Мaзмұны нормативтік сілтемелер


Қожа Ахмет Йасауидің «Диуани хикмет» шығармасының құрылысы



бет5/19
Дата02.06.2023
өлшемі166,76 Kb.
#98402
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19
Байланысты:
ходжамова н

1.2 Қожа Ахмет Йасауидің «Диуани хикмет» шығармасының құрылысы

Қазақтар арасында Иасауи хикметтері жазбаша да, ауызша да тарады. Әрине, бұл ортада соңғысы басымдық танытты. Яғни, хикметтер қазақ фольклорымен бір рәуіште өмір сүріп, оған жан-жақты ықпал етті. Осылайша Қожа Ахмет Иасауидің «Диуани хикметі» тікелей де, фольклорлық туындыларға тигізген әсері арқылы да ұлттық дүниетанымымыздың қалыптасуында үлкен рол атқарды. Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың «Егер қазақтардың рухани тарихы жазыла қалса, Қожа Ахмет Иасауидің хикметтері («Даналық сөздері») оның бір бөлігі болып кіруге тиіс», - деген пікірінің жайдан-жай айтылмағаны анық.


Хикметтердің халық арасында ауызша түрде кең тарағандығы оның әуел баста фольклорлық дәстүрлерді есепке алып жазылу себебінен екені күмән туғызбайды. Бұл, ең алдымен, хикметтердің өлең құрылысынан көрінетіні аян. Далалық ауызша поэзияда көп қолданылатын 7-8 және 12 буынды өлең үлгісінің басты орында қолданылуы хикметтерді фольклордық пішінге барынша жақындатады. Иасауидің 12 буынды хикметтері ырғақ мәселесінде қазақтың қара өлеңімен етене туыс. Ол туыстық, ең алдымен, әдебиет теориясының білгірі А.Байтұрсынов «бунақтың талғамалы орны» деп атаған 4 буыннан тұратын өлең жолының соңғы бунағынан көзге түседі.
11-12 буынды өлеңдегі бунақтың талғамалы орнының 4 буыннан тұруы Қожа Ахмет Иасауи мен оның шәкірттерінің хикметтерінен өзге сопылар шығармаларында жоққа тән болуы және қазақ қара өлеңінен өзге түркі халықтары фольклорында мүлдем аз кездесуі көп сырды аңғартып тұр.
Түркi халықтары жазба әдебиетiнiң бастауында тұрған көрнектi тұлғалардың бiрi, түркi сопылық поэзиясының негiзiн салушы Қожа Ахмет Йасауи шығармашылығы тақырып және идеялық мазмұн сабақтастығы тұрғысынан бiршама зерттеулерге арқау болды. Бұл орайда белгiлi әдебиет зерттеушiлерi М.Мырзахметов, А.Жақсылықов, С.Дәуiтұлы, М.Жармұхамедұлы, А.Егеубаев еңбектерiн ерекше атауға болады. Ал аталмыш мәселенiң екiншi қыры – пiшiндiк тұрғыдағы, яғни өлең құрылысындағы сабақтастық мәселесi әзiрге түрен тимеген тың күйiнде қалып отыр.
Ортағасырлық түркi поэзиясына араб-парсылық аруз өлшемiнiң елеулi әсер еткенi белгiлi. Бұл құбылыстың алғашқы айқын мысалы Жүсiп Баласағұнның аруздың «мутақариб» үлгiсiнде жазылған «Құтты бiлiк» дастаны болып табылады. Ал Махмұт Қашқаридiң «Түрiк тiлiнiң сөздiгiндегi» поэзиялық мәтiндердi құрылысы жағынан арузбен байланыстырушылардың пiкiрi айтарлықтай негiздi еместiгiн, толық дәлелденбегенiн атап айтқан жөн. Йасауи поэзиясына қатысты бұл мәселе бiршама талас тудырып келдi. Оның басты себебi, «Диуани хикметтегi» барлық мәтiндердiң бiр ғана авторға – Йасауиге тиесiлi еместiгi, хикметтерге мәтiнтанулық талдаулар жасалмағандықтан, авторлық қолтаңбаны анықтаудың мүмкiн болмай отырғандығы болатын.
Хикметтер құрылысы жайындағы йасауитанудағы алғашқы байсалды талдау, тиянақты тұжырым иесі – түрік ғалымы М.Ф.Көпрүлү. Иасауи хикметтерінің денін 7 және 12 буынды өлеңдер құрайтынын, аталмыш түрлердің көне түркілік ауыз әдебиетінен тамыр тартатынын, сопы ақын хикметтерінен бірыңғай араб-парсы поэзиясының әсерін іздей берудің жаңсақтық екенін ғалым өз зерттеулерінде түйіндеп айтқан болатын [12,20].
Хикметтер құрылысына қатысты әдебиет зерттеушісі Х.Сүйіншәлиев: «Өлеңдерінің түріне қарағанда Йасауи өзіне дейінгі араб әдебиетінің үлгілерін жақсы білген» деген пікір қосады [4, 13]. Дегенмен, ғалым бұл пікіріне дәлел келтірмеген, есесіне, «Иасауи шығармаларына ауыз әдебиетінің ықпалы да тиген. Оның кейбір шығармалары 7-8 буынды және 11-12 буынды қара өлең формасында жазылған» деген тұжырымын мысалдармен толықтырған [12, 37]. Хикметтердің ұйқас ерекшелігі жөнінде сөз қозғаған белгілі иасауитанушы М.Жармұхамедұлы: «Ақын араб, парсы әдебиетінде кең қолданылған ұйқастарды пайдаланып отырса да соның ішінен біздің қара өлең ұйқасына жақын үлгілерді әдейі таңдап алған тәрізді» деп біледі [12,15]. Иасауи хикметтеріндегі кейбір толғаулардың құрылысы да, буындық өлшеуі де өзге түркі халықтарына қарағанда қазақ өлең-жырларына ұйқас келетіні жөніндегі мөлтек пікір Қ.Жұбанов, Ж.Жолаев мақалаларында айтылады. Белгілі әдебиет зерттеушілері Ә.Қоңыратбаев, Н.Келімбетов, т.б. ғалымдардың хикметтер құрылысына қатысты пікірлері де аталмыш тұжырымдар аясында шектеледі. Иасауи хикметтерінің құрылысына қатысты соңғы жылдардағы байыпты зерттеулердің бірі А.Ахметбек қаламына тиесілі. Зерттеуші зікір қызметін атқару мақсатында туындаған, белгілі бір әуенге бағынған Йасауи хикметтері бунақтың бірқалыптылығын қажетсінгендіктен, «Йасауи түркі өлеңдерінің он бір буынына бір буын қосып, әр бунақтың төрт буынды болуын жасаған» деп біледі [13, 91]. Араб өлеңі құрылысының ерекшеліктерін аша отырып, Иасауидің барлық хикметтерін бірыңғай аруз өлшеуіне салудың жасандылық екенін А.Ахметбек нақты мысалдармен дәлелдей білген. Зерттеушінің хикметтердің мазмұны мен пішінін байланыстыра қарау әрекеті де негізсіз емес. Дегенмен, А.Ахметбектің түпнұсқа (шартты түрдегі) мәтінмен емес, аудармамен жұмыс жасағандығы хикмет құрылысы жайлы талдауларының кей тұста дәлдіктен біршама түпнұсқадағы буын санын сақтап аударуды мақсат етпеген. Мысал келтірер болсақ, М.Тынышлықұлы аудармасында:

Әр кім қылса тариқаттың дұғасын, (11)


Әуелі шариғатты білмек керек. (11)
Шариғаттың істерін ада қылып, (11)
Одан соңыра бұ дұғаны қылмақ керек, – (12)

деп берілген жолдар түпнұсқада:


Һәр кім қылса тариқатны дағуасыны (12)


Ошал мүмин шариатны білмәк керек (12)
Шариғатны ішлеріні ада қылып, (12)
Андын соңра бу дағуаны қылмақ керек, (12) [13, 18].
түрінде, яғни тұтастай он екі буынды өлшемде келеді. Мұндай шумақтарды он бір буынды өлшем жөнінде де осыны айтуға болады. Таза күйіндегі сегіз буынды тармақтардың Иасауи хикметтерінің түпнұсқасындағы кездеспейтіні мәлім.
«Диуани хикметті» тілдік тұрғыдан қарастырған көрнекті тілтанушы Р.Сыздықова өзінің «Ясауи хикметтерінің тілі» атты іргелі зерттеуінің бір тараушасын хикметтердің өлең құрылысына арнаған. Әдебиеттанушы ғалымдар тереңдеп бара алмай жүрген бірқатар маңызды мәселелерді көтерген автор хикметтердің буындық жүйесіне, ұйқас суретіне, шумақ түрлеріне талдау жасаған. Тілдік заңдылықтар тұрғысынан жасалған зерттеуде дәстүрлі әдеби ұғымдар қамтыла бермейді, дегенмен мұның өзі өлең жүйесіне қатысты мәселелерге таптаурын болмаған, таза, табиғи түсініктермен баға беруге мүмкіндік туғызған. Хикметтердің бір шумағында «ішкі» (бір шумақтың алғашқы үш жолындағы) және «желілік» (бір шумақты тұтастырып, бір желіге байлап тұратын төртінші тармақтағы ұйқас) ұйқас түрлерінің кездесетіні, әр хикметтің алғашқы шумағының ұйқас суреті қалғандарынан өзгеше болатыны, кейбір хикметтердің желілі ұйқасының тұтас сөйлем-тармақтан құралатыны жайлы тұжырымдар Р.Сыздықова еңбегінде айтылады [14, 84]. Хикметтердегі ұйқасушы сөздер тұлғасына тұңғыш талдау жасаған ғалым қолданған «ішкі ұйқас» ұғымы қалыпты әдеби мәнінен өзгешерек, яғни тармақішілік емес, шумақішілік ұйқас ретінде қолданылған. Бұл әрбір хикметтегі барлық шумақтарды тұтастырып және бір ұйқас түрі – желілі ұйқастың болуымен байланысты туындаған.
Хикметтер құрылысына қатысты ішінара зерттеулер жүргізген жас ғалым Т.Қыдыр өзінің «Қазақ даласында ислами әдебиеттің қалыптасуы» атты диссертация жұмысында Қожа Ахмет Йасауидің ғазал, мәснәуи және мураббағ үлгілерін қолданғандығын мысалдар арқылы дәлелдеуге тырысады. Хикметтердегі редифтерді автор шығыс поэзиясында жиі қолданылған үлгі ретінде танытады. Дегенмен зерттеушінің сопы ақын хикметтерінің түркілік төркінін зерттеп-зерделеуге тырыспай, оны бірыңғай араб-парсы поэтикасының әсерінен туындаған шығарма ретінде қарастыруы ғылыми тұрғыдан аса негізді емес.
«Диуани хикметті» ауызша әдеби дәстүр аясында қарастырған фольклортанушы Б.Қорғанбек мақаласында шығарманың мәнерлеушілік қызметтегі көркемдік тәсілдеріне қатысты бірқатар тың идеялар айтылады. «Йасауи хикметтері мен қазақ қара өлеңдеріндегі айрықша ұқсас белгінің табиғилығы көзге түседі. Ол – 11-12 буынды өлең ырғағындағы соңғы бунақтың 4 буыннан тұратын түрі» дей келіп [9, 19], 7-8 буынды хикметтердің де ауыз әдебиетімен көркемдік тәсіл, ішінара мазмұн тұрғысынан сабақтастығын дәлелдеп көрсеткен. Зерттеушінің Йасауи поэзиясына қатысты көркемдік дәстүр көріністерін шығарманың мазмұнынан емес, пішінінен іздеу қажеттігі, автор еркінен тыс іске асатын өлең өлшемін таңдауда стихиялықтың басым түсетіні жайлы тұжырымдары – жаңа ізденістерге қозғау салатын қорытындылар.
Шығармаға жасалынған талдаулардан Йасауи хикметтерінің ХІІ ғасырда дүниеге келген көлемді жазба туынды ғана емес, ол – түркі сопылық поэзиясы секілді бірегей әдеби үдерістің бастауында тұрған ерекше шығарма екенін көрсетеді. Хикметтердің мазмұндық қыры, жанрлық ерекшеліктері ғана емес, құрылымдық жағы да өзінен кейінгі түркі халықтары поэзиясында кеңінен дамытылып, терең із қалдырды. Мұның өзі Иасауи қолданған өлеңдік түрдің төл түркілік негізден тамыр тартуының арқасында ғана мүмкін болды. Осы үдерісті тереңірек қарастыру көне түркілік өлең құрылысына қатысты мәліметтерді терең саралауды қажет етеді.
Иасауи хикметтерінде ең жиі қолданылған (шамамен 70%) өлең түрі – 12 буынды, төрт тармақты өлең. Аталмыш түрдің шығу төркіні түркі өлеңін зерттеуші ғалымдар арасында жиі талас тудырып келеді. Бұл түрді түркі поэзиясына тән туындық өлшемімен жазылған деушілер де, метрикалық аруз үлгісінде жазылған деушілер де болды.
«Диуани хикметтегі» 12 буынды өлеңдер екі түрлі ұйқасқа құрылған: отыз жол өлең дыбыстық құрамы да, морфологиялық құрылымы да біркелкі -ітәр, -бүтәр, -әтәр, -өтәр үлгісіндегі ұйқасқа құрылса, 14 жол өлең осындай ерекшеліктерге ие -тілә, -үлә, -ала, -йұла ұйқасымен келеді. Бір ғана қос тармақты өлеңнің ұйқасы йай-ай болып құрылған. Аталған құрылымдық ерекшеліктер «Диуандағы» 12 буынды өлеңдердің қос тармақты үзік-үзік әйіттер емес, біртұтас дастанның жекелеген жолдары болуы мүмкін екендігін аңғартады.
Келтірілген жолдардың қос тармақты жеке бәйіттер емес, біртұтас шумақ екенін сыртқы үйлесімді пішіні ғана есем, ішкі біртұтас мазмұны да дәлелдейді. «Диуандағы» 12 буынды өлеңдердегі 4,6,8 тармақтардан тұратын бірнеше шумақтар мен түйдектерге топтастыруға болады.
12 буынды Иасауи хикметтерінің 4+4+4 бунақтық жүйемен құрылып, әрбір бунақ біркелкі төрт буыннан құралады. 4 буынды бунақ кейде тұтас бір сөзден, кейде бір және үш буынды екі сөздің қосындысынан тұрса, көп жағдайда екі буынды екі сөзден тұрады. Соңғы әдіспен жасалған өлең жолдарының әуезділігі жоғары, ырғағы айқын, әуенге салуға бейім болып келеді. Ұлт әдебиетінің теориялық негізін қалаушы А.Байтұрсыновтың тұжырымына сүйенсек, бунақ дегеніміз - өлеңді айтқанда сезілетін дауыс толқынының соқпа-соқпасының арасы [10, 92]. Дауыс соқпасын тиянақтайтын бунақтың 4 буынды созылмалы, шұбалаңқы бір сөзден гөрі қысқа әрі анық 2 буынды екі сөзден құралуы мәнерлілікті күшейтіп қана қоймайды, бірыңғай дыбысталатын сөздерді қатар қолдануға, сол арқылы ішкі ұйқас түзуге мүмкіндік береді.
Аталмыш өлшемге қатысты шешімін таппаған ендігі бір мәселе Йасауи хикметтерінің өзіне дейінгі ешбір жазба әдебиетте кездеспейтін ерекше ұйқас үлгісінде жазылғандығы болып отыр. Мұнда хикметтердің буын үлгісіне қарай ұйқас түрі де өзгеріп отырады. 12 буынды хикметтер үшін Йасауи қолданған қалып төмендегідей: бірінші тармағы мен үшінші тармағы, екінші тармағы мен төртінші тармағы үйлесетін алғашқы шумақ әдетте шалыс ұйқасқа құрылып, абаб пішінінде келеді. Екінші шумақтан бастап хикмет соңына дейін ұйқас әәәб вввб гггб дддб болып біркелкі құрылады. Сирек жағдайда алғашқы шумақтың бірінші және үшінші тармақтары ұйқассыз келуі мүмкін.
Йа, Иләхи, хамдың бірлә хикмет айтыб, а
Заты ұлығ хожам, сығынып келдім сәңа. б
Тәуба қылыб, күнәһымдын қорқыб қайттым, а
Заты ұлығ хожам, сығынып келдім сәңа. б
Қырық бірімде ыхлас қылдым йол тапай деп, в
Еранлардын һәр сыр көрсам, мен йапай деп, в
Пірмұған ізін алыб, мен өпә деб, в
Заты ұлығ хожам, сығынып келдім сәңа. б [15, 16].
Келтірілген үзінділерден 12 буынды Йасауи хикметтерінің ұйқас құрылымы тұрақты болып келетіні аңғарылады.
12 буынды Йасауи хикметтеріндегі тармақ үйлесімінің өзіндік ерекшелігі бар. Шалыс ұйқас (абаб) немесе кезектес ұйқасқа (абвб) құрылған алғашқы шумақтың 1-тармағы әдетте келесі тармақта айтылатын ойдың, сипатталатын әрекеттің, суреттелетін сезімнің кіріспесі іспетті болып келеді. Осыған орай бірінші және екінші тармақтар мағыналық тұтастық құрап, кейде салалас, кейде сабақтас құрмалас пішішінде келеді. Мысалы:
Құл хуа Аллмах, субхан Аллах уирд әйләсам,
Бір уа барым, дидарыңды көрермін му?! [16, 65].
12 буынды Йасауи хикметтері бірыңғай төрт тармақты шумақтардан құралады. Тармақтардың шумақ ішінде орналасуына қандай ерекшеліктер тән болса, шумақтардың хикмет ішінде орналасуына да сондай ерекшелік тән. Яғни, хикмет шумақтары орналасу реті арқылы даму үстіндегі ойды, ілгерілеу үстіндегі әрекетті, түйдектеле келіп тұтасатын сезімдерді суреттейді.
Он екi буынды Йасауи хикметтерiнiң алғашқы шумағының ұйқас бiтiмi өзге шумақтардан ерекшеленiп тұрады. Бұл шумақ әдетте кезектi (абвб) немесе шалыс (абаб) ұйқаспен, сирек жағдайда бiрыңғай ұйқаспен (аааа) келедi. Кейiнгi барлық шумақтар ұйқастың бiр ғана аааб түрiне құрылған. Ортағасырлық қолжазбалардың графикалық ерекшелiктерiне сәйкес он төрт буынды жолдар түрiнде хатқа түскенiмен, жетi буынды қос тармақтың қосындысы екендiгi iшкi ұйқасынан аңғарылатын хикметтерге де ұйқастың осы түрi тән. Iшкi ұйқас сақталмаған таза он төрт буынды хикметтердiң ұйқас пiшiнi жөнiнде де осыны айтуға болады. Ал iшкi ұйқасы әлсiздеу жекелеген он төрт буынды хикметтерде қара өлең ұйқасына (ааба) ауытқу көрiнiстерi байқалады. Таза күйiндегi қара өлең ұйқасы Йасауи поэзиясында кездеспейдi. Құрылымы ерекшелеу ендiгi бiр он төрт буынды хикметтi – Мұхаммед пайғамбарға мадақ жырын (24-хикмет) – жетi буынды төрттiк өлең ретiнде қабылдауға негiз бар. Хикмет әдiптемеге (редиф) негiзделген аттамалы ұйқасқа құрылған, бiрқатар тұста табиғи түрде шалыс ұйқас көрiнiс берiп отырады; әрбiр төрттiкте дерлiк әдепкi ұйқас сақталған. Он бiр буынды хикметтердiң басым бөлiгiнде ғазал ұйқасы (аа ба ва га) қолданылса, 57-хикмет пен «Мiнәжатта» мәснәуи (аа бб вв гг) ұйқасы байқалады. Мұндағы ғазал ұйқасы аттамалы ұйқасқа, ал мәснәуи үлгiсi егiз ұйқасқа сәйкес келедi. Оларды қазақ тiлiндегi ұғымдармен емес, араб-парсылық баламаларымен беруiмiз жоғарыда көрсетiлген себептен – он бiр буынды хикметтердiң аруз өлшемiмен жазылуынан туындап отыр.
Йасауи хикметтерінде жиі қолданылатын екінші бір өлшем – 7-8 буынды өлең түрі.
Йасауи хикметтеріндегі 14 буынды тармақтардың 7 буынды екі жолды қосу арқылы жасалғаны жайлы алғашқы пікірді 1941 жылы өлеңтанушы А.Поцелуевский айтқан болатын [11,68]. Академик Ф.Е.Корштың «он бір буынды түркі өлеңі 7 буынды өлеңнің басында немесе соңында келетін 4 буынды бунақтың қайталануы арқылы жасалған» деген пікірін дамыта отырып, хикметтерге қатысты жоғарыдағыдай тұжырым жасаған зерттеуші 7 буынды өлшемді көне түркі өлеңінің барлық түрлеріне негіз болған деп санайды.
Йасауи хикметтерінде 7 буынды өлшем қолданылған деп есептейтін М.Ф.Көпрүлүнің, хикметтердің фольклорлық лирикамен үндесетін халықтық өлшемде жазылғаны туралы пікір білдірген Е.Бертельстің тұжырымдары «Диуани хикметтегі» 14 (7+7) буынды жолдарды негізге ала отырып айтқан.
1920-30 жылдары «Хожа Ахмет Яссауи» атты көлемді зерттеу жұмысын жазған Қ.Жұбанов пен Ж.Жолаев еңбектерінде қазақ өлең жырларының буындық өлшемімен үйлес үлгілер ретінде 11 және 7 буынды хикмет үзінділері мысалға алынған [17, 27]
Зерттеушiлердiң бiр бөлiгi сопы ақын хикметтерiнiң түркiлiк буындық өлшеммен жазылғанын алға тартып, хикметтерде аруздың қолданылуына күмәнмен қараса, ендiгi бiр тобы таза аруздық үлгiлерге негiзделген туындыларды да Йасауи қаламына тиесiлi деп тауып, iркiлмей зерттеу нысанына айналдыруда. Өкiнiштiсi сол, екi пiкiрдi жақтаушылар да өз тұжырымдарын гипотеза күйiнде қалдырып, ғылыми тұрғыдан жан-жақты дәлелдеуде белсендiлiк танытпай келедi. Осы тақырыпта жасалған бiрнеше жылдық зерттеулерiмiз бiзге Йасауидiң он екi буынды хикметтерiнiң толығымен, он төрт (7+7 және таза 14) және он бес буынды (7+8) хикметтердiң негiзгi бөлiгi буындық өлшеммен жазылғанын, олардың мерзiмi жөнiнен ертерек жазылған туындылар болуы мүмкiн екенiн, он бiр буынды хикметтердiң түгелге жуық аруз ықпалымен (таза аруз өлшемiмен емес – буындық жүйеден қол үзбегендiктiң айқын көрiнiстерi бар) жазылғандығын тұжырымдауға негiз болып отыр. Он төрт буынды хикметтерден бiр ғана 32-хикметтен (Қазан, 1904) бiршама жетiлдiрiлген аруздық құрылым аңғарылады. Ескерте кету керек, аруз өлшемiнiң талаптарынан ауытқымайтын, жоғары техникалық шеберлiкпен жазылған хикметтердiң сыртқы пiшiнiнен ғана емес, идеялық-көркемдiк ерекшелiктерiнен де Йасауи қолтаңбасы аңғарылмайтындықтан, бiз оларды дәлелдi себептермен талдау назарынан тыс қалдырып отырмыз. Тақырыптан ауытқымау мақсатында өзге мақаланың еншiсi болып табылатын өлшемге қатысты ойларды осымен тұжырымдап, негiзгi зерттеу бағытымыз – хикметтердiң ұйқас ерекшелiктерi жайына кеңiрек тоқталмақпыз.
Йасауи қолданысындағы өлшем мен ұйқастың өзiне дейiнгi түркi поэзиясындағы көрiнiстерiне шолу жасалық. Жетi-сегiз және он екi буынды өлеңнiң алғашқы қарапайым үлгiлерi көне түркi жазба ескерткiштерiндегi нақыл сөздерде байқалады. Дегенмен бұл мысалдардан буын санының сәйкестiгiнен өзге силлабикалық жүйеге тән белгiлердi табу қиын. Ауыз әдебиетiнде кеңiнен қолданылған жетi-сегiз буынды өлшемнiң iшкi құрылымы жетiлдiрiлген үлгiлерi «Қорқыт ата кiтабында», Қашқари сөздiгiнде кездеседi. Бунақ ырғағы тұрақты сегiз буынды өлшем «Оғызнама» жырында екi тұста қолданылған, ал Қашқари сөздiгiнде ол кеңiнен орын алған. Түркi поэзиясына ежелден етене он бiр буынды өлшем аталған туындылардың барлығында да қамтылған. Арузбен жазылған Ж.Баласағұн дастанына да құрылысы он бiр буынды түркi өлеңiне сәйкес келетiн «мутақариб» өлшемiнiң таңдап алынуы, осы тектес ерекшелiктiң Йасауи хикметтерiне де тән болуы кездейсоқтық емес. Он екi буынды өлшем «Қорқыт ата кiтабында» көбiне-көп он бiр буынды өлшеммен аралас қолданылады. Тұрақты он екi буынды өлшем Қашқари сөздiгiнде елеулi орын алады, зерттеушiлер оларды шартты түрде қостармақ-бәйiттер үлгiсiнде топтастырған. «Құтты бiлiктегi» көлемдi екi қасида он екi буынды өлшемге сәйкес келетiн аруздық қалыптармен жазылса, Йасауиде ол силлабикалық жүйе туындысы ретiнде көрiнiс тапқан.
Ұйқас мәселесiне келсек, жоғарыдағы секiлдi дәстүр жалғастығының айқын iздерi мұнда да аңғарылады. Халық ауыз әдебиетiнен бастау алатын егiз, шалыс және кезектi ұйқастар кейде мақсатты, кейде табиғи түрде сөз болып отырған жазба жәдiгерлiктердiң барлығында дерлiк қолданылған. Қазақ әдебиеттануында әлi күнге дейiн дербес атауы қалыптаспаған аааб үлгiсiндегi ұйқаспен «Түркi тiлiнiң сөздiгiнде» қамтылған өлеңдердiң 70%-ы жазылған. Ерекшелiгi сол – сөздiкте бұл ұйқас тек жетi-сегiз буынды өлшемдерде қолданылған. Мәснәуи ұйқасы Баласағұн дастанына тән, ал Қашқари сөздiгi мен өзге де бiрқатар туындыларда кездесетiн осы тектес құбылыстар буындық жүйе заңдылықтарына негiзделгендiктен, егiз ұйқас (жалғаспалы түрде – бiрыңғай ұйқас) ретiнде танылғаны жөн. Йасауи хикметтерiнде жоққа тән қара өлең ұйқасының соны сiлемдерi «Түркi тiлiнiң сөздiгiнде» байқалады. Қостармақ үлгiсiнде жазылған сөздiктегi он бiр буынды бәйiттердi мазмұндық тұтастығын ескере отырып, төрттiктерге топтар болсақ, силлабикалық жүйенiң табиғи туындысы – он бiр буынды қара өлең үлгiсi бой көтередi. «Құтты бiлiк» мәснәуилерiнiң арасында ұшырасатын рубаилер де аруздық қалпын сақтағанымен, буын саны мен ұйқасы жөнiнен қара өлеңге сәйкес келедi. Йасауидiң тiкелей шәкiртi, хикмет дәстүрiн жалғастыра жырлаушылардың көш басында тұрған Сүлеймен Бақырғани хикметтерiнде он бiр буынды төрттiктердiң көптеген үлгiлерi бар, бiрақ бұл туындыларда қара өлең ұйқасы емес, хикметтер үшiн дәстүрлi аааб ұйқасы қолданылған.
Ғазал ұйқасына келейiк. Арузға негiзделген таза күйiндегi ғазал ұйқасы Йасауиге дейiнгi жазба әдебиеттiң отандық ғылымға белгiлi ешбiр үлгiсiнде кездеспейдi. Сопы ақын шығармашылығындағы бұл ұйқастың аруз әсерiн қабылдаған хикметтерде ғана қолданылуы, олардың метрикалық жүйе заңдылықтарын толығымен сiңiре қоймауы бұл құбылыстың сол кезеңдегi түркi поэзиясына таңсық болғанын, Йасауи хикметтерiнiң осы орайдағы алғашқы тәжiрибе екендiгiн аңғартады. Тарихи даму барысында ұлт әдебиетiнде ғазалдың тек ұйқас пiшiнi мен жанрлық сипаты ғана сақталып, аруздық iшкi құрылымы жойылып кеткенi белгiлi. Тұтастай алғанда түркi поэзиясындағы өлең түрi және жанр ретiндегi ғазалдың бастауында Қожа Ахмет Йасауи хикметтерi тұр деуге негiз бар. Ал жоғарыда айтылған арузға бейiмделген хикметтердi Йасауиден қашықтататын көзқарастарға жауабымыз – стильдiк ерекшелiк, идеялық мазмұн, ақындық қолтаңба жөнiнен ғазал үлгiсiндегi барлық туындыларды Йасауи шығармашылығынан аластауға әзiрге негiз жоқ. Әдебиет тарихынан орын алған кез келген құбылыстың бастаушысыз болмайтынын ескерсек, түркi тiлiне «ғашықтық» ұғымын алғаш енгiзiп, түркi поэзиясына Тәңiрлiк махаббат тақырыбын алып келген, төл әдебиетiмiздiң тарихындағы толық мәнiндегi тұңғыш автопсихологиялық лирикалық кейiпкердi сомдаған, араб-парсы сопылық поэзиясының мазмұндық-пiшiндiк ерекшелiктерiмен етене таныс дарынды ақын Қожа Ахмет Йасауидiң сан сала сезiмдер толғауы, махаббат машақаттарының өнербаяны, араб-парсы поэзиясының тел жанры және төлтума өлең түрi – ғазалды түркi әдебиетiне орнықтыруы заңды әрi мерейлi құбылыс дер едiк.
Йасауи хикметтерiнде 7-8 буынды өлшемнiң бiршама қолданылғаны белгiлi, хикмет дәстүрiнде жырлаған авторлар осы түрдiң сегiз буындық үлгiсiн сәттi дамытқан. Бiр ғана «Бақырған кiтабында» Сүлеймен Бақырғани хикметтерiмен қатар орын алып келген Шамси Аси, Құл Шәриф хикметтерi, авторы көрсетiлмеген басқа да бiрқатар өлеңдер сегiз буынмен жазылған. Сондай-ақ аталған авторлардың ежелгi түркi әдебиетiндегi сегiз буынды өлшемнiң өзге де үлгiлерiнен хабардар болғаны сөзсiз. «Бақырған кiтабы», «Ақырзаман кiтабы» (С.Бақырғани), «Жүсiп-Зылихамен» (хикмет дәстүрiнен тыс туындылардың iшiнде тұтастай он екi буынды өлшеммен жазылған Құл Ғалидың бiрден-бiр шығармасы) Абайдың да таныс болғанына, үлгi тұтқанына меңзей отырып, зерттеушi Қ.Жұмалиев оларды шағатай әдебиетiне телидi. Бұл сол кезеңнен бүгiнге дейiн жалғасып келе жатқан жаңсақ түсiнiктiң көрiнiсi.
Монғол шапқыншылығы нәтижесiнде Шағатай ұлысының құрылуы ХIII ғасырдың орта тұсында жүзеге асқаны, аты өзгерген аймақтағы тiл мен әдебиеттiң байырғы дәстүрлерiнен бiр күнде ажырап қалмайтыны, сiңiсу құбылыстары жүрiп, жаңа бiртұтас мәдени кеңiстiктiң қалыптасуы үшiн кемiнде ғасырға жуық уақыт қажет екендiгi белгiлi. Ал қалыптасқан мәдени дәстүрлердiң қарқын алып, өзге өлкелерге ықпалын жүргiзетiндей дәрежеге жетуi де белгiлi бiр тарихи мерзiмдi қажет етедi. Көрнектi түркiтанушы С.Е.Маловтың ХI-ХIV ғасырларды түркi әдеби тiлiнiң өтпелi кезеңi ретiнде сипаттауы кездейсоқтық емес. Атақты араб филологы аз-Замахшари өзiнiң «Муқаддимат әл-адаб» атты еңбегiнде ХI-ХIV ғасырларда Орта Азияда оғыз-түркiмен әдеби дәстүрiнiң басты роль атқарғанын тұжырымдауға мүмкiндiк беретiн мәлiметтер келтiредi. Қашқадария, Зарафшан, Ферғана өңiрлерiнде туындаған шағатай әдеби тiлiнiң тарихын белгiлi әдебиет зерттеушiлерi В.В.Радлов, А.Н.Самойлович, П.М.Мелиоранский, А.К.Боровковтар ХV ғасырдан бастайды. Айтылғандардан шығатын қорытынды: «шағатай әдебиетi» деген ұғымның мерзiмдiк тұрғыдан да, территориялық жағынан да жоғарыда сөз етiлген әдеби жәдiгерлiктерге қатысы жоқ. Тiлтанушы ғалым Т.Қордабаев «шағатай тiлi» деген атаудың «оғыз тiлi» ұғымының орнына бертiнде қолданыла бастағанын айтады. Бұл ұғымның да шартты әрi сәтсiз қолданыс екендiгi даусыз.
Қашқари сөздiгiндегi өлеңдер мен жыраулық поэзия арасын байланыстыратын ең басты басқыш, ұлттық өлең жүйесi дамуының маңызды кезеңiн бейнелейтiн Қожа Ахмет Йасауи шығармашылығы бүгiнге дейiн осы байланыс тұрғысынан қарастырылмай келедi. Йасауиге дейiнгi және одан кейiнгi түркi әдебиетiнiң ғылымға белгiлi авторлық туындылары бiр немесе екi өлшемге ғана негiзделген. Халық ауыз әдебиетiндегi өлең өлшемдерiн кеңiнен қамтып, түрлендiре қолдану, жазба әдебиетiнде берiк орнықтыру – Йасауи поэзиясы атқарған тарихи қызмет. Сопы ақын негiзiн қалаған хикмет дәстүрiн дамытушы ақындар осы үрдiстi жалғастырып, Йасауи түрлендiрген өлшемдердi, енгiзген жаңалықтарды дамытып, халық арасына қайта жеткiзiп отырды. Кейiнгi дәуiрдегi ұлт әдебиетiнiң бiртектi дәстүр аясында дамуының маңызды тетiктерiнiң бiрi осы үрдiсте жатыр.
«Түрiк тiлiнiң сөздiгiнде» тек 7-8 буынды өлеңдерде кездесетiн аааб ұйқасы Йасауи хикметтерiнде он екi буынды өлшемге қолданылады. Осы өлшемдегi хикметтердiң алғашқы шумағының ұйқасы өзгелерiнен ерекше құрылатынын жоғарыда атап өттiк. Ұйқас ерекшелiгi әрбiр шумақтың соңғы тармағының бiркелкi үйлесiп, желiлi ұйқас түзуiне мүмкiндiк бередi. Желiлi ұйқас – Йасауи поэзиясының өн бойын көктей өтiп жатқан құбылыс, сопы ақын шығармашылығының басты айқындауышы. Хикметтерде желiлi ұйқас негiзiнен әдiптеме (редиф) арқылы, сирек жағдайда бiркелкi үйлесетiн сөздер арқылы жасалады.
Араб-парсы поэзиясында қостармақ-бәйiттерге негiзделетiн өлең түрлерiнiң бiрiн – ғазал (аа ба ва га), екiншiсiн қасида (аб вб гб дб) деп дербес түрлерге жiктейдi, оларға белгiлi бiр жанрлық жүк артылады. Қазiргi қазақ өлеңiндегi аттамалы ұйқасқа мұндай ерекшелiк тән емес, дегенмен тарихи дәуiрлерде ұлттық әдебиетiмiз бұл үдерiстi де басынан кешiрген сыңайлы. Йасауи хикметтерiнде ғазал ұйқасы он бiр буынды өлшемде қолданылғанын жоғарыда айттық.
Йасауи өзінің поэзиялық туындыларын «хикметтер» деп атаған. Бұл тұста ақынның жоғарыда айтылған шағын көлемді жанрлық түр ретіндегі «хикмет» ұғымын ғана емес, тамыры терең, тағылымы мол хикмет ілімін де назарда ұстағаны сөзсіз. Көлемі жағынан 5-30 шумақ аралығында болып келетін ақын хикметтерінің негізгі бөлігі – сопылық сарындағы толғаулар. Басты тақырыбы – Аллаға ғашықтық. Осы тақырып аясынан туындайтын күнәлі істерге өкініп, тәубаға келу, шариғат шарттарына берік болып, жан тазалығына, адамдармен, әлеммен үйлесімділікке ұмтылу, рухани кемелдікке жетудің ауыр да азапты сатыларын өткеріп, Алламен бір болу, Аллаға еріп жоғалу мақамына көтерілу секілді мәселелер Йасауи хикметтерінде көбіне-көп сопы ақынның лирикалық-философиялық толғаулары күйінде, бірқатар тұстарда ғибратты оқиғалар баяны ретінде беріліп отырады. Ақынның сондай-ақ жеке қолтаңбасын танытатын рухани кемелдену жолын сипаттаған ғұмырнамалық хикметтері де, дәстүрлі діни поэзия үлгісімен жазылған Аллаға мінәжат пен Мұхаммед пайғамбарға және оның шаһриярларына мадақ жырлары бар. Сырт қарағанда әртүрлі көлем мен тақырыптағы үзік-үзік туындылардан құралғандай әсер қалдыратын Йасауи хикметтерінің ішкі тінінде үзілмес бірлік бар. Оқиғалы немесе оқиғасыз, дәстүрлі немесе тың үлгіде жазылған барлық хикметтерді тұтастырып тұратын біртұтас мазмұн, ортақ идея, талғаулы көркемдік құралдар, біршама тұрақтанған қалып-үлгі орныққан. Өз шығармаларын «хикмет» атауымен біріктірген ақын осы ерекшеліктерді ескерген болса керек.
Әдебиеттанушы А.Шарипов «хикмет» ұғымы аясында ғазал, қыта, мадақ, мінәжат, муназара, мураббағ сынды бірнеше жанрлық түр мен өлеңдік қалыптардың көрініс тапқанын айтады, оларға біршама түсінік беріп өтеді [28, 229]. Йасауи шығармашылығы арқылы толыққанды сипат алған хикмет жанры – аса күрделі симбиоз жанры. Оның қалыптасуы мен қабылдануын жеңілдеткен басты себеп – аталмыш жанр алғышарттарының түркі поэзиясында ежелден бар болуы. Төл әдебиетімізде түбірімен жат жанр ешбір жағдайда берік орнығып, терең тамырласып кете алмасы анық.
1. Араб-парсы поэзиясындағы жанрлық түр ретіндегі хикметін нақыл сөздерден, даналық тұжырымдардан бастау алатыны жоғарыда айтылды. Мұндай ерекшеліктің көне түркі поэзиясына да етене құбылыс екендігі Орхон-Енисей жазба ескерткіштеріндегі, Қорқыт жырларындағы, Қашғари сөздігі мен Баласағұн дастанындағы аста-төк нақыл сөздерден-ақ аңғарылады. Дені моральдық-этикалық, философиялық тұжырымдардан тұратынтерең тамырлы өсиет-нақылдарға діни-исламдық реңк, сопылық мазмұн, уағыздық сипат дарытуы Йасауидің жанрлық түрдің қызмет аясын күрделендіруі ғана емес, Шығыс поэзиясындағы дербес дәстүрі бар насихат жанрымен синтездеуі болып табылады:
Сүннәт ерміш кафир болса берма азар,
Көңлі қаттығ діл азардан Хұда безар. [29, 22].
Йасауи туындыларының ең басты ерекшелігі де оның тұтасымен хикметте – тағылымға, ғибратқа, даналыққа, құдіретті сырға толы мазмұнға құрылуында. Араб қасидасы құрамындағы «хикмет» аталатын нақыл сөздер сол шығарма мазмұнынан қорытылатын даналық тұжырым ретінде тар мағынаны ғана қамтыса, Йасауи тұтастандырып, кемелдік тұғырына көтерген хикмет жанры түркілік төл әдебиетімізбен тереңнен тамырласқан, араб-парсы классикалық әдебиетінің үздік жетістіктерін талғап сіңірген, табиғаты ерек хикмет-сопылық ілімін үздік әдеби әдістер арқылы өлең тілімен өрнектеген күрделі де кең өрісті жанр болып табылады. Белгілі ғалым А.Шариповтың орынды түйіндегеніндей, классикалық түркі тілді поэзияның барлық дерлік негізгі жанрлары Йасауи шығармашылығы арқылы туындап, әрі қарай дамыды [29,23]. «Хикмет» ұғымының халықтық қолданыстағы аясының аса кең болуы да оның жанрлық ерекшеліктерімен тікелей байланысты. Тартысты, таңғажайып оқиғалы, тылсым сырлы жайттарды «хикметті», «хикметі бар» деп атау халық арасында жиі кездеседі. Осы тектес мазмұндағы кейбір хикаялар да «хикмет», «хикметнама» аталған «Хазірет-и Зұлқарнайынның хикметі», Хикмет Нығметтің қиссасы») Демек, Йасауи хикметтері тудырған ассоциация ел санасында «Тәңірлік тағылым», «тылсым даналық», «құдіретті сыр», «ғибратты тартыс» ұғымдарымен баламаланған. Мұның өзі сопы ақын хикметтерінің көп қабатты, астарлы мән-мазмұнын қабылдаушы көпшіліктің терең түйсіне білгенін аңғартады.
2. Хикмет жанры аясына Йасауи кіріктірген екінші бір шығыстық жанр мінәжат болып табылады. «Түркі әдебиетіне мінәжат Қожа Ахмет Йасауимен келді» дей отырып, әдебиет зерттеушісі, ғалым И.Жеменей парсы әдебиетінде «мінәжат сөзінің бес мағынасы бар екендігін көрсетеді: 1. Біреумен сырласу, сыбырласу. 2. Алламен сырласу. 3. Біреудің ішкі ойын ұғыну. 4. Сырласу. 5.Алладан тілеу [14.]. Йасауи мінәжаты негізінен Аллаға жалбарыну, одан тілек тілеу, баз бір тұстарда Алламен сырласу сарынында жазылған. «Мінәжат атауымен берілген Йасауидің жеке хикметі мазмұн тұрғысынан да, пішіні (аруздық) жөнінен де араб-парсылық қалыбын көбірек сақтаған. Ақынның бірқатар хикметтерінің құрамында келетін Аллаға жалбарыну мәніндегі шумақтарды да өз кезегінде мінәжаттар ретінде қабылдауға болады:
Иә, Иләһи, хамдың бірлә хикмет айттым,
Заты ұлық хожам, сығнып келдім сәңа.
Тәуба қылыб күнәһымдын қорқыб қайтдым,
Заты ұлық хожам, сығныб келдім сәңа. [30, 15].
Мұндай мінажат үлгілері дәстүрлі буындық өлшемдермен жазылып, түркілік табиғи сипатқа ие болған. Кез келген ұлт әдебиетіндегі секілді жалбарыну мәндітіркестер, шумақтар мен арнаулар төл әдебиетімізге де жат емес. Көнеден жеткен ауыз әдебиеті үлгілері, әсіресе эпостық жырлар мінәжатсыз келмейді десек, қателеспейміз. Фольклордағы полистадиялық құбылысына негіздеп, исламдық реңктегі мінәжат жырларын кейіннен қосылған деп қарастырғанның өзінде оларда «Диуани хикметпен» өзара әсерлесу құбылысы бар екенін жоққа шығару мүмкін емес. Зерттеуші А.Ахметбек Йасауидің «Мінәжатын» хикметтердің алғы сөзі әрі «бір тақырып айналасына құрылған нақыл сөздердің жиынтығы» ретінде бағалайды. [30,5]. Йасауи хикметтері арқылы қалыптасқан мінәжат жанры бертінгі түркі әдебиетінде қастерлі дәстүр ретінде орнықты. Мұның мысалын ауыз әдебиетінен де, жазба әдебиеттен де көптеп кездестіруге болады.
3. Мадақ үлгісіндегі хикметтер – Йасауи туындыларында қамтылған және бір жанрлық түрдің көрсеткіші. Пайда болу кезеңі жөнінен исламға дейінгі араб поэзиясында қалыптасқан (мадх) жанры мен көне түркі жазба ескерткіштерінде көрініс беретін мадақ жырлары дәуірлес деуге болады. Араб мадхы қасиданың негізгі бөлігі ретінде танылып, жеке тұлғаларды дәріптеуге құрылған. Кей тұста жоқтау жырлары (марсийа) да дүниеден өткен адамның ізгі қасиеттерін дәріптей отырып, мадхпен астасады. Араб-парсы поэтикасында панегирикалық жанрлар қатарына марсийаның да жатқызылуы сондықтан. Мадх – барлық дәуірлердегі сарай поэзиясының негізгі жанры болып табылады. Исламның таралу дәуірінен бастап Мұхаммед пайғамбарға, оның әулеті мен сахабаларына арналған мадхтар көптеп жазылды. Пайғамбарға арнналған мадхтар «нағыт» аталып, жеке жанрды құраған. Төл әдебиетіміздегі Күлтегін жазбалары да түркінің даңқты қағанының жорық жолдарын, ерлік күресін баяндай отырып, оған жазылған мадақ әрі жоқтау болып есептелінеді. Тоныкөк жазуы – қағанаттың тасқа басылған тарихы, қаһарман ерлерге арналған мадақ жыры. Тәңірлік таным тұсындағы туынды – көне түркі жазба ескерткіштерінде сондай-ақ Жаратушыны ұлықтау, мадақ ету сарыны да айқын. Фольклордың ірі және шағын жанрларында мадақ Аллаға да, адамға да, жанды-жансыз бен тылсым күш иелеріне де қатысты қолданылады. Йасауиге дейінгі түркі жазба әдебиетінде мадақ бәйіттер Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанында кездеседі. Йасауидің мадақ хикметтері Мұхаммед пайғамбарға және төрт шадиярға, тарихат жолындағы дәруіштерге, ғаріптер мен ғашықтарға арналған. Араб поэзиясындағы мадх әдетте моноримдік ұйқасқа негізделеді. Йасауи мадағының ұйқасы мен құрылымдық сипаты әр алуан. Парсы изафеттерінің молдығымен ерекшеленетін [35,45] ұйқас түзуші компоненттері де осы құрылымға негізделген 23-хикмет аа ба ва га үлгісіндегі ғазал ұйқасымен жазылған. 24-хикмет [36,46.] 14-буынды қостармақтар түрінде хатқа түскенімен, бунақ ырғағының түраұтылығы мен ішкі ұйқасының толық сақталуынан оның абвб гггб дддб үлгісіндегі 7 буынды төрттармақтардан құралғанын аңғаруға болады. Бұл үшеуі де Мұхамедке арналған мадақ-хикметтер. Өзге мадақтар құрылымдық тұрғыдан жоғарыда талданған хикметтерді қайталайды. Тек 53-хикмет қана 11 буынға негізделуімен ерекшеленеді. Араб мадх, нағыттары мадақталушының сыртқы сипатына, бастан кешкен жайттарына көбірек көңіл бөлсе, Йасауи өз кейіпкерлерінің ішкі күйін, жан сезімдерін, ізгі қасиеттерін суреттеп, психологиясын тереңдете ашуға бейім. Ақын мадақтарының толғаулық сипаты басым болуы сондықтан. Йасауи мадақтарының төл әдебиетіміздің бұрынғы-соңғы арнау, мадақ үлгісіндегі туындыларымен түбірлі байланыстарын көптеген мысалдармен дәлелдеуге болады. Йасауи өз хикметтерінде:
Он секкіз мың ғаламға
Сәруар болған Мұхаммед!
Отұз үч мың асхабқа
Рахбар болған Мұхаммед! – деп жырласа [37,47]. «Әлібек батыр» ертегісінде:

Базардағы пістедей


Мұрның сұлу, Құмарлан!
Алты таспа қамшыдай
Жоның сұлу, Құмарлан! – деген мадақ жолдары кездеседі [38, 93]. Бертінде өткен Үмбетей жыраудың Бөгембай өлімін жоқтау үстіндегі мадағы да осымен үндес келеді:
Уа, Алатаудай Ақшадан
Асып тудың, Бөгенбай!
Болмашыдай анадан
Болат тудың, Бөгенбай! [38, 76.].
Қашаған Күржіманұлының Есқали сопыға айтқан өлеңінде де дәл осы типтегі арнау-мадақ бар:
Пайғамбарлар туғанда,
Бесік болған бұл ағаш.
Ибраһим қағба салғанда,
Есік болған бұл ағаш.
Мұнаралы әр жерде
Мешіт болған бұл ағаш [39, 92].
Демек, Йасауи хикметтеріндегі мадақ шығу тегі жөнінен түркілік негізбен тығыз байланыста болса, тақырыптық тұрғыдан ислам сопылық әдебиетінің үрдісін көбірек ұстанды деуге болады.
4. Ғазал – Қожа Ахмет Йасауидің түркі әдебиетіне әкелген үлкен жаңалығы. Шығу тегі жағынан ғазал – араб поэзиясының жемісі. Махаббат машақаттары жайлы ұзыннан-ұзақ толғау ретінде жазылатын араб ғазалдары көлемділігімен және пішін кемелдігімен ерекшеленеді. Араб қасидасының кіріспе бөлімінде әйел сұлулығын сипаттайтын махаббат сезімдерінен сыр шертетін «насиб» атты жанрлық түр болған. Тарихи даму барысында «насиб» жанрлық түрі қасида құрамынан бөлініп, бұрыннан бар басқа да лирикалық өлең түрлерімен кіріге отырып, өзіне ғана тән ұйқасы мен тұрақты өлшемдері бар дербес жанр – ғазалға айналды. Ал парсы поэзиясында ғазалдың алғашқы көрінісі Х ғасырдағы Рудаки шығармашылығынан байқалады. Классик ақын туындыларын зерттеген ғалымдар оны парсы-тәжік поэзиясының падишасы ретінде бағалайды. Рудакитанушы А.Мирзоев махаббат сезімдерінен сыр шертетін, адамның ауытқымалы көңіл-күйін бейнелейтін лирикалық өлеңдердің кез-келген әдебиетке ежелден тән екенін, ғазал жанрының қалыптасуына осы тектес өлең-жырлардың негіз болғанын, қасида құрамындағы ғашықтық тақырыбын арқау еткен «насиб» жанрлық түрінің де ғазалдың даму үрдісінде өзіндік орны болғанын жазады. Ғазалдың тақырыптық аясы нақытланған, бейнелеу құралдары қалыпқа түскен, өзіне ғана тән ұйқасы мен тұрақты өлшемдері бар дербес жанрға айналуындағы ең негізгі саты ретінде автор Рудаки поэзиясын атайды.
Түркі поэзиясындағы өлең түрі және жанр ретіндегі ғазалдың бастауында Қожа Ахмет Йасауи хикметтері тұр. Арузға негізделген таза күйіндегі ғазал Йасауиге дейінгі жазба әдебиеттің отандық ғылымға белгілі ешбір үлгісінде кездеспейді. Құрылымы жағынан ғазал қостармақ-бәйіттерден құралып, аа ба ва га ұйқасына негізделеді. Ғазал көлемі әдетте 5-15 бәйіт аралығында болуы керек елінгенімен, бұл талап үнемі сақтала бермеген. Ғазалдың алғашқы бәйіті «мақта» делінеді. Екінші бәйіт «хусни матла», ал соңғының алдындағы бәйіт «хусни мақта» деп аталады. Ғазалдың әрбі бәйіті дербес мағына білдіреді, оның құрамындағы жекелеген қостармақтарды дамытып, құрылымы әр алуан шығармалар тудыру дәстүрі осыған негізделген. Ғазалдың ең таңдаулы бәйітін «шах-бәйіт» немесе «бәйтул-ғазал» деп атау кездеседі. Соңғы бәйітте автор есімі немесе әдеби лақабы – махлас айтылады. Ғазалдың ұйқас құрушы компоненттерінен кейін қайталама сөз – редиф қолдану дәстүрі де бар. Йасауи хикметтері арасынан аталған ерекшеліктерді сақтап жазылған көптеген үлгілерді кездестіреміз.
Йасауи ғазалдарының негізгі идеялық тінін жалған зарынан жоғары тұрып, мәңгілік мәнді мақсат еткен, әлімсақтағы Алламен бір болған бүтін болмысты аңсаған сопылық сарындар, рухтың бастауы – Жаратушыға деген ғашықтық, он сегіз мың ғаламның сәруары – Мұхаммед пайғамбарға деген махаббат тақырыптары құрайды. Парсы ақындарынан айырмасы түрік машайығы өз хикметтеріне жеруани махаббат элементтерін (мысалы, ғашық жардың портретін жасау) қоспайды.
Йасауи түркі поэзиясына жанр ретінде де, өлең түрі ретіндегі ғазалды да алып келді. Ақын жанр ретіндегі ғазалды табиғи араб-парсылық тұрақты өлшем-талаптарымен қолдана отырып, түркі поэзиясындағы ғазалдың классикалық үлгісін жасаса, екінші жағынан жанрдың тақырыптық-идеялық тінін, көркемдік құралдарын түркілік төл өлшемдерге пайдалану арқылы түркі өлеңінің лиризмін күшейтті. Түркіше ғазалдары арқылы Йасауи ұлт әдебиетіне алғашқы болып «ғашықтық» ұғымын енгізіп, түркі поэзиясына Тәңірлік махаббат тақырыбын алып келді, төл әдебиетіміздің тарихындағы толық мәніндегі тұңғыш автопсихологиялық лирикалық кейіпкерді сомдады. Әдебиет тарихынан орын алған кез-келген құбылыстың бастаушысыз болмайтынын ескерсек, араб-парсы сопылық поэзиясының мазмұндық-пішіндік ерекшеліктерімен етене таныс дарынды ақын Қожа Ахмет Йасауидің сан-сала сезімдер толғауы, махаббат машахаттарының өнербаяны, араб-парсы поэзиясының тел жанры және төлтума өлең түрі – ғазалды түркі әдебиетіне орнықтыруы заңды әрі мерейлі құбылыс деп едік. Тарихи даму барысында ұлт әдебиетінде ғазалдың тек ұйқас пішіні мен жанрлық сипаты ғана дамытылып, сыртқы атауы мен аруздық ішкі құрылымы жойылып кеткені белгілі. Ал аруз әсерін терең қабылдаған өзге түркі халықтары поэзиясында, әсіресе, Анадолы түріктерінде ғазалдың тематикасы мен пішіндік негізгі қалыбы сақтала отырып, барынша дамытылып, түрлендірілген. Бастауы парсы поэзиясында жатқан музаййал, муламма, муштарак, мукаррар, мустазад, мутаууал секілді ғазал түрлерінің көрнекі мысалдарын түрік әдебиетінен молынан кездестіруге болады.
5. «Диуани хикметтің» құрамында қыта жанрында жазылған бір хикметтің бар екендігін татар зерттеушісі А.Шарипов атап көрсетеді. Бұл (22-хикмет) белгілі сопы Мансұр Халлаждың өліміне қатысты оқиғаны баяндайтын бір үзік жыр болатын. Хикметте оқиға желісімен астастырыла отырып, автор көзқарасы мен бағасы да айқын көрініс тапқан. Ұйқас ерекшелігі, бәйіт саны, махластың қолданылуы секілді сыртқы құрылымдық белгілері ғазал пішініне негізделген аталмыш хикмет оқиғаға құрылған мазмұны жағынан қытаға сәйкес келеді. Йасауидің аталмыш хикметін А.Шарипов ғазал пішіні шеңберінде қыта жанрының пайда болуының алғашқы үлгісі ретінде бағалайды. Қыта жанрының ерекшеліктеріне ортағасырлық зерттеушілер де назар аударған. ХІІІ ғасырда өмір сүрген парсы әдебиет теоретигі Шамс-и Қайс-и ар-Рази жоғарыда көрсетілген талаптарға жауап беретін 15-16 бәйіттен аспайтын поэзиялық шығармаларды қытаға, ал одан көлемділерін қасидаға жатқызған. [40, 92].
6. Йасауи хикметтерінде көрініс тапқан дәстүрлі жанрлардың бірі – айтыс. Фольклор мұраларының ең ертедегі үлгілерінде кездесетін айтыс жанры түркілік ділдің төлтумасы болып саналады. Жазба әдебиетіміздің ежелгі үлгілерінің өзінде айтыстың көркем де кемел үлгілері кездеседі. Қашғари құрастырған «Түркі тілінің сөздігіндегі» «Жаз бен қыстың айтысы» - қалыптасқан дәстүрдің толымды жемісі. Ж.Баласағұнның «Құтты білігіндегі» басты кейіпкерлердің ой-тартысы сана сұхбаты ретінде берілгенімен, өз кезегінде ол да ақиқатқа апарар сөз сайысы – айтыстың әсерімен туындағаны сөзсіз. Көлемді де кең өрісті дастанның бастан-аяқ ой жарысын өзек етуі көне дәуірлерден тамыр тартатын далалық дәстүрдің бай тәжірибесінің нәтижесінде жүзеге асқан деуге болады.
«Диуани хикметтегі» айтыс үлгісі бейіш пен тозақтың айтысы ретінде көрініс тапқан [2, 54]. Ислам дінінің құндылықтарын насихаттап отырған ақын түркі тілдерінде бұған дейін тәңірлік сенімге қатысты қолданылып келген «ұжмақ» және «тамұқ» сөздерін пайдаланған. 14 буынды тармақтардан тұратын айтыстың жалпы құрылымы ғазалға сәйкес келгенімен, бірқатар ерекшеліктері де бар. Аа ба ва га үлгісімен әрбір жұм тармағы ұйқасатын хикметтің тақ тармақтарында айтысқа тән қайталама тіркестің қолданылуы өзіндік үйлесім түзгендіктен, шалыс ұйқасқа бейімділік байқалады. Ішінара кездесетін ішкі ұйқас, тармақ ішінде 7 буыннан кейін интонацияның бәсеңдеуі секілді құбылыстар да түркілік буындық жүйенің айқын әсерін аңғартады. Аталған ерекшеліктер айтыс үлгісіндегі хикметті ақынның өзге туындыларынан даралап тұрады.
«Бейіш пен тозақ айтысының» мән-мазмұны белгілі йасауитанушы М.Жармұхамедұлы монографиясында жан-жақты ашылған. «Ақын ізгі нұрлы дін жолы мен қараңғы дінсіздікті бір-біріне қарама-қарсы қойып, пікір таласына салады, сол арқылы құдай жолының артықшылығы мен имансыздықты өзара салыстыра, салғастыра сипаттайды, екеуінің қайсысы қайырымды, тиімді екенін ашып беруді мақсат етеді. Сөйтіп ақын бейіштің ізгі істері мен Хақ жолының шарапатын ашуда тер төгіп, Дозақты аяусыз әшкерелейді. Осы талапқа сәйкес ол Дозақты өз атынан сынамай, оның өзін-өзі әшкерелеп, әйгілеуіне зер салады [21, 20].
7. «Хикмет» ұғымымен қатар кей тұстарда Йасауи өз туындыларына қатысты «дастан» атауын да қолданады. Бұл негізінен сюжеті хикметтерге қатысты болып келеді. Өлеңдік пішіні 12 буынды, төрт тармақты шумақтар. Мұхаммед пайғамбардың дүниеден өтер шақтағы оқиғалары жырланған 123-хикмет былай деп аяқталады:
Құл Хожа Ахмад гауһар йаңлығ хикмат айтты,
Еранларға хизмат қылыб назар табды,
Тоқсан тоққыз мың хикмәт айтыб, дастан қылды,
Дастан қылыб бустан ичра йурмақ учун [2, 13].
«Дастан» сөзінің түбірі парсылық болғанымен, түркі халықтарына ерте сіңіп, кең қолданылып, етене таныс ұғымға айналған. «Тоқсан тоққыз мың хикмат айтыб, дастан қылды», «Менің хикмәтларым аләмдә дастан» секілді жолдардан Йасауи ақынның дастан жанрының өріс-шеңберін, ұғымның қолданылу аясын жете түсінгені, оны көлемді, оқиғалы, ел аузында кеңінен тараған туынды мазмұнына қатысты қолданып отырғаны аңғарылады. Түрік әдебинт зерттеушілері дастанды көне ауыз әдебиеті үлгілері қатарында қарастырып, бірнеше тақырыптық түрге бөледі. Бір назар аударарлығы, олар мысалға келтірген барлық дастан үлгілері ұйқасы жағынан Йасауи хикметтерімен бірдей болып келеді (абвб дддб гггб). Дегенмен бұл дастандар негізінен авторы белгілі (Ашық Ахмет, Сабит Мудам, Камили, Мести, Ашық Өмер, Левни, Сейрани) туындылар болып саналады, мерзімі жағынан Йасауи кезеңінен біршама кештеу дүниеге келген. Олардан көнерек авторлы-авторсыз дастан нұсқаларының бар-жоқтығы жайлы зерттеулерде мәлімет берілмеген.
Белгілі әдебиеттанушы Х.Сүйіншәлиев Йасауидің алпыс үш жасқа дейінгі өмірін – кемелдену жолын сипаттайтын хикметтерін «Ғұмырнама» деген атаумен біріктірсе [5,135], зерттеуші А.Ахметбек аталған хикметтердің жанрын «дастан-толғау» деп белгілейді [15, 79].
«Диуани хикмет» құрамындағы дастандарды бөліп қарастыра отырып, А.Ахметбек Мансұр Халлаж жайлы көлемді хикметті дастан-қисса түріндегі эпостық жанрға тән деп біледі [15, 81]. «Диуани хикметте» сюжетті туындылар саны едәуір. Олардың арасынан «Ғұмырнама» дастан-толғауы мен Мансұр Халаж дастан қиссасының хикмет нұсқаларының кейбірінде кездесетін «Миғраж хикаясының» Йасауи қаламына тән екендігі күмән туғызбайды.
Түркі әдебиетін тақырыптық тұрғыдан ерекше байытқан Йасауи ақын тудырған дастандар сопылық тақырыбын негізгі арқау ете отырып, халық фольклоры үлгісімен жазылған. Олардың дәстүрлі жанр ретіндегі ерекшеліктерін, өлең құрылымын сақтай отырып, жаңа көркемдік құралдармен көмкерді. Сопы ақынның рухани кемелдікке ұласу, Хақпен бірігу жолындағы ғашық құлдың тартқан тауқіметін баяндайтын, тариқат әулиелерінің тағдыр-талайын, көрсеткен кереметтерін бейнелейтін, Мұхаммед пайғамбардың жеті қат көктен өтіп, Алламен тілдескен Миғраж оқиғасын сипаттайтын тағылымды дастандары өзінен кейінгі түркі халықтары әдебиетінде діни қисса-дастандардың, ғұмырнамалар мен ғашықтық дастандардың кеңінен өрістеуіне әсер етті.
Ислам дінінің енуімен бірге төл әдебиетіміздегі сыйыну мәнді жырлар ислами реңкке ие болып, «Аллаға мінәжат» ұғымының аясына топтасты. Әлем әдебиетінің ежелгі нұсқаларында жиі кездесетін гимндер де мадақ пен мінәжаттың біріккен түрі әрі алғашқы бастау-көрінісі болып табылады. Сондықтан кез келген ұлт әдебиетіндегі мінәжаттың даму жолы сол әдебиеттің алғашқы үлгілерінен бастау алып, бүкіл өн бойына созылып жатқан құбылыс десек, қателеспейміз.
Қазақ әдебиеттануындағы теориялық зерттеулердің негізгі іргетасы кеңестік кезеңде қаланғаны белгілі. Ол тұста тиым салынған тақырыптардың бірі болып табылатын мінәжат жанры жоғарыда келтірілген А.Байтұрсынұлы еңбегінен кейін дербес зерттеу нысанына айнала алмады. Осының салдарынан ортағасырлық туындылар жайлы еңбектерде мінәжат шығарманың құрылымдық бірлігі ретінде ғана аталып өткенімен, оның жанр ретіндегі сын-сипаты, шет-шегі айқындала қойған жоқ. Аталмыш тақырыптағы зерттеулердің арнасы тәуелсіздік тұсында ғана кеңейе бастады. Бұл орайда әдебиеттанушы ғалымдар арасынан осы тақырыпқа арнайы қалам тартқан А.Ахметбек пен И.Жеменейді ерекше атауға болады. А.Ахметбек мақаласы түркі сопылық поэзиясының негізін салушы Қожа Ахмет Йасауидің «Мінәжатын» талдап-таразылауға арналса, И.Жеменей өзінің зерттеу нысаны – «Тарихи-Рашиди» еңбегіндегі мінәжат мәтіндеріне тоқтала отырып, ұлт әдебиетінің арғы-бергі кезеңдеріндегі мінәжат жанрының көріністерін біршама зерттеп-зерделеген. Ендігі кезекте аталған зерттеулер нәтижесін негізге ала отырып, қазақ әдебиетіндегі мінәжат жанрының қалыптасу және даму кезеңдерін, өзіндік ерекшеліктерін, сын-сипатын айқындап, біртұтас жанр ретіндегі лайықты бағасын беру қажеттігі туындап отыр.
Төл әдебиетіміздегі мінәжат жанрының қалыптасу, даму жолдарын егжей-тегжейлі қарастыруды жазба әдебиеттің ертеректегі нұсқаларынан бастаған жөн. Түркі халықтары әдебиетінің ежелгі дәуіріне тән Орхон-Енисей жазбалары, Баласағұн дастаны, «Қорқыт ата кітабы» секілді шығармаларда Тәңіріні ұлықтау, Аллаға мадақ айту, жалбарыну, тілек тілеу сынды эпизодтар біршама көрініс тапқан.
Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінде Тәңірі жаратушы, жарылқаушы, күш беруші, ұлықтаушы, қолдаушы, қаһарға ұшыратушы құдірет ретінде сипатталады. Әрбір оқиғаны суреттеу барысында «Тәңірі күш бергені үшін», «Тәңірі жарылқағаны үшін», «жоғарыда Тәңірдің құдіретімен», «ұлықтаған Тәңірі», «ел берген Тәңірі» деп Жаратушының қайырым-шарапаты үнемі еске алынып отырады. Дегенмен бұл жазбаларда Жаратушыға жалынып-жалбарыну сарындары байқала бермейді. Мұны екі түрлі себеппен түсіндіруге болады. Біріншіден, ерлік шежіресі іспетті Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк жазбалары негізінен өткен шақ оқиғаларын бірыңғай баяндауға құрылған, кейіпкерлердің жан сезімдері көріне бермейтін эпикалық сипаты басым мәтін болып табылады; екіншіден «Тәңірі текті, тәңірі жаратқан» түрік қағандарының атынан айтылған сөзде Тәңірге жалбарынудан гөрі тең тұту және қасиеттеу сезімдері басым болуы да заңды. Орхон жазбаларында Жаратушыдан тілек тілеу сарыны «Білге қаған ұша барды. Жайы жоғары Тәңірде болсын» деген жалқы жолдан ғана аңғарылады.
Йасауи «Мінәжатының» идеялық-мазмұндық қыры М,Жармұхамедұлы, С.Дәуітұлы, А.Ахметбек секілді ғалымдар еңбегінде біршама зерттелді. Сондықтан біз негізгі назарды «Мінәжаттың» құрылымына аудармақпыз. 11 буынды Йасауи хикметтері арасындағы ең көлемдісі – «Мінәжат» жыры. Йасауитанушы А.Ахметбек түрік әдебиет зерттеушісі К.Ерасланның «Мінәжат» аруз өлшемінде жазылған» деген тұжырымға келгенін айта отырып: «Біздіңше, Иассауи «Мінәжаты» оның басқа да шығармалары сияқты түркі тілінде дүниеге келгендіктен, өлең құрылысын силлабикалық жүйеде қарастыру қажет сияқты» деп жазады . Ғалымның «Мінәжатты» 11 буынды, егіз ұйқасты түркілік өлең ретінде тануды ұсынуы негізсіз емес. Дегенмен бұл мәселені кеңірек байыптаған жөн тәрізді.
Йасауидің аруз өлшемдерін пайдалана отырып, бірқатар хикметтер жазғаны белгілі. Олардың негізін 11 буынды хикметтер құрайды. Өзіне дейінгі түркі поэзиясы үлгілерін жетік біліп, өлшем түрлерін толық игергендігі Йасауидің өлең құрылысындағы жаңашыл тәжірибелерінен байқалады. Ақынның тек дәстүрлі өлең өлшемдерімен ғана емес, өзінің алдындағы оқшау шығармашылық иелерінің жаңалық-тәжірибелерімен де таныс болғанына күмән жоқ. Бұл орайда бірінші кезекте Ж.Баласағұнның өз тұсында-ақ жоғары бағаға ие болған «Құтты білік» дастанын ерекше атаған жөн. Бұл Йасауидің «Мінәжаты» Баласағұн дастанына еліктеуден туған деген пікірді білдірмейді, бірақ әрбір шығармашылық тұлғаның танымында өзі оқыған туындылар, көріп-білген, таныған құбылыстар сөзсіз із қалдырары, кезі келгенде, бірде мақсатты, бірде стихиялы түрде өз шығармаларынан көрініс тауып отырары сөзсіз. Бұған қоса Йасауи тәлім алған сопылық-ақындық мектептің парсы тілді болғанын ескерсек, ақынның өз хикметтерінде аруз өлшемдерін де қолдануы белгілі бір дәрежеде заңды да. Араб-парсы поэзиясының аса бай өлшемдері арасынан түркі ақындарының 11 буынды үлгіге сәйкес келетін түрлерді таңдап алуының себептерін жоғарыда айтып өткен болатынбыз. Сырт қарағанда Йасауидің «Мінәжаты» дағдылы түркілік 11 буынды өлеңдерден көп ажыратылмайды. Бірақ зерделей үңілсек, бұл жырдан да біздер тұрақты бунақ ырғағын көре алмаймыз. Мұндағы бунақ буындарының ауытқуы 6+5, 5+6, 7+4, 4+7, 3+4+4, 4+3+4 секілді жүйесіз буындық топтар арқылы жүзеге асқан. «Мінәжатты» ерікті ұйқасты өлеңге жатқызудың да реті жоқ. Мұнда егіз ұйқас қатаң сақталған, ал ерікті ұйқасқа құрылған өлеңде де бунақтардың реттелуінде белгілі бір заңдылықтар болатынын ескерсек, 11 буынды тармақ шегінде осынша әр алуандықпен құбылуды буындық жүйеге тән түрлердің ешбірі қабылдай алмайтыны белгілі болады. Йасауиге дейінгі түркі силлабикалық поэзиясында бірыңғай және аттамалы ұйқаспен жазылған өлең-жыр үлгілері едәуір десек те, бунақ ырғағы қостармақ сайын құбылып отыратын егіз ұйқасты тұтас көлемді жыр тұрмақ, бас-аяғы бүтін бір өлең де кездесе қоймайды. Фольклордың негізінен мақал-мәтел, жұмбақ секілді кіші жанрларында кездесетін егіз ұйқасты үзік-үзік үлгілер аталған ұйқас түрінің көлемді жыр-дастанға емес, шағын да шымыр туындыларға икемді екенін дәлелдесе керек. Бұл орайда «Мінәжатты» «бір тақырып айналасына құрылған нақыл сөздердің жиынтығы» [6, 85] деп білетін А.Ахметбектің тұжырымы сәтті әрі дамытылуға лайықты пікір. Дегенмен бұл тұжырым «Мінәжаттың» мазмұнына, ұйқас ерекшелігіне қатысты болғанымен, ішкі құрылымын қамти алмайды. Мақал-мәтел, нақыл сөздердің де жүйелі қалыбы, тұрақты ішкі бунақтық ырғағы болатыны белгілі. Білікті ақын Йасауидің мұны ескермей немесе білмей, бір қостармақтың шегінде бунақ ырғағын сақтай алмай, құбылта беруі қисынға келмейді. Мысал келтірелік:
7. Оқығанға / қылурмын / анда шафқат, 4+3+4
8. Қиямат / күнідә // қылғум / шафа’ат. 6+5 немесе 3+3+3+3
11.Тіләгі / һәрне болса / тәңрі бергай, 3+4+4
12. Мұхаббат / шауқыны // көксігә // салғай. 6+5 немесе 3+3+3+2 .
Дәл осы жолдарды аруздағы хажаз өлшемінің «мафаилун/мафаилун/фаилун» үлгісіне салып көрелік (мұндағы сызықша – созылыңқы буынның, нүкте қысқа буынның белгісі):
7. . . ./ . . . / . . .
8. . . ./ . . . / . . .
11. . . ./ . . . / . . .
12. . . ./ . . . / . . .
Түрік арузының заңдылықтары бойынша қарастырылған «Мінәжат» жолдары хажаздың таңдалған өлшеміне толық үйлеседі. Созылыңқы, қысқа дауыстылары жоқ буындық жүйе үшін аруз өлшемі жасанды қалып болса да, жазба әдебиет өкілдері түркі арузын жасауда белгілі бір қағидалар қалыптастырған: түркі ашық буындары – қысқа буынның, жабық буындары созылыңқы буынның ролін атқарады. Түркі тіліне енген араб-парсы сөздерді түпнұсқадағы буынның ерекшелігіне сәйкес қолданылады. Әрине, аруздың табиғаты басқа түрік тіліне енуі жылдам және мінсіз атқарылуы мүмкін үдеріс емес-ті. Тіл ерекшеліктерін ескере отырып, түрік ақындары арузға қатысты ережелерге көптеген ескертулер енгізген. Аруздың түркі әдебиетіндегі алғашқы дәуірі саналатын Йасауи заманында бұл секілді сұрыпталған теориялық тұжырымдар қалыптаса қоймағанымен, айтылған үдерістер жетістік-кемшілігінен қоса табиғи қалыпта тәжірибе жүзінде жүріп жатты. Арузға бейімделген Йасауи хикметтері де сол тәжірибенің ащылы-тұщылы бір жемісі. Жоғарыдағы хикмет жолдарында да бір тұста нұқсан байқалады: 7-тармақта қысқа буын ретінде қолданылған «дә» қосымшасы 8-тармақта созылыңқы буын орнына жұмсалған. Түркі өлеңін аруз қалпына салуда мұндай ымыраға келушіліктер Йасауи дәуірінде ғана емес, оған дейінгі және одан кейінгі түркі арузының сан ғасырлық тәжірибесі мен тарихының өн бойында ұшырасып отырды. Тұтастай алғанда, «Мінәжаттың» буындық үлгіде емес, аруздық өлшемде жүйелі, жатық қалыпқа түсіп отырғаны келтірілген мысалдан аңғарылады. Сондықтан «Мінәжаттың» құрылымы жағынан силлабикалық жүйеге емес, метрикалық өлшемге негізделгенін қабылдаған жөн.
Осы тұжырымға қарсы мәнді секілді көрінсе де тағы бір болжам-пікірді ұсынбақпыз. Йасауидің өзге хикметтері тап болған тағдыр «Мінәжатты» да айналып өтпеген: әр нұсқада «Мінәжат» жолдарының саны түрліше болуы, кей тұста Йасауи мәнеріне жат қарабайырлықтың көрініс табуы, лексикалық құрамда бірнеше ғасырдың ізі байқалуы секілді жайттар заманалар бойғы өзгерту, толықтыру, жоғалтулардың «Мінәжат» үшін де қалыпты құбылыс болғанын айғақтайды. Йасауи хикметтерінің ең көлемдісі саналатын «Мінәжатта» мұндай олқылықтардың өзге хикметтерден гөрі көбірек кездесуі заңды да. Сондықтан Йасауидің «Мінәжатының» мәтін тұрғысынан түбегейлі талдап-тексерілуі, қоспалар мен өңдеулердің негізгі мәтіннен ажыратылуы, түпнұсқаға жуық мәтін үлгісінің жасалуы немесе қалпына келтірілуі қажет. Бәлкім, сондай жағдайда «Мінәжаттың» ішкі құрылымының буындық жүйеге негізделген өлшемі туралы жаңаша көзқарас қалыптастырудың сәті түсер. Ал әзірге біз хикметтердің көз алдымыздағы көрініс-қалыбына сәйкес талдаулар жасап, мазмұн тұрғысынан да, пішіні (аруздық) жөнінен де Йасауи «Мінәжаты» араб-парсылық қалыбын көбірек сақтаған деген тұжырымға келіп отырмыз.
Сонымен, кез келген ұлт әдебиетіндегі секілді жалбарыну мәнді тіркестер, шумақтар мен арнаулар төл әдебиетімізге де ежелден етене екендігін жоғарыдағы талдаулар айқын танытады. Көнеден жеткен ауыз әдебиеті үлгілері, әсіресе эпостық жырлар мінәжатсыз келмейді десек, қателеспейміз. Дегенмен жазба әдебиетіміздегі мінәжат жырларының дербес жанр ретінде тұтастай тұлғалануы Йасауи хикметтерінен басталды деуге негіз бар. Йасауи хикметтері арқылы қалыптасқан мінәжат жанры бертінгі түркі әдебиетінде қастерлі дәстүр ретінде орнықты. Мұның мысалын ауыз әдебиетінен де, жазба әдебиеттен де көптеп кездестіруге болады. Полистадиялық құбылысына негіздеп, фольклор үлгілеріндегі исламдық реңктегі мінәжат жырларын кейіннен қосылған деп қарастырғанның өзінде оларда «Диуани хикметпен» өзара әсерлесу құбылысы бар екенін жоққа шығару мүмкін емес. Хикмет дәстүрімен жырлаған ақындар мен барлық діндар ақындар өлеңдері мінәжатсыз келмейді. Аты аталып, түсі түстеліп тұрмағанымен, жалпы мінәжат мәнді жырлар ортағасырлық түркі әдебиетінің өн бойында өріліп жатыр. Мұхамед пайғамбардың үмбеті санатына енген түркі халықтарының әдебиетінде мінәжат міндетті жанр дәрежесіне көтерілген. Осындай жазылмаған заңның төл әдебиетімізде берік орныққанын мінәжат жанрының сан ғасырлық даму кезеңдері дәлелдейді.
«Мінәжат» сөзінің «тілек» сөзімен түбірлес, мәндес екенін, екеуінің де Жаратушы иеге бағытталатын арман-лебіз болып табылатынын ескерсек, жыраулар поэзиясындағы мінәжаттың типтік үлгісі ретінде Бұқар жыраудың «Тілек» атты толғауын келтіруге болады:
Бірінші тілек тілеңіз,
Бір Аллаға жазбасқа.
Екінші тілек тілеңіз,
Ер шұғыл пасық залымның
Тіліне еріп азбасқа.
Үшінші тілек тілеңіз,
Үшкілсіз көйлек кимеске,
Төртінші тілек тілеңіз,
Төрде төсек тартып жатпасқа.
Бесінші тілек тілеңіз,
Бес уақытта бес намаз,
Біреуі қаза болмасқа…
Алла атымен басталып, дәстүрлі мінәжаттарға тән бірқатар сарындарды қамтитын бұл толғау да ары қарай қазақы құндылықтарды тарата өрбітіп, солардың сыны бұзылмай сақталуын Тәңірден тілеуді насихат етеді. Мінәжат, дұға, тілектердің насихатпен астаса өрілуі жыраудың «Айтар болсаң, Алланы айт», «Алла деген ар болмас, Ақтың жолы тар болмас» деп басталатын толғауларына да тән .
Қорыта келгенде, Қожа Ахмет Йасауи шығармашылығында ғазал, қыта, мінәжат, мадақ, айтыс, дастан секілді арап-парсылық және түркілік жанрлардың әрбірі жеке түр ретінде қамтылған және сонымен бір мезгілде осы шығармашылық құбылыс нәтижесінде аталған жанрлардың барлық ерекшеліктерін бойына сіңірген көп өлшемді, кең ауқымды симбиоз жанр – хикмет қалыптасқан. Көреген көңіл көрігінен, сарабдал сана сүзгісінен өткізілген ақын туындылары бір идеяға бағындырылып, бір мақсатқа жұмылдырылған. Түркі поэзиясындағы ұлы синтездің нәтижесі болып табылатын хикмет жанры өз кезегінде ұлт әдебиетіндегі бірқатар жанрлардың бастау көзі ретінде де қызмет атқарды. Пішін әр алуандығы орын алған тақырыптық жанр ретінде туындағанымен, хикметтерде бұл тұрғыдан біршама реттілік бар: талдаулардан аңғарылғандай, хикмет жанрының негізгі пішіндік қалыбы 12 буынды, төрт тармақты түркілік өлшем болып табылады.
Мінәжат сынды терең лиризмге құрылған жанр отты, ойлы жыраулар жырының өршіл рухымен сәйкес келе бермегендіктен, замана ағымына сай жанрға деген сұраныстың төмендеп, біршама байсалдана түскенін аңғаруға болады. Дегенмен, келтірілген талдаулардан аңғаратынымыздай, аталмыш кезең әдебиетінде де мінәжат жырларының елеулі орны бар. Әр ақынның – өз дәуірінің перзенті, әр туындының өз қоғамының үні екенін қазақ әдебиетінің асыл арнасы – жыраулар поэзиясындағы мінәжат сарынының аталмыш ерекшеліктері де дәлелдейді.
Хикмет жанрында байсалды ой-толғау, парасатты насихатпен қатар ширыққан сезімдердің, сан-сала көңіл күйдің астаса көрініс табуы, олардың барынша шынайы, қол жетпес қайырымдылықпен өрнектелуі – аталмыш әмбебаб жанрдың өзіне тән ерекшелігі болып табылады. Осы ерекшелік – ой мен сезімді қатар ұстап, шынайылықпен көмкеру қасиеті ғасырлар бойына даналық түркі поэзиясының негізгі сипаты ретінде қалыптасты. Йасауи дәуірінен кейін түркі халықтарынан аруз өлшемін жетік меңгерген ақындар көптеп шыққаны белгілі. Өз хикметтері арқылы Йасауи аруз өлшемінің иін жұмсартып, буындық жүйеге бағындырып берді. Кейінгі түркі жазба поэзиясы Йасауи негіздеген барлық жанрларды дамытты. Сопы ақын жыр тудырған барлық өлшемдер жалғасын тапқан қазақ поэзиясында аруз ешқашан үстемдік құрған емес. Аталған әдеби үрдістердің бастауында, әрине, әргесі берік, тамыры терең көне түркілік поэзия тұрды. Түйіндеп айтсақ, Йасауи поэзиясы – түркі халықтары ортағасырлық әдебиетінің орталық нүктесі болып табылады. Барлық жолдар сонда түйіседі және содан тарайды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет