4) Мәдениет белгілер мен мағыналар әлемі ретінде. Мәдениет белгілер мен мағыналардың әлемі болып табылады. Бұл нұсқа бойынша, адам баласы мән-мағыналар жүйесінде өмір сүреді, ал бұл мән-мағыналар жүйесі адам баласын басқа адамдарға және жалпы қоршаған әлемге қатысты бағыт-бағдар беріп отырады. Сондықтан да, мәдениетті өзіндік ерекшелігі бар мән-мағыналар жүйесі ретінде түсініп-білу үшін адамдардың іс-әрекеттерінің және өзара әрекеттерінің мән-мағыналарының түпкі сырын ашып алу қажет. Бұл көзқарас тұрғысынан қарағанда мәдениет адамдардың мінез әрекеттерінің себебі болып табылатын сыртқы күш емес, осы мінез әрекеттің контексті болып табылады және осы контекстте ғана іс-әрекеттің мән-мағынасын түсінуге болады. Сонымен, мәдениет шынайы мағыналық кеңістіктің феноменологиялық (заттандырылған) саласы болып табылады, ал бұл сала болса қарама-қайшылықтардың: «имманентті –трансцендентті», «сакральды – профанды» және т.с.с. ендірілуі және түсіндірілуі арқылы анықталынады. 5) Мәдениетті ақпараттық-семиотикалық түсіну. «Семиотика» термині гректің «σημάδι», яғни белгі деген сөзінен шыққан. Тұжырымдаманың өзі Ежелгі Грециядан шыққан, мұнда философтар, мысалы, стоиктер, белгілер теориясын құрды, сондықтан «семиотика» деп аталады. Мәдениет мұнда құрылымның генераторы ретінде әрекет етеді және сол арқылы адамның айналасында әлеуметтік сала жасайды . Мәдениет семиотикасы ұғымы бізге ХХ ғасырда Ю.М.Лотманның арқасында келді. Ол әріптестерімен және студенттерімен бірге мәдениеттің феномендері мәтін (белгі жүйесі) ретінде талданатын жаңа ғылыми бағыт – мәдениет семиотикасын жасады . Лотман және оның әріптестері семиотика тұрғысынан мәдениетті біртұтас деп қарастырады. Лотманның пікірінше, мәдениет – бұл адамзат қоғамдары жинақтайтын, сақтайтын және әрі қарай беретін мұрагерлік ақпарат . Лотман «мәтін» түсінігін семиотикада іргелі нәрсе ретінде сипаттады, бұл оған мәдени сегменттердің семиотикалық талдауына көшуге көмектесті. Лотман мәдениетті «тіл» ережелерінің көрінбейтін жүйесі бар үлкен мәтін ретінде айтты. Бұдан шығатын болсақ, қоғам шеңберінде өмір сүруге мүмкіндік беретін «кодтар» бар, өйткені қоғамның кез келген әрекеті немесе мінез-құлқының кез келген әрекеті реттелетін белгілі бір мәдени тіл бар. Мәдениет семиотикасы (грек. σημειωτική «семиотика») мәдениетті белгілер мен мәтіндер жүйесі түрінде бейнелейтін семиотика бөлімі. Бұл жағдайда мәтін тек қолжазбалар немесе жазба материалдар ғана емес, сонымен қатар ақпаратты тасымалдайтын кез келген заттарды немесе артефактілерді білдіреді. Мәдениеттің өзі сақталған таңбалар мен мәтіндерді өзгертуге, оларды айналдыруға, сондай-ақ жаңа белгілер жүйелері мен ақпаратты жасауға қабілетті семиотикалық механизмдерден тұрады. Семиотика (гр. semeion - белгі, таңба) (семиология) — таңбалық белгілер жүйесі туралы ғылым, адамзат қоғамына қызмет ететін салалардағы (тіл, мәдениет, салт-дәстүр, кино т.б.), табиғаттағы (жануарлар дүниесіндегі коммуникация) немесе адамның өз қызмет-қабілетіндегі (заттарды көру, есту арқылы қабылдау, логикалық пайымдау) ақпараттың сақталуы мен қабылдануына қатысты әр түрлі таңбалық жүйелердің құрылымы мен қызметінің жалпы мәселелерін зерттейтін ғылыми пән. "Таңбалар жайындағы ғылым" ретінде семиотиканың алғашқы негізгі ұстанымдары табиғи тілді байқауға байланысты Ч. С. Прис пен Ф. де Соссюрдің еңбектерінде айтылған. Бұл ғаламтордан анықтама семиотика ғылымын сипаттайды. Алайда біздің ойымызша, осы анықтамадағы таңбалар жайындағы ғылым анықтамасы дұрыс қолданылмаған. Таңба сөзінің орнына белгілер жайындағы ғылым деген анықтама дұрысырақ болар еді. Сонда осы орайда мынадай сұрақ туындайды: Белгі мен таңбаның айырмашылығы неде? Екеуін кез келген уақытта синоним ретінде қолдана аламыз ба? Және қай сөзге басымдырақ рөл беру керек? Екеуінің семантикалық айырмашылығы неде? Тайға таңба басқандай, таңбалы тас, таңбасын ойып қалдырды, өз таңбасы бар деген тіркестер бар да, ал белгіге қатысты белгі берді, белгі қойды, белгі соқты деген тіркестер бар. Екі тіркестер қатарын салыстырсақ таңбаның семантикалық салмағы басымырақ екенін байқаймыз. Не себепті? Таңба сөзінің тас, ою сөздермен қатар келу себебі – ол ойылып, нақтылап, анықтап өз ізін, өз ерекшелігін, артықшылығын көрсету мақсатында тасқа қашау арқылы түсірілген белгі. Яғни, ол тасқа қашап түсірілгендіктен ол ұзаққа дейін сақталып тұрады және анық бір хабарламаны жеткізу мақсатында қолданылады. Ол хабарламаның айқындығы соншалық, оны ешқандай да аудармашының, түсіндірудің көмегінсіз бірден ұғасыз және де сол таңбаның өзі символдық деңгейдегі белгілер болып табылады. Өйткені, мысал үшін, қазақ ру-тайпаларының әр қайсысының өзіндік таңбалары болған. Ол таңбаларды символ емес деп айта алмаймыз. Тіл мамандарының болжамынша, таңбадан «теңге», «тамғашы – таңбашы» ұғымдары пайда болған». Осы сипаты бойынша аталмыш таңбалар символ қатарына жатады деген қорытынды шығаруға болады. Дәл сол сияқты таста табылған таңбалар да символдық мәнге ие. Сондықтан біздің ойымызша, символикалық зерттеу жасағанда, белгілерді таңба және символ деп бөлген дұрыс емес. Сонымен, таңбаны талдаудан түйетініміз – таңба міндетті түрде сызылған, жазылған немесе қашалған графикалық объект болуы тиіс. Және де ол – символикалық мағынасы бар терең мәнді белгі. Семиотика жай ғана графикалық объектілерді зерттемейді. Ол мән зерттейді. Қазіргі семиотик ғалымдардың ішіндегі танымал ғалымдардың бірі Умберто Эко өз еңбегінде «семиотка белгі ретінде қарастырылуы мүмкін барлық нәрселерді зерттейді» деп анықтама береді. Осы анықтаманы қазақшаға «семиотка таңба ретінде қарастырылуы мүмкін барлық нәрселерді зерттейді» деп аударсақ, қате болар еді. Өйткені жоғарыда атап өткеніміздей, таңба дегеніміз графикалық объектілер, ал графикалық емес бірақ белгілі бір мәнге ие объектілер белгі ретінде қарастырыла алады. Мысалы, фотоаппаратпен түсірілген суреттер, ым-ишара т.с.с. Ал таңба өз кезегінде белгінің бір түрі бола алады. Яғни белгінің қамтитын ауқымы таңбаның ауқымынынан кеңірек.