Теңізден терең сырыма. Әрі қарай тойынған, тоғышар жұрттың суреті.
Төрдегі өңшең отырған Топырым, топас, күшіген, Жау айынбас күшінен, Ел түңілген ісінен, Дулат келсе бермейді Төрдің орнын сырыла [114, 102 б.]. Ақын Кеңесбай, Ақтайлақ, Аққожа сынды ел жақсысын, бұрынғы күннің әділ бекзаттарын іздейді; Әлгі топас топтың ұрыға құрық беріп қойып дүниені бұзғанын жылап жеткізеді.
Келесі түйдекте Сүлейменнің ішін аша сөйлейді. Төрені Хақназар Хандай биге теңейді. Сырға берік сырбазым, адалсың, сыбызғының күйіндей сырлысың, алтын зерлі тереңсің, бекзатың, дұшпаныңа қаттысың, сабазсың деп сүйінеді. Үдете сөйлеу; жыр үлгісіндегі әсіре, ашық сөзді дыбыс қуалау арқылы жандандыра түседі.
Аруақтың артқы сарқыны Адал бекзат туысым, Айтарыңды байқасам, Алтын зерлі түбімсің Ауыл-аймақ көршіңе Алтынның айшық буысың. Әділдігің – қазақтың Ақназардай биісің, Адалдығың аңқылдап… Ақын қайтейін, сен қандай асыл болсаң да заман жаман; жау айыптар күй жоқ, өзгеріс әкелер күш жоқ. Ендігі іс көну, шыдау деген сарынға көшеді. Бұл сарын – аса таныс сарын. Зар заманның күйі. Оның ақындарының ортақ үні.
Енді қазақ ел болмас, Күні өтіп, айы асқан. Дәрігері дарын бола да, Ауруға ем қонбас, – деп Дулат ақын өз заманының қасірет, қара үкімін шығарады. Сол заманның арпалыс беталысын, не жайда, не күйде жылжып кетіп бара жатқанын азғана сөзге сыйғызып ашады. Осы тұста Дулат ұзақ-сонар не болып, не қойып жатырды термелемейді. Күрделі, бір шолғанда ұғымға сыймас поэзия тілімен сөйлейді. Баяндап, бадырайтып тізбейді.Өзің сез, өзің байқа, өзің көр дейтіндей. Өлең тілі ойдың теңізіне батып кетеді. Аз ғана сөздің ішіне заманның бар күйі, қам-қажеті, күдігі, үміті былайғы ұстанар бағыты жымы білінбей, жібі көрінбей қоса өріледі. Бүкіл дүниесі, елінің мінез-болмысы, жасап жатқан тіршілік түрі бәрі түскен азғана жыр жолы Дулат ақынның шеберлік иірімдерінің шым-шым тереңге тартқан қалпын айтады. Айғақтайды. Ашады.
Мүйіздескен сиырдай Байласаң бас жіп жетер ме? Еңбегің еш, тұзың сор, Қайратың селге кетер ме? Толқынды теңіз заманнан Сенімді кеме болмаса, Жел қайықпен өтер ме? Елің үшін еңбек қыл, Отыра берме бекерге, Көмбеге таяп қалғанда Жүйрікке көздеп жетер ме [114, 103 б.]. Ендігі заманның саяси тұрқы келесі түйдекте әсіресе айдың. Енді ақын не болып, не қойып жатқанын тіл өткірін жұмсап отырып көрсетпек.
Аяз қысса мүйізді, Мүйіз қысып тұқылды, Қанталаса тұқылың, Алпыс екі тамырың Қаусап қалған сықылды. Ұлық қысса ұлықты, Ұласып мидай былықты: Атқа мінер ауылда Итше ілініп ылықты Орыстың көрсе ұлығын Қызғандағы қылықты. Ұлық кетсе, қазаққа Қорқау қасқыр құлықты [114, 103 б.]. Дулаттың шеберлігін бірер шығармасының төңірегінде түгендеу мүмкін емес. Оның ақындық айбыны, өлең әлемі жөнінде ғалым-зерттеушілер; жалпы өлең сөзге талабы жоғары қазақ дейтін халқы қай уақытта да аса жоғары баға беріп келе жатқаны даусыз ақиқат.
М. Мағауин Дулат ақындығы жөнінде мынадай кесімді ой айтты. “Дулат қазақ халқының, бүкіл түрік халықтарының ескі шежіресінен жақсы хабардар, көне ақын, жыраулар мұрасын жете таныған, оның озық қасиеттерінен нәр алған кең тынысты ақын еді. Дулат жырларының күш-құдіреті оның көркемдік қуаты, мазмұн байлығымен қатар, замана келбетін бар бедерімен көрсете білген шыншылдығында” [72, 245 б.].
Х. Сүйіншәлиев “Абайдың ел пысықтарын, болыстарын бейнелеулері, әрине Дулаттан әлдеқайда ілгері, сөйтсе де бұлардың арасында еш байланыс жоқ деп айтуға болмас еді”, – дейді [22, 72 б.].
Х. Сүйіншәлиев Дулат шеберлігін әу бастан-ақ айғайлап айтып шыққан ғалым. Дулаттың шеберлік қырының бір айқыны, өткірі – ол адам кейпін жасауы. Ауыз әдебиеті үлгісін де пайдаланады, көне жыраулар мақамын да ұшыратамыз.
Сурет сызуы ғажап. Лықсытып мал айдау. Әсіресе туған жердің бейнесін үлкен пейзаж шеберінен артық сызбаса, асыра жеткізбесе – кем емес. Ақжайлау мен Сандықтасқа, Аягөз өзеніне арнаулары тылсымның тілі. Үндемей мысыңды басып, тапжылтпай табындырып тастайтын құдіреттің тілі. Сол керемет Сандықтастың, түн асса тұтам түгі өскен құт мекеннің ертеңі – қараңғы. Зар мен Шер. Қасірет уы.