Мaзмұны нормативтік сілтемелер


ІІ ҚОЖА АХМЕТ ЙАССАУИДІҢ «ДИУАНИ ХИКМЕТ» ШЫҒАРМАСЫ БАСТЫ ИДЕЯСЫ ЖӘНЕ МАҢЫЗЫ



бет7/19
Дата02.06.2023
өлшемі166,76 Kb.
#98402
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   19
ІІ ҚОЖА АХМЕТ ЙАССАУИДІҢ «ДИУАНИ ХИКМЕТ» ШЫҒАРМАСЫ БАСТЫ ИДЕЯСЫ ЖӘНЕ МАҢЫЗЫ
2.1 . «Диуани хикмет» шығармасының көркемдігі

Қожа Ахмет Йасауи поэзиясының көркемдігі туралы сөз қозғағанда ескерілуге тиісті бір мәселе бар. «Диуани хикметті» жазу барысында автордың басты мүддесі қарапайым көпшіліктің санасына күрделі де көп қабатты сопылық ілімді жеткізу болғандықтан, мұнда танымдық, тәрбиелік, идеологиялық функциялары жетекші рол атқарған. Дегенмен бұл аталмыш туынды көркемдіктен ада деген ұғымды білдірмейді. Йасауидің тариқат көсемі – діндар сопы ғана емес, әрі тумысынан талантты, әрі түркі, араб, парсы секілді үш бірдей дәстүрлі поэзия бұлағынан сусындаған терең білімді ақын екенін ұмытпау ләзім. Өлең сөздің өзі «дарынды сөз» (А.Байтұрсынов) екенін ескерсек, қандай мақсатта жазылса да оған көркемдіктің жат болмайтыны және даусыз.


«Қазақ әдебиетінің тарихында А.Ясауи кезеңдік әдебиет өкілі деп танылады, оның хикметтерінің тек идеялық-тақырыптық сапасы ғана басты зерттеу арнасына айналған. Ал поэтика немесе өлең теориясына арналған арнайы ғылыми еңбектерде оның шығармалары тіпті мысал ретінде енбеген. Хикметтердің жанрлық бітімі, ақынның шығармашылдық әдіс-амалдары сөз болмаған» деп атап көрсетеді әдебиеттанушы Т.Есембеков [29,52]. Ғалым мақаласы жазылған кезеңнен бері жасалған йасауитану зерттеулерінде хикметтердегі көркемдік құралдар мәселесі ішінара сөз болғанымен, әлі де дербес тақырып ретінде толыққанды түрде қарастырыла қойған жоқ.
Йасауиге дейінгі түркі поэзиясының аса бай болмағанымен, өзіне тән біршама қалыптасқан көркемдік жүйесі болғаны белгілі. Өз кезегінде осы үрдісті жалғаған, дамытқан және өзі жетік білген араб-парсы сопылық поэзиясының дәстүрлерімен ұштастырған Қожа Ахмет Йасауидің «Диуани хикметінде» де көркемдік құралдары кернекті орын алады. Ақын оларды өз туындысының танымдық-тәрбиелік мақсаттарына сәйкес іріктеп пайдалана білген. Дегенмен біз шартты түрде көркемдік құралдар ретінде қарастыратын әрбір құбылыстың астарында тариқаттар тарихына, соны дәруіштер өміріне байланысгы аңыздар сілемі, солар арқылы қалыптасқан белгілі бір символдық мәні бар сөз-ұғымдар, тіркестер жататынын да ескеруіміз қажет. Олардың сопылық поэзиядағы мазмұндық-көркемдік аясы біз сыйғызуға тырысатын әдеби-терминдік ұғымдар шеңберінен әлдеқайда кең. Өкінішке орай, әлем әдебиеті тарихында көрнекті орын алатын сопылық поэзияның көркемдік құралдарын өзіне ғана тән дүниетаным ерекшеліктерінен туындатып қарастыратын дербес әдістемелік жүйенің жоқтығы белгілі. Сондықтан дағдылы әдеби әдістерге сүйене отырып, Йасауи поэзиясындағы бірқатар шарттылықтарды заңдылық ретінде қарастыруға тура келеді.
Теңеу. Бейнелеу құралдарының ішіндегі ең белсенді қолданылатыны, қарапайым көркемдігімен ерекшеленетіні – теңеулер. «Диуани хикметтегі» теңеулер екі түрлі әдіспен жасалған. Біріншісі – қазіргі тіліміздегі «-дай, -дей, -тай, -тей» жұрнақтарымен мәндес ежелгі түркілік -дақ, -дек, -тақ, -тек, -дағын, -дегін (соңғысының фонетикалық варианттары -дайын, -дейін, -лайын, -лейін болып келеді) жұрнақтары арқылы жасалған теңеулер («Йоқ меніңдек шум бәлә аләм ара», «Байазиддек йетміш йолы өзім сатсам», «Шутурлайын бағлаб алды екі қолын») [2,45]. Екіншісі – «бейне», «секілді», «сияқты» мәніндегі «мисли», «йаңлығ», «құдды», «киби» («гиби»), «сифат» сөздерімен тіркесу арқылы жасалған теңеулер болып табылады («Көзі йашлық, халқа башлық, құдды һилал» [ 2,23 ], «Чын ғашықның көзі йашлық, құдды дута» [2, 43], «Тофрақ сифат йол үстідә йолы болсам» [2, 57], «Агзы ачық, нәфсі ұлұғ мисли лақа» [2,51], «Надан ичра хазан иаңлығ солдұм мән-а» [2,51].
Йасауи қолданысында теңеулердің бірнеше сөзден құралған күрделі түрлері де бар: «Дүнйадан көңіл үзмәгән мендик күнәһкар бар му һич?», «Азыб қалған боталардек бозласам мән», т.б. Дәстүрлі жұрнақтарсыз немесе көмекші сөзсіз, жіктік жалғаулары арқылы теңеулік мағына беретін қолданыстар да хикметтерге жат емес: «Шәрмәндамын, шәрмәндамын, қолым алғыл, йолдын азған дәрмандамын, йолға салғыл», «Арзулуқмын қарындашлық халайыққа» секілді мысалдар – соның дәлелі.
«Теңеу де өзге көріктеу амалдары сияқты түркі поэзиясында өте ертеден келе жатқан, жиі қолданылатын экспрессиясы күшті құрал. Жергілікті түркі тайпалары поэзиясынан нәр алған, көптеген көріктеу модельдерін жақсы пайдаланған сопылар мектебінің поэтикалық арсеналынан балау, теңеулердің орын алуы – заңды құбылыс» деп жазады тілтанушы Р.Сыздықова [24,172]. Аталған автор сондай-ақ теңеумен жапсарлас екінші бір көріктеу амалы – балаудың сипаттама түрінде Йасауи хикметтерінде жиі қолданылатынына назар аударған. Балаудың көрнекі мысалы ретінде зерттеуші «Мінәжаттағы» ақынның атынан айтылатын хикметтер жайлы сипаттама сөздерін келтірген («Менің хикметтерім – дерттіге дәрман», «Менің хикметтерім – талибның ризқы», «Менің хикметтерім – ғашықның ризқы», т.б.
Өз ойын түсінікті де көрікті жеткізе алған Иасауи «көрікті ойдың көрінісі – көркем сөздің» де шебері екеніне «Диуани хикметтің» тілі куә.
Ақын түркі ауыз әдебиетінің сүрленген көркем тілін қолданысқа салуда бейнелердің айнымас, ажырамас бөлігі дәрежесіне жеткізе алған. Сондықтан болар хикметтердің тілі образдармен жым құрып, араб жазуының өрнегі сияқты болып келеді.
Иасауи өзінің философиялық ойларын не сопылық оқуын бейнелеуде күрделіліктен бұлыңғырланып кететін мазмұн-мағынасын көбіне көркем тілдің қанық бояуларымен бір қалыпқа, бір бағытқа келтіріп отырған. Мысалы, сопы не дәруіш жүзі «запырандай, сапан түсті» деген теңеуін басқа образдарға қолданбайды: «Реңдері запырандай солмақ турур» (33-х.) Бұл теңеуде сопылардың мұң-мұқтажды көңіл-күйі толығымен сипатталып тұр. Ал бұған қарама-қарсы образдың қызыл жүзді болып келуі қарны тоқтық, көңілі бүтіндік белгісі болып табылады. Ақын осы екі образға, тоғышарлық пен қам көңілдікке қатынасын беруде тіл бояуының қанық түстерін таңдаған:
Үмметпін деп қылмасаң, өлген жақсы,
Қара жердің қарнын жарып кірген жақсы.
Қызыл жүзі рең кетіп солған жақсы,
Пірмұған қызметінде жатқым келер. (67-х.)
Сөйтіп, суреткердің образ бейнесінің дәл штрихын беруде жай теңеулердің тек көркемдегіш қана қасиетін танытпай, сонымен қатар бүкіл образдың мәнін білдіруші дәрежесіне көтерген. Яғни, Иасауидің теңеу, эпитет, троп сияқты тіл көркемдегіш құралдары образ мәнін бейнелеу қызметінде көрінеді. Мысалы, нәпсі бейнесін кейіптеуде ақын көз алдымызға қара күш иесінің адыр, оқыс қимылдарын сипаттауда нәпсінің бүкіл болмысын, қасиетін, мақсатын аңғартқандай күйде болады:
Нәпсім мені оттай жанып жолдан ұрды,
Жүз мың түрлі тағам қылып дүкен құрды.
Аузын ашып әр ғәйішке мені ұрды,
Қайрат берсең сұм нәпсіні мүшелесем мен. (9-х.)
Автордың нәпсіге деген қатынасын «мүшелесем» сөзінен-ақ тануға болады. Адам өзінің материалдық дүниеге қатысты нәпсісімен күресуде өзін аямай, жан-тәнін қинау Иасауидің «мүшелесем» деген троп қолданысында көрінген. Ал осы нәпсі жетегіндегі адамның бейнесі итпен салыстыруда бар көрінісін тапқандай:
Елу жаста ермін дедім пиғылым зағип,
Көзімен қан төкпедім бауырымды езіп.
Нәпсім үшін көп жүгірдім иттей кезіп,
Заты ұлы қожам сиынып келдім міне. (18-х.)
Адам неғұрлым нәпсіқұмарлыққа берліген сайын оның көңілі қарайып, адамдық келбетінен ада болу процесін ақын мақұлықтардың тіршілігімен дәл көрсетеді:
Дүние мендік дегендер,
Жаһан малын жиғандар.
Керкес құстай болумен
Ол қарамға батарлар. (45-х.)

Қазы, имам болғандар,


Нахақ дуға қылғандар,
Есек сияқты болумен
Жүк астында қаларлар. (45-х.)

Иасауи адамның жағымсыз мінез-құлқын сипаттауда сөз иірімдерін қолдануда алдына жан салмаған ақын. Әр құлықтың мәнін дәл суреттеу қиынның қиыны, бұл тек сөз табиғатын терең білетін дарынның қолынан келеді. Иасауи сөзге жан бітіріп, өзінің жан тебіренісін сөйлеткен хас шебер. Мысалы, 119-хикметте ақын нәпсі құлшылығындағы адамгершілікке жат қасиеттерді былай танытады.


Тәкәппар тонын кидірген нәпсіһауа емес пе?
Сараңдық үйіне үйілткен, жақсы-жаман сөйлеткен,
Қатігездікке салғызған нәпсіһауа емес пе?
Менмендік атын міндірген, жаман жазық қылдырған,
Ұлы қиғуға қойдырған нәпсіһауа емес пе?
Бұл суреттен тон киген адамның қорбиып, жан-жағына көз салмай, аяқ астын аңдымай, алшаң басқан тәкәппарлықты көзбен көргендей боламыз. Ал сараңдық үйі дегенде, мақсаты тек дүниемен өлшеніп, дүниемен белгіленген шектеулі шекара ішіндегі сараңдық барына қанағат тұтпай, мал-мүлкін асты-үстіне түскен тойымсыздығы, байлық үстіне байлық үйе бермек күйбең тіршілігі тітіркендіреді. Тек «өзім» деген өркөкірек кеудені менсінбес, жоғарыдан төмен қараған ахуалын аңғарамыз.
Сөз пырағына мінген ақын адамның ішкі сезімдерін, буырқанған көңіл толқынысын сөзбен оюлауда түркі жүрегіне жақын, табиғатына таныс теңеулерді қолданған:
Тасқын келген дариялардай жұлынсам мен,
Азып қалған боталардай боздасам мен... (10-х.)

Көңілі адалмен бірге зәкір болып,


Алпыс үш тамырлары нұрға толып,
Жаздағы бұлбұл құстай уаллаһи болып,
Сайрап, талдан талға қонар, достар. (42-х.)

Әркім күйер жанған отқа болар отын,


Жаны күйсе, ағзасынан шығар түтін,
Бауыры оның пара-пара жоқ дүр бүтін,
Халыққа сау кқрінен жарасы жоқ. (112-х.)

Жүрек-бауыры кәуіп болды еріп ақты. (118-х.)


Байқап отырсақ, «Диуани хакметте» жан-тән азабын беру түркілердің жүрек-бауырға қатысты теңеулері көптеп кездеседі.


Қасретінде жүрек-бауырымды дағласам мен...(10-х)
Бауырым пісіп, көзде жасы шаштым міне.. (13-х.)
Әуезбенен оқыса, бауырымды жыртар... (25-х.)
Хақ жолында бауыры күйіп барйа болар... (36-х.)
Жадын айтып бауыры пісіп, іші күйсе... (42-х.) т.б.
Хақ пен нәпсі мақсаттарының жараспас табиғатын соғыс атрибуттарымен беру екеуінің арақатынасын дәл белгілеп қана қоймай, символдық дәреже тұрғысынан жеткізу түркі халқы үшін сол кездері тұрмыс-салтына жақын түсінікті жәйт.
Һуә семсерін қолға алып нәпсіңді қыр... (19-х.)
Хақ қылышын қолға алып нәпсімді шаптым... (19-х.)


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет