ІІ. ЗЕЙНОЛЛА СӘНІК ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ТАРИХЫ
2.2. Зейнолла Сәнік шығармаларындағы тарихи таным
Зейнолла Сәнік зерттеулері және қазақ тарихи романдары
Соңғы ширек ғасырда қазақ прозасы тақырып жағынан болсын, жанрлық сипаты жағынан болсын, көркемдік-эстетикалық талғам жағынан болсын біршама өзгеріп, толығып, жаңа бір белеске көтерілгені байқалады. Әрине бүгінгі қазақ прозасындағы әр алуан өзгерістер жайлы әдебиеттанушы ғалымдар мен сыншылар, әдебиетке бей-жай қарай алмайтын оқырмандардың өздері де бірталай еңбектер жазып тастады. Оларды көбіне әдебиеттану ғылымына арналған журналдардан ғана емес, көпшілік оқырман оқитын бұқаралық ақпарат құралдары беттерінен де жиі ұшыратып жатамыз.
Еліміздің тәуелсіздік алуымен бұрын талай жылдар бойы жабық тақырып болып келген ел мен жерге, ұлт тағдырына қатысты талай мәселелер, соның ішінде ХХ ғасыр басындағы алаш тарихы, коммунистер қолдан ұйымдастырған ашаршылықтар, кеңес дәуіріндегі қуғын-сүргіндер, ұлттық теңсіздік, ел тарихына қатысты көптеген айтылмай келген мәліметтер көркем шығармалараға арқау болып, жарыққа шыға бастады. Бұған қоса әдебиетіміздің кезінде тағдыр айдауымен шет елде қалып қойған қандас бауырларымыздың елге оралуымен де толығып, жаңа бір белеске көтерілгенін аңғаруға болады. Солардың ішінде қытайдағы қазақтардың әдебиеті қай жағынан болмасын біздің атамекендегі ұлттық әдебиетті барлық жанрларда толықтырған, өзіндік сипатымен ерекшеленетін көркемдік құбылыс болғанын да жоққа шығаруға болмайды. Әсіресе проза жанрында қалам тартып келген шығармашылық тұлғалардың көркем туындылары шет елдегі қандас бауырлар өмірінен сыр шертетін, ел тарихына, жер тарихына тереңдей үңілуге мүмкіндік беретін, үлкен саяси оқиғалар мен тарихи кезеңдердің көркем суретін көз алдымызға алып келетін, төл әдебиетімізді байытып, ұлттық рухани байлығымызды арттыруға мол үлес болып қосылып отыр. Қытай қазақтары прозасын парақтай отырып негізінен тарихи тақырыпқа жазылған шығармалардың басым түсіп жатқанын да байқауға болады.
Қазір Қазақстандық оқырмандар Қажығұмар Шабданұлының «Пана», «Қылмыс», Шәміс Құмарұлының «Бөке батыр», Жұмабай Біләлдің «Жондағы жорықтар», Омарғазы Айтанның «Таразы», Батырхан Құсбегиннің «Зуха батыр» романдарымен жақсы таныс. Біз бұл тізімге ел тәуелсіздігін алған соң атамекенге оралып, шығармашылықтарын жалғастырған, көлемді тарихи шығармарды дүниеге әкелген Жақсылық Сәмитұлы, Тұрсынхан Зәкен т.б. секілді жазушыларды қосып отырған жоқпыз.
Тарихи тақырып кез келген шығармашылық тұлғадан тек қана талантты талап етіп қана қоймайды, сол елдің тарихына қатысты талай деректер мен мәліметтерді талдап, саралап, зерделей алатын сарабдалдылықты, білімдарлықты талап етеді. Белгілі қаламгер Зейнолла Сәніктің «Тұғырыл хан, Демежен батыр» тарихи эсселерін оқи отырып автордың талмай ізденіп, өзі тапқан талай материалдарды өз еңбегіне қисынды пайдаланғанының куәсі болдық. Қаламгердің аталған еңбектерін кейінгі жас талапкер жазушылардың өз шығармаларында ұтымды пайдаланғанын да теріске шығара алмаймыз.
Соңғы жылдары Қазақстанда жарық көрген Тұрсынхан Зәкеннің «Көкбөорілердің көз жасы» тарихи романын оқырман қауымның жылы қабылдағаны белгілі. Бұрын тек Шыңғыс хан туралы, оның қол астындағы батырлары жайлы шығармаларды оқып келсек, Тұрсынханның романы бізге сол ұлы жиһангермен тайталаса өмір сүрген қазақтың үлкен тайпасы Найман мемлекетінің тағдыры туралы талай құпия сырдың бетін ашып бергені рас. Бұрын Найман мемлекеті мықты ел бола тұра шағын моңғол әскерінен қалай жеңіліс тапты деген сұрақ әрбір қазақты мазалап келсе, соның жауабын аталған романан тапқандай болдық.
Ал енді романдағы талай деректерді жазушы қайдан алған, оған дейін бұл тұрғыда ізденіс жасаған қаламгерлер болды ма дегенге келер болсақ, З.Сәніктің жоғарыда аты аталған еңбегі 2002 жылы Пекинде «Қазақ тарихындағы әйгілі адамдар» сериясымен жарық көрген екен. Яғни, «Көкбөрілердің көз жасы» романы жарық көрмей тұрып-ақ аталған тақырыпқа қалам тартқан Зейнолла Сәнік секілді жазушылар болған.
Алтай маңын мекендеген талай түркі халықтары Шыңғыс хан өмірге келгенге дейін де өмір сүріп, өздерінің мемлекеттілігін қалыптастырып үлгерген. Солардың ішінде атақ-даңқтары сол дәуірдің өзінде еуропаға дейін аңыз боп жеткен найман және керей мемлекеттерінің күш-қуаттары кемел, көшпелі тұрмыс кешкен айбынды елдер болған. Олардың көшіп-қонып жүрсе де өздеріне тән мемлекеттік басқару жүйелері, өздеріне тән тілі, мәдениеті, діні, елді қорғайтын әскері, жазу-сызуы болған. Бірақ күллі дүниені топалаң тигендей қырғанға ұшыратқан Шыңғыс хан жорықтарынан кейін олардың тарихы да көмескіленіп, ұмытыла бастаған. Ал сол халықтардан қалған ұрпақтар күні бүгінге шейін қазақ халқының құрамында өмір сүріп келеді. Әрине ата тарихты білу, оны қалпына келтіру оңай шаруа емес. Зейнолла Сәніктің Тұғырыл хан эссесін оқи отырып дәл сол Шыңғыстың қалай ұлы хан болғанын, оған Керей тайпасының қандай көмек көрсеткенін сол кезден қалған деректер мен халық санасында сақталып қалған аңыздар мен атадан балаға жеткен шежірелік әңгімелерді салыстыра отырып жазып шыққанының куәсі боламыз. Жазушы аталған еңбекті жазу барысында өзіне жол көрсетер деректі қайдан алған дегенге келер болсақ, оны автордың өзі былайша баяндап береді: «Шыңғыс хан заманында әлемді алақанында ойнатқан алып патшалықтың ежекесі (атасы), пірі атанған Мұңлық ата Шырқаұлы мен оның баласы Көкше әулие туралы және Тұғырыл хан мен олардың қатынасына байланысты ғажайып хикая аңыз бізге «Салиха – Сәмен» жыры арқылы жеткені мәлім», - дейді.[1.8 бет]. Бұл жыр негізінен қытай қазақтары арасында толығырақ сақталған болуы керек. Өйткені қазақ ауыз әдебиетінде аталған жыр көп кездесе бермейді. Ал «Салиқа-Сәмен» жыры қытай қазақтарынан алынып, 2005 жылы жарық көрген «Бабалар сөзінің» 25 томына кірген. Қазір ол жыр да қолжетімді, кез-келген адамның алып оқуына болады. Бірақ тіліндегі көне желі, ескі сөздер кейнгі жылдары өзгеріп, бүгінгі қолданыстағы тілге жақындап кеткені байқалады. Сөзіміз дәлелді болу үшін мысал келтіре кетудің артықтығы болмас:
Сөйлейді мисал қылып дүниеге,
Басынан кешкен ауыр мұң мен дертті.
– Қош айтам тау менен тас, дария, көлге,
Жат бауыр өсіп-өнген туған елге.
Салиқа – жаным сүйген жарымменен,
Арман жоқ өліп, көрде жатсам бірге...
Соны айтып, болат қанжар қолына алды,
Толғанбай қақ жұректен тура салды.
Серт үшін қардай етін қанмен жуып,
Еріксіз қолмен жойды ғазиз жанды. [2.309 бет]
Бірақ З.Сәнік аталған жырды бір кездері Құнанбай қажының да айтқанын еске алады. Яки, мұнан шығатын қорытынды бір кездері жырды қазақ жеріндегі жыршы-жыраулар да білген деген сөз. Жырдың сюжеттік желісіндегі кейбір оқиғалардан Қозы Көрпеш – Баян сұлу жырының сарыны да байқалатын секілді. Жазушы Шыңғыстың ақылшысы болған Көкше әулиені керей Мұңлықтың ұлы, тегі қазақ деп дәлелдейді. Оны әрине қаламгер аспаннан алмайды, Әлкей Марғұланның «Ежелгі жыр аңыздар» еңбегіне сілтеме жасай отырып әйгілі орта ғасырлық ғалым Рашид- ад-Диннің жазбаларынан мысалдар келтіреді. Сонымен қатар Шыңғыстың әлемді жаулап алуына барлық жағдайды жасап берген және өзі сол жақсылығынан қиянат көрген ер мінезді, аңғал да батыр Тұғырыл ханның трагедиялық өмірінен де көптеген деректі мысалдар келтіреді. Көкше әулиенің өзі бір кездері сол Тұғырылдың әкесі Марғұз ханның кейін Тұғырыл ханның өзінің бақсылары болған дейді.
Найман мен Керей түбі бір түркі жұртынан болғаныдықтан бұлардың тағдырлары да, тарихы да ұқсас. Сондықтан да орта ғасырдағы түркі мемлекеттері туралы әңгіме болғанда найманды айтса керейді, керей тарихын сөз еткенде найманды қоса айту олардың арасындағы шекаралық қана емес, рухани байланыстардың, тілдік, діндік салт-дәстүрлерінің бір болуына да қатысты болса керек. Ең бастысы бұл тайпалар ол кезде бір-бірімен тығыз байланыста болып, құрдай араласып жатқан елдер болған. Сондықтан да Таян хан туралы сөз болғанда міндетті түрде Тұғырыл хан да сол оқиғалардың бір желісі ретінде әңгімеге арқау болатыны рас. Мысалы, біз Т.Зәкеннің «Көкбөрілердің көз жасы» романын тек найман мемлекетінің тарихына қатысты шығарма дей алмаймыз. Ол сонымен бірге керей мемлекетінің сол кездегі саяси-әлеуметтік халінен хабар береді. Өйткені бұл екі тайпаның өмір сүрген уақыт да, кеңістігі де, саяси ахуалдары да, көздеген мақсаттары да бір-біріне өте жақын. Ал аталған романдағы көптеген деректердің жазушы Зейнолла Сәніктің «Тұғырыл хан» эссесімен өзектес екенін, кейде тіпті көптеген сюжеттік желілердің бір бірімен сәйкес келетінін байқаймыз. Әрине мұндай сәйкестікті бір бірінен көшіріп алған деуге келмейді, бірақ Т.Зәкен З.Сәніктің аталған шығармасымен жақсы таныс болған және оны өзінің тарихи романына ұтымды пайдаланған. Мұндай шығармашылық байланыстың әдеби шығармашылық жүйесінде баяғыдан бар дәстүр екенін де жоққа шығара алмаймыз. Мәселен, елін қырғынға ұшыратып, күйеуін өлтірген татар ханы Науыр Бұйрық ханнан Тұғырылдың әжесі Құтылық бикенің өш алғаны туралы аңыз екі шығармада да ұқсас берлген. Сөзіміз тиянақты болу үшін екі жазушының аталған аңызды келтірген жерлерін толығымен үзінді келтіре кетейік. Зейнолла Сәнікте: «...татардың Науыр Бұйрық ханы арт-артынан екі ханды бірдей жамсатқанына мәз болып, бүкіл сахараны жалт қаратарлықтай ұлы дүбірлі той жасайды. Тойға Марғұз ханның әйелі Құтлық бике де баратынын айтып хабар жібереді де, шашуға 100 еркек қой, 100 ту бие, 100 күбі қымыз дайындатады. Мұны естіген татар ханы езуі құлағына жете қарақ боп қуанып, өз тойының салтанатына «жауым да жалп ете түсті» деп біледі. Той өткізіліп, хан салтанат мастығына бөленген сәтте Құтлықбике 100 қой, 100 ту бие, 100 күбі қымызды алып, ілтипатпен қой мен биені басқарушыларға өткізіп беріп, 100 күбі қымызды ханға өзі табыс етуге мақұлдық алады. Мастанған хан 100 арбаға тиелген 100 күбі қымызды көргенде қуанғаннан орынан атып тұрады, осы сәтте 100 күбіден толық қаруланған 100 жігіт атып тұрып, Науыр Бұйрық бастаған татар ханын жасауылдарымен қосып жайратып салады да, ебін тауып Құтлық бикені құтқарып шығады». [1.63 бет] Ал Т.Зәкеннің романында бұл аңыз былайша баяндалады: «...татар ханы Науыр да айнала елге сауын айтып, бір салтанатты той-думанға дайындалып жатыпты. Мұны нағыз орай деп білген қылықты Гүл-қыз Науырға елші жіберіп оған арнайы сый-сыяпат апаратындығын айтыпты. Бұрыннан Марғұздың ел білетін сұлу қатыны бар деп естіп, көргісі келіп жүрген Науыр хан көктен іздегені жерден табылғандай қуанып «келсе, келсін!» - деп сәлем айтып жіберіпті. Сонан қылықты Гүл-қыз нөкерлеріне жүз еркек қой айдатып, жүз ту бие жетектетіп, жүз саба қымызды жүз арбаға тиетіп ырғалып-жырғалып жолға шығыпты. Олар татардың хан ордасына келіп, жүз еркек қой мен жүз ту биені күтушілерге табыстайды. Қымыз сабалары тиелген жүз телеген арба да қиралаңдап хан ордасының алдына келіп тоқтайды. Дәл сол кезде жүз сабадан жалаң қаққан жүз жігіт секіріп шығып, қылықты Гүл-қызға ере келген өзге де нөкерлермен бірлікте дастархан басында шарап ішіп отырған татар ханы Науыр мен нояндарын бір шетінен тарпа бас салып қидалай береді. Қылықты Гүл-қыз осындай айламен өлген күйеуінің кегін алыпты», - дейді. [3.49 бет]
Көріп отырғанымыздай екі жазушының да жазып отырғаны бір аңыз, тек өз күйеуінің кегін алған әйелдің аты ғана екі шығармада екі түрлі. З.Сәнікте Құтылықбике, ал Т.Зәкенде Гүл-қыз. Басқа сюжеттік детальдардың барлығы да бір-біріне өте ұқсас. «Жүз ерекек қой», «жүз ту бие» деген сөздер дәлме-дәл қайталанады. Тек алғашқы шығармада «жүз күбі қымыз» деп жазылса, соңғысында «жүз саба қымыз» деп шамалы өзгертілген. Татар ханының Наур деген аты да сол күйінде өзгеріссіз алынған. Яки бұл жерде Тұрсынхан Зәкеннің Зейнолла Сәніктің шығармасымен толық таныс болғанын пайыммдауға болады.
З. Сәніктің шығармасы жанры жағынан таза көркем шығармадан гөрі ғылыми эссеге жақын. Жазушының өзі алдына негізінен өзі білген, іздеп тапқан деректерді сөйлетуді мұрат етіп қойған-ау деген ойдамыз. Мысалы, Керей деген атаудың шығу тегінің өзін жазушы былайша таратып береді. «Заманымыздың ҮІІ ғасырының бас шеніне келгенде бұлар түркі қағанатының үстемдігіне қарсы көтеріліс жасап, 607 жыл Шеп тайпасының көсемі Керін Еркінді хан көтеріп, «Изен – баға қаған» деп атаған. Оның хан ордасы «Тан хан тауында» (қазіргі Боғда) болған. Ол Бесбалық пен Боғда өңіріндегі тайпаларды бастап соғысып, түркінің Шор қағанын жеңіп, Құмыл, Құшар қатарлы жерлерді бағындырған, осы Керінің баласы Хилей қаған атанған. Хилейдің әкесі «Кері» Сүй хандығы дәуірінде «мықты тегін» атағын алған. (Нығмет Мыңжанидан). Демек, «Керей» деген халқының этномы өздерінің алғашқы хандары «Кері», «Хилей» деген есімдерден келіп қалыптасқан», - деген дәлел келтіреді. [1.20 бет]
Бұл зерттеушінің өз жорамалы. Оның анық қанығын ажырату, нақты бағасын беру алдағы зерттеушілердің ісі.
З.Сәнік жазушы ғана емес, дарынды түкітанушы, шежірені жақсы білген тарихшы іспетті. Оның зерттеу еңбектерін парақтай отырып ел мен жердің тарихына қатысты жинаған материалдарының мол екенін аңғарамыз. Ол Шыңғыс хан дәуірінде өткен адамдардың есімдерін, жер-су атауларын да өз ой таразысынан өткізіп, бұрын ешбір зерттеушілердің ойларына келмеген тың тұжырымдар жасайды. Тұғырылдың Оң хан немесе Уаң хан аталуы оны қытайлардың сондай атақ беруінен деген дәлел келтіреді. «(Уаң княз мағынасында З.С.). Онан бұрын Алтын хан патшасы найман ханы Байбұқаға да «Да Уаң» (үлкен княз мағынасында-З.С) атағын берген болатын, ол атақ кейін келе «Дайуаң», бара-бара «Таян хан» болып қалыптасып кеткен-ді», - дейді. [1.70 бет]. Екі шығарманы салыстыра оқығанымызда кейбір адам аттарының әр түрлі дыбысталғанын да байқауға болады. «Тұғырыл хан» шығармасында Тұғырылдың әкесі Құршақұз ал найманның атақты қолбасы Көксауыр Сапырақ деп аталса, «Көкбөрілердің көз жасы» романында керей ханы Құржақұс, найман батыры Көксау Сауырық деп аталады. Айбатынан дұшпаны үріккен бір елдің батырының көксау аталуы шынында да қисынға келе бермейтін секілді. Сондай-ақ Қаламгер –зерттеуші өзі жинаған деректерді тек қағазға түсіріп қана қоймай, әр деректің астарына тереңдей үңіліп, оларды арғы-бергі дәуірлерде өткен ғалымдардың еңбектерімен салыстыра зерттейді. Өзінің болжамдары мен ойларын әрдайым талдап, дәлелдеп, тың пікірлер айтуға машықтанғаны байқалады.
Зейнолла Сәніктің эссесі негізінен Тұғырыл ханға арналғанымен оның ішінде сол замандарда онымен қатар өмір сүрген моңғол, татар, найман, қоңырат, меркіт тайпалары мен олардың хандары мен батырлары туралы да көптеген мәліметтерді кездестіреміз. Көптеген тарихи оқиғалардың сыры мен сипаты да аталған еңбекте әр қырынан талданып, кейде тың тұжырымдар жасалып отырған.
Мысалы, керей ханы Тұғырылдың найман батырларына қолға түсіп, басының алынуы да екі шығармада ұқсас баяндалады. Зейнолла Сәніктің эссесінде: « - Тақсыр, хан! – деді екеуі бірдей есіктен кіре жүгініп отыра қалып., - шұғыл жұмыспен келдік.
Иә, немене? –деді хан нәнсіне тіл қатып.
Керей ханы Тұғырылмын, - дейді, бір адамның басын әкелдік.
А, не дейсің? - деп Таян ханнан бұрын оның кіші шешесі Гүлбише шошына жалт қарады,
Қайран Тұғырыл-ай! Ескіден қалған асылдың арты еді, ақыры «анда балаң» түбіңе жеткен-ау! Басты алып келіңдер, рас па екен. Егер киелі Тұғырылдың өзі болса тауап қып, аруағына сиынайық...» [1.87 бет]
Ал Тұрсынхан Зәкеннің романында дәл осы эпизод былайша суреттеледі:
«Сол жарыққа сай Көксуат пен Тетіксал Оң ханның кесілген басын алып, күні –түні жүріп, Найман – сүмедегі жанқорғанға келді. Сол жерде Жақамбы бастаған керейдің Оң ханға қарсы бір топ атқа мінерлері отырған еді. Керей Әлен тәйжі де қашып осынла келген еді. Олар басты салған жерден танып, естері шықты:
-Ойпырым‑ау, мынау Оң хан ағамыздың басы ғой. Өкпеге қисақ та, өлімге қимайтын қайран бауырым! Сенің басыңа осығұрша не күн туды? Ақыры қианаттың қысық көз төбеті түбіңе жеткен екен ғой! Е, жаратқан Тәңірім, нақақтан күнгей талай бауырларыңның қаны мен көз жасы ғой сені жібермеген, ‑ деп жағаларын ұстады.
Істің мән – жайына көзі жеткесын Таян хан Тұғырыл Оң ханның кесілген басын ақ киізге оратып қасына алдырды да:
‑Сендердің осындай ұлы, мәртебелі жанды ай-шай жоқ өлтіре салғандарың қалай? Кімнің хан, кімнің қара екенін айырмай көздеріңді шел басты ма?! – деп Көлсуат пен Тетіксалды аямай сыбады келіп.
Содан шеберлерін шақырып Оң ханның басын қайнаған ақ күміспен күптетіп өзі отырған алтын тақтың қасына қойдырды». [3.215 бет]
Екі шығармада да ханның басын алған адамдарды жазғыру, олардың қателігіне өкіну сипаты аңғарылады. Ханның басын алған адамдар екі шығармада да екі адам және олар өздерінің басын кесіп алған адамның Оң хан екенін білген.
Екеуінде де аруақты сыйлау, жау да болса мәйітті құрметтеу дәстүрі барынша шынайы көрініс тапқан. Өліні қорламау, оның аруағын сыйлау салты ежелгі шамандық дінен қалған дәстүр екендігі белгілі. Ал екінші үзіндідегі басты «күміспен күптеу» деген тіркес мүмкін сондай көне салттың орындалу рәсіміне қарай шықса керек. «Күптеу» деген сөзді тұрақты тіркес ретінде пайдаланғанымызбен дәл қандай рәсімдерді орындау барысында пайда болғанын көбіміздің біле бермейтініміз рас.
Жазушы-ғалым З.Сәніктің бір ғана зерттеу эссесін бір романмен салыстыра қарастырғанда көптеген ұқсастықтарды, тарихи деректердің екі шығармада жақын пайдаланғанын байқадық. Яки зерттеушінің еңбегі елеусіз қалмаған, оның еңбектерін жазушылар болсын, тарих пен мәдениетті зерттеушілер болсын өз еңбектерінде пайдаланған және болашақта да пайдалана бермек.
Зейнолла Сәніктің Тұғырыл хан туралы зерттеу эссесі қазақ әдебиеті үшін ғана емес, қазақ тарихын зерттеушілер үшін де үлкен олжа деп білген жөн. Онда тек қана әдеби деректер ғана емес, орта ғасырлық түркі халықтарына ортақ тарихи, мәдени, этнографиялық мағлұматтар да молынан ұшырасады. Ал оның Демежан батыр, Жібек жолы, Қазақ тарихына қатысты ежелгі мұрағаттар туралы жазып қалдырған еңбектерінің маңызы зор, ол зерттеулердің болашақта ел үшін, халық үшін пайдасы ұшан-теңіз деп білеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |