Мәдениет атты арнайы курсты оқу барысында пайдалануға, мәдениетті зерттеуге қызығушылық танытатын барша оқырман қауымға арналған. Экологиялық МӘдениет


Дәріс 3. Қазақ мәдениетіндегі экологиялық ұстанымдар



бет6/22
Дата12.02.2022
өлшемі329,17 Kb.
#25338
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22
Байланысты:
treatise23053

Дәріс 3. Қазақ мәдениетіндегі экологиялық ұстанымдар.

Табиғатты қастерлеу, қорғау қазақ халқының мәдени дәстүрі болып табылады. Көшпелі өмір сүрген қазақ елі табиғат сырын терең ұғынған, табиғатты игерудегі білімі жан – жақты болған.

Қазақтың дәстүрлі мәдениеті табиғат пен адамның етене тығыз байланысты болғандығын және олардың бір – бірінен ажырамас күйде өмір сүргендігін куәлайды. Мұның негізінде көшпелілер өздерін табиғаттың тікелей жалғасы, өзін табиғатың перзенті ретінде сезінуі жатыр. Игерілмеген қуаң дала мен шөлейтті тек көшпелі ғана меңгере алды. Қазақтар көк шөпті жұлмаған, шыбықты сындырмаған. Өйткені жас өмірдің бәрі бақыттың бастамасы, барлық тірліктің қайнар көзі болып саналған. Көк жұлсаң көктей орыласың, қарғыс атады деп ырымдалады. Қазақ баласы бастауды, бұлақты ластамайды. Барлық тіршіліктің көзі сол бұлақ, сол бастау деп біледі. Қазақ халқы беталды жер шұқып, жер қазбайды. Бұндайды теріс қылық деп санайды, оны өліммен, ажалмен байланыстырып, жаман ырымға балайды.

Көшпелі қазақ қоғамында табиғат тек сыйыну, ләзаттану, сенудің объектісі болып қана қоймай, сонымен қоса ол өз қоғамында әлеуметтік мәдени реттеуші қызметін атқарады. Көшпелілер табиғатты тірі, әрі ақылды деп санаған.

Қазақтардың ілкі тектерінің сеніп келген діні – тәңіршілдік табиғатты құрмет тұтудан,оған сыйынудан туындаған. Бұл діндегі басты құдай – Көк тәңірі, көк дегеніміз тіршілікті, өмірдің бастауын білдіреді. Қазақ елі үшін қоршаған орта деген ұғым өте маңызды, мағыналы. Ол өскен орта қасиетті де, қастерлі.

Көшпелі мәдениет әлемде өз орнын таба білген. Адам шексіз кеңістікте өзімен - өзі және табиғатпен жеке қалып, сұхбаттасқан, сырласқан. Өзінің табиғатпен шынайы жақындығын сезінген.

Көшпелілік шаруашылық тылсым табиғат жөніндегі даналылықты талап етті, табиғат құбылыстарына болжам жасау, оларға алдын – ала бейімделу көшпелілерде жақсы дамыған.Номадтардың өзін қоршаған ортаны жақсартуға күш салғанын, жақсартудың жолын ойластырғанын тарихи дәстүрлерінен көруге болады. Осыған қатысты олардың жайылым мен өрісті жылдың төрт мезгіліне бөліп пайдалануы, яғни ауыстырып отыруы, жерді үздіксіз пайдалану оның құнарлылығын жоятындығын білуі.

Қазақтың дәстүрлі мәдениеті экология ұғымының тікелей мазмұнына сәйкес келеді және ол табиғатты бағындыру принципіне негізделмейді. Оның басты ұғымдарына атамекен, жерұйық, жарық дүние жатады. Қазақы дүниетаным әлеммен үйлесімді болуға шақырады [11].

Қазақтың тарих философиясы туралы пайымдағанда, көшпелі мәдениеттегі өркениеттілік деңгейі туралы кемсітушілік көзқарастардың бар екендігі жөнінде айтуға тура келеді. Олардың арасында адамдық өркениеттіліктің тек батыстық типін мойындайтын еуропаорталықтық тұғырнамалардан бастап, көшпелі қауымнан тек қиратушылық пен «жабайылық» белгілерін көретін «ілімсымақтар» туралы айтып өтуге боладыКөшпелілер туралы Э. Дюркгейм номадтардың сегментарлық, тұлғалық ерекшеліктері бөлінбегендігі және организм сипаттас тұтас қауымда ғана өмір сүре алатындығы туралы айтады.

