Өгдүлміштің Елікке жауабы
Айтты Өгдүлміш: — Елік, елге ағасың,
Ұзақ, тыныш жаса! Даңқың тарасын!
205
Бұл бектікке асыл текті ер керек,
Күшті, батыл, епті, қайсар, ержүрек.
1950 Атасы бек... болса — ұлы да бек болар,
Ұл туса бек атасындай текті олар!
Ақыл керек, керек пəктік, білік те,
Сақилық та керек лайық жігітке!
Бек халықты тек білікпен басқарар,
Халық ісін ақылымен атқарар.
«Бек» дегенің «білікпен» бір берік тұр,
«Лəмі» кетсе — «бек» боп қалар «білік» құр...
Ақыл, білім һəм ес керек орасан,
Білімдінің жауы да көп, қарасаң!
1955 Не дер екен, тыңда, білген білікті ер,
Бастан кешіп түйгені мол біліп кең:
«Бек білімді, зерек болсын — қырағы,
Тосын қырсық сонда ығып тұрады.
Мың қасиет керек, қылық мəнді, ірі,
Ізгі атың қалу үшін мəңгілік!»
Асыл текті адам ұлы, парықта,
Білікпен тек, болды сара, даңқты.
Жақсы тектен туар жақсы адам да,
Жақсы жандар төрге шығар əмəнда.
1960 Қасиетті — бектік, құрмет — тілері,
Құрметімен елде сақтық түзеді!
Халыққа алып ұлдар керек саспайтын,
Ұлы істерде ұлы жорық бастайтын.
(Халыққа ұлы ерлер керек қаһарлы,
Саспай шығар өрт алса да жаһанды!)
Не дегенін, тыңда Өтүкен* бегін де,
Сынап айтқан, біліп айтқан тегінде:
«Шыншыл, сара болу керек ел бегі,
Көңіл, тілі — түзу, дара, зерделі!
206
(Шыншыл, сара басшы керек халыққа,
Халық үшін түсіп шығар тамұққа!)
Жұртқа сыйлы, көңілі — тоқ, көзі — тоқ,
Білімді, ойлы, пейілі кең, сөзі — шоқ...
1965 Жасай алар ізгілік пен ірілік,
Заң, ұятты сақтай білер жүгініп!
(Басшы керек, елін сүйер ер керек,
Болмау үшін адамы — құм, жер — кебек...)»
Осындай бек — болар халық көсемі,
Ұрпағы өссе — тарайды ұрқы көшелі.
Бастар кісі білігімен іс басын,
Істі оңғарар ақылды ұғып ұстасын.
Бегі халқын білігімен бастайды,
Білім жоқ па — ақылы іске аспайды!
Бек жаңылса, бектігін дерт жеңгені,
Дауа тауып, емдеген жөн, ей бегім!
1970 Дерт дауасы — ақыл, білік, ел бегі,
Бектік дертін ақылменен емдегін!
(Елдігіңді — ақылыңмен емдерсің,
Ақылыңа, бегім, білім дем берсін.)
Болу керек бек білікті, ақылды,
Емде ақылмен, кесел шалмас басыңды.
Елдің бегі болса ақылды, саналы,
Екі əлемде сыйлы орнын алады.
Екі əлемде ердің мəшһүр болғаны,
Құт ұялап, басына бақ қонғаны.
Мұны меңзеп шайыр айтқан сөз екен,
Бақсаң, мəні білімсізге көз екен:
1975 «Бақыт не өзі? Ашып айтып бер дедім...
Кім бақытты арасында пенденің?
Кімдер жомарт — сол бақыттың иесі,
Бақыт берген жанға бақыт тиесі!
207
(«Алып-беру құтты дүние сабағы,
О дүниеде ол төрден орын табады».)
Құлқы таза, қылығы ізгі бектердің,
Сүйінішті күндері де өткерген.
(Қайтпаса бек əділдіктен, шындықтан,
Бақыт құшар бұғауда да шыңғыртқан!)
Алла кімге ізгі құлық береді,
Оған қоса жөн-жосықты келелі...
Құт, дүние бұйырады — құлқына,
Көре ме өзі, бере ме əлде жұртына.
1980 Хұда қолдап, құт қондырса құлына,
Құлқы түзу, ізгі болар қылығы.
(Əуелі Алла оңдар пейіл-пиғылын,
Төгер сонсоң құт, береке, сыйлығын.)
Ізгі құлық, қасиет керек мың түрлі,
Ел басқарып, серпу үшін бұлтыңды.
Ізгі болса, құрыр қылық күйігі,
Ізгі құлық — бектің нəсіп, киімі.
Хұда кімнің құлқын бұзса, жаман-ды,
Замана оғы тиіп, жөнін табар-ды!
(Ниеті — сұм, жүрсе жұртты қаралап
Құдай атар, өлімші қып жаралап.)
Егерде бек қырсық болса бір пақыр,
Ісі — теріс, сүйініші — мұң тақыр.
(Бегің залым болса шөлдей қу тақыр,
Қылығы — у, қуанышың су татыр!)
1985 Софы болсын бек, тақуа құлқынан,
Асыл текті тазалыққа ынтызар.
(Ізгі кісі ізгілікке ұмтылар,
Ұрқы текті тектіні іздер ұрқынан).
Қорқақ болар тақуа бек көңілі,
Қорыққан ісін бұлтартпайды өмірі.
208
Бегің қорықпай, кейде қорқып тұрады ел,
Бегің онда қорқау болды, ұға бер...
Сергек сезім бектер көркі сабырлы,
Естиді ондай мұңыңды да, зарыңды.
(Болмаса, егер бегің софы, тақуа,
Бек ісінде болмайды əсте бəтуə.)
Бекке іс үшін ақыл керегі аян-ды,
Ақылмен кең бастаған іс баянды.
1990 Ақылды ердің себі тиер ісіңе,
Кірмес ісің ақымақтың түсіне.
Көңіл жоқ па, көрер көзден пайдаң жоқ!
Ақыл жоқ па, құр көңілден қайран жоқ!
(Жүрегі жоқ тасбауыр жан, соқыр нақ,
Жүрек жоқта, ақыл байғұс ақымақ!)
Ел басқарған ер не дейді тыңдағын,
Сыннан өткен сабырлы ердің сырбазын:
«Қай кісіде — ордасы ақыл-білімнің,
Ер деп сана, төк мадағын тіліңнің.
Білігі мол, ақылды, ойлы адамның,
Кішігі — ұлы, жақсы дегей жаманын...
(Жаман болсын — мақта, көзі ашық қой,
Білімсізді қасында оның басып қой!)»
1995 Білік — қанат, құт-ырысың торықпа.
Ақылдыны «дана!» деуден қорықпа.
Ұшқалақтық — жауыз, бəрін аздырар,
Қолы жетсе, бектің жүзін боз қылар!
Ыза, қызбалық, тыраштардың кергісі —
Мұның бəрі надандықтың белгісі.
Асыққанда іс шала болып қалады,
Асыққанда ас ішкен кесел табады.
Барлық істі ойлап істе, сабыр қыл,
Ибадатқа асыққын да табынғын.
209
2000 Ашкөзденбе, ұятты ойла, адал бол,
Ашық айтып, əділ іске жарар бол!
Мешкей тынып, сұғанақ көз қояр ма!?
Ашкөзділер жаһанды жеп, тояр ма?!
Сұғанақтық — дауасыз дерт, арылмас,
Күллі жаһан емі қонбас, жазылмас.
Барлық аштар жесе ақыры тояды,
Сұғанақ көз көрде ғана қояды.
Сұқ құтаймас, қанша мүлік жиса да,
Сұқкөз кедей əлемді оған қиса да!
2005 Бек кісіге — керек ұят, ақыл, ар,
Зұлмат күш жоқ, ақыл-арды жапырар.
Ұяты бар адамдар пəк, момын да,
Ұятты іске тигізбейді қолын да.
(Күшті болса кімде ұят құрыштай,
Сақтар арын, арамды орып қылыштай.)
Кімге тəңір берсе ұят, намысты,
Оған қоса бергені құт, даңқты!
Барша арамнан сақтаса, ұят сақтайды,
Игі іске бастаса, ұят бастайды.
Ұят — қасиет, нұр құяды ер өңіне,
Сүйрейді ұят ізгіліктің төріне.
2010 Шыншыл тілі сай боп көңіл парқына,
Күні туса, пайда қылса халқына.
Түңіл, бектер қиянатшыл, сұм болса,
Халқы сорлап, күн көре алмас құл да онша.
Діл, тіл қырсық болса, құлқы талансыз,
Ондай елден құт қашады амалсыз.
Үміт артпа, сөзі сұйық, қу бекке,
Қапа болып өтер тірлік құр текке.
Болу керек бек жігерлі, бек — сергек,
Салғырт болса — оған қалай ел сенбек?!
210
2015 Екі нəрсе елдің бағын ашады,
Заң мен сақтық — ел тұғыры қашанғы...
Сақ болса бек — берік елдің іргесі,
Жауы жасып, тынар үнсіз күндесі.
Қай бек елде заңды тура ұстаса,
Елдің де онда күні жарқын, қысқасы!
Осы екі жай — бұл бектіктің сынағы,
Олар болса, мықты бектің тұрағы.
Сақтықпенен жаудың бетін қайтарған,
Тыңдап көрші, батыр қалай айта алған:
2020 «Ай, ел бегі! Келсе елді сақтағың,
Жөн сақтықпен жіті қарап, баққаның.
Сақтықпенен болды бектік құзырлы,
Осалдықтан ұлы бектік бұзылды.
Сақтықпенен жау еңсесін езгейсің,
Елге əділ боп, рахат көре бергейсің.
(Сергек қара, қадағала жауларды,
Елді бапта, баптағандай бауларды.)
Екі нəрсе елдік бетін аздырар,
Түзу жолдан тайдырар да жазғырар:
Бірі — күш те, бірі — ғафыл əлсіздік,
Екі пəле берер елге əрсіздік,
2025 Жауды басып, келсе тыныш ұстағың,
Көз, құлақпен бақ баққандай құс таңын.
Сақтықпенен бектер жауын күйреткен,
Осалдықпен елін, бағын күйреткен.
Осал болса, бектер ісі бітпейді,
Осал болса, ұзақ бектік етпейді.
Сақ тұрса ер, осалды əркез соға алар,
Сақ болғай бек, жауың да бас сағалар!
Сақ жүрсе бек, соқтыға алмас ешбір қол,
Тиісе қалса, табар ақыл-есің жол.
211
2030 Зұлым күшпен бек ұзаққа бармайды
Күш-зорлыққа халық шыдап қалмайды:
Асыл сөз бар. «Қыздырмасын елді — кек!
Күшпен ұзақ ұстай алмас елді бек!»
Зұлымдық — өрт, тисе өртеп қырады,
Заң — су, ақса, нимат* өніп-шығады.
Елді, ей, дана, десең ұзақ билейін,
Заң түз, үйрет, көгерт елді, сүйрегін.
(Елді, ай, дана, келсе ұзақ билегің,
Заң түз де үйрет, көктет, бұрсын бүйрегің!)
Əділ заңмен ғалам жайнап, ел сүйінер!
Зұлым күштен ғалам қайнап, ел күйрер!
2035 Зұлым күшпен қырды талай орданы,
Ақыры аштан қатты, тағдыр қорлады.
Ділің оңдап, бектер заңын үйретсе,
Бектік мəңгі, күйремейді еш — күйретсе...
Бəрінен де асқан сұмдық, құтты бек,
Тараса аты: «Бек суайт боп шықты!» — деп...
Болсын бектің сөзі — берік, ісі — айқын,
Халық сенсін! Тірлігі озып, құтайсын.
Өтірікші опасыз ғой, жотасыз —
Опасыз жан халқына да опасыз.
(Өтірікшінің ісі жалған, көз бояу,
Көзбояушы — сұм; көреді өзге ояу.)
2040 Былай депті кісілікті кішік ер,
Кісілік — опа, кісілікті түсінер:
«Тілі жалған кісінің біл арамын,
Пиғылы арам жанды мал деп санағын!
Алдамшыдан опа тілеп қор болма,
Сыналған сөз, малды мал деп қарағын!»
Елдің ері — болсын батыл, білекті,
Жауға қойса, жұлып алар жүректі.
212
Əскер басы — болсын қайсар, ірі, епті,
Жүрексіздер алса содан жүректі!
2045 Жүректілер жүрексізді бастаса,
Жүрек бітер бəріне де басқаша.
Бұған куə бəйіт сөзі тағы бар,
Жүрегіңе жазып, сырын танып ал:
«Біл, арыстан басшы болса иттерге,
Арыстандай күркірер кеп иттер де!
Арыстандар басы болса — ит бір күн,
Арыстандар жасар еді ит тірлік!»
Мейірбанды болсын бектер жайсаң жан,
Қылығынан жайсаңдығы байқалған.
2050 Сақи бектің атақ-даңқы жайылар,
Даңқпен бірге жаһан бекір жайы бар.
Жиылар да толар əскер-жасағы,
Жасағы көп бектің бағы тасады.
Баһадүрді тыңда бұзған орданы:
«Ей, мəрт, жең де, ерге тарат олжаны!
Сақи болғын, ішкіз-жегіз, сыйлағын,
Азайса егер, тағы олжалап жинағын.
(Ішкіз-жегіз, таусылар деп тартынба,
Тағы олжа тұр бұл олжаның артында!)
Мəрт батырдың, олжа-азығы кемімес,
Лашын құстың дəн-ырзығы кемімес.
2055 Қылыш, балта, оқ, күш, жүрек барында —
Дүние үшін қорықпайды ер, тарылма!
(Қылыш, балта, оқты ержүрек ерлерге,
Байлық мұң ба, тепсінісіп келгенде!)»
Жиһангер бек бəрін қайдан алады:
Қайда əскері — сонда байлық, тамағы.
Ел қорғауға жер қайысқан қол керек,
Қол ұстауға түрлі тауар мол керек.
213
Нəрсе алуға — болу керек бай халқың,
Заң түз елді байытуға найқалтып!
Бірінсіз бұл төртеуі де сұлайды,
Бəрі тайса — бектігің де құлайды.
2060 Жүрсін бектер бес нəрседен алыстап,
Жақсы атымен, дақ тигізбей намысқа.
Ұшқалақтық — бірі, екінші — сараңдық,
Үшінші — ашу, оған егіз надандық.
Қырсығың — сор, бетті жер қып жүргізер,
Бесінші — өтірік, жерге тірі кіргізер!
Бек бұлардан бойын аулақ ұстасын,
Атын сақтап, бақса сөздің нұсқасын.
Ең қорлығы — өзімшілдік, залымдық,
Өзімшілдік — торланғаны бағыңның.
2065 Шайыр меңзеп айтқан ойды осыған,
Түсін де ұстан, сөзіңе — сөз қосылар:
«Қырсық құлық адамға ауыр жүк тегі,
Қырсық буса ер — байлаудағы ит дегін.
(Қырсық қысса, ісің оңға баспайды,
Оққа байла, буып-қорлап тастайды!)
Жау қылмаған жаулықты істеп есірер,
Бұл да жауың. Жаудан мұның несі кем?!»
Елді тұтас тұтқың келсе, Елік, сол —
Қолың жетсе, үш нəрсеге берік бол:
Қылыш ұстап, жауды қырса оң қолың,
Мал таратып, сый көрсетсін сол қолың.
2070 Сөйлеп кетсең, шырын тамсын тіліңнен,
Бек, ұлық, құл — бəрі сөзге жүгінген!
(Жылы сөйлеп айдаһарды арбарсың,
Жылы сөзбен ділді ділге жалғарсың!)
Мұның бəрін білсең жұртың сүйеді,
Халқың сүйсе, төрден орын тиеді!
214
Жүзі нұрлы, сөзі шырын, жаны асыл —
Бұл пішінге құлқы тұрса жарасып.
Ділі жұмсақ, өзі сақи, қолы ашық,
Мейіріммен жүрсе жұртқа жаны ашып.
Түрлі өнерді білсе түгел, саралап,
Маңайынан алыс жүрсе жаманат.
2075 Ондай кісі ел ішінде саралар,
Сара адамда күнə болмас қаралар.
Əлем халқы соған құлдық етеді,
Жер-жаһанда ол тілеуіне жетеді.
Түксиген жүз, іріген сөз, құр кердең,
Жирендірер, жөн таба алмас сұм да елден.
Ұшқалақтық, жеңілтектік, дау-дамай,
Қара құлқы, жырақ жүргін, барма олай.
Қара құлқы бек біткенге жараспас,
Жұқса — қорлар, бек екен деп санаспас.
(Содыр, сойқан, бетсіздіктің бəрінен,
Қашық жүргін, сырт айналып əріден.)
2080 Құл қара да, бектер əппақ, қарашы,
Айырып бақ ақ-қараның арасын.
Болам десең тұлғалы бек, ұлы бек —
Түрлі өнерді тұт та, таныт — құдірет!
Аты бек те, құлқы болса қап-қара,
Қараның ең қоры ол елде, масқара!
Бек шырайлы, сақал-шашы басылған,
Орта бойлы, болсын мəшһүр, асыл жан!
(Бек көрікті болсын — жауы күйінсін,
Орта бойлы болсын — көзің сүйінсін!)
Көрікті өңін көрген сүйіп, шаттансын,
Ел-жұрты аңдап қуаныссын, мақтансын!
2085 Айбатымен жауын буып тастасын,
Көрер көзді көркімен-ақ жасқасын.
215
(Жауын жасқап айбаты мен қабағы,
Көрер көзді қарықтырсын ажары.)
Ұзын бойлы ойсыз сырық ол да бір,
Тапалдарда не көрік бар, не қадір!?
Олай болса, орта бойлы керегі,
Орта бойлы қонымды, ізгі себебі.
Көпті көрген, көп жасаған кісінің,
Сөздері бар тыңдап, түйгін түсініп:
«Бойы қысқа, тапал — шақар ежелден,
Шақар қайда — жанжал, шатақ кемерден.
2090 Орта бойлы болсын, соған қонымды,
Ісіңді орта тұтқын, ойлым, толымды!»
Шарап ішпе, бек, бейбастық жасама,
Бұл екі істен бастағы құт қашады!
(Шарап ішпе, зинақорлық қылмағын,
Құтың қашар, басыңа мұң шырмалып.)
Бектер ішіп, бой алдырса тəттіге,
Күні де ашты, елі мұңлы, дертті де.
Жиһангердің — ойын болса құмары,
Елін бұзып, телімсек боп тынады.
Бектік дəурен өтер — күйіп-жанарсың,
Құстай ұшар — қарманарсың, қаларсың!
2095 Ішімдікке құмар байқұс наданға,
Білікті ер айтқан, сақта санаңда:
«Ей, маскүнем, құлқын құлы, ішпегін,
Қайыршылық — жолы ашылар, түспегін!»
Қара ішсе, мал мен мүлкін салады,
Бегі ішсе, елдің шырқын алады.
(Қара ішсе — малы желге ұшады,
Ішкіш бектің — тозар елі құсалы!)
Ішімдік — жау. Шарапшы алып күмісті,
Ішкен даукес бастар ұрыс-керісті.
216
Ішкен кісі ақылынан алжасар,
Ал ақылсыз ісі қисық əрқашан.
2100 Ердің сөзі, ұққан адам затыңды,
Құлқын құлы, тыңда айтқан ақылды:
«Ішкен кезде — ұмытылар керекті іс,
Мастан шығар — неше түрлі іс керексіз!»
Қанша ізгі ішімдіктен бүгілді,
Қанша істер ішімдіктен бүлінді!?
Бегі ойнап, шарап ішсе, ақыры —
Қалай жетсін ел ісіне ақылы!
Фəсад* келсе құт та қашар, күй кетер,
Фəсад* дəйім бектігіңді күйретер.
2105 Құт, бақыт пəк — тазалықты тілейді,
Дəулет — игі, ізгіліксіз жүдейді!
Бек — зинақор, ішкіш болса бұзылған,
Елі де ішер, құр қалып құт-қызырдан.
Қара* мінін, бек тексерер, түзетер,
Бектің мінін кім түзетер, кім өтер?!
Кір мен ласты кісі сумен жуады,
Су былғанса, кірін немен қуады?!
Кісі ауырса берер дəрі-дəрмегін,
Оташыны кім емдейді, əл беріп?!
2110 Бектер үлгі — түзу құлық, ісімен —
Ғибрат алып, жүрер халық ізімен!
Бегі қандай заң, ғəдетті ұстайды,
Халқы көріп, сол əдеттен шықпайды.
Бұған куə сөз айтыпты бір дана,
Мəні түзу, өзің ойлап біл қара:
«Қандай жолмен жүріп өтсе бектері,
Құлының да сол ізбенен кеткені!
Ізгі болса бегі, түзу істері,
Анық құлы одан да ізгі іс істері!»
217
2115 Пайда қандай өркөкірек, паңдықтан,
Тəкаппарлық түзу жолдан қаңғыртқан!
Талаптанып, кішік тұтқан көңілді,
Ұлық болды бектер құтты, өмірлі.
Зерек жанның не дегенін естігін,
Білген бектің түрлі кейіп-кеспірін:
«Көкірек бектер кекірейген мардымсып,
Қадыры кетер, алып жұрттың қарғысын!»
Көкірек кісі көкке ұша алмайды,
Кішік көңіл еншісінен қалмайды...
2120 Күпірлік — сор, жүрегіңді мұздатар,
Кішік — кісі, көңіл — құсты жырлатар.
Бектер болсын — жайсаң — жаны жайдары,
Сұмнан түңіл — алпыс екі айлалы.
Кішіпейіл, болсын жарқын мінезі,
Кешірерді кешіре алсын бір өзі.
Мейірімге жылынған ер мейірлі,
Мейірленген қызыметке бейілді.
Ел басына лайық ынта, кең пейіл,
Кең пейілге қоса жайсаң мол мейір!
2125 Қамқор, жайсаң деген аты тараса,
Бар тілегі шығар алдан таласа.
Ынта, пейіл болмаса, бек — тірі өлік,
Екі дүниеде кешер тірлік сүреңін.
Қамқор көңіл саясатпен ыңғайлы,
Сес, бұйрықсыз билік тағы тұрмайды.
Саясатпен жұртын, заңын түзетер,
Саясатпен елін-жерін күзетер.
Мына бəйіт сөздерімнің дəлелі,
Дəлел болса — құжжат* та анық, кəделі:
2130 «Бұл саясат бек қақпасын зерлейді,
Саясатпен бектер елін жөндейді.
218
Саясатты жаманға үйрет. Бағы бар —
Ел былығы саясатпен арылар!»
Ел тұғыры, бектік түбін сақтайтын —
Екі нəрсе — көк жұлдызы* батпайтын:
Бірі — елге əділ заңды қаратқын,
Екінші — əскер, ерге күміс таратқын.
Əділ заңнан жұрт көңілі тасады,
Күміс болса, əскер күші асады.
2135 Бұл екі топ болса разы бегіне,
Жайланар да жайнар бегі, елі де...
Əділ заңын бермесе бек еліне,
Ел қорғаусыз қалса обырдың жеміне,
От қойғандай қырқысып ел бұзылар,
Тұғыр құлап, бектік, шəксіз жығылар.
Бек əскерін сүйінтпесе ырза ғып,
Қылыш қыннан шықпас текке, онда анық!
Қылышпен бек ұзартады қолын да,
Қылышсыз бек — билей алмас құлын да!
(Қылышпен бек ұзартар өмірін де, қолын да,
Қылышсыз бек — қырсыз бек ерген жұрттың соңында!)
2140 Қылыш, балта сақтар жаудан еліңді,
Қылышты бек — бастайды елін сенімді!
Қылышымен жауды қуған жапырып,
Тыңдап, байқа, жиһангердің ақылын:
«Ай, ел бегі! Сақтансаң тек сақтайды —
Қылыш жетпес жанға у бірақ аттайды...
Қылыш, балтаң сақшы болсын қасыңда,
Қылыш тұрса — тыныш тұрмыс, басың да!
Қылыш тұрса — жауың бұғар жасқанып,
Қынға кірсе — ербеңдетер бастарын.
2145 Қадірле, бек, ерлеріңді қылышшы,
Аштық көрмей, бол ғұмырлы, ырысты!..»
219
* * *
Айтты Өгдүлміш: «Құрметті Елік, əділ ер!
Аты — ұлық демесең, ел ісі бір əбігер.
Ел басқардым дегенше, өртке кірдім дегейсің,
Уайым, мұң жүгінен төрт бүгілдім дегейсің.
Сүйініші — күйініш, қайғы-мұңын жамылар,
Рахметі — сөккені, тақпаған ат тағылар.
Қай жағыңа қарасаң, үңірейген үрей тұр,
Рахат, шаттық аңсасаң, парыз деген дүлей тұр!
2150 Қалың түнек — қастарың, қостаушың аз демейтін,
Керістің жоқ шет-шегі, келісімді аз жебейтін.
Өтірікші, арсыздар бүтін елді бүлдірер,
Бүлінген ел — намыссыз, бек түземей кім түзер!
(Көңілің алаң, тұманды, ел қамы еншің бір сенің
Құрау-құрау көңілді талайды иттей мұң-шерің.)
Қай ісіңе бұрылсаң, жылмаңдаған қатер бар,
Қатерде не рахат, жіпке тізген қатеңді əр!
Ақылды сөз — асыл сөз, інжу-маржан секілді,
Ақылды ердің сөзін ұқ, оңға бұрып бетіңді:
«Елік, қылша мойының, дағарадай басың бар,
Соған бола ақылды ер, дана екен деп бас ұрмас.
2155 Бектік — қылыш, басыңды қыр желкеңнен аңдыған,
Мың келеді күніне қауіп-қатер қаңғыған!
Күллі бектік ісінде жаңсақтық бір өріп жүр,
Бірі жұтып өз басын, бірі рахат көріп жүр!
Екі дүние қамын да, парызыңдай ойласаң,
Мына түрлі істерді, тындырмай бір қоймасаң:
Сыйын Алла атына, түзет көңіл, тіліңді,
Екі қылмай бұйрығын, сүйрет тағдыр-жүгіңді.
Раббыңнан келсе не, разы бол, табын да,
Қызмет көрсет табынып, арың да сол, бағың да.
2160 Бар халыққа көңіліңнен орын тауып, мейір бөл,
Туу үшін ізгілік, ізгілік қып, пейіл бер.
220
Қайырым ет халыққа, кесіріңді тигізбе,
Кеселден без алысқа, мойныңа азап кигізбе!
(Жақсылық ет, жарылқа, кесірлермен кескілес,
Өзің аттан салмасаң, үніңді ешкім естімес.)
Сонда тірлік лəззаты, түгел саған қарайды,
Нəсіп көріп, ойнап-күл, жер сүйгенше самайды.
Бүтін жаның үзілсе, үміт үзбе Алладан:
Ізгіліктің тірлікте өтеусізі қалмаған!
* * *
Аяқтадым сөзімді, Елік, тыңдап байқадың, —
Бекке осындай сипаттар, білік керек, айтарым.
2165 Кімде осы белгілер болса, кемел беделі,
Бек деп атап, қолына — ел тізгінін береді.
Ондай кісі бек болар, жүректерде жатталар,
Оның əрбір ісінен қалғандары бақ табар.
Не дегенін тыңдайық білімді, ойлы кісінің,
Сөзі де үлгі басқаға, үлгісі мол ісінің:
«Бек білімді, ақылды, адал болсын, ақ болсын.
Парасаты, ақылы ізгілерге жақ болсын!
Өзі жомарт, өзі есті бек басқарған билік те,
Болып тұрар нақ сондай. Жүйрік ес қой жүйрікке...
2170 Кешірімді, мейірлі, көңілі тоқ, көзі тоқ,
Бегің болса, халайық, жұрттың басқа сөзі жоқ!»
Осындай бар қасиетін шығара алса жарыққа,
Бақ құсындай қонады қалың қара халыққа.
Қайсы ел бегі осындай кемел болса, келісті,
Сол ел құтқа бөленіп, көрмес еді кемістік.
Ел үстінде нұр сеуіп, құтты күндер туар-ау,
О, дариға-ай, осындай бектер де өліп, тынады-ау!
* * *
Білгендерім осы, Елік, қалған ойда сақталып,
Соны ақылым жеткенше баяндадым ақтарып!»
221
Достарыңызбен бөлісу: |