Мѕдениеттану курсы



бет8/31
Дата30.03.2023
өлшемі0,59 Mb.
#77489
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   31
Байланысты:
Текст лекций Типол Культу каз яз ТХГ (1)

Бір-бірімен өзара тығыз байланыста, ірі табиғи бірлікте болуына қарамастан үнді философиясының алты классикалық мектебі де адамның әлемге дүниетанымдық қарым-қатынастарының сан саласын қамтып, танып-білудің түрлі әдістерін қарастырады.Мысалы: “миманса” – діни салт-жораларды түсіндірумен айналысады және діни құрбандықтар шалуды жақтайды. Құрбандық шалу – адамның құдай алдындағы өз парызын (дхарма) өтеуі болып саналады, онсыз “карманың” құрсауынан адам еш уақытта да шыға алмайды . “Карма” бүкіл үнді мәдениетінде айрықша орынға ие болған. Кең мағынада алғанда, карма дегеніміз - әрбір адамның тіршілікте жасаған іс-әрекеттері мен оның салдарларының жиынтығы, осы арқылы оның болашақтағы тағдыры анықталады, ал тар мағынасындағы карма- адамның тіршіліктегі жасаған іс-әрекеттерінің қазіргі өмірі мен болашағына әсері.


Кей жағдайларда, жоғарыда атап көрсеткен “мимансаны” атеистік ілімге де жатқызады, өйткені ол дүниенің атомдардан тұратындығын мойындайды. Сөйтіп дүниені материалистік тұрғыдан сипаттаудың арқасында Құдайды мойындаудың мәні жойылады.
Будда өзінің діни уағыздарында брахманизмді де , джайнизмді де сынға алады. Брахманизмдегі байлық пен сән-салтанатты өмірге бой ұрушылық,ал джайнизмдегі аскетизм Будданы қанағаттындырмады, сондықтан да ол орталық межені қалап алады. Ол өзінің негізгі діни көзқарастарын «Рухани тіршілігі таза адам бұл өмірде екі нәрседен арасын аулақ салу керек. Оның біріншісі- сауық-сайран мен думанды қызыққа толы өмір, бұл адамның рухына қарама-қайшы келетін бейшаралық, өткінші өмір, ал екіншісі-ерікті түрде қалап алынған азапты, қатыгез өмір, бұл өмір де мәнсіз, мағынасыз.Рухани дүниесі бай адамдар өмірдің аталған екі жағынан да өздерін алшақ ұстағандары жөн. Ең бастысы, адамдар танымға, білімге бастайтын, олардың ақыл-ой өрісін кеңітетін дұрыс жолға түсулері қажет»( Попов Е.В. Введение в культурологию. М.,1995. С. 167) . Бұл тармақтары көп сегіз салалы жол. Олар - адал сенім, әділ шешім, шындық сөз, шындық өмір, шыншыл ұмтылыс, шындықпен еске алу және адамның өз бойындағы қасиеттерін үнемі байыту болып табылады
Буддизм бойынша, өмірдің азаптары жайындағы қасиетті шындық мынандай: өмірге келу – азап, қартаю азап, жүрегің қаламайтын адаммен қосылу – азап, жақсы көрген адамыңнан айрылысу – азап, көздеген мақсатыңа жете алмау – азап. Ал аталған осы азаптардан құтылудың басты жолы – сегіз салалы қасиетті өмір жолын таңдап алу.
Будда ілімі адам бойындағы ізгілік, адамгершілік қасиеттерді одан әрі дамытуды насихаттайды. Онда былай делінген: «Бұл дүниеде өшпенділікті өшпенділікпен жеңуге болмайды, адам ашу – ызасын ақылға жеңдіріп, зұлымдықты қайырылымдықпен ауыздықтауы қажет. Ұрыста мың адамды жеңіп шығуға болады, ал нағыз жеңіс адамның өзін-өзі жеңіп шығуы болып табылады».
Дзэн-буддизм кейіннен Жапонияға да тарай бастады.Жауынгер-самурайлардың ықпалымен бұл ілімде әскери өнерге айрықша мән беріліп, ол адамның жан-жақты жетілуінің тез жүзеге асырылатын төте жолы деп тұжырымдалды. ХХ ғасырдың ортасына қарай дзэн-буддизм Батыс Еуропа елдеріне де тарап, өзінің өміршеңдігін байқата бастады.
Жоғарыда атап көрсеткендей, махаяна үнді халқының дәстүрлі діни наным- сенімдеріне өте жақын болып шықты. Әрине, буддизмнің пессимистік сарыны үнді халқына ұнаған жоқ, шындығында, халыққа брахманизмнің жарқын идеялары одан гөрі жақындауболатын. Бірақ, бұл жағдайға қарамастан үнді қоғамы буддизмнен де мүлде бас тартқан жоқ. Сөйтіп буддизм мен брахманизмнің біраз қағидаларының өзара сабақтастығының нәтижесінде жаңа индуизм ағымы пайда болды.
Өкімет тарапынан барынша қолдау тауып, қаншама шіркеулер тұрғызып, үнді қоғамында айрықша беделге ие болған будда дінінің өз позициясын ешбір қарсылықсыз индуизмге бере салуын қалай түсіндіруге болады екен? Үнді еліне келген арийлер варналарға бөлудің негізін қалады, ал құлдар мен шетелдіктер варналарға кірмеді. Варналарға бөлу- үнді қоғамының негізі болып табылатын село қауымының беделін бұрынғыдан да көтере түсті. Оларды ақсақалдар басқарды, қауымдар өз іштерінде туындаған мәселелерді өздері шешті және өкіметке белгілі бір мөлшерде салық төлеп тұрды.Өкімет тарапынан болатын озбырлықтардан оларды қатаң діни наным-сенімдер, салт- дәстүрлер және т.б. қорғап қалып отырды. Мұндай қауымдар шаруашылығы- натуралды шаруашылық болды, онда жалдамалы еңбек кеңінен қолданылды. Қауымдар өмірінің тұйықтық сипатта болуы, оларды саяси қақтығыстар мен толқулардан тысқары қалуларына себепкер болып отырды. Қауым басшылары өзгеріп отырғанмен, қауым тіршілігінің қаймағы бұзылмады. Бұл жайында Д.Неру былай деп жазды: “ Үндістанның саяси құрылымының негізі - өзін-өзі басқаратын село қауымы болды. Қоғамдағы өзгерістер бұл құрылымға ішінара өзгерістер енгізгенімен , оның тамырына балта шаба алмады. Ел билеушілерінің бірде-біреуі село қауымының құқығын бұза алмады және оларға берілген жеңілдіктерді орындауға мәжбүр болды”(Неру Д. Открытие Индии. КН: М.С. 223-224).
Касталық құрылыс жағдайында қалыптасқан ережелерді мүлтіксіз орындау талап етілді. Мысалы, касталар арасында үйленуге қатаң тыйым салынды, тіпті түрлі касталар өкілдері дастархан басында бірге отырып тамақ та іше алмайтын болды.
Индуизм- бір-бірінен тәуелсіз бірнеше діни наным-сенімдерден тұратын діни-мәдени ағым. Оның негізінде-Брахманға, Вишнуға, Шиваға табыну мен тантризм жатыр. Осылардың ішінде Вишну мен Шиваның мерейі үстем болды.
Вишну- адамдардың адал қамқоршысы, көмекшісі. Ол адамдарды зұлымдық пен қатыгездіктен қорғайды, оларды қауіп-қатерден сақтайды және адамдарға шындықты жариялап отырады. Ал оны жүзеге асырушы Будда. Сөйтіп Будданың беделі көтеріліп, Құдай дәрежесіне жеткізілді.
Шива-қатал да, қорқынышты құдай. Оның үш көзі бар, денесіне жыландар жабысқан, мойнында- бас сүйектер. Шива - өнер мен ғылымның, салтанатты өмір мен махаббат сайранының құдайы.
Үнді халқының санасындағы құдайлардың басқа діндердегі (христиан , ислам) құдайлардан басты айырмашылығы- олардың Жер бетіндегі тіршіліктің қайнаған ортасында болуы және оған белсене араласуы болып саналады. Вишнудің әйелі Лакшми әсемдік пен бақыт құдайы, ал Шиваның әйелі Кали қырып-жою мен өлім құдайы.
Үнді-будда дініндегі бұл дүниеге көзқарастар қарама-қайшылықтарға толы болып келеді. Будда дінінде ғана емес, тіпті сансарлардың өзінде де өмірдің қайғы-қасіретке, жамандық пен жауыздыққа және тағы да басқа келеңсіз көріністерге толы екендігі жан-жақты сипатталады. Үнді-будда дініндегі адамдар төрт этикалық нормаларды негізге алуы қажет. Олар: дхарма, артха, кама және мокша.
Дхарма- будда дініндегі моральдық заңның басты бөлігі болып есептеледі. Үнділердің қасиетті кітаптарында (смрити) дхарманың тізімі, яғни түрлі касталардың міндеттері мен функциялары атап көрсетілген. Касталық жүйеде бұл парыз-міндеттерден ауытқуға жол берілмейді.
Артха- адамның күнделікті тұрмыс- тіршілігіндегі іс-әрекеттердің нормалары болып табылады.
Кама- адамның көңіл –күйінің талаптарын қанағаттандыру құндылықтарын анақтайды, солардың жолдарын белгілейді.
Мокша-торығып- түңілуден, жалғыздықтан қалай құтылу жайындағы ілім.
Үнді елінде әлеуметтік құндылықтарды бағалауда адамдардың қоғамдағы іс-әрекеттеріне айрықша назар аударылды. Ел басшылары мен әскери адамдар брахмандардан төмен тұрғанына қарамастан, қоғамда пайдалы қызметтер атқарғандықтан үлкен құрметке ие болды. Мысалы, көне заманда өз елін сыртқы жаулардан қорғауда батырлығымен даңқы шыққан Викрамды үнді халқы осы уақытқа дейін мадақтап, қастерлейді. Бір таңқаларлық жағдай, Үндістанда оның дана басшылығы мен көзсіз батырлығы ғана емес, сонымен қатар оны үнді күнтізбегін жасаушы ғалым ретінде де танып, даналық пен кеңпейілділік сияқты тамаша қасиеттерін үлгі тұтады.
Үнді-будда мәдениеті басты орынға әр адамның діни- моральдық іс-әрекеттерін қоя отырып, адамның табиғатпен де, өз-өзімен де, қауыммен де үндестік, ірі келісім табуына баса назар аударады. Бірақ, үнді-будда мәдениеті халықты өкіметке қарсы әлеуметтік қарсылықтан, әлеуметтік белсенділдік пен таптық күрестен сақтандырды.Үнді қоғамында ғасырлар бойы- ұйымдасқан әлеуметтік қарсылықтың болмауы-үнді халқының сыртқы күштердің басқыншылық әрекеттеріне тегеурінді, батыл түрде әлеуметтік-саяси қарсылық көрсете алмай, дәрменсіздік көрсетуіне әкеліп соқты.
Ағылшындардың үстемдігі кезінде шетел басқыншылары өз армияларын солтүстік Үндістандағы жоғарғы каста өкілдерінен толықтырып отырды: “ әскери касталар” деп аталатын бұл үнділер өз Отанының жауларына қызмет жасады.
Үнді-Будда мәдениетінің қойнауында Ү ндістанда Махатма Гандидің( 1869-1948) реформаторлық қозғалысы туындады. Ол бұл қозғалыс барысында өзінің табиғатта әрекет ететін “махаббаттың өнегелілік” заңына ұдайы сүйеніп отырды. М.Ганди бұл жайында былай деп жазды: “Махаббат заңы біздің санамыздан тыс өмір сүреді. Табиғат заңдылықтарына сүйенген ғалым қандай ғажайып жаңалықтар ашса, махаббат заңын өз өмірінде үлкен сүйіспеншілікпен қолдана білген адам да бұл өмірде айтарлықтай табыстарға жетері сөзсіз, ал кейде ғалымдардың жеткен межесінен асып та түсуі мүмкін”(Ганди М.К. Моя вера в ненасилие\ Вопросы философии. 1992. № 3. С 66).




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   31




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет