Мәдібаева қанипаш қайсақызы



бет48/85
Дата17.10.2023
өлшемі1,9 Mb.
#116791
1   ...   44   45   46   47   48   49   50   51   ...   85
Байланысты:
Мадибаева-Қ.XIX-ғасыр-әдебиетінің-қөркемдік-дамуы-Оқу-құралы-2007ж.

Адамға қарсы хан болдың
Белшесінен батырған,
Шілдеде мұзды қатырған,
Толыны төгіп шайқаған,
Берілді тізгін ылаңға.
Мұндай тұстарда ақын жалпы сарынмен кетпейді, нақтының түп етегінен ұстайды. Жаман, жақсы деп, ақ, қара деп қайыра салып өте бермейді. Жаманның жамандығын, әрекет, пиғыл қимылын суретке сызғандай көзге көрсетіп, қолмен сипағандай сезіндіріп отырып жеткізеді. Тұтастың жеке құбылыстарын тізбелеп отырып, жалпыны содан шығарады. Бұл әдістер әсіресе “О, Барақ жас, Барақ жас”, “Сүлейменге”, “Кеңесбайға”сияқты өлең жырларында анық.
О, Барақ жас, Барақ жас,
Жегенге тоқ ішсең мас.
Жақсы болса ұлығы,
Өз елін жаудай таламас.
Алтын еді бір күнде,
Ағаш болды тұғырың,
Тыюсыз тентек төлеңгіт,
Шығарды елдің ұрлықпен.
Адамға қарсы хан болдың,
Тентекті сүйеп неғұрлым.
Азған сені көргенде
Қайнайды менің дығырым.
Өгізі болдың жегілген,
Арамдыққа егілген.
Айдайтұғын шығырың.
Құрық бердің ұрыға,
Момынды алдың қырыңа.
Малсыздарды топтадың,
Малдыларды жақтадың.
Тентекті жасқап қақпадың…[114, 106 б.]
Дулаттың жыр, сөз өнері, ақындық, өлең жайлы туындылары сұлулығымен, сөз сиқырын уысына сыйғызған өнер құдіретін ашып жеткізудегі шеберлікпен айрықша алабөтен көрінеді. Ақын жаны қандай, оның қымбаты мен қызығы, өксігі мен мұңы не? Өлең деген қандай құдірет? Дулат осыны жеткізеді. Осыны ашады.
Жырымды менің сұрасаң,
Сары алтынның буынан
Сырымды менің сұрасаң,
Тұманның тұнық суынан.
Кеудемде қайғы толған соң,
Тұнық жырмен жуынам,
Сорғалаған нөсердей,
Жырын тыңда Дулаттың,
Айдасаң алыс жерімді,
Алсақ ашуы терімді,
Өзіне өзі сенімді,
Тоят тос, торай бермейтін
Тұлпар аттай қунақпын.
Сана құйып ойыңа,
Қуат беріп бойыңа,
Аққан жасы сел болған,
Етегі толып көл болған,
Беріш боп шері байланған
Ұйқы беріп, қайғы алған.
Қайғылыны уаттым.
Гауһардай дүрі бұлдаған,
Сарқырап аққан жылғадан
Жыр арнасы суатпын.
Жыршылардың шәйірі
Асыл сөзді езбеген
Нысананы дәл басып,
Қалаған жерге көздеген…[114, 107 б.]
Дулат: “сөз – жібек жіп, жыр – кесте”, – деп өлең бағасын, бар сиқырын, сұлулығын екі ауыз сөзге сыйғызды. Дулат бірнеше мысал шығарған “Бір патшаның бір кезде”, “Сарышымшық”, “Қара қарға жем тілеп” сияқты мысалдарының меңзейтіні негізінен адам баласының тірлігі. Дулат өз уақытының сұмдықтарын тұспалдап, жұмбақтап жеткізудің де асқан шебері. “Қорқытып жейтін момынды сауысқан көп қазақта”, – дейді ақын.
Дулат заман күйін жеткізіп, мінін бадырайтып ашып айтып отырып, ендігі күй не болмақ дегеннің қисынды жолдарын алға тартады. Өнер, білім, оқудың қажетін жеткізеді. Бұл құбылыс – қазақ қоғамын тығырыққа тіреген көп сұмдықтардан кейінгі жылт етіп, шыңырау түбінен көрінген сәуле еді. Кейінгі, жан сақтап, елді аштан алып шығудың жолы – өзіңді билеген жұрттың сырын біл, тілін біл, жеткен биігіне ұмтылудан туған ағартушылық бағыттың алғашқы нышандары еді. Дулаттың “Еспембет” дастаны “Қалмақ-қазақ қырғындарындағы ел қорғаған батырдың тұлғасын қараңғыға қамалған халыққа сенің осындай ерлік дәстүрің бар еді, мынадай ерлігің бар еді, басылма, серпіл деген мақсатта туған шығарма. Ер намысы мен ел намысы бір болға тарихтың арғы парақтарын қайта ауыстырып отырып, намысқа ши жүгірту. Жігерді шыңдау.
Дулат өлеңінің қазақ поэзиясындағы алатын орны туралы құнды зерттеу жасаған ғалым Құлмат Өмірәлиев ақын бағасын аса берік негізді тұжырымдармен айқындады. Дулат өлеңдерінің де өлшем-өрнегі, құрылысы жағынан өзіне дейінгі поэзия үлгілерінен көп бөлек… Дулат не қазақ поэзиясында бір кезде болып, келе ұмытылып кеткен үлгі-өрнектерді жаңғыртып, жаңартып пайдаланады, не бұрыннан барды жетілтіп, дамытып пайдаланады.
Қ. Өмірәлиев Дулат өлеңдерін композициялық жағынан үш топқа бөлді. Бірақ оның өзі де шартты екенін, бір өлеңде кейде бірнеше өлшем, үлгінің қатар жүретінін ескертті.
Терме өлең: 2. Ұйқасты жолмен синтаксистік құрылысы сәйкес келетін шумақты өлең: 3. Ішкі шумақты ұйқасы әрі шумақ аралық ұйқасы бар ұйқасы тұтас өлең
Дулат өлеңдеріндегі өзгешелік, жаңалық сипаттарды жеріне жеткізе талдай келіп жасаған ғалымның мына бір тұжырымды да аса қызғылықты, әрі қарай қазбалай түсуді қажет етіп жатқан, ғылым үшін құнды тұжырым.
“Дулат ақындық құрған кезде ауыс-түйіс жасалуы мүмкін әдебиет – таяу шығыс әдебиеті мен түркі, түркі-татар әдебиеті болды. Ал Дулат жасаған жоғарғы