Қазіргі номадологияда көшпелі қоғам кеңістік пен уақыттан, тарихтан тыс, олар тек отырып қозғалады, тамырсыз ризома рәмізінде бейнеленеді. Ризома деп орталығы жоқ, кеңістікте қалқып жүретін, түп тамырсыз әлеуметтік құрылымды айтады. Көшпелілер кеңістікті бөлмейді, олар өздері осы кеңістікте бөлінеді. Осы бейнеге мағынасы жақын тағы да бірнеше мәдени – әлеуметтік ұғымдарды қарастырсақ: «рулық дәстүрлі адам» (М.Мид), «сегментарлық қоғам» (Е. Дюркгейм) т.б. Сонда номадалық адам тарихтың тарихтың келте бейнесіне айналып кетеді. Оған «варвар» немесе «туземец» деген айдарлар да жараса берер. Тым болмаса үйреншікті марксизмдегі «азиялық өндіріс тәсілі» мен «дала феодализмі» құлаққа жағымды естілер. Немесе Г.Гачевтің номада өз атының үстіне мініп алып, әлемдік қозғалыстан тыс тұрады дегені неге тұрады? [45].Объективті позициядағы ғалымдар көшпелі қауым туралы көптеген теріс «тұжырымдарды» бекерге шығарады.

Мәселен, «ет жеушілерге тән қиратушылық» жөнінде белгілі ғалым Э. Фромм мол деректерді талдау нәтижесінде бұл «идеограмманың» жалған екендігін дәлелдейді. Садизм адамға туа біткен қасиет емес, ол әлеуметтік ортаның жеке адамға қысым жасаған жағдайында пайда болады [45,456].

Еуропа орталықтық мәдениеттану көшпелілер мәдениет пен өркениеттен жұрдай, қоршаған ортаны қиратушы «варварлар» деп, үзілді–кесілді үкім шығарып қойған. Жаңа замандағы еуропалық ғұламалар ұстаған ілім бойынша көшпелілер жағрафиялық ортаға жау, олардың бар арманы бүкіл дүниежүзін жайылымдарға айналдыру [12]. Енді басқалары көшпелілерді жасыл желек даланы, бау –бақшаны, жан–жақты жалмап қоятын шегірткелермен салыстырады екен. Бұған жауап ретінде не айта аламыз? Көшпелілер қиратушылар емес, қайта олардың мәдениетінің терең экологиялық сипаты бар, қатал даланың табиғатын игеру, оның заңдылықтарын жақсы білу, болжам жасай алу, осының бәрі көшпелілер мәдениетіне тән нәрсе. А. Тойнби құрғақ даланы тек бақташы ғана меңгере алатындығын, бірақ сол далада тіршілік етіп, табыстарға жету үшін ол өзінің шеберлігін ары қарай шыңдауы қажет екендігін және оған адамгершілік, парасаттылық қасиеттер тән екендігін жазады.

Көшпелілер жайлы айтатын болсақ, олар тек өз қандастарына ғана емес, сонымен қатар бүкіл тіршілік атаулыға аса құрметпен қараған. Оны жарқын дүние деп атаған. Т.Гоббстың атақты «адам адамға қасқыр» немесе «табиғи жағдайда адамдар бір - бірімен соғыс жағдайында болады» дегенін этнографиялық деректер жоққа шығарады.

Бір орында тұру, қозғалмау көшпелілікке тән нәрсе емес. Олардың кең даланы игеруі табиғатты, қоршаған ортаны өзгертуге емес, керісінше жер –ананың бір бөлігіне айналуға бағытталған.

Адамзат тарихында шаруашылық экономикалық саласы жоқ, ештеңе өндірмей тек басқаларды қанаумен ғана өмір сүрген қоғамдар болған емес. Сондықтан көшпенді қоғамдар «алым салықпен», яғни өздерінің отырықшы көршілерін қанаумен ғана өмір сүрді деген көзқарастармен келіспейміз.

Тек отырықшы өркениеттерге ұқсамағандығы негізінде көшпенді қоғам өз өркениетін қалыптастыра алмады деу дұрыс емес. Өкінішке орай, көшпенді өркениетін тану отырықшы өркениеттануымен салыстырғанда енді ғана қалыптасып келеді. Тіпті, көшпенділер өз өркениетін қалыптастыра алды деген пікірдің өзі кеш қалыптасты. Сондықтан көшпенді қоғамына қатысты өркениет ұғымының танымдық мүмкіндігін айқындау, осы қоғам типінің өркениеттік сипаттамаларын талдау отандық әлеуметтік, гуманитарлық ғылымның жаңа және өзекті мәселесі болып табылады [12,].

Э. Фромм «қатал табиғатқа икемдену жағдайында адамдық қауымдастық приматтарға тән бәсеке мен өзара күресті шектей алды. Жаулық орнына кооперация мен туысқандық қатынастар келді. Ынтымақтастық, сексуалдықтан, мораль бағындырудан жоғары болып шықты [46].

Бұған Шоқанның мына пайымдауы үндес болып келеді: «Далалы ортаның тұрғыны – қазақ өзінің моральдық қасиеті, ақыл – ойы, қабілеті жөнінен отырықшы татар немесе түркі шаруаларына қарағанда әлдеқайда жоғары тұр. Осынау дала көшпенділерінің ақынжанды болып келетіні, ой –қимылының жүйрік болып бітетіні мұңсыз –қамсыз көшпелі тіршіліктің арқасы болу керек немесе ұдайы ашық аспан астында, шет –шегі жоқ шүйгін дала құшағында ғұмыр кешкен соң табиғат шіркінді Тәңірі тұтқандықтан да болар? Татар атаулы халықтар арасында өзінің ақылдық қабілеті – дарыны жөнінен қазақтар бірінші орында блолса керек [47].

Шынайы мәдениет табиғат пен адамзаттық қоғамның үйлесімді бірлестігінің болуын қарастырады. Мәдениеттің ондай түсінігі адамзат тарихында тек фрагмент түрінде ғана болды, христиандық – европалық өркениеттерде ондай үйлесімділік болған жоқ. Бұндай үйлесімділік шығыс мәдениетінде көрініс таба білді.

Негізінен, Шығыс медитациямен айналысып, адамның психикалық қуаты мен қабілетін дамытуға көңіл бөлсе, ал Батыс болса адамнан тыс жатқан табиғатты игеріп, материалдық және физикалық күштерді дамытумен айналысқан.

Сонымен,“шығыстық” адам өз ішіне бойлайтын, өзінің шынайы “Меніне” жетуге ұмтылса, “батыстық” адам – табиғатты ғылым мен техниканың арқасында билеуге ұмтылып, сол арқылы өзінің меншікті, адами “Менінің” салтанатын бекемдеуге тырысады.

Дегенмен бұл жерде, Шығыс пен Батыстың өзгешелігі біршама шартты болатыны байқалады. Іс жүзінде мұндай ерекшеліктерді жоққа шығаруға болмас және олар өзара қарама – қарсы қоятындай өзгешеліктер де емес.Барлық артық не кемшін тұстарын ескерген жағдайда олар адамның шексіз даму үрдісіндегі бір арнада тоғысады.

Тарихқа жүгініп, XI ғасырға дейінгі еуропаның тұрмысына тоқталатын болсақ, ол кезде еуропада көшелердің арасы тар, үйлері бір – біріне жақын, тығызорналасқан болды, тіпті арасынан адамның өтуінің өзі қиынға соққан. Үйлердің көбісінің төбесінен су ағып, дымқыл тартып тұрған. Қалдықтар, жуындылар көшеге төгілетін болған. Ондай жерде әр түрлі аурулар пайда болды. Яғни, экологиялық тазалық жоғары деңгейде болды деп айтуға келмейді. XX крест жорығы кезінде тұрмыстық экологиялық мәдениетке байланысты Азия елдерінен көп нәрсе үйренген. Моншаны пайдалануды еуропалықтар сол жорық барысында араптардан көріп барып, пайдаланған.

Ресейлік зерттеуші П.П. Гнедич көптеген араб ғалымдарының артына топографика, статистика, философия, фармакопея, химия, хирургия, астрономия бойынша шығармалар қалдырып кеткендігін жазады. Сонымен қатар қазіргі сөздіктердің өзі араб терминдеріне толы екендігін, арабша атаулар осы күнге дейін дәріхана саласында өте көп қолданылатындығын, арабтар медициналық практикаға күйдіруші құралдар мен хирургиялық жабдықтарды енгізгендігі туралы айтады.

Енді көшпенділердің тұрмысына келетін болсақ, олар үнемі тұрағын ауыстырып тұрған, бір жерде ұзақ тұрып, табиғатқа зиян келтірмеген. Тағы да айта кету керек, тіпті жерді пайдалануды төрт мезгілге бөлген, яғни табиғаттың өзін – өзі қалпына келтіругемүмкіндік берген.Киіз үй ары – бері көшкенге өте тиімді болды, әрі ол тазалық сақтаудың таптырмас құралы болды.

Киіз үй тек баспана болып қана қойған жоқ, сонымен қатар халықтың салтының, дәстүрінің таңбасы, белгісінің қызметін атқарды. Киіз үй қатал үскірік аяздан, шілденің аптап ыстығынан қорғады. Тез жинап, тез тұрғызуға ыңғайлы болды. Шаңырақтың төбесінен жабылатын түндіктің жартылай ашық тұруы біріншіден түтін шығу үшін, жарық түсу үшін, таза ауа кіру үшін болса, екіншіден, шаңырақ шексіз аспанның белгісі, мәңгілікке апаратын жол сияқты. Шаңырақтың өзі күнге, ал уық, керегелері болса оның сәулелеріне ұқсайды.

Атақты саяхатшы А.Вамберидің «Сенің халқың неге көшпенді өмір сүреді?» деген сұрағына қарапайым қазақ әйелі «Біз сендер сияқты жалқау емеспіз. Сондықтан күн ұзаққа бір жерде отыра алмаймыз. Адам қарекет ету керек, ойлап қараңызшы күн, ай, жұлдыздар, су, жануарлар, құстар, балықтар - барлығы қозғалыста, тек ғана жер мен өлгендер бір орында болады» деп жауап берген екен. Қысқа да мәнді жауап. Бұдан көшпенділер өмірінің мәні барлық тіршілік сияқты қозғалыста екенін және табиғатпен етене байланысып жатқанын көреміз[15].

Дәстүрлі қазақ дүниетанымында табиғат батыстық бағындырылуға тиісті түсінігінен мүлдем басқаша қабылда­нады. Белгілі ғалым Ш.Ыбыраев өзінің эпикалық кеңістік концепциясында тел (бинарлық) оппозицияға не­гізделген көшпелі қазақтардың тіліндегі табиғат туралы түсініктерінің ұтымды болғанына назар аударады. Табиғат көрінісі, кеңістік бітімі әрекет пен бірлікте ғана көрінеді дейді.

Көшпенділік дәуірдің алғашқы кезінде аттың жүгенін, соңынан қылышты ойлап тапқан да Ұлы даладағы тайпалар немесе тұрандықтар. Екі аяқты соғыс арбасының да Ұлы далада пайда болғаны белгілі. Енисейдегі, Қаратаудағы, Таңбалы шатқалындағы, Алтайдағы петроглифтер екі аяқты соғыс арбасы мен садақтың алғаш рет сол жерде тұрған тайпаларда пайда болғанын дәлелдейді [16].

Көшпенділердің адамзат өркениетін дамытудағы рөлі туралы Л.Гумилев: “Неправильно думать, что в кочевом обществе невозможен технический прогресс. Кочевники вообще, а хунны в частности, изобрели такие предметы, которые ныне вошли в

обиход всего человечества как нечто неотъемлемое от человека. Такой вид одежды, как штаны, без которых современному европейцу невозможно представить себе мужской пол, изобретены кочевниками еще в глубокой древности. Стремя впервые появилось вЦентральной азии между 200 и 400 гг. Первая кочевая повозка на деревянных обрубках сменилась сначала коляской на высоких колесах, а потом вьюком, что позволило кочевникам форсировать горные, поросшие лесом хребты. Кочевниками были изобретены изогнутая сабля, вытеснившая тяжелый прямой меч. Усовершенствованный ими длинный составной лук, метал стрелы на расстояние до 700 м. Наконец, круглая юрта в то время считалась наиболее совершенным видом жилища.

Не только в материальной культуре, но также и в духовной кочевники не отставали от оседлых соседей, хотя литература их была устной. Конечно, было бы нелепо искать у хуннов научные теории: их даже греки заимствовали у древних вавилонян. Кочевники создали два жанра сказаний: богатырскую сказку и демонологическую новеллу. И то и другое было ближе к мифологии, нежели к литературе в нашем смысле слова, но они этим способом воспринимали действительность и выражали свои чувства. Иными словами: мифология несла у них те же функции, что у нас литература.

Подобным образом, т.е. непохожие на нас, кочевники воспринимали и историю. Она представлялась им в виде развернутой генеалогии рода; эталоном было не событие или институт, а мертвый предок. Для европейца такой счет поколений кажется бессмысленным, но ведь он тоже отражает течение времени, как и любая принятая в науке система отсчета”[37].

Экология мәселесінде экологиялық жағдайды бақылайтын басшының да рөлі үлкен. Талап қоя білу және оны орындата білу, өз қызметін шын ықыласпен істеу басшыға тән қасиет болу керек деп ойлаймыз. Осыған байланысты әл – Фараби өзінің еңбектерінде айтып кеткен болатын. Кісілік қасиеттер әл – Фарабидің «Қайырымды қала» ілімінде арнаулы қа­растырылады. Оның пікірінше, кісілік белгілер, әсіресе, елбасыға тән болуы қажет. Осындай кісіге қойылатын талаптар: «Біріншіден, бұл кісінің мүше­лері мүлдем мінсіз болуға тиіс: жаратылысынан өзіне айтылғаның бәрін жете түсінетін және істің жай-жағдайына сәйкес ұғып алатын болуы керек, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі болуы шарт; өткір сөз иесі және ойына түйгеннің бәрін айдан-анық айтып бере алатын ділмар болуы шарт; өнер – білімге құштар болуы, оқып-үйренуден шаршап-шалдықпай, осыған жұмсалатын ең­бектен қиналып азаптанбай, бұған оңай жететін болуы керек; тағамға, ішімдік ішуге, сұхбат құруға келгенде қанағатшыл болуы керек; шындық пен шыншыл адамдарды сүйіп, өтірік-жалған мен суайттарды жек көруі керек; жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын болуы шарт; оның жаны жараты­лысынан пысық істердің бәрінен жоғары болып, игі істерге ынтазар болуға тиіс; дирхем, динар атаулыға, жалған дүниенің басқа да атрибуттарына жи­рене қарауы керек; жаратылыстан әділеттілік пен әділеттілерді сүйіп, әділетсіздік пен озбырлықты жек көру керек; қыңыр болмау керек; өзі қажет деп тапқан істі жүзеге асырғанда шешімпаздық көрсетіп, бұл ретте қорқы­ныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ер жүрек болуы керек», – дейді [13].

Көшпелі қазақ мәдениетінде «обал» және «сауап» түсініктерінің мораль­дық реттеуші қызметі жоғары болған және бұл ұғымдар діни мазмұн шең­берінен шыққан.

Обал — жақсы нәрсенің қадірін біл, оны тастама, түбінде оның зарын тартасың деген ұғымды білдіреді. Бұл — қоршаған ортаға зиян келтіруге, жамандық жасауға, яғни жындыны жәбірлеуге, жансызды бүлдіруге бол­майды деген сөз. Мәселен, біреуге қиянат жасау — обал. Нанның түйірін аяққа басу, не оны рәсуа ету де обал. «Судың да сұрауы бар» дегендей та­мақты босқа ысырап ету, соны жасау үшін төгілген терді, қажырлы еңбекті бағаламау деген сөз. Көргенсіздік пен әдепсіздіктің осындайлардан шығаты­нын түсіну қиын емес. Сөйтіп обал ұғымы біреуге қиянат жасаған жағдайдың бәрінде де орын алады.

Сауап — бұл айналадағы жанды-жансыздың бәріне бірдей жақсылық жа­сауға, қамқорлық көрсетуте байланысты айтылатын ұрым. Мәселен, құстың ұясын түзеу, жетім-жесірге қарайласу, аяқ астындары нан қалдықрын көтеріп алу — бұл сауап [14].

Обал мен сауап ұғымдары қазақ ырымдарында жан-жақтыкөрініс тапқан.

— «Қазақ шашты далага тастамайды, жерге көмеді. Құс шашты ұясына салса — бас ауруға шалдырады, бас айналғыш болады, ұмытшақтық, жеңілтектік дертке шалдырады деп пайымдайды.Обал мен сауап нормалары ауызекі мәдениетте киелілік түсінігімен астас келеді. Оның негізінде анима­листикалық, тотемистік және фетишистік көне нанымдар да жатыр [14,58].

Жақсылық пен жамандықты айыру табиғат құбылыстарына табыну, олардан мейірім күту, әсіресе, бата беру, сыйыну, құрбандық шалу сияқты қазақы рәсімдерде, бәдік өлеңдерде анық байқалады. Сөзіміз дәлелді болу үшін бірнеше дерек сілтемелер келтірейік.

Аспан шырақтарына табынудың үлгісі:l

Ай көрдім, аман көрдім,

Баяғыдай заман көрдім.

Ескі айды есірке,

Жаңа айды жарылқа [17].

Жазусыз ақпараттық аяда қалыптасқан кісілік құндылықтарда діни, эти­калық және қауымдық бастауларды үйлестіру мәселесі маңызды. Мысалы, «киелі» түсінігін кейбір зерттеушілер христиан халықтарындағы «са­кральды», «қасиетті» (священный) сөздерімен тели салады және аталған ұғымды тек діни мағынада түсіндіреді. Бұл, әрине, көшпелілік тұрмысты жете білмеуден шығады. Кезінде Шоқан Уәлиханов қазақтар екі тылсым күшті: «киелі» мен «кесірді» мойындайды деген. Дәстүрлі мәдениеттегі ырымшыл қазақ үшін киелі нәрселер мнемоникалық рәміздер қызметін атқарды. Батыстық бағыттағы зерттеушілер үшін «киелі» діни әдет-ғұрып­тармен ғана байланысты болса, номадалық тіршілік тынысын терең зерделе­ген ғалымдар киелілік деген деңгейден табиғи тылсым оқиғалар, құбылыстар мен нәрселерден көрінетіндігін атап өтеді. Мысалы, аспан шырақтары, жапан даладағы жалғыз ағаш, бұлақ, қолдан жасалған балбалдар, пұттар, қорғандар және т.б.[14,64].

Осы мәселеге қатысты қазақ даласын жете білген поляк саяхатшысы Б.Залесскийдің «Қазақтардың киелі ағашы» деген суреттемесінен ақпарат алуға болады. Оның бейнелеуі бойынша,қазақтар киелі ағаштың жанынан өткен кезде түйелерін шөгеріп, аттың жабуын немесе кілемшені жайып қояды да тізелерін бүгіп, немесе малдас құрып отырып дұға оқиды екен. Содан кейін өздері де ағаш бұтақтарына киімінен жыртып алған шүберек немесе қой терісінің қиындысын, болмай бара жатса, ат құйрығынан кесіп алған қылды ақтық ретінде байлап кетеді. Олардың ойынша ки­елі ағашқа ақтық байлау бақыт әкеледі, ауру –сырқаудан қорғап-қоршайды, өмір жастарын ұзартады. Сондықтан да, тек биік ағашта қана емес, шөлдегі жол бойында кездесетін аласа бұталарда да ақтық байлаулы тұрады.

Мұндай ағашты кесу қазақтар үшін күнәнің ең ауыры болып саналады, сондықтан оның тіпті қураған бір бұтағын сындырар бір жан болмайды. Мұғалжар тауына жақын жазықтардың бірінде өсіп тұрған бірнеше діңді жа­байы өрік ағашын көргенім бар, әбден қурап қалған көптеген ірі бұтақтардың біреуіне қол тигізуге ешкімнің жүрегі дауаламайды. Ілінген ақтық шүберек­тер мен қой терісінің қиындыларының көптігіне септік жоқ, ағаш басына са­лынған ой бүркітінің ұясына да адамдар тарапынан келер еш қиянат жоқ, се­бебі, киелі ағашқа салынған ұя да киелі» [14,65].

Тірі атаулыныңбарлығына жан ашу, аяу және махаббат идеясы өте ежелгі идея болғанымен, қазіргі заманға өте қажет, оларды қазіргі заманның идеясы десек болады. Гуманизмнің қайнар көзі де осында, кез –келген тіршілік иесінің өмірдің әрбір көрінісіне деген сүйіспеншілік, әрбір тіршілік иесінің азабын түсіне білу, оған жанашырлық таныту –адам мәнінің, адам жанының негізгі қыры. Соларқылы адамның табиғатқа деген, қоғамға деген қарым–қатынасы қалыптасады.

Осындай қасиеттерді Асан Қайғының бойынан көруге болады.Асан табиғаттың барлық сұлулығын сезіне білу, оны өмiр игiлiгiне пайдалану кез келген адамның қолынан келе бермейтiнiне мән береді. Табиғатты қадірлеу қайсысымыздың болса да парызымыз. Өйтпесек «табиғат жетiмсiреп – өз әсемдiгiн жоғалтпай ма?» – деген сұрақ қояды халыққа.

Асан Қайғы iздеген «Жерұйық» – адамзат үшiн, оның ішінде қазақ үшін өмiр сүруге ең қолайлы болатын жер жәннаты. Қазақ жерінде де еуропаны дүр сiлкiндiрген Т. Мордың

«Уто­пиясы» сияқты «Жер ұйық» идеясы шарлаған кезең болды. Халық Асанмен бiрге армандады, онымен бірге жаңа жерлердi iздеді. «Жер ұйық» жоқ дегенге ешкімнің сенгiсi келмейдi. Сондықтан да болар Асан «Жер ұйық» – бақыт пен дәулет, тыныштық пен бейбiтшiлiк әлемi, оған жету үшiн халық сабырлылыққа, шыдамдылыққа үйренуі, өзiн iскерлiгiмен таныта бiлуі керек, сонда ғана жер жәннатына жетесiз, басқаша айтқанда, өзiңiздiң жеке «Жер ұйығыңызбен та­бысасыз».Асан Қайғының мақсаты – халықтың бiрлiгiн нығайту, дала мен таулы аймақтың халқын бiр – бiрiне жақындату, табиғаттың қыры мен сырын қауымға паш етiп, өзiн – өзі танып бiлуге шақыру. Халықтың береке –бiрлiгі болғанда ғана мықты, бiртұтас болғанда ғана өзiн – өзі сақтай алатынын, дамыта алатынын жақсы білді.

Асан үшiн адамға та­биғаттың ортасынан орын табу шешiлмеген мәселе болса, ал қазiргi экологиялық апат пен дағдарыс заманында тек қана географиялық орта ғана емес, сонымен қоса адамдардың ниеті мен пейiлі, ар мен ұят нарық салмағын көтере алмай сыр беруде.

Экологиялық сананың қалыптасуы кешеуiлдегенi белгiлi. Өткен социа­листiк дәуiрде, қазiргi өтпелi кезеңде (өркениеттi қоғамға) әзiр жарытып эко­логиялық бiлiмдер таратқан емес, ешкiмнен еш нәрсе талап еткен емес. Бұрын жоспар қуу болса, қазiр пайда табу көзiн iздеген пысықтардың құрбандығына айналуда даламыз да, қаламыз да, жануар да, адам да. Ше­телдiк инвесторлар iшiнен қатаң талаптарды сақтап отыратын, шарттарды орындайтын фирмалармен ғана жұмыс iстеген жөндi. Себебi, келесi ұрпаққа да табиғат керек емес пе?[14,201].

Табиғатты ретке келтіру үшін көптеген жылдар керек екенін ескертіп,ғаламдар дабыл қағуда. Кез–келген адамның өмiрi бұл дүниедегi қайталанбас керемет. Осы орайда Қ.Нұрланованың пiкiрiн келтiре кетуге болады.

«Табиғат анадан ажырамаған, оған қарсы тұрмаған, керiсiнше табиғатпен бiр туған, бiте қайнасқан адамның байыптау әрекетi де табиғи.

Бұл байыптау – табиғатты игеру, әлемтану әдiсi өзiнiң таңғажайыптығымен тұқыртпай, қайта шабыт берер, шарықтатар сұлулығын түйсiну, ғаламның тылсым әнiн үздiксiз қозғалысы үстiнде тыңдау.

Осының барлығында да Ғалам сырымен түсiнiстiк деңгейiндегi өз қаты­насыңды шындық мәндi әдiспен құрудың маңызы зор» [14,].

Қазақтың дәстүрлі мәдениетіндегі, ата – бабаларымыз жырлап, айтып кеткен табиғатты қорғауға бағытталған ырымдар мен нанымдар, салт – жораларды бүгінгі күні ұрпақ тәрбиесіне пайдалану аса қажет.

Мақал –мәтелдер– халықтың өмір тәжірибесінен алынған рухани мәдениеттің қалыптасуының қайнар көзі. Ол халық санасынан, дүниетанымынан орын алатын құндылықтар жүйесі. Мақал – мәтелде халықтың өмір сүру құбылыстары мен ойлау табиғаты, болмыс бітімі, тіршілігінің мәні мен мақсаты көрініс табады. Олардың құрылымы ойдың көркемдігін көрсетумен бірге, қысқа да нұсқа, мағынасы жағынан терең ой мен мазмұнды қамтиды. Мақал – мәтелдер асқан аса шеберлікпен жасалған сөз өрнегі, әбден орныққан ойдың нәтижесі.

Халық даналығы – саналы ойдың көрінісі, білімділіктің кені. Белгілі ғалым, философ Д. Кішібеков: «Қазақ ежелден ойшыл, не айтса да мәселенің байыбына жетіп барып айтатын, сөздің түйініне мән берген халық. Біздің мақал – мәтелдеріміз тұнып тұрған философия. Сондықтан да шешендеріміз сөзін дәлелді, уәжді ету үшін әманда мақал –мәтелдерге жүгініп отырған. Асылы шешен, дәлелді, қисынды сөйлеу қазақ халқы арасында ерте заманнан дәстүрге айналған» деп жазады [40].

Әр елді танытатын өзіндік ерекшеліктер болады. Батыстық, шығыстық, қазақы дүниетаным ерекшеліктері жөнінде Т. Ғабитов : «Қазақ халқының ойлау жүйесі мен мәдениеті бай тілінде, тіршіліктің мағынасын түсініп, уақытты бағалай білетін терең даналығында жатыр» дейді[41].

Мақал – мәтелдегі халықтық таным –түсініктер негізі: өмір, тіршілік, қоғам, табиғат жайлы. Халық өзінің болмыстық ойлау тегінен бастап өрістейтін дүниелік таным –

түсініктерін күнделікті тұрмыс –тіршілігіне лайықты қалыптастырған. Мақал – мәтелдер халықтың ойлау жүйесінің, санасының, өзіндік ерекшелігі мен әлеуметтік тіршілігіне орай дүниелік көзқарастарының жиынтығы болып табылады [42].

Тәрбие беруде мақал – мәтелдің маңызы зор. Өскелең ұрпақтың табиғатқа жан ашырлық сезімін оятуда, экологиялық санасын қалыптастыруда халық тың даналық сөздерінің, мақал –мәтелдердің орны ерекше. Қазақ халқы табиғатқа аса мән беріп, онымен үйлесімділікте өмір сүрген, табиғат құбылыстарына табынған. Мұны ата – бабаларымыздың табиғатқа іс – әрекетінен,ырым – тыйымдардан көруімізге болады. Оған мысал келтіретін болсақ, көшпелілер айға сәлем беріп, жаңа ай жарылқа, ескі ай есірке деп айға табынатын болған.Көшпенділер табиғатты тірі, әрі ақылды деп есептеген. Ертеде қазақтар санасында Жер –Ана, Аспан –Әке түрінде бейнеленді. Жерге егін егу мал бағумен қатар құрметті іс саналды. Жерді орынсыз жарақаттама, жерді теппе деген тыйымдар болған. Олар ертеректе ұстанған тәңіршілдіктің негізінде аспанға табыну жатыр, яғни табиғатты құрметтеуден туындаған. Бұл діндегі басты құдай - Көк тәңірі, көк дегеніміз өмірдің бастауын, тіршілікті, шексіз әлемді білдіреді. Тәңірі сол көк аспанның әміршісі. Ол түрік халықтарының бастапқы тарихында Күн бейнесімен беріледі. Көк тәңірі жеке адамдардың және қоғамның ісіне араласқанда, оларды тікелей жетектемейді, тек аспан ырқын хабарлап отырады. Ол Көк тәртібін адамзат тәртібі қылуға тырысады. Сол себептен де, өздерінен алым –салық төлеуді талап еткен қытай жаушыларына қазақ билері былай деп жауап берді дейді: «аспан шөп пен суды жаратқан, мал да соның сыйы, оны бағамыз да күн көреміз, не үшін біз оны беруіміз керек?» [43].

XXI –ғасырда Бұқар дінбасылары қазақтардың Ай мен Күнге табынуына байланысты оларды «кәпірлер» деп есептеп, оларға қарсы ғазауат соғысын жариялаған.

«Жазға салым бие байлап, қымыз ашытқанда қазақтар киіз үйінен шығып келе жатқан күнге қарап, алғашқы қымызды соған қарай шашады. Көгеріп тұрған шөпті Алла емес күн өсірген деп түсінеді. Шөпті таптауды, жұлуды құдайға қарсы әрекет деп білген. Қазақтар күнге табынатын болғандықтан, оларды кәпір деп түсініп, мұсылман дініне қарату мақсатымен оларға ғазауат соғысын жариялау дұрыс», - деп жазады осы соғысқа өатынасқан орта азиялық тарихшы Рузбихан өзінің «Бұқар мейрамының жазбалары» атты еңбегінде [44].

Сонымен бірге қазақтар аққу, қарлығаш сияқты құстарды қасиетті санап, оларға тисуге, атуға тыйым салған. Бұдан ата – бабаларымыздың табиғатты құрметтеп, қастерлегенін, аялағанын байқауға болады.

Табиғатқа байланысты «бір тал кессең, он тал ек», «су ішетін құдығыңа түкірме», «бұлақ көрсең көзін аш», «көкті жұлма» және т.б. көптеген мақалдар көп.Қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінде суды қорғау парыз деп есептелген. Су –бүкіл тіршіліктің көзі. Ол болмаса астық шығымдылығы, өсімдік әлемі де болмайды. Адамдар су көздерін ғана тірі организмге балап қоймай, сонымен қатар оған әр түрлі жан иелерінің, су перілерінің, су иесі Сүлейменнің өмір сүретіндігіне сенген. Бақсылар жырында :

«Су басында Сүлеймен.

Сізден де медет тілеймін.

Су ішінде су пері,

Сұмырайға ұқсаған қу пері» деген тіркестер жиі кездеседі [58].

«Судың да сұрауы бар» деп, халық оны тіршіліктің бастауы, тазалықтың рәмізі ретінде санаған. «Бастау су алса, бақыт су алады», «құлазыған шөл – жетім, құс қонбаған көл –жетім, сортаңға құйған сел –жетім», «ағын су –өмір, тоқтау су –өлім» деген нақыл сөздер оған куә.

Жылан – қазақұғымында зұлымдықтың рәмізі болғанымен, ол киіз үйге кіріп кеткен кезде оған тиіспеген, басына ақ құйып шығаратын болған. Киелі жануарлардың ішінде түйе ең таза мал саналды, оны ұруға, жүнін аяқ асты етуге болмайды [55].

Адамгершіліктің «алтын ережесінің» кейінірек «өзіңе не тілесең, табиғатқа да соны тіле» деген экологияның «алтын ережесіне» айналуынан,біз қазіргі кезде экологиялық мәселелердің өзекті болып отырғандығын көреміз.

Халықта «атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» дейді қазақ. Біреуге риза болғанда «көсегең көгерсін» деп айтатын болған. «Жерге шыққан жемістен жетіссең де жеті аса» деген мақал көшпелілердің көкті қастерлегенін білдіреді. Қазақ жалғыз өсіп тұрған ағашты кеспейді, оған зақым келтірмейді.

Ұлан - байтақ жерде мал бағып, ұзақ күндерді кең табиғат құшағында, мал өрісінде, түндерді жұлдызды аспан астында өткізген қазақ халқы табиғат құбылыстарын бақылаудан туған көп жылдық тәжірибелерін қорытып, жұлдызыды аспан туралы астрономиялық түсініктер мен ілім жасаған.

Табиғат құбылыстарының айналып келіп отыруын –күн мен түннің, жыл мезгілдерінің, ай жаңалануының алмасып отыруына мұқият бақылау жасап, есептеп ұғынудың қазақ халқының шаруашылық өмірі үшін орасан зор тәжірибелік маңызы болған еді. Қазақтар осы есеп арқылы жайлауға қай уақытта көшукерек екенін, күзеу және қыстауға қай уақытта келу, қой мен қозыны қай уақытта қырқу қажет екенін, қай мезгілде мал төлдету, соғымды қашан сою, егінді қай мезгілден бастап салу, шөпті қашан шабу сияқты шаруашылық мезгілдерін біліп, оларды өз уақытында жүзеге асырған.

Қазақтар шетсіз, шексіз кең далада мал бағу, көшіп қону, жолаушы жүру, түн қату және аң аулау, төрт құбыланы анық айыру, қараңғы түндерде жұлдызды аспанға қарап, бағыт –бағдарды белгілеп отырған және өткел, суат, қоныс, құдықтарды дәл табу сияқтыларды ұрпақтарына үйретіп отырған.

Қазақ арасында тәжірибе метеорологиясымен және уақыт есебімен шұғылданатын арнаулы есепшілер болған екен. Әр айдағы ауа – райының шұғыл өзгерістерін, кезеңдерін, амалдарын есептеп, жұртқа алдын ала хабарлап отырған.

Абайдың дүниенің дамуы жөніндегі көзқарасында диалектикалық сарын басым. Ол табиғат құбылыстарын өзара бір – бірімен байлынста, үнемі өзгерісте, дамуда болады, адамды қоршаған ортаның –табиғаттың ішкі сырын білім –ғылым арқылы білуге болады деп қарастырады.

Қазақ халқының өз рухани бастаулары мен даналығының қайнар көздері өз тарихында, мәдениетінде, тілі мен ділінде тұнып тұр. Ұлт даналығын ұғынып, сөзін қадірлеп, мақал – мәтеліндегі асыл ойды түсіне білсек, қазіргі қоғамдағы ұлтқа жат көп теріс қылықтардан арылар едік [42,6].

Қазіргі кезде де қазақтың дәстүрлі мәдениетіндегі табиғатты қорғауға бағытталған ырымдар, нанымдар, салт – жоралар өзінің маңызын жоғалтқан жоқ. Қалыптасып отырған күрделі экологиялық мәселені шешу мақсатында жас ұрпаққа тәрбие беруде мақал –мәтелдерді, нақыл сөздерді қолдану тәрбие беру үдерісін барынша тиімді етпек.

Экологиялық мәдениеттің қалыптасуында әлеуметтік институттардың маңызы зор. Бұл келесі бөлімде қарастырылады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет