АНЫҚТАМАЛАР
МӘТІН - бұл жалпы (бір) тақырып төңірегіндегі біріккен, сабақтастық пен тұтастық тән, ақпаратты жеткізетін мазмұнды (мәнді) сөйлемдердің тізбегі. Мәтін сөзінің этимологиясы семантикалық құрылымдардан тұрады; адамның жасаған нәрсесі, осы істелген нәрсе әлементтерінің ішкі байланыстылығы, істелген нәрсенің шеберлілігі және осы аталған үш семантикалық құрылымдарға сай оны үш пән — мәтінтану, герменевтика және поэтика зерттейді.
ЛИНГВИСТИКА- әлем тілдерінің құрылымын, әлеуметтік қызметін, тарихи дамуын және оның жалпы заңдылықтарын зерттейтін ғылым саласы. Адамзаттың сөйлеу тілі – тіл білімінің негізгі зерттеу нысаны болып табылады. Адамдар арасындағы өзара түсінісу құралы саналатын кез келген тіл адамзат үшін, қоғам үшін қызмет етеді.
РОМАН- күрделі сюжетті, көбіне қара сөзбен, кейде өлеңмен жазылған кең көлемді эпикалық түр. Романда өмір құбылыстары, адамдар арасындағы қарым-қатынастар молынан қамтылған, композициялық күрделі құрылымнан тұрады. Романда лирика мен драма жанрларының сипаттары да кірігіп отырады, әңгіме мен повеске қарағанда онда түрлі оқиғалар жүйесі, сюжеттік желі, қаһармандар қатары кеңірек қамтылады.
КОМПОЗИЦИЯ- көркемөнер туындысының құрылымы, оның жанры мен мазмұнына орай құрамдас бөліктерінің тұтастығы. Композиция - құрамдас бөліктері бірлікте ұштастырылған, бір-біріне және жалпы мүддеге бағындырылған мақсатты көркем құрылым.
ТРОПТАР- немесе құбылту – атаудың немесе мағынаның ауыспалы түрде қолдану тәсілі. Сөздерді тура мағынасында емес, бұрма мағынасында қолдану, шындықты бейнелеп, кейде тіпті перделеп жеткізу тәсілі болып табылады. Әдеби тілдің әсемдігі ғана емес, әсерлігі үшін де орасан қажет.
ОБРАЗ - шындықты танып-білуде әдебиет пен өнерге тән ерекше эстетикалық категория. Көркем шығармада сөзбен сомдалған кез келген құбылысты (көбінесе әдеби қаһарман бейнесін) Образ деп атайды.
ТІЛДІК ЖҮЙЕ – тілде бар үлгілердің, қолданыс типтерінің (түрлерінің) белгілі бір тәртіппен келуі.
Достарыңызбен бөлісу: |