Медеу Сапаұлы СӘрсеке



Дата09.11.2022
өлшемі28,39 Kb.
#48923
Байланысты:
Медеу Сапаұлы Сәрсеке


Медеу Сапаұлы СӘРСЕКЕ  ШҚО қарасты бұрынғы Абыралы ауд. Қайнар кентінде 1936 ж. 2 қаңтарда туған. Орта мектепті Алтын медальмен тәмамдап, Алматыдағы Кен-Металлургия институтына түсіп, инженер-металлург мамандығын 1958 ж. иеленген. «Лениншіл жас» газетінің редакциясына қызметке шақырылып, 1958-59 жылдарда әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып еңбек етеді. 1959-64 жж. – Семей цемент зауытында ауысым мастері, зауыт диспетчері, өндіріс-техника бөлімінің аға инженері. Ғылыми-фантастикалық жанрда толғаған алғашқы екі кітабы бойынша 1962 ж. КСРО Жазушылар одағына мүшелікке қабылданған. 1964-65 жж. «Социалистік Қазақстан» газетінің ШҚО бойынша меншікті тілшісі. 1965-97 жж. Қазақстан Жазушылар одағының Ертіс бөлімшесінің секретары. КСРО қадамгерлерінің 1970-1990 жж. аралығында шақырылған үш құрылтайына делегат мандатымен қатынасқан. 1970 ж. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, 1986 ж. Қазақ КСР Жоғары Кеңесі төралқасының Құрмет қағазымен, 2001 ж. ҚР-ның «Құрмет» орденімен марапатталды. Республикаға еңбегі сіңген зейнеткер. Семей қаласы мен Баянауыл ауданының «Құрметті азаматы» және «Павлодар облысына еңбегі сіңген қайраткер» атақтарына ие. Серікбаев атындағы ШҚ техникалық және Құдайбердиев атындағы Семей университетінің «Құрметті профессоры», ҚР-ның «Құрметті кеншісі» және Геология комитетінің «Құрметті кен іздеушісі». ҚР Ақпарат және Қоғамдық тарих академияларының толық мүшесі.
Медеу Сәрсеке қазақ әдебиетінде ғылыми-қиял жанрының өрістеуіне айрықша үлес қосқан қаламгер. 1959-65 жж. «Ғажайып сәуле», «Көрінбестің көлеңкесі» «От және атом» және «Жетінші толқын» аталған ғылыми-фантастикалық хикаяттары жарық көріп, жазушының соңғы шығармасы 1964 жылдан беріде мол таралыммен бірнеше мәрте басылып, 100 мың дана таралыммен орыс тілінде жарияланып, күллі Одаққа мәлім болды. БСЭ-нің 11-томында (М., «Қазақ әдебиеті», 167-б, 1973): «М. Сәрсеке – ғылыми-фантаст. туындыларымен Қазақ кеңес әдебиетіне ғылыми-қиял жанрының бастаушы пионері аталды...» – делінген.
Инженер қаламгер төл әдебиетте өндіріс тақырыбының жаңа белеске көтерілуіне де айрықша үлес қосты. Жарылыс» («Взрыв») және «Көмбе» («Клад») романдары өткен ғасырдың 1980-90 жж. жазылып, іле-шала орыс тіліне аударылған (тәржімалаушы мәскеулік қаламгер Н. Родичев). «Молодая гвардия» журналы және «Литературная газета» «Жаңа есім» деген айдармен «Жарылыс» романынан үзінді жариялады. Екеуі де 1983, 1989 жылдарда «Советский писатель» баспасынан жарық көрді. «Жарылыс» романының орысша нұсқасы «Жазушы» баспасынан мол таралыммен екінші рет жарияланды. Романға желі болған оқиға, өндірістік жарылыстың өрби келе әлеуметтік қақтығысқа айналуы автордың «Жарылыс» драмасын жазуына негіз болған. Драманың қазақшасын Семейдегі қазақ драма театры сәтті қойса (режиссері Е. Обаев), орысша нұсқасын (тәржімалаушы – Ю. Егоров) М. Лермонтов атындағы академиялық орыс театры сахналап (қоюшы мәскеулік режиссер В. Иванов), екі спектакль де бірнеше жыл бойы кассалық табыспен жүрді. Ескертер гәп: осы романның ана тіліндегі нұсқасының «Жарылыс» атауы цензордың талабымен «Жаңғырық» болып өзгеруі, шығарма мәтінінің 150 бетке қысқаруы, өндірістік жарылыстың әлеуметтік дүмпуге айналған тарауларының қырқылуы – сол күндегі идеологиялық қасаң қысымның салдары (сөйтуге белгілі сыншылар Х. Әдібаев пен С. Әшімбаевтың осы романды үкімет саясатына қарсы және ұлы орыс халқының рухани көшбасшылық болмысын әжуалау деген сыны әсер еткен). Алайда, роман орысшаға аударылғанда кесілген беттердің бәрі де қайтадан қосылып, Мәскеудегі басылым 1983 жылы 28 б.т. болып «қампайып» әрі «Жарылыс» атымен шыққан. Ең ғажабы, осы туындысымен Медеу Сәрсеке Одақ аренасына танылды. «Литгазета», «Дружба народов» журналы ол туралы жатымды рецензиялар жариялап, Одақ әдебиетінде өндіріс тақырыбын НТР заманына лайық өрістетуші қаламгерлер санатына қосылды деген баға берілді. «Молодая гвардия» журналы романды 1982 жылы жариялады. Жазушының осы тақырыптағы романы «Көмбе» «Советский писатель» баспасына бөгеусіз қабылданып, 1989 ж. жарық көрді.
М. Сәрсеке драма жанрымен де шұғылданған. Оның ұшқыр қаламынан 1968 ж. беріде 7 драма туған. Солардың төртеуі Семейдің, Арқалықтың, Жетісай, Талдықорған мен Алматы театрларында көп жылдар бойы кассалық табыспен жүрді, ал арнайы тапсырыспен жазылған «Уақыт төрелігі» драмасы телеспектакль түрінде Қазақ телестудиясынан 1989 ж. Қ. И. Сәтбаевтың туғанына 90 жылдық мерейтойы қарсаңында экраннан бірнеше мәрте көрсетілді (қоюшы режиссер Елжас Қасиманов).
Жазушының бұл жанрдағы көпшілікке танымал шығармалары – «Шыңғыс хикаясы», «Жарылыс», «Заңды неке» және «Тендерге түскен әйел» драмалары. «Заңды неке» комедиясы Семей театрында 1983-2006 жж. аралығында 600 рет қойылған (Сол оқиға турасында «Егемен Қазақстан» газеті кезінде «Нашар спектакль 600 рет қойылмайды» деген тақырыппен рецензия жариялаған. Ал, «Тендерге түскен әйел» драмасы 2010 жылдан беріде М. Әуезов атындағы академиялық театр сахнасында және бірнеше облыстық театрларда сәтті қойылып келеді. Рас, осы жанрда драматургтің өкініші де бар. «1989 ж. қаламым көп қиналумен туғызған «52 жыл» деп атаған, қазақ зиялыларының ең таңдаулы тобы басынан кешкен қуғындау бейнеленген (Әуезов, ерлі-зайыпты Сәтбаевтар, Бекмаханов, Натай Кенесарин, Шаяхметов, Омаров, жиыны 16 кейіпкер) саяси трагедиям, әбден шиырыққан заманауи қақтығысты көрсететін драмам осы күнге дейін сахна көрген жоқ. Басты себеп – аса көрнекті тарихи тұлғаларды бейнелейтін актерлердің бір ұжымда болмауы, екінші – 16 кейіпкерді киіндірудің машақаты... Әлбетте басты кедергі бұлар емес – әлеуметтік, саяси әрі аса өткір ұлттық мәселелерді бейнелеген тарихи драманың, сол күндегі ел басшыларының пасық әрекеттерін бүкпесіз әшкерелеуде...» – дейді Медеу ақсақал бізбен әңгіме үстінде. М. Сәрсеке – Мәскеу телестудиясының «Культура» арнасының тапсырысымен жазған «Феномен Сатпаева» телефильмінің де авторы (қоюшы режиссер – Болат Шәріп, фильмді жасаушы – Алматыдағы «ALD CAPITAL GROP» компаниясы. М. Сәрсекенің жеті драмасы да «Фолиант» баспасынан ШҚО қаржысымен жарық көрген «Ертіс-Алтай» кітапханасынан 2013 ж. жарық көрген бір томдық драма еңбектерінде жарияланған...
Семейде тұратын қаламгерді күллі Одаққа танытқан басты шығармасы – тегінде «Сәтбаев». Жас қаламгердің Қ. И. Сәтбаев» ғұмырнамасымен шұғылдануы да себепсіз емес, әдебиетке әуесқой инженерді академик Ә. Х. Марғұлан 1963 жылы Алматыға шақырып, осы тақырыппен түбегейлі айналысуына ой салған. Тоқетерін айтқанда, М. Сәрсеке 12 жыл ізденіс жасап, академик Сәтбаевтың өмір соқпақтарын ерінбей кезіп, Баянауыл, Ұлытау-Жезқазған, Қарағанды, Қызылорда, Ташкент, Том, Мәскеу, Ленинград (Санкт-Петербург) және Алматы мұрағаттарын ақтарып, біртуар ғалым істес болған адамдардың (ұзыны саны төрт жүзден астам) естеліктерін жазып алып, тыңғылықты ізденіс жасап, ақырында «Қаныш Сәтбаев» аталған ғұмырнама еңбегін «Жазушы» баспасының тыңнан шығармақ «Жайсаң жандар» топтамасына 1974 жылы ұсынған. Ғылыми, әдеби сыннан сүрінбей өткен тұңғыш ғұмырнаманың терімі Қазақстан КП ОК-нің секретариатының нұсқауымен келесі жылы баспаханада тоқтатылған. Айтылған желеу: «Академик Сәтбаевтың геологиялық, ғылыми және мемлекеттік еңбегі шектен тыс мадақталып, КПСС ОК-і кеңестік идеологияға жат құбылыс деп жариялаған «Жеке адамның еңбегін шексіз мадақтау күльті» Қазақстанда қайталанған-мыс...». Автор сол қиянатпен екі жыл күресіп, ештеңе өнбейтінін білген соң қолжазбасын орыс тіліне қотаруға кіріседі. Сол еңбегін М. Сәрсеке «Молодая гвардия» баспасының әлемге әйгілі «ЖЗЛ» топтамасынан 100 мың дана таралыммен 1980 ж. жарыққа шығарды. «Қазақ халқы XX ғасырда туған ұлы перзентін ардақ тұтушылар үшін бұл кітап мерекемен парапар қуаныш болып, Қазақстан үлесіне түскен шағын кітапты оқырман қауым жаяу базардан 40-50 сомға сатып алып, бұл болса о күнде бір қойдың құны, соны да өздеріне үлкен олжа санады...» – деген-ді 2001 жылы белгілі публицист Камал Смайылов «Қазақ әдебиеті» газетінде осы туынды туралы жариялаған «300 мың дана көлемде таралған шығарманы осал деуге бола ма?» – деп атаған рецензиясында. Амал не, осы кітапқа оқырман қауымның соншама ынтызарлығы Орталық комитеттегі тоңмойын әкімдерге шыбын шаққан құрлы әсер еткен жоқ. Содан кейін де сегіз жыл бойы М. Сәрсекенің деректі кітабы Қазақстанда жарияланбады. «Сәтбаев» ғұмырнамасына даңғыл жол республика басшылығы өзгерген соң ашылды: 1988 жылдан бері жазушының «Сәтбаев», «Қазақтың Қанышы», «Қаныш елі» (орысшасы «Родина Сатпаева»), «Планета Сатпаева», «Дара дарын», «Фенемон», «Құлыпталған ғұмырнама», «Через тернии к Сатпаеву» деген атаулармен жарияланған, қазақ тілінде және орысша, екінші рет Мәскеуден, «ЖЗЛ» топтамасынан 2003 жылы қайыра басылуы, 2006 және 2015 жж. шыққан шығармалар жинағына енуін қосқанда М. Сәрсекенің ғұмырнамасы 15 рет жарияланып, жалпы таралымы 340 мың дана болыпты. «Атамұра» баспасының осы туындының қосымша тыстығына жазған аңдатпа сөзінде Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов: «Ұлтымыздың ұлы перзентін ұлықтаудың тамаша үлгісі осындай-ақ болар...» – дегені Медеу ақсақалдың елу жылдан астам уақыт Қаныш Сәтбаев тұлғасын әспеттеуіне айтылған айтылған әділ бағалау дейміз...
Әдеби қауым М. Сәрсекенің Сәтбаев туралы ғұмырнама туындыларымен алғаш танысқанда-ақ оны деректі жанрдың шебері деп таныған-ды. Жазушы осы бағаны халқымыздың көрнекті ғалым перзенттері Е. А. Бөкетов және Е. Б. Бекмаханов туралы деректі кітаптар жазумен ақтады («Біртуар Бөкетов» және «Ноқталанған тарихшы»). Екі ғұмырнама да 2005-2010 жж. «Қазақстан», «Фолиант» баспаларынан қазақша және орыс тілдерінде жарияланып, 2007, 2010 жж. Мәскеудің «ЖЗЛ» топтамасынан жарық көрді. Әлемге әйгілі осы серияда қазақ тұлғаларынан XX-XXI ғасырларда небәрі 10 тұлға жарық көрсе, соның үшеуінің иесі – Медеу Сәрсеке. Демек, жазушының жүрдек қаламы – ҚР ғана емес, Ресей федерациясында лайықты түрде бағаланған. Жә, қаламгердің осы саладағы зор еңбегі ҚР үкіметі мен Жазушылар одағы басшылары тарапынан лайықты бағаланды ма? Жоқ. Мысалы, 2000 жылы жазушының «Қазақтың Қанышы» романы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанда сол іске төрелік жасауға тиіс комиссия Абай атындағы бір сыйлықты бес жазушыға бөліп берді де, «әлемнің 112 елінің кітапханаларына сатып алынған Медеу Сәрсекенің «Сәтбаевы» содан нәумез қалды» (Сыйлық комитетінің төралқа мүшелері, академик З. Қабдолов пен белгілі әдебиетші, сенатор И. Щеголихин ресми мәлімдеме жасап, әділетті аяқасты еткен комиссияға бұдан әрі қатысудан бас тартып, мәжілістен шығып кеткен). Ең ғажабы, ҚР Президентінің кеңсесіне осы әділетсіздікке наразылық білдіріп, Қазақстанның 14 қаласынан 113 хат түсіпті, кейбіріне ондаған адамдар қол қойған. Солардың дені университеттер ұстаздары мен ғалым-академиктер. Мысалы, Халық Қаһарманы Ш. Шөкин, Еңбек Ері Ә. Сағынов, Ғ. Қ. Сәтбаева, Халық жазушылары Д. Әбілев, Ә. Нұршайықов, жалпы жиыны 3-4 жүздей адам... Сол хаттар себеп болып, еңбекқор жазушының еңбегі ҚР үкіметі тарапынан бағаланып, Қазақстан тәуелсіздігінің он жылдығында ол «Құрмет» орденімен марапатталды. М. Сәрсекенің 2005-2015 жылдар аралығында жарық көрген екі ғұмырнамасы – «Біртуар Бөкетов» пен «Ноқталанған тарихшы» («Бекмаханов») кітаптарының әрбірі қазақ және орыс тілдерінде 6 реттен қайыра басылды. Осыдан-ақ бүгінгі оқырман қауымның қандай кітаптарды іздеп оқитынын, рухани сұранысын аңдауға болады. Мемлекеттік тапсырыс та соған орай туатыны және түсінікті: жазушының «Шығармалар жинағы» 2006 жылы алты том болып, 2014-2015 жылы екінші рет сегіз том болып қайыра жарық көрді. Соңғы басылымның беташар бетіне: ҚР Мәдениет министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді...» делінген анықтама берілген. Қысқа да нұсқалы әрі түсінікті бағалау: әлеуметтік сұранысқа орай дейміз...
Ескертер жайт: Медеу Сапаұлы 2016 жылдың қаңтарында 80 жасқа келеді. Бұл енді қазіргі заманда екінің бірі жете қоймайтын биік меже әрі ол 42 жыл бойы ядролық жарылыс дамылсыз дүңкілдеген, жерінде радиация бөлшектері бықыған, ауасы да әбден ластанған, суы радионуклидтермен былғанған қасіретті Семей елінің тумасы, күллі өмірін Ертіс жағасында өткізіп келе жатқан бейнетқор пенде. Ғажапты қараңыз: Медеу ақсақал өзінің сексен жылдық мерейтойын «Семей қасіреті» атанған, көлемі 60 баспа табақтан астам, жантүршігерлік суреттермен безенген, қалыңдығы силикат кірпіштей, 900 бетке таяу қалың кітаппен қарсы алып отыр. Айтуынша, осы кітапты ол Алматының Онкология институтында өзіне бұдан үш жыл бұрын жасалған ауыр отадан соң, ядролық полигон таратқан, күллі жерлестерін қынадай жаусатқан қасіреттің бет-пердесін айқара ашу үшін жазған. Бұл да нағыз азаматтық ерлік! Сол кітап та шыншылдығымен, көпшіліктен жасырылған сойқаны мол оқиғаларды, қызмет бабымен соны бүркеушілерді (әскерилер ғана емес) бадырайта атап, яғни өз ортамыздан шыққан тума сатқындардың халқына жасаған қылмысын әшкерелеумен толғанған...
Мұны да біз күрескер, шыншыл жазушының сексен жастың өріне шығардағы ерлігі деуге пейілміз!..
Серік НЕГИМОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет