Туған жердің жусаны Қытайдың қазіргі оқырмандары қазақ әдебиетіндегі құрт-құмырсқа, ит-құс сияқты жан-жануарлар тақырыбына қатты қазығады. Өйткені олар үшін бұл тақырып таңсық қой. Менің «Ауыл сағынышы» деген әңгімем қытай тіліне аударылып «Алтын орденмен» сыйланды. Онда Түркияға қашып барған төрт шалдың өмірі баяндалады. Олар туған жерден бір уыс топырақ, екі тал жусан алдырады. Сөйтіп топырақты иіскеп, екі тал жусанды бөліп жеп қояды төртеуі. Осы шығармам қытай әдебиетшілерінің де, қарапайым оқырмандардың да жақсы бағасын алды. Қытай әдебиеті үшін дала мәдениеті, өздеріне таңсық тақырып керек.
Күң Фуз түркі тұқымынан тараған 1935 жылы Бейжің мен Шаңхайда шығатын екі әдеби журналда Ли Бай, Бәй Жүй (арғы тегі Қаңлы), Шүй Могуаң деген ақындардың арғы тегі түркі деп жарияланды, яғни осы ақындар түркі текті қытай ақындары деп айтылды. Бұл жазба 1960 жылы Шаңхайда шығатын «Әдебиет» газетінде таласқа түседі, қытай әдебиетшілері Ли Байды түркі текті ақын дап таныды. Бірақ халықтың наразылығын басу үшін қытай үкіметі бұл мәселеге Гомороны араластырады, ол: «Егер Ли Бай түркі тұқымы болса, онда біз бүкіл Қытай әдебиетінен айырылып қаламыз», – деп мәселені жауып тастайды.
Соңғы жылдардағы зерттеулерге қарағанда, қытай әдебиетінің озық қаламгері Бай Жүй Шыңжаңның Күшәл, Корла өңірінде дүниеге келені анықталған. Ал бұл өңірде ежелгі Қаңлылар өмір сүреді. Бай Жүйдің «Қаңлы қызына», «Пипа» деген музыка аспапқа арнаған өлеңі бар…
Қазір Қытайда тарих ашық жазылып, ашық айтыла бастады. Ашық қоғам орнай бастады. Осының нәтижесінде, қытай мәдениетінің тең жартысы түркі халықтарынан сіңген деп айтылуда. Әуелі осы күні қытай идеологиясының атасы Күң Фузының арғы тегі түркі дегенге дейін барды. Өйткені оның жазбаларының дені түркі ғұламаларының ойына сәйкес келеді. Күң Фузыны мен де аудардым. Сонда түсінгенім, оның ойы арғы замандағы әл Фарабидің, мұндағы Абайдың ақылияларына ұқсас келеді екен.
Қорытып айтқанда, қытай мұрағаттарында арғы тегіміз, түркі тарихы саф алтындай сақталған, бізге соны зерттеу керек. Өйткені ол біздің кім екенімізді білдіреді, тегімізді танытады. Менің бір қайран қалатыным, арап, парсы тілінде жазылған, немесе орыс тілінде жазылған қазақ тарихына қатысты дерек болса жоғалғанымыз табылғандай қуанамыз. Ал қытай тіліндегі дүниеге келгенде көкжелкеміз тартып қалады. Мұндай әдетпен қалай саналы ұлт, озық ел болмақпыз?..
2009 жылы «Қазақтың қысқаша тарихы» деген кітап жаздым. Бұл кітап тарихшы ағамыз Нығымет Мыңжан зерттеген еңбектен де толығырақ. Қазақстан тарихшылары зерттеген дүниелерден кемелді болды деп айта аламын. Өйткені мұның ішінде қытай жазбаларынан алынған тың дүние бар.