Мaзмұны нормативтік сілтемелер


Хикметтердегі әділет пен зұлымдықты сипаттау көрінісі



бет15/19
Дата02.06.2023
өлшемі166,76 Kb.
#98402
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19
Байланысты:
ходжамова н

2.2. Хикметтердегі әділет пен зұлымдықты сипаттау көрінісі

А.Йасауидің «Диуани хикмет» атты екі әлемнің де мән-жайын сипаттайтын туындысы адамгершілік, имандылық, әділдік, инабаттылық тәрізді күрделі мәселелерді жырлауға арналған. Бұл дүниедегі адамдар арасындағы әр алуан қарым-қатынас: мансап пен байлық, билік, кедейлік пен қанағатшылдық, нәпсі мен тәубашылдық, Хаққа сыйыну секілді түйінді жәйттар дін тарапынан сарапталады.


Қазақ жерінің ортағасырлық мәдениетінің дамуында Яссауи жазған «Диуани Хикмет» (Даналық кітабы). Қожа Ахмет Яссауи ислам дінінің қазақ арасында кең тарауына үлкен үлес қосқан, шығармасын елге түсінікті етіп, түркі тілінде жазған. Ол жергілікті халықтардың ескі дінін жоққа шығармаған, қайта оны ислам дінімен ұштастырған.
А.Йасауи ел ішінде әділдігімен аты шыққан адам. Шешендігі мен ақылгөй даналығы оны жерлестері арасында сый-құрметкке бөлейді. Ақын өз өлеңдерінде:
Құл Қожа Ахмет, әрбір сөзің дертке дәрмен,
Тәліптерге (шәкірттерге) баян етсем қалмас арман.
Төрт мың төрт жүз хикмет айт хақ пәрменімен,
Пәрмен болса, өлгенше жырласам мен , -
деп даналық сөздердің 4 мың 400 жол екендігін ескерткен. Яссауидің «Даналық кітабы» кезінде Орта Азиядан бастап, Еділ жағалауына дейінгі көшпенді түркі тайпаларының арасында кеңірек тараған.
«Диуани хикмет» шығармасында тәлім-тәрбиелік ой-пікірлерінің үлкен бір саласы – имандылық тәрбиесі. Ғұлама ғалым өз шығармасында осы имандылықтың терең түйінділерінің беті ашылып, тәлімділік мәселелерін кеңірек ашып көрсетеді. Оның ойынша адамның имандылығы оның тілегінен, мақсатынан, осыған орай жүріс-тұрысынан, кішіпейілділігінен туындайды. Йасауидің өзі де сыпайылық танытып, ілтипат көрсетіп, қажет жерінде қолынан келген көмегін аямаған. Ол ата-анаңды аяла, қарттарды сыйла, әрқашанда ата-бабаңның қаны тамған туған жерді қорғауға әзір болу керектігін ескертеді.
Кітап ашып, сүрелердің мәнін сұрап,
Ұққаныма асықтым, әзер шыдап.
Қол қусырып, ұстазымның сөзін сыйлап,
Жаутаң қағып, көңілін бағып тұрмын мен де.
Осы хикметтердегі тәлімдік ой-пікірлері имандылық тәрбиесімен ерекше қиюласып, ұрпақты жастайынан тәрбиелеуге үндейді. Тағы бір хикметінде:
Жеті жаста Арыстан баб келді бабам,
Хақ Мұстафа аманат берді маған.
Сол сәтінде-ақ, көңілім тауып баян,
Нәпсім өліп, тәңірі жолына түстім мен де.
Йасауидің адамның жас ерекшеліктеріне берген сипаттамалары қазіргі ғылыми қағидалармен ұштасады, әр жастағы адамның көңіл-күйі, сезім эмоциялары, түсінік-толғамдары әр түрлі болатындығын дұрыс көрсетеді.
Йасауи өз хикметтері арқылы жеті принципті жеткізген:

  1. Аллахқа деген махаббат.

  2. Ықылас пен шынайылық.

  3. Адамға деген сүйіспеншілік.

  4. Кішіпейілділік.

  5. Әйел мен еркек теңдігі

  6. Еңбекті бағалау

  7. Ілім мәселесі

«Диуани хикметтің» алғысөзінде жалпы мұсылман дінінің негізгі қағидаларын, шарттарын, парыздарын байыппен баяндайды. Мұндағы ой-тұжырымдар төмендегі жүйелерден тұрады: тәубашылдық, ғибадатшылдық, махаббат, сабырлылық, шүкіршілдік, ризашылдық, ғаріптік. Шығарма адамзатты имандылыққа, бауырмалдыққа, сүйіспеншілік пен ізгілікке тәрбиелеуді мақсат ете отырып жазылған шығарма.
Ақын «Диуани хикмет» шығармасы арқылы адамзатқа ақыл, өсиет айта отырып, үлгі, өнеге көрсетуге шақырған:
Қайда жүрсең көңіл жұмсақ сыпайы болғын,
Көре қалсаң мүсәпірді сырлас болғын.
Махшар күні тәңірге жақын болғын,
Менменсіген халықтан қаштым міне.
Бұл хикметінде ақын адамдардың бір-біріне деген бауырмалдығын, мейірімділігін, сүйіспеншілігін насихаттайды.
Қожа Ахмет жырлары әділдік, шапағаттық, мейірімділік, тақуалық, шыншылдық, ойлылық, тазалық секілді игі істерге арналады:
Сөзімді айтам зейін қояр барша жанға,
Жан жылуын, жүрек отын аңсағанға.
Демеу болсын ғарып, пақыр, шаршағанға,
Кекірейген кердендерден қаштым міне.
«Диуани Хихмет» атты діни-сопылық қағидалармен қатар оқу, білім алу, адалдық, имандылық, ізгі қасиетті болу, ақыл-парасатқа жету, жақсылық, жамандық, төзімді болу, достық пен махабатты қастерлеу, әділетті болу, адал жолмен жүру сияқты адамгершілік құндылықтарды насихаттады.
Қожа Ахметтің даналық сөздерінің көбі ұстазы Арыстанбаб жиі еске алынады, ақын ұлы ойшылдың айтқандарына құлақ қойып, ой жібере қарауды ұсынады. Менменділік, көрсе қызар кеудемсоқ, дүниеқоңыз болмауға, тәубаға келуге ақыл-кеңес береді, яғни бабамыздың хикхметтері толған ғибрат, мәнді-мағыналы пікір, адамгершілік мұраттарына толы.
Қожа Ахмет базбір хикметтерінде надандарға сөзіңді қор етпе, мейірімсіздерден қайырым күтпе, кісі ақысын жеме, арамдықпен мал жима, өтірік айтпа, дүние байлыққа қызықпа, оның бәрі өткінші, мәңгілік ештеңе жоқ деген адамгершілік құндылықтарды жоғары ұстай отырып, жағымсыз қасиеттерден адамдарды сақтандырады.
Шам айналып көбелектей түстім күйге,
Жалын атып, от боп жанып күйдім мен де.
Бұрынғыдан күрт өзгеріп бөгде болдым,
Алла түспес ауызымнан, пенде болдым.
Міне, осылай Аллаға деген сүйіспеншілігі арқылы адалдық пен ақиқат жолын таңдаған ақын ақыры сопылық жолға түсіп, өзі айтқандай «әділ сөйлеп, адал жүрер жолда болып, тазалық тұрағына енген. Ақын баба өз хикметтерінде, өзінен бұрын өткен даналар сөзіне зейін қойып, олардан үйренгендігін жасырмаған».
Қожа Ахмет Йасауи діндар ретінде Аллаһқа ерекше ден қойған. Саяси құрылыстағы әділетсіздіктерді Аллаһтың адал жолын бұзу деп түсінеді:
Ел, дүние халқымызда қайырым жоқ,
Патша мен уәзірлерде әділет жоқ,
Дәруіштердің дұғасында қасиет жоқ.
Түрлі бәле халық үстіне жауды достар [39, 17].
Йасауи мемлекет өмірін әділетке, теңдікке, қайырымдылық пен сенімге негіздеп құруды ұсынады. Барлық жанның Аллаһқа сенуі, ерекше күш ретінде ислам жолына ден қоюы барлық жаманшылықтардан сауықтыратын рухани дәрі ретінде ұсынады. Йасауи танымында гуманизм мен адамгершілік идеялары діннен нәр алады. Адамзатты құтқаратын да осы қасиеттер мен құндылықтар. Ал, пасықтық, зұлымдық, дүниеқорлық пен қаталдық жолы басқа жандарды жәбірлейтін зорлық жолына бастайды. Ондай жолға түскендер түбінде Аллаһтың қатал жазасын алады.

Иман жоқ сүймегенде, жаны да жоқ,


Болмайды Расул сөзін танып әлек,

Немесе:

Бар дүние менікі деген сұлтандарға,
Ғалам малын сансыз жиып айдағандарға.
Өмірі сауық-сайран құрғандарға,
Өлім неше бір опа қылмайды деп.

Осындай дүние-мүлік үшін жанын жалдап, арамдық, сұмдық, зұлымдыққа барған кісілерді аяусыз әшкерелейді. Оларды тәубеге келтіріп, иманды ету үшін ақын ең алдымен өз басындағы міндеттерді тізбектейді.


Йасауи білім мен ғылымның қоғамдағы орнына аса жоғары баға берді. Білім мен ғылымды меңгеру арқылы Аллахтың адал жолын таңдауға болады, қоғамды дұрыс басқарудың жолдарын табуға болады деп біледі ойшыл. Әсіресе, насихаттың қуатты күш екенін Йасауи үнемі ескертіп отырады. Әрбір топ өзіне қосылатындарды әділ насихатпен соңына ертуі тиіс. Насихат күшке қуат қосады. Сеніммен ерген адамда үлкен құлшыныс пен күш болады. Йасауи хикметтері үнемі діни қағидаларға негізделеді.
Қожа Ахмет Йасауидің өз хикметтеріне алтын арқау еткен басты мәселесі: Алла тағаланың пенделеріне деген кеңшілігі мен олардың жасаған күнәларын кешудегі қайырымдылығы, нұр шапағатын талмай жырлау дер едік. Ол бұл мақсатта құдай дидарына ғашық болған пенделерінің өзге қызықтың бәрінен баз кешіп, күндіз-түні тек Аллаға құлшылық етуі қажет, бұл жолда жан мен тәнін де аямауы керек. Сонда ғана хақ дидарын көруге болады деген пікір ұсынады:

Сүннатларын махкам тутиб уммат булғил,


Кеча, кундуз айтыб улфат булғил.
Нафсидан кечиб, жафасини рахат билгил,
Андағ ғашық еки кузи қирян иурун...

Бұдан байқалғандай, ақынның құдай салған қиыншылық пен азапты да шыдамдылық, сабырмен жеңе білу, төзімділік таныту жөн, тынбай жылап дертін тарт, құдай көзді тек көру үшін ғана емес, жас ағызып жылау үшін де берген дейді.


Қожа Ахмет Иасауи бір Аллаға деген қалтқысыз сенім-нанымның ақыры оған жан-тәнімен берілген шын сүйіспендікке, ғашықтыққа ұласуын қалайды. Егер адам тек сырттай ғана құдайшыл болып, іштен басқа пейілде болса, ол екіжүзділікке, опасыздыққа ұрынады деп баяндайды. Мұндай алдамшы, аяр жандар сабырсыз, төзімсіз келеді, оның соңы надандыққа (жәһилдікке) ұрындырады, деген ой ұсынады [40,45].
Ақын надандықтың адам баласына келтірер зияны мен бүлігін жеріне жеткізе, өлтіре сынап, бұған жаңалықты ғана қарама-қарсы қояды, үміт-тілегін де даналарға арнайды:

Наданмен өткен өмірің тозақ болар,


Надан барса тозақ одан қашар.
Наданмен тозаққа қарай қылма сапар,
Надандардың ортасында суық шалғандай болдым мен-й.

Надан хәлін менен сұрама, көңілім қапа,


Хақтан қорқып қайғы тұтсам, күлер «қақа».
Араны ашық, нәпсі ұлық, мысалы лақа,
Надандардан қорқып саған келдім мен-ә.

Жер астына қашып кірдім надандардан,


Қолым жайып дұға тіледім жомарттардан.
Ғаріп жаным мың садаға даналардан,
Дана таппай жер астына кірдім мен-ә!

Қожа Ахмет Иасауи құдайға беріліп құлшылық етушілердің өзін жалған ғашықтар, шын ғашықтар деп жүйелейді. Жалған ғашықтары, жоғарыда айтылғандай, екі жүзді аярлар, надандар делінсе, шын ғашықтары Алла жолына жан-тәнімен берілген даналар деп сипатталады. Осының бәрін ол екі әлемнің (ол дүние мен бұл дүниенің) сыр-сипаттары тұрғысында шендестіре суреттейді.


Ақын өзі жеті жасында пайғамбарымыздың Мұстафаның (с.а.с.) арнап қалдырған құрмасын табыс еткен Арыстан Бабтың ақылдары мен үлгі-өсиеттерін зор ілтипатпен еске ала отырып, ұстазының рухани тазалығын, адалдығы мен шыншылдығын өзгелерге үлгі тұта сөйлейді. Осыған орай ол кейбір надан шәкірттер мен арам сопылардың бет пердесін жұлып алып, олардың шын мәнісінде қандай жандар екенін айқара ашып әйгілейді:

Тақуамын деп зор санар, көзіңнен шықпайды жасы,


Көңілдерінде дерті жоқ, қалай ауырар басы.
Өтірік, айла қылса да, құдайға мәлім бар ісі,
Арыстан Бабам сөздерін есітсеңіз тәбәрік.

Шәкіртпін деп айтады, көңілінде жоқ шындығы,


Шын шәкіртті сұрасаң, іші-тысы гәуһар дүр,
Хаққа аян сырлары, жемістері таза дүр,
Арыстан Бабам сөздерін есітсеңіз тәбәрік!

Сөйтіп, арамдық пен өтірік-өсектен, нәпсіқұмарлықтан жиіркенбейтін шәкіртсымақтарды ақын өлтіре сынай отырып, «ғарыптардың ұлығы, заты таза» Арыстан Бабты сондай пысықтарға үлгі етіп ұсынады.


Қожа Ахмет иасауидің көп хикметтеріндегі негізгі түйін: адам баласының жалған дүниеден бақилық өмірге өтудегі үмбеттік жолдың дұрысы мен бұрысын көрсету, Аллаға шын берілген құлдың іс-әрекеттерін бейнелеу болып табылады. Осы орайда оның, ең алдымен, қандай ауыр, қиыншылыққа тап болсаң да, шыдамдылық, сабырлылық танытуға мән бергенін көреміз. Ақын ойынша, әр іске төзімділік, шүкірлік етіп, құдайға жалбарыну, одан шапағат күту, дүние-мүлік, байлық үшін жанын жалдап, өтірік-өсекке ұрынбау тәрізді мәселелер күнәдан арылудың басты-басты талаптары делінеді. Сондай-ақ ол адамның Аллаға деген сенімінің, ой-пиғылының тазалығына баса назар аударады. Осыдан барып құдайға деген ықылас артып, мұның ақыры оған қалтқысыз берілген шын сүйіспендікке ұласады деп көрсетеді.
Қожа Ахмет Иасауидің кешірімділік, төзімділік туралы ой-пікір, тұжырымдарын жүйелеп әңгіме еткенде, оның «Рисала» атты еңбегіндегі мына бір қорытындыларына назар аударып көрелік. Ол мұнда қай пайғамбардан кейін нендей үлгі қалды деген мәселеге орай былай дейді: «Тәуба қылу Адам пайғамбардан, ғибадат қылу Ідірістен, зікір-сабыр Аюбтан, зікір-ғаріптік Мұхамедтен қалды, ал сыпайылық хазірет Сүлейменнен қалды», - деп жазады. Бұдан тыс мағрипат, шариғат, хақиқат, тариқат туралы баяндағанда ақын құдай рахметінен үміт үзбеу, тәубаға келу, насихат алу, пақырларға пана болу, Хақты тануда шыдамды болу тәрізді мәселелерге ерекше мән береді.
Қожа Ахмет Иасауидің ендігі бір үлкен мән берген, аяусыз әшкерелеген тақырыбы – надандық. Ол жақсылық, мейірім, шапағат көзі: дана таппай, «жер астына сол надандардан қашып түскенін де» ескертеді. Өйткені, оның түсінігінше, надандық бүкіл жауыздық, зұлымдықтың таусылмас қайнар көзі. Мұнда арсыздық пен бәлеқорлық, өтірік-өсек, әділетсіздік те содан табылады деп түйіндейді. Жоғарыда айтылғандай, осы надандыққа ғылым-білім мен даналықты үнемі қарсы қойып отырады. Сондықтан наданның көзін ашып, құдайдың сара жолына түсіруге ол бар ынтасы мен ықыласын сарқа жұмсайды. Тіпті өз ойын жинақтай келе ақын: «Надандармен бірге өткізген уақыттың өзі тозақпен тең», - деп қорытып, олармен бірге жүруге де, жолға шығуға да қарсы тұрады. Сондай-ақ ол нәпсінің құлы дүниеқорлық пен әр алуан әділетсіздіктерге, зұлымдық пен жауыздыққа да төзуге болмайтынын дәлелдейді. Ғаріп-міскіндерге қорлық көрсеткендерге қарсы тұрып, әлсіздерді қорғамасаң, бұл да қылмыспен тең дейді. Осы тұста ақын жалған молда, залым ғалымдарды да аяусыз түйреп, «Хақ сабақтарын» үйренуге үндейді. Осындай әділетсіздік пен зұлымдықтарға қарсы төзімділік пен әділдікті ту ете отырып, хақ тағала ісіне ғана сабырлық, төзімділік танытудың қажеттігін бейнелі жолдармен өрнектейді, шалқыған шабыт танытады.
Құранда адамның табиғаты мен мінезіне байланысты анықтамалар өте көп. Сонымен қатар адамның психологиялық қуаты мен қызметтері, рухани даму сатылары, адам типологиясы сияқты мәселелер кеңінен қамтылған. Құранда адам ең жоғары мақамда жаратылғанымен оның нәрсінің зынданына түсіп, төрдегі басын есікке сүйрейтін, «ең төменгі дәрежеге дейін құлдилайтын моральдық азғындауға берілген анықтамаларда оның әлсіз, қан төгуші, жоюшы залым, қиянатшыл ашкөз, арамтамақ, сараң, надан» екендігі сыналады [41]. Тәңір адамды осылардан қашуға, жиіркенуге үндейді. Өйткені тәңірдің адамға қояр талабы – оның көркем құлықты, жамандыққа жаны қас, жақсылыққа жаршы болатын, Тәңірдің шынайы құлы болу үшін адам, ең алдымен, өз болмысымен тұтастықта болып, содан кейін қоршаған әлеммен үйлесімдік құруы тиіс.
Адамның жақсылық, парасат, сөзімен, әс-қимылымен және жақсы оймен қарулануы оның иманының қуантына тікелей байланысты. Өйткені, құранда имандылық адамгершіліктің тұтқасы, негізгі көзі ретінде түсіндірілген. Имандылықтан туатын құндылықтарды әділеттілік, турашылдық, ар-ұят, намыс, сабыр, төзімділік, жомарттық, шыншылдық, мейірімділік, ата-анаға құрмет, отансүйгіштік, қанағатшылық, таза махаббат құндылықтарына имансыздықтан туындайтын зұлымдық, жалғандық, екіжүзділік, опасыздық, менмендік, қорқақтық сияқты мінез-құлықтарды қарсы қойып, олардан аулақ болуға үндейді.
Йасауи түсінігі бойынша, Хаққа жеткізер жолда дәулет-сәулетке қызықпай, мансап қумай, күнделікті күн көрісінде Аллаға сыйына жүріп, адал еңбегімен тапқан азығына қанағат қылып, зұлымдықтан бойын да, ойын да аластатып, айналасына мейірімді болу, жәбірленгенді жұбатып, жапа шеккенге медет болу, қорлаушы болғаннан гөрі, қорлық, машақатта өмір сүру адамның пәк тіршілігінің алғы шарты дейді. Яғни адам тек жоқшылықта, пақырлықта ғана Хаққа тән адамгершілік қасиеттерін жетілдіріп, адамдық келбетін кемелдендіреді деп пайымдайды. Сондықтан өзінің де пақырлықта өмір сүру түсінікті жайт.

Құл Қожа Ахмет, қырыққа кірдің, нәпсіңді қырқ,


Мұнда жылап ақыретте бол ағриқ (таза).
Пүсат, иман, шариғат дүр мағына – тариқ.
Тариқ кірген Хақтан ұлыс алды, достар. [44,45]

Ахмет Йасауи өзінің хақ жолын уағыздау қызметінде, сопылық оқуды насихаттауда жалаң теорияны ұстанудан бұрын практикалық іс-әрекеттерге көбірек көңіл бөлді: тіпті, өз өмірін сопылық оқуының көрнекі құралына айналдырып, сопылық идеялардың іс жүзіндегі үлгісі қылды.


Қожа Ахмет Йасауи пайғамбар жасына келгенде, бар дүние-мүлкін кедей-кепшіктерге, ғаріп-міскіндерге таратып беріп, қылует (фәниден жалғыздықта күн кешу) жасауға бел байлайды. Бұл шешімін Йасауи былай деп түсіндіреді: жасы алпыс үшке келгенде, Мұхаммед пайғамбардың рухы келіп, жалған өмірдің күнәларынан арылу қамын жаса, ол үшін жер астында қылует жаса деген нұсқау береді-міс. Сөйтіп, «Өлмес бұрын жан бермектің дертін таптым «19-хикмет), - деген тақуалықтың бір қағидасын негіздейді. Алайда, Ахмат Йасауидің осы кездері жазылды-ау деген хикметтеріне зер салсақ, әр өлең жолын бір күйініш сарыны көмкеріп, таңбасын қойғандай әсерде қаламыз.

Жер астына қашып кірдім надандардан,


Әлкім ашып, дұға тілеп мір даналардан.
Ғаріп жаным мың садақа даналарға,
Дана таппай жер астына кірдім міне. (6-хикмет)

Яғни, Йасауи жер астына түсіп, ел-жұрттан оңашалануының бір себебі әділдік тапталған, зұлымдық жақталған замана адамдарының харам пиғылдарынан, дүние үшін арын да, жанын да сатқан ала көңілдерінен бойын аластатып, күйзелген жаны мен торыққан көңілінің наразылығы ретінде туған әрекеті ме деген ой туады. Осы кездері сырлас дос, мұңдас серік таппай жалғыздықта қалған данышпан-философтың шын мәніндегі жәйі – қылует еді. Сондықтан да өмірінің соңғы жылдары пессимистік көңіл-күйінен туған өлең-жырларының мазмұны ақырзамандық тұманмен перделенген.


Осы қылуетте Йасауи өзінің хикметтерін бір жөн-жобаға келтіріп, толыққанды жинақ етіп қалыптастырған деген пікір айтуға болады.
Қорыта айтқанда, Қожа Ахмет Йасауидің «Диуани Хихмет» шығармасы діни-сопылық қағидалармен қатар оқу, білім алу, адалдық, имандылық, ізгі қасиетті болу, ақыл-парасатқа жету, жақсылық, жамандық, төзімді болу, достық пен махабатты қастерлеу, әділетті болу, адал жолмен жүру сияқты адамгершілік құндылықтарды насихаттап, жамандықтан алыс жүруді уағыздайды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет