ЖЕР БОЛУ, ЖЕР ҚЫЛУ. Жер болды тіркесін «ұятқа қалды,
абыройы түсті, беті күйді» деген мағыналарда жұмсаймыз. Соған
орай біреуді жер қылу – «ұятқа қалдыру, абыройын түсіру» болып
шығады. Мұндағы жер сөзі жеке алғанда түсінікті сияқты. Бірақ
дәл осы тіркесте «қара жер, жер шары» мағынасындағы жер сөзінің
«ұят» дегенге қатысты тұрақты тіркес жасауында көңілге қонбайтын
қисынсыздық бар. Іздестірсек, мұндағы жер сөзінің төркіні басқа бо-
лып шықты.
Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілінде ир сөзі «ұялған,
қысылған» деген мағынаны білдірген. Ер ир болды деген сөйлем кісі
ұялып қалды, яғни дәл қазіргіше кісі жер болды дегенді білдіргенін
XI ғасыр лексикографы – Махмұт Қашқари көрсетеді (ДС, 211).
Демек, ұялғанда, ұялтқанда айтылатын жер болды, жер қылды
дегендердегі жер сөзінің «қара жер» мағынасындағы жерге тікелей
қатысы жоқ болып шығады. Қазақ тілінде ир (жир ~ жер) сөзінің
ұятқа қатысты ұғымы ұмыт болғандықтан, жоғарғы тіркестердегі бұл
сөзді кәдімгі «жер» ұғымымен ұштастырып, ұятқа қалдыру мәнінде
жерге қарату деген тіркес те жасалған, бірақ бұл қолданыстағы жер
сөзін кәдімгі жер деп те тануға болады, өйткені ұялған адам төмен
қарайды, бұл тіркес осыдан барып жасалған дегенге сая аламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |