Хауа мидек, йер темурдек кызыб тұрғай.
Ғазаб қылған бәндә күйіб, көмір болғай,
Тілі йергә сүрәлибән йүрәр ерміш [38, 49].
Кейіпкер образын тұлғаландыруды басты орынға қоймайтын Йасауи хикметтерінде тура мінездеу жоқтың қасы. Жанама мінездеу әдетте объект-кейіпкердін іс-әрекеттері арқылы психологиялық портрет жасауға қызмет етеді:
Расулаллаһ қайсы тараф бара билмай,
«Нечүк болды үммәтларым» дерін қоймай,
Бир заман олтурурға сабыр қылмай,
Баш йалаң, аяқ йалан йүрәр ерміш [38, 53].
Бейнелілік жүйесі аса бай Йасауи хикметтерінде жиі кездесетін образ түрі – дихотомиялық образдар болып табылады. Қарама-қарсы ұғымдарды салыстыра отырып мәнін ашу, бастапқы бірлігіне келтіру мақсатын көздейтін аталмыш әдістің сопылық поэзияда елеулі рол атқарғанын атап корсеткен Е.Э.Бертельс пайымдауларына сүйене отырып, зерттеуші А.Ахметбек Йасауи поэзиясындағы жақсы мен жаман, Алла мен шайтан, пір мен бүлікші секілді дихотомиялық образдардың жасалу ерекшелігіне біршама шолу жасаған [7, 55].
Йасауидің образ-персонаждар әлемі аса бай. Сопылық поэзияның шарттарына сәйкес ол әдетте ұғымдық образдармен астасып жатады. Нақты персонаждық сипаты болмайтын Жаратушы образына келсек, Йасауи хикметтерінде ол ең алдымен Құрандық терминология арқылы орныққан тұрақты эпитеттерімен сипатталады («Алла», «Йаздан», «Раббым», «Мәулім», «Рахман», «Иләһім»). Сондай-ақ «Пәруардігәр», «Хұдауанда» секілді парсы түбірлі Жаратушы есімдері мен түркіше теңеулер қосылып айтылатын «Рахман Егәм», «Изім Жаббар», «Уған Алла», «Заты ұлұқ хожам», «Бір уа барым» сияқты анықтамалы-эмоциялы тіркестер де Жаратушы образын ашуға қызмет етеді. Хикметтерде жиі қолданылатын шайтан, әзәзіл, фәриштә (періште), мәләйік (періште), Жабраил (Жәбірейіл), Исрафил, чилтән (шілтен), аруах (әруақ), Хызыр Илияс бейнелері осы тектес шарттылықтарға ие. Негізгі бөлігі исламдық әдебиетке Құран хикаялары арқылы енген бұл бейнелердің арғы тегі Інжіл мен Тәуратқа барып тірелетіні, жалпыадамзаттық діни әдебиетте көптеген параллельдердің кездесетіні белгілі. Ат ел аузында «Ғайып ерен қырық шілтен», «Ғайыптар», «Рижал ғайб» аталатын шілтендер туралы ұғым сопылық әдебиетпен тікелей байланысты пайда болған. «Әруақ» бейнесінің астарында ғасырлар бойы қалыптасқан таным-түсінікгің жатқаны, барлық халықтарға дерлік тән осы ұғымның әсіресе көшпенді санасына терең орнығып, далалық менталитет үшін маңызды рол атқарғаны айқын. Қазіргі әдебиет теориясы өлшемімен қарағанда шартты образдарға көбірек жанасатын бұл бейнелер сопылық поэзия мен жалпы діни әдебиет үшін тылсым шындықтың көрінісі ретінде шарттылығы мен нақтылығы бірдей нанымды бейнелер болып табылады. Дәлірек айтқанда, оларға шартты сипаттар таңылғанымен, көзге көрінбейтін әлемде нақты өмір сүретін тіршілік иелері ретінде қабылданады.
«Ақырдың пайғамбары», «пайғамбарлар мөрі» саналатын Мұхаммед пайғамбар бейнесі – Йасауи хикметтерін көктей өтіп жатқан арқаулық тұлға. «Расул» (елші), «хабиб» («сүйікті» – Алланың сүйіктісі), «Мұстафа» (тандаулы, саф таза), «Пірмұған» теңеу-есімдерімен келетін Мұхаммед пайғамбар бейнесі әрбір хикметте дерлік еске алынып, мадақ арналып, өсиеттері, іс-әрекеттері уағыздалып отырады. Ал оқиғалы хикметгердің басым бөлігі тікелей Алла елшісіне арналған. Йасауи ақынның өзгелерден ерек өмір салтын ұстанып, алпыс үшінде жер астына түсуіне себеп болған Алланың хақ бұйрығы мен пайғамбарға деген аза-құрметтің астарында ең алдымен рухани пірдің – Мұхаммед Мұстафаның жолбасшы аяны жатқаны белгілі. Пайғамбар сүннеті исі мұсылманның өнеге тұтар өмір жолы болып саналғандықтан, сопы ақынның барынша өнімді жырлауға, тұлғаландыруға тырысқан бейнесі де Мұхаммед пайғамбардың образы болып саналады. Екі дүниесін үмбеттерінің нығметі үшін қам-қайғыға толтырған, сол үшін қиямет күнінде, от пен судың арасында жалаң аяқ, жалаң бас зыр жүгіретін, Жаратқаннан жалғыз тілегі үмбет қамы болған ақырдың пайғамбары Йасауи хикметтерінде жай ғана өнегелі тұлға емес, күрескер тұлға, қаһарман тұлға дәрежесінде бейнеленген.
«Диуани хикметте» Йасауидің ұстаз-пірі саналатын Арыстан баб пен тылсым өмірі тағылымды аңызға айналған Мансұр Халлаж бейнелері өзге образдардан дараланып тұрады. Арыстан бабпен кездесуін, тәлім алған сәттерін, оның дүниеден көшуін баян ететін «Ғұмырнамадағы» бірнеше хикметке қоса, Йасауиде «Арслан бабам сөзләрін ешітсәңіз тәбәррүк» деген редиф-тармақты желілі ұйқас егуімен ерекшеленетін дастан типтес ұзақ хикмет те кездеседі. Ұстазға арналған мадақ жыры іспетті бұл туындыда Мұхаммед пайғамбардың Арыстан бабпен жүздескен сәті эпизод түрінде беріледі. Көркем мінез-құлықтың көрнекті үлгісі болған Мұхаммед пайғамбардың өзін тақуалығы мен шыдамдылығы қайран калдырған Арыстан баб бейнесі де Йасауи сомдаған қаһарман кейіпкерлер қатарына кіреді. Осы санатты толықтыратын үшінші бір тұлға - тариқат ерендерінің ең көрнектісі саналатын Мансұр Халлаж образы да хикметтерде үлкен құрметпен және құлшыныспен кейіптелген бейне. Атақты «Мансұр хикаясы» тәрізді тариқаттар тарихында елеулі маңызы бар оқиғаны қайта жырлай отырып, Йасауи ақын оны тек баяндап қана қоймайды, бағасын да береді. Хақ дидарын көру үшін жаннан кешіп, басын берген Мансұр тұлғасын да ақынның қаһармандық биіктен көретінін, тыңдаушыны сол ұстанымға ұйытқысы келетінін аңғару қиын емес. Оқиға соңы кейіпкер өлімімен аяқталса да, автор ақиқат жолындағы ақ өлімді трагедия ретінде қабылдамайды, соған сәйкес трагедиялық образ жасауға да тырыспайды. Құндылықтар жүйесі айқын ақын қаһарман тұлғаны оқырман-тыңдарман санасында лайықты биігінде бейнелеп қалдырған.
Йасауи хикметтеріндегі персонаждар жүйесі бірнеше сатыдан құралған. Ақын өз кейіпкерлерін рухани даму дәрежесіне, парасат-пайым деңгейіне қарай типтендіре жинақтап, әрбіріне өз болмысына лайық теңеу таба білген. Хикметгерде пайғамбар сүннетін бекем тұтқан үмбет (үммат), Хақ әміріне бой ұсынған момын (мумин), құлшылығының лайықсыздығын сезініп, Алла алдында жүзін төмен ұстаған көңілі сынықтар, рухының Жаратушыдан жырақта – жат мекенде жүргенін ұғынып, дүние қызығынан баз кешкен ғаріптер (ғариб), жалғаннан жырақтатып, Жаратқанға жақындататын жоқшылық жолын таңдап, кедейлігін мақтан еткен пақырлар (фақир), ата-анадан ерте айырылып, Алла есіркеген жетімдер (йатим), Хақ жолын сүйіп, құлшылығын азаттықтан артық көріп, Аллаға жақындағандар (хақпараст), тариқат жолына қадам койып, пірге қол беріп, еркін тапсырған еріктілер (мүрид), кәміл шайх дәрежесіне жетіп, мүридтерге рухани жолбасшы болған ұстаздар (мүршид), Жаратушыға жақындап, болмыстың хикметін тану үшін өз еркімен ғаріптікке түскен дәруіштер, Хақтың назары түсіп, тариқат ілімі нәсіп болған даналар, мағрифаттың – Тәңірлік танымның дариясында еркін жүзген білгірлер (ариф), Хақ махаббаты көңіліне түсіп, өзін ұмытқан ғашықтар, жаннан кешіп, тариқат жолына түсіп, басын берген ерендер (йаранлар) – аталғандардың әрбірінің өзіне тән бітім-болмысы, дәрежесі мен сипаты, аңсар-мұраты мсн құндылықтық бағдары бар. Оларды бір-бірінен даралап көрсете білуі Йасауидің дарынды ақын ғана емес, сарабдал жантанушы, тариқат әлемінің білгірі екенін дәлелдейді. Кері бағытты қарастырсақ, Хақ жолынан жырақ жандардың да ақын санасында екшелген топтары бар екенін аңғару қиын емес. Ақиқат ілімі нәсіп болмай, Алла жолынан хабарсыз қалғандар (бихабар), ақырет қамын ойламай, ішкенге мәз, жегенге тоқ болған көңілі бүтіндер, Аллаға ғашықтықтың азабы мен ләззатып тата алмаған дертсіздер, дүнияуи нығмет жолында ар-иманды ұмытқан көңілі қаралар, өз жолынан өзгені ақиқат деп білмеген құдайсыз менмендер (мауманлік халайық), дүниесін дін жолынан артық қойған дүниеқорлар (дүнйапараст), Алла жолы, пайғамбар сүннеті саналған көркем мінез-құлықтан ада төмен ойлы, келеңсіз қылықты жандар (пәст ниммат), құлығы мен қылығы хайуаннан да төмен тексіздер (нажинс), Хақ ілімінен несібесі жоқ надандар, білгені мен жиғанын жамандық жолына арнаған залымдар – ақын аласарта суреттеген, пенделігін парасат деп ұққан парықсыздардың тобы. Сопы ақын сомдаған образдар жүйесінен оның эстетикалық құндылықтары, бағыт-бағдары айқын аңғарылады. Йасауи үшін аяқталған ақиқат, кіршіксіз аңсар, баға жетпес құндылық – Алланың хақ жолы ғана. «Диуани хикметтегі» бейнелер жүйесі бар бояуымен осы шындықты таньпуға, дәріптеуге қызмет етеді.
Хикметтер авторының тұрақты адресаты – дидар талап мүридтер, алқа зікірге ұйыған Алла жолындағы дәруіштер - өзімен бағыттас, мүдделес, рухтас жандар. «Айа достлар», «достларым-а», «әй дәруішләр» деп ақын үнемі соларға тіл қатады, жақсы мен жаманды, дұрыс пен бұрысты саралайтын тағылымды хикметтері арқылы соларға бағыт беруге тырысады. «Әй бихабар», «айа надан» деп сирек жағдайда ақын тарапынан ғапылдықта жүрген жандарға сөз арналады. Мінәжат жырлары жалғыз Жаратушыға бағышталса, мадақ пен медет сұрау сарынындағы хикметтер негізінен Мұхаммед пайғамбарға арналған. Тағылымдық-тәрбиелік мақсатқа бағындырылған төрт шадиярға арналған мадақтардың негізгі арналушысы ақынның көпшілік тыңдарман-оқырманы деуге болады.
Йасауи сомдаған образдар объект-кейіпкер ретінде көрініс беріп отырса, хикметтердегі негізгі субьект-кейіпкер ақынның өзі болып табылады. Тауқымет пен тағылымға толы тариқат жолындағы бейнет баспалдақтарын суреттей отырып, ақын өзі өткерген аласапыран сезімдерін, сүйініш-күйінішін, торығуы мен тарығуын, түйген ғибраты мен түйсінген хикметін өз атынан баяндайды. «Ғұмырнама» секілді тұтас циклдар авторға қатысты биографиялық мәліметтерді де қамтуымен ерекшеленеді. Йасауи-автор өз хикметтері арқылы әрі бақылаушы, әрі баға беруші, әрі баяндаушы ретінде танылады. Ақынның бүкіл шығармашылығы арқылы тұлғаланған автордың «мені» терең психологизмімен ерекшеленеді. Йасауиге дейінгі түркі поэзиясында автопсихологиялық лирикалық кейіпкердің үзік-үзік көрініс беру құбылыстары байқалғанымен (әсіресе, Қашқари сөздігіндегі өлеңдерде), белгілі бір автор шығармашылығы негізінде тұтастықта тұлғаланған аталмыш сападағы кейіпкер жоқтың қасы. Біз талдаған барлық хикметтер түркі поэзиясына толық мәніндегі автопсихологиялық типтегі лирикалық кейіпкерді алып келген ақын – Қожа Ахмет Йасауи деп пайымдауға негіз береді.
Қорыта келгенде, түркі сопылық поэзиясының тұңғыш толымды туындысы «Диуани хикмет» өзінің көркемдік құралдары жөнінен әдеби шығармаға қойылатын барлық талаптарға жауап бере алатын туынды болып табылады. Өз дәуірінің озық ойлы перзенті Қожа Ахмет Йасауидің тек түркі сопылық тариқатының көшбасшысы ғана емес, сөз өнерін жетік игерген, сөз қуатын толық бағалаған, өлең өнерінің қағидаларынан хабары мол дарынды ақын болғанын аталмыш шығарма толығымен дәлелдейді.