Мѕдениеттану курсы


ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОРТА ҒАСЫР МӘДЕНИЕТІ



бет16/31
Дата30.03.2023
өлшемі0,59 Mb.
#77489
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   31
Байланысты:
Текст лекций Типол Культу каз яз ТХГ (1)

15. ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОРТА ҒАСЫР МӘДЕНИЕТІ
Шығыс Ренессансының талай елдерді қамтыған және 500 жылдан артық өркендеген типі мұсылмандық мәдени өрлеу дәуірі екендігі белгілі. Оның әл-Кинди, әл-Фараби, ибн-Сина, Фирдауси, Ж.Баласағұн, Қожа Ахмет Иассауи, Омар Хайям сияқты өкілдерінің рухани мұрасын меңгермей қазір мәдениетті адам деп есептелу қиын. Бұл жерде осы ұлы құбылыстың мұсылмандықпен қатысы қанша деген заңды сұрақ туады. Оның негізі де бар.
Әл-Фарабидің мәдениет туралы пікірлері негізінен араб мәдениетінің мына 4 тармағына байланысты: 1. Хақиқат (бір Алланың ақиқаттығын дәлелдеу). 2. Шариғат (мұсылмандық тұрмыс-салт заңдары). 3. Тарихат (Аллаға қызмет еткен әулиелер өмірі). 4. Марифат (білімділік, парасаттылық идеялары).
Шығыс Ренессансы туралы сөз еткенде оның тағы бір бастауы сопылық бағыт (суфизм) жөнінде айтпай кетуге болмайды. Қазақстан жеріндегі ұлы ғұламалар Жүсіп Баласағұн, Сүлеймен Бақырғани, әсіресе, Қожа Ахмет Иассауи шығармашылығында сопылық сарын үлкен орын алған. Онан соң Ренессанс идеясын тек Платон мен Аристотельдің шығыстық ізбасарлары қолдады деу де сыңаржақтылық.
Сопылық бағыт ислам әлемінде о баста ресми дінге қарсы оппозициялық қозғалыс ретінде туады. “Суфь” термині арабтың “жүн шекпен” деген сөзіне орайластырып алынған. Сопылар – киім талғамайтын, бар ойы руханилық төңірегіндегі тақуа адамдар.
Қалалардың өсіп өркендеуі, сауданың дамуы, ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұранымды арттырған. Мұның өзі егіншілік пен мал шаруашылығының дамуына себепкер болады. Жауын-шашынның аз болуына байланысты Қазақстанда егіншілік көбінесе суармалы негізде дамыды.
V1-XII ғасырларда Орта Азия мен Қазақстанда қалалар тез өсті. Олар сауда мен қолөнердің, дін мен мәдениеттің тірегіне айналды. Батыс Түркістан жерінде Суяб, Құлан, Мерке, Тараз, Отырар, Исфиджаб сияқты қалалар бой көтерді.
Орта ғасырда Қазақстан өзінің қалалары арқылы әлемдік қарым-қатынастан тысқары қалмай, Еуропа және Азия елдерімен Жібек жолы арқылы сауда жасасып, байланысын үзген жоқ. Бұл кезде Қазақстанның оңтүстігінде басты ірі қалалардың бірі-Исфиджаб (қазіргі Сайрам) болды. X-XII ғасырларда тікелей сауда орталығы ретінде мәлім болған Исфиджабта тауарлардың көптеген түрлері өндіріліп, осы жерден басқа жақтарға мата, қару-жарақ, мыс пен темір әкетіліп тұрды.
Қазақстанның Сырдарияның орта бойына орналасқан ірі қалаларының бірі-Отырар. Араб-парсы деректемелерінде Отырар қаласы Фараб, одан бұрын Тарбан (Трабан) деп те аталған. IX ғасырдың бас кезінде арабтар Фадл-ибн Сахлдың басқаруымен Отырар аймағын басып алуға тырысты. Ол шекаралық әскерінің бастығын өлтірді және Қарлұқ жабғуының ұлдарын қолға түсірді деп хабарлайды деректемелер. VII-VIII ғасырларда Отырар шахристаны мұнаралары бар дуалдармен қоршалған. Отырар өмірі X-XII ғасырдан кейін де жалғасып, оның орта Сырдария өңірінің экономикасы мен мәдениетіне ықпалы күшті болған.
Қазақстанға белгілі болған орта ғасырлық қаланың бірі – Тараз. Ол жазба деректемелерде 568 жылдан бастап аталады. Византия императоры Юстинианның елшісі Земарх Килликискийдің Батыс түрік қағаны Дизабұлға берген есебінде Тараздың да аты аталған. Шамамен 630 жылы қытай саяхатшысы Сюань Цзан Таразды (Далассы) шеңбері 8-9 лиге (4-4,5 км) жеткен маңызды сауда орталығы деп сипаттайды. VII ғасырда Тараз «Ұлы Жібек жолындағы» ірі мекенге айналды. X-XII ғасырларда Тараз қаласының су құбырлары, сонымен қатар күйген кірпіштен көпшілік үшін салынған моншасы болған. Оған жақын жерде Айша бибінің күмбезі көтерілген. Тараз жеріндегі ортағасырлық сәулет өнерінің тағы бір ескерткіші Қарахан күмбезі.
Тараз Жетісудың саяси, экономикалық және мәдени өмірінің ірі орталығы болды. Оның төңірегіндегі Талас, Хамукент, Жікіл, Адахкент, Ден, Нуджикент, Құлан, Мерке, Аспар, Жұл, Баласағұн, Барсхан қалалары мен қоныстары бір-біріне тізбектеліп жалғасып жатты. Сондай-ақ, Іле өзенінің алқабында Қойлық, Талхиз, Екі-Оғыз сияқты басқа да қалалар орналасқан.
XI ғасырда Ясы (Түркістан) қаласы Шауғар округінің орталығы саналған. Мұнда XII ғасырдың аяғында Ахмет Иассауи күмбезі салынып, қала діни орталыққа айналды.
Сырдариядағы ірі қала Сығанақ еді. Қазақстанның солтүстігі мен солтүстік-шығысына баратын керуен жолдарының қиылысында орналасқан ол XII ғасырда қыпшақ бірлестігінің орталығы болды. Қазір Сығанақтың орнында Сунақ-ата жұрты бар
X-XII ғасырларда Орта Азия мен Қазақстанда жоғарыда айтылған кенттерден басқа жаңа қалалар – Қарашоқы, Қарнақ, Ашнас, Баршынкент, т.б. пайда болды. Олардың алып жатқан жер көлемі ұлғайып, сауда шаруашылық орталығы – Шахристаннан рабадқа ауысқан.
Қазақстан жеріндегі халықтардың экономикалық өмірінде сауда орасан зор рөл атқарды. Жазба деректемелер Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу қалаларының Византия, Иран, Орта Азия, Кавказ, Алтай, Сібір, Шығыс Түркістанмен тығыз сауда қатынасы болғанын дәлелдейді. VI-X ғасырлардағы халықаралық саудада “Ұлы Жібек жолының” зор маңызы болды. Бұл жол Шаштан (Ташкент) Газгирдке, одан Исфиджабқа жетті, одан әрі керуендер Тараз қаласына беттеген. Исфиджаб пен Тараз арасында бірнеше шағын қалалар мен керуендер аялдайтын сарайлар болды. “Жібек жолы” Тараздан терістікке қимақтарға қарай Адахкент, Дех-Нуджикент қалаларын басып өтті. Тараздан “Жібек жолымен” Төменгі Барысханға, Құланға (Луговое қаласы), одан әрі Меркеге және Аспараға қарай шұбыра жолшыбай бірнеше қалаларға соғып, Бедел мен Ақсудан асқан керуендер Шығыс Түркістанға барып жетеді екен.
Қалалардың өсіп өркендеуі, сауданың дамуы, ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұранымды арттырған. Мұның өзі егіншілік пен мал шаруашылы- ғының дамуына себепкер болады. Жауын-шашынның аз болуына байланысты Қазақстанда егіншілік көбінесе суармалы негізде дамыды.
Ортағасырлық Қазақстанның материалдық мәдениетінің басты бір саласы – архитектуралық құрылыс өнері. Оның даму барысында қалаларда қоғамдық ғимараттар, тұрғын үйлер тұрғызу, ислам және басқа да діни кешендерін салу ісі өрістеді. Бұлардың архитектуралық сыртқы көрінісі жинақы, қаланың орталық алаңдарында орналасқан іргелі құрылыстардан тұрған. Мешіт құрылысында, оның зәулім биік мұнарасын тұрғызуда сәулет өнерінің сол кездегі жетістіктері пайдаланылған. Ол кездегі монументальдық архитектуралық құрылыстар қатарына Тараз қаласынан 18 шақырым жердегі Бабаджа –Хатун және Айша-Бибі кесенелері жатады. Бұл құрылыстар тек архитектуралық әсемдік жағынан ғана емес, сонымен қатар оның безендірілуі, ондағы ою-өрнектер халқымыздың материалдық асыл мұралары қатарынан жоғары орын алады. Материалдық мәдениет жүйесінде, осы заманға дейін жеткен шығыс моншасының құрылыстары мен оларға тартылған су құбырларының маңызы ерекше. Мұндай құрылыстар Оңтүстік қазақстандағы қазба жұмысымен жүргізілген Отырардан, Түркістаннан, тараз, Ақтөбе, Талғар т.б. қалалардан табылды. Қала тұрғындары тұрмысында монша алдыңғы кезектегі рөлдердің бірін атқарды. Монша мешіттен кейінгі адамдар ең көп баратын орын болды.
X-XII ғасырда Қазақстан жеріндегі халықтардың ғылымы мен мәдениеті көрші елдерге қарағанда едәуір жоғары дәрежеде өркендеген. Бұған феодалдық қатынастардың нығаюы, мемлекеттік құрылымның шығуы, отырықшы-егіншілік шаруашылық пен қалалардың өсуі, шоғырланып топтасқан этникалық процестердің күшеюі сияқты тарихи жағдайлар себеп болды. Орта Азия, Алдыңғы Шығыс және Шығыс халықтармен шаруашылық, сауда және мәдени байланыс жасау бұл ел халықтары мен тайпаларының рухани мәдениетінің өсіп-өркендеуіне игі ықпалын тигізді.
Арабтар Қазақстанды басып алған жерлерінде көне түрік жазуын ығыстырып, оның орнына араб жазуын енгізді. Бірақ, халықтың тілі бұрынғы түрік тілі болып қалды. Ал оқымыстылар өздерінің еңбектерін араб тілінде жазды.
Қазақстан жерінде туып-өскен философ әрі энциклопедияшы ғалым, мұсылман шығысында Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» ретінде белгілі болған Әбунаср әл-Фараби Шығыс пен Батысқа X ғасырда мәлім болды. Ол 870 жылы түрік (қазақ) отьасында Отырар (Фараб) қаласында туды. Руы – қыпшақ, әкесі әскери басшы адам болған. Әл-Фараби қол өнері шеберлігін және ғылым негіздерін Отырардың медіресесінде игерді. Кейін Бағдат халифатының орталығы Бағдат қаласында оқуын жалғастырған ол араб тілін терең біліп үйренген.
Әбунасыр Бағдатқа барар жолында Шашта, Самарқандта, Исфақанда, Хамаданда және басқа қалаларда ұзақ уақыт аялдап, Бағдатта ежелгі грек философиясы мен математиканы, логика мен медицинаны, музыка мен бірнеше тілдерді оқып-меңгерген. Ол грек ойшылы Аристотельдің еңбектерін зор ынтамен оқып-үйренеді. 941 жылдан бастап әл-Фараби ел басшылары өзіне көп қамқорлық жасаған Дамаскі мен Халеб қалаларында тұрады. Ол осы тұста белгілі ақындар мен ғалымдардың арасында өзінің оқымыстылығы, білімінің тереңдігімен көзге түсті. Көптеген елдерде, әр түрлі этникалық ортада бола жүріп, Әл-Фараби отанын ұмытпайды, өзінің түрік екенін үнемі айтып жүрген. Ол 950 жылы Дамаскі қаласында қайтыс болды.
XI ғасырда Жүсіп Баласағуни мен Махмұд Қашғаридің түрік тілінде жазылған әдеби еңбектері Қазақстан жерінде тез тарады. Жүсіп Баласағуни 1021-1075 жж. Баласағун қаласында туған. Ол түрік отбасынан шыққан, жас кезінен бастап білім алып, әдебиетпен шүғылданған. Парсы-тәжік әдебиетін көп оқыған.
Жүсіп «Құтадғу білік» («Құт негізі – білім») деген 6520 бет тұратын поэма жазған. Автордың пікірінше, ол идеялды қоғамның нормаларын, ондағы түрлі топтарға бөлінген адамдардың мінез-құлқын, ережелерін, билеушілер мен бағыныштылар арасындағы өзара қарым-қатынас ережелерін сипаттайтын терең мағыналы филлософиялық – дидактикалық шығарма. Осы еңбекте ол ел басқарған әкімдерді жаман қылықтан сақтандырған.
Махмұд Қашғари (1030-1090жж.) Қашғарда туса керек. Қарахан әміршісі Насыр ибн Әли тұқымынан шыққан. Әкесі Ыстық көлдің оңтүстігіндегі Барсханда тұрған. Махмұд бастапқы білімін Қашғар қаласында алады, кейін өзінің білімін көтеру үшін Орта Азия мен Иран елінің қалаларын аралйды. Ол біраз уақыт Бағдат қаласында тұрған. Онда араб тілін оқып үйренеді. Махмұд түріктердің тілі мен аңыз әдебиетіне ерекше көңіл бөліп, әрбір түрік тайпаларының қоныс жерлерін аралап сапар шеккен. Түріктердің сөздерінің мағынасын, өлеңдерін, жұмбақтарын, ертегілерін, әдет-ғұрыптарын жазып алады. Байқауларын жинақтап “Диуани лұға-ат-түрік” (“Түркі сөздерінің жинағы”) деген еңбек жазды. Бұл еңбекті ежелгі орта ғасырдағы түріктердің халықтық өмірінің нағыз энциклопедиясы деп атауға болады.
Қала халқының мәдени өмірінде ислам дінін уағыздаушы, сопы ақындардың ішінде Ахмет Иассауидің (1103-1166) шығармалары елеулі орын алады. Оны Қожа Ахмет Иасауи деп атайды. Ол оңтүстік Қазақстандағы түрік халқының арасында ислам дінінің тарауына зор әсерін тигізді. Оның өлеңдері көпшілік арасында кеңінен тарады. Қожа Ахметтің өлеңмен жазылған “Диуани хикмат” (“Даналық жайындағы кітап”) деген еңбегі бар. Онда ақиқатты, шындықты, адалдық пен тазалықты уағыздаған.
Моңғол үстемдігі Қазақстанның дамуына өте ауыр және кеселді зардабын тигізді. Әсіресе, ол қазақ қауымының экономикалық, мемлекеттік, әлеуметтік дамуына кері әсер етті. Елдің саяси және мәдени байланыстарын үзіп, шаруашылығын күйретті. Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыстағы отырықшы аудандарының халқы қатты күйзелді. Мәселен, моңғолдарға дейінгі уақытта 200-ге тарта елді мекен болған бұл аймақта, XIII-XIV ғасырларда жиырмадан аспайтын шағын қоныстар ғана қалды. Оның ішінде Отырар, Сауран, Сығанақ, Жент сияқты ірі орталықтар қиратылып, Жетісу бойындағы қалалар құрып кетті.
Қазақстанның алуан түрлі тағы жануарлары бар кең байтақ даласы көшпелілерге жеке-дара және ұжым болып аңшылық етуге зор мүмкіндік берді. Олар аң аулауда басты қаруы ретінде көбінесе садақты қолданды. Аң аулаудың бірнеше түрі болған: құс салған, тазы иттер қосып және қаумалап аулаған. Қыран құстардан қаршыға, бүркіт, сұңқар, лашын т.б. пайдаланылған. Қыран құстармен аң аулау Қазақстанда ХХ ғасырдың басына дейін кеңінен тараған.
Көшпелілер бұлғын, сусар, түлкі, қарсақ т.б. аңдардың терісін алу үшін, арқар, киік, құлан, елік, тау ешкі, қарақұйрық сияқты аңдарды етін жеу үшін, бұғы мен бөкенді мүйізі үшін аулады. Қаз, үйрек, кекілік, қырғауыл, дуадақ, құр, бөдене т.б. құстарды алуан түрлі әдістермен аулап көмекші азық етті. Аю, жолбарыс, қабылан, қасқыр сияқты жыртқыш аңдарды қазақтар төрт түлік малын сақтау үшін аулады. Олардың терісін тұлып, тон, ішік, тымақ т.б. қыс киімдерін тігуге жаратты. Дегенмен, қазақтарда аң аулау дербес кәсіп болмаған, ол мал шаруашылығына тек көмекші кәсіп болған. Оның халық шаруашылығындағы үлес-салмағы да онша көп болмады.
Өзен мен көл жағасын мекен еткен қазақтар балық аулаумен де шұғылданған. Балықшылықпен көбінесе малы аз, тұрмысы төмен кедей шаруалар айналысқан. Олардың балық аулаудағы құрал-саймандары: қармақ, шанышқы, өрнек, ау т.б.
Қазақ халқының тіршілік-тұрмысында қолөнер кәсібі үлкен, маңызды орын алды.
Өйткені мал шаруашылығы немесе егіншіліктің дамуы қолөнер кәсіпшілігімен тікелей байланысты болды. Мал шаруашылығы үшін ер-тұрман, ат әбзелдері, малды ұстайтын, байлайтын жабдықтар, егіншілік үшін жер жыртатын және тырмалайтын, астықты жинайтын және өңдейтін құралдар т.б. қолөнершілердің еңбегімен дайындалды. Сондықтан Қазақстанның қалалары мен қыстақтарында қолөнері (теріден, жүннен бұйымдар жасау, киім тігу, ағаш өңдеу, зергерлік, ұсталық, құрылыс ісі т.б. ) басым дамыды.
Дегенмен, бұл кездегі қазақтың қолөнер кәсіпшілігі қарабайыр шаруашылық еді. Үйде істелетін кәсіп бұйымдардың көпшілігі тауарға айналмайтын, өндірушінің өз отбасын ғана қанағаттандыруға пайдаланылатын. Халық өнері, әсіресе, киіз үйдің жабдықтарын, жиһаздарын жасауда (кілем, текемет, алаша, әшекей, сандық, төсек, ыдыс-аяқтар т.б.) ерекше өрістеді Қолданбалы өнер халықтың еңбек қарекетімен, оның тұрмыс-салтымен тығыз байланысты болды. Ол халыққа өнімдер мен шикізат беріп отыратын қарабайыр мал шаруашылығының басым болуына сәйкес келді. Қалалар мен ауыл тұрғындарының, сондай-ақ көшпелі малшылардың қолөнершілер өнімдеріне сұраныстың өсуі сауда қатынастарын өрістетіп, тұрақты базарлар жұмыс істеді.
Бұл кезде, әсіресе, Оңтүстік Қазақстан қалаларының Орта Азиямен, Шығыс Түркістанмен, Орыс мемлекетімен сауда-саттық байланысы жанданды. Осының арқасында көшіп-қонушы және отырықшы халық топтарының экономикалық, мәдени-әлеуметтік қарым-қатынасы мүмкіндігінше кеңейе түсті. ХV-ХV11 ғасырларда «Ұлы Жібек жолы» бойында орналасқан Сығанақ, Сауран, Отырар, Түркістан, Сауран, Жент т.б. қалалардың тездеп өркендеуі, қазақ халқының біртұтас ел болуына, жеке хандық құрып нығаюына үлкен әсерін тигізді. Түркістан, Отырар, Тараз, Сайрам және тағы басқа қалалардан табылған күміс теңгелер мен мыс ақшалар Қазақ хандығы тұсында сауда-саттық өркендеп, ақша айналымы дамығандығын көрсетеді. Бұл металл ақшаларының бірсыпырасы ХV-ХV11 ғасырларда Қазақ хандығының астанасы болған Түркістан қаласында жасалды.
Сығанақ пен Сауранның, Ясы мен Отырардың архитектуралық кешендері, Жәнібек пен Қасымның Сарайшықтағы, Қазанғаптың Ұлытау жеріндегі кесенелері, Маңғыстаудағы, Сырдария алқаптарындағы және Қаратау қойнауларындағы мазарлар өзіндік сәулет-сипатымен, архитектуралық формаларының жинақылық әрі айқыншылығымен ерекшеленеді.
Ұлан байтақ кең далада мал бағып, күндерін табиғат құшағындағы мал өрісінде, түндерін жұлдызды аспан астындағы мал күзетінде өткізген қалың қазақ, әлемдегі табиғат құбылыстарын үнемі бақылап отырған. Осы бақылаудың нәтижесінде халықтың көпжылдық тәжірибелері қорытылып,жұлдызды аспан туралыастраномиялық түсініктер мен білімдер жинақталған. Және оның негізінде байырғы қазақ күнтізбегі қалыптасты. Қазақ халқы аспан әлемін бақылау арқылы «құс жолы», «құйрықты жұлдыз», «ақпа жұлдыз» және «кемпір қосақ» жайында ұғымын кеңейтті.
XV-XVII1 ғасырларда қазақтар арасында ислам діні кеңінен тарады. Оны таратуға Сығанақ, Түркістан, Хорезм, Бұқара, Самарқанд сияқты қалалар айрықша рөл атқарды. Алайда, ислам діні көшпелі халық арасында терең тамыр жайған жоқ. Оған себеп дүркін-дүркін жүргізіліп отырған қақтығыстар, соғыстар және түрлі саяси қарама-қайшылықтар еді. Сондықтан халықтың бір бөлігі ислам дінін көпке дейін қабылдамай, тәңірге, күнге, аспанға, жерге, суға табынуға негізделген нанымды ұстады. Қазақтар өмірінде отты қасиеттеу үлкен рөл атқарды.
XVI-XVII ғасырларда қазақ халқының арасында тақырыбы мен жанры жағынан алуан түрлі ауыз әдебиеті кең өріс алды. Қазақтың ауыз әдебиетінің асыл қазыналарын жасаған да , оны ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырған да халық арасынан шыққан дарынды адамдар - ақындар, сал, серілер, жыраулар еді.
Ақындар халықтың поэтикалық мұраларын сақтап, айтып берушілер, лирикалық жырларды жасаушылар болды. Сал, серілердің арасынан көптеген атақты сазгерлер мен жезтаңдай әншілершықты. Әншілер, күйшілер, ұлттық ат спорты ойындарының шеберлері, алуан түрлі сауыққойлар, күш иелері балуандар, құсбегілер, жалпы халықтық тойларда өздерінің даңқын шығарып жүрді.
Қазақ халқының поэзиясында жыраулардың орны ерекше бағаланды. Жыр толғауларында қанатты сөздер, ғибратты нақылдар кең орын алды. Өмір мен өлім, қазіргі мен келешек туралы ойды өрбіте келіп, жырау өзінің моральдық-этикалық көзқарастарын жеткізді, өз тұсындағы қоғамға, табиғатқа өзінің көзқарасын білдірді. Жауынгер жыраудың туындылары әдетте шабытты романтизмге, ерлік пен азаматтық пафосқа толы болды. Қазақтың батырлар жырын туғызушы да осы жыраулар еді.
Сол кездегі қазақ поэзиясының аса ірі тұлғалары – Шалкиіз (XV ғ.), Доспамбет (XVI ғ.), Жиембет (XVII), т.б. жыраулар. Олар Әбілхайыр хан мен Жәнібек хан заманында өмір сүріп, сол кездегі шиеленіскен саяси күрестің қиын-қыстау кезеңдерін жырға қосып көрсете білген адамдар. Қазақтың батырлар жыры мысалы: Қобыланды, Алпамыс, Ер Тарғын, Ер Сайын, Қамбар дастандары тарих шындығымен қабысып жатқан шығармалар. Қазақтың әлеуметтік – тұрмыстық дастандары да (Қозы Көрпеш-Баян сұлу, Қыз-Жібек т.б.) феодалдық-рулық қоғамның өмірін үлкен шеберлікпен көрсетеді.
Бұл кездегі Қазақ хандығының мемлекеттік құрылысы мен халық өмірінің ерекше жағдайларын өзіндік өзгешелігімен қамтитын қоғамдық уклад «билер сөзі», «билер айтысы», «билер дауы», «төрелік айту», «шешендік сөздер» деп аталатын көркемдік мәдениеттің бірегей түрін туғызды. Әдебиеттің бұл түрін шығарушылар негізінен ХV-ХV111 ғасырларда қазақ қоғамында сот ісін жүргізумен айналысатын билер болатын. Олар тек сот ісін жүргізумен ғана айналысқан жоқ. Билер хан кеңесінің мүшелері болып, мемлекеттік істерге белсене араласты. Сонымен бірге атақты билер тайпалар мен рулардың басшылары болып, ел басқарды, жиындарда солардың атынан сөз сөйлеп, айтыс-тартыстар кезінде олардың мүдделерін қорғады.
Қазақтың атақты билері поэтикалық таланты зор және суырып салма айту мен шешендік сөз арқылы өзара айтыстың тамаша шеберлері болған. Би-шешендердің әдеби шығармашылығы түрі жөнінде, мазмұны жөнінен де ерекше, прозаны поэзиямен ұштастырып отырған. Олардың поэтикалық туындылар жанры, тақырыбы және жасалу себебі жағынан да алуан түрлі болып келген. Сондай-ақ би-шешендер әдебиетінің тақырыбы да өте кең, ал олар қозғайтын проблемалар қоғамдық жағынан да маңызды орын алды. Олар: әділеттік-озбырлық, достық-жаулық, ізгілік-зұлымдық, ұжымдық-бытыраңқылық, ақылдылық-топастық, батырлық-қорқақтық және тағы басқалары.
XVI-XVI11 ғасырлардағы би-шешендер арасында мемлекеттік және қоғамдық қызметінің маңыздылығы, шешендік өнерінің күшімен поэтикалық шеберлігі жағынан Төле би Әлібекұлы (1663-1756), Қазыбек Келдібекұлы (1665-1765) және Әйтеке Байбекұлы (1682-1766) ерекше орын алды. Олар тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Ресейде, Хиуада, Жоңғария мен Қытай империясында танымал болған.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   31




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет