретін және кейіпкерді сөйлету тәсілі болып табылатын ішкі монолог көбіне көркем шығармаларда дәстүрлі, қарапайым монологтың қызметін атқарады және оның ішкі монологтан тағы бір айырмашылығы жүйелі сөз болып келеді.
Ал, ішкі монологта жүйелілік сақтала бермейді. Монолог түріндегі жүйелі сөзден ішкі монологтың айырмашылығы да осында, яғни бір ойды бір ой тірсектеп, логикалық байланысы үзіліп, қайта оралып, қайта жалғасып, көп жағдайда сезім құбылысының тұтастығы саналы түрде сақталмайды. Кейіпкерлердің ішкі сөзінің логикалық байланысын саналы түрде үзіп, ой мен сезім құбылысының тұтастығын сақтамауды ХХ ғасыр басындағы прозалардан кездестіру жат құбылыс емес.Сондықтанда кейіпкердің ішкі сезімін, ішкі толғанысын ішкі монолог түзілімдері арқылы талдау бүгінгі күннің басты мәселесі.
Жалпы ішкі монолог тәсілі - әлем әдебиеті мен фольклорында кеңінен дамыған, дәстүрі бай, әдебиеттің қай жанрында да атқарар көркемдік қызметі зор, дербес бейнелеу құралы [29,41].
Ішкі монологтың авторлық және персонаждық түрлері де (формалары) бар. Ішкі монолог кейіпкердің ой-сезімін жеткізетін автор сөзі тұрғысында берілуі мүмкін немесе тура кейіпкердің өз атынан айтылуы да ықтимал…[ ].
Жоғарыда аталған еңбек авторы Г.Пірәлиева ішкі монологтың екі түріне үлкен ғылыми тұрғыда талдау жасаған болатын. Оның біріншісі – шығарманың бейнелеу өрісіне монологқа айналған сана-сезімнің қаншалықты дәрежеде қатысы барын айқындауға байланысты көрінеді. Оның өзі үш түрлі жағдайда көрініс табады. Бірінші санадан, еркіңнен мүлдем тыс ішкі монолог (безсознательность), екінші жарым-жартылай саналы, кейде санадан тыс сәттегі ішкі монолог, ол көбінесе, «ой ағысы»(поток сознание) тәсіліне ұласып жатады. Ал үшінші өзін бақылай, қадағалай алатын, жүйелі түрде бағыты айқындалған, шын мәніндегі ойлау үрдісін білдіретін ішкі монолог. Оның қосалқы бір түрі автор өзі тікелей оқиғаға, әрекетке талдау жасайтын монолог.
Ал, екіншісі – оқиғаға қатысатын кейіпкер монологына автордың (әңгіме айтып отырған адамның) қаншалықты дәрежеде қатысы барын айқындауға байланысты. Ішкі монологтың бұл түрінен бірінші, екінші, үшінші жақпен баяндау түрлерінің қай-қайсы да тікелей сабақтас болып келеді[29,69].
Қазіргі көркем проза-күрделенген, жанрға бай, көркемдік тәсілдері мол үлкен бір әлем. Ол әрине, адам, оның рухани әлемі тіршілік еткен қым-қиғаш қайшылығы мол қазіргі өмір күрделігінен, жалпы өмір шындығымен тығыз байланысты.
Кейіпкер болмысын айқын танытатын тілдік тәсілдер - диалог пен монологтар. Осы диалог пен монологтың айырмашылығы, олардың өзіндік сипаттамасы туралы Г.О. Винокур, Л.В. Щерба, В.В.Виноградов, Л.Г. Якубинский еңбектерінде алғаш сөз болды.
Ғалым Х. Кәрімов кейіпкердің төл сөзі көркем шығармада диалог және диалогтық дара реплика түрінде ғана емес, сонымен қатар монолог түрінде берілу мүмкіндігін академик В.В. Виноградовтың «Көркем әдебиетте сөйлеудің диалог қана емес, монологпен де байланысты және кейіпкердің өзіндік образын ашуға бағытталған субъективті - стильдік формалары жиі пайдаланылады», - деген ойын басшылыққа алады.
Рас, диалог пен монологты бір-бірінен ажырату оңай бола бермейді. Өйткені диалогтық және монологтық репликалардың арасында үзілді-кесілді, дәлме-дәл, абсолюттік шекара жоқ. Мәселен «Жалған диалог» (мнимый диалог) деген де бар, яғни диалогтық формада айтылғанның бәрі бірдей диалог емес, кейбір репликалар монолог бола алады, басқаша айтқанда, монолог диалогтық формада келе береді. Бұл жағдайда диалогтық, монологтық, сөз кестелерінің алуан түрлі болып араласып, әрекеттесіп қолданылуын туғызады [30,30-31].
Адамның сезім-күйін, ой толғанысын, күйініш-сүйінішін барлық қайшылығымен асқан шеберлікпен шынайы әрі дәл де танымды нақышпен бейнелейтін психологиялық романның ерекшелігі жанрлық талап пен автордың кәсіби шеберлігінде жатыр.
Шығармада авторлық баяндау көп ретте кейіпкерлердің көзімен, ойымен беріледі. Сондықтан бұл баяндауда тосын сипаттамалар, астарлы атаулар аз кездеспейді [31,84].
Осындай 1-жақта, кейіпкер атынан, баяндауға құрылған шығармалардың бірі-Т.Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романы. Шығарма кейіпкердің жан-дүниесін, қуаныш пен қайғыда өзін ұстау ерекшелігін ашып, адам жанының небір тікпіріне үңіліп, терең психологизмге құрылған. Оған дәлел ретінде шығарма кейіпкердің түс көруімен басталуы. Мысалы,«Жылқы кісінейді. Қара дауылда дүрліге шапқан қалың жылқының шошынып шыңғыра кісінеген даусы келеді құлағыма. Алды апан ба, ор ма, өн бойын үрей билеп алған жануарлар опыр-топыр орғып, шыңғырып кісінеп барады. Менің бойымды да қалтыратқан жаман үрей бар. Қалың тұяқтың дүрсілінен жер селкілдейді. Жылқыларды анық кере алмаймын, жүн қаптап қойғандай қою күңгірт, қара қожалақ аспанның реңкінде едірейтен құлақтары мен төгіліп толқып баратқан жал құйрықтарының бедерін ғана аңғарамын. Таудан құлаған тасқын сияқты ұмар-жұмар толқын болып ағып барады. Ағыза шапқан айғырлардың алқына шыңғырып кісінеген айқайы шабыстарынан озып, ұзап алысқа кетіп жоғалады. Құлағымда тек тұяқ дүрсілі қалады. Мел де алқынып, шайқалып жылқы толқынының арқасында келемін. Өн бойымда үрей бар. Еміс-еміс есіме келеді, осы үрей қазір ғана лап еткен жоқ. Мына жөңкіле шапқан қалың жылқының зәреңді ұшырған тұяқ дүрсілінен бұрын тұла бойымды жайлап алған. Бірақ ол үрейдің қайдан, неден келгенін ұмытып қалыппын. Қазіргісі тек ажалдан үркіп, өңгіріп жөңкіп баратқан көп жылқымен қоса бір жерде омаңата құлаймын ба деген қорқыныш. Бірде шабыс бәсеңдеп тұяқ дүрсілі әлсірегендей болды. Бураның шудасындай бұйраланып, жердің еңсесін басып тастаған қою қара аспанды жыртып шыңғырған дауыс естіледі. Дауыс өзгеріп, анықталып келеді. Шұбалта созып, шыңғырып айқайлағаи паровоз екен. Қалың жылқы көз алдымнан ғайып болды. Паровоздың айқайлағаны жылқының шыңғыра кісінегеніне ұқсайды екен-ау...» …[ ]
Түс – кейіпкердің көңіл – күйін, санасындағы үздіксіз жүріп жатқан үрдістің бір сәтін белгілейтін көркемдік тәсілдің бір түрі. Жазушы түсті өз шығармаларында зор рөл атқаратын құрал ретінде пайдалады. Қазақ прозасында түске соншалықты мән беріп, одан терең философиялық ой, әлеуметтік мәселе көтеру алпысыншы, сексенінші жылдардағы жаңа лекке тән қасиет болса керек. Түс – біздің көркем әдебиетімізде күні кеше ғана көркемдік тәсіл болып қалыптаспағаны белгілі. Өйткені адам бар жерде саналы және еркіңнен тыс болатын психологиялық құбылыстардың болуы заңды нәрсе. Ал, түс адамның шындықты санамен бейнелеуіне тікелей қатыспайтын психикалық құбылыс.
Тек жай ғана түс ретінде бермей, адамның ішкі сезімдерін толғандыра суреттейді.
Т.Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романында шығарма мәтіні субъективтік тұлғалардың күрделі, өзара әрекетшіл қарым-қатынастарынан тұрады: автор арнайы әңгімелеуші және кейіпкер. Автордың әрекет ету аймағы ауызекі сөйлеу нормаларына негізделген баяндаудан тұрады. Автор негізгі кейіпкер Нәзира атынан сөйлейді. Кейіпкердің әрекет ету аймағына монолог жатады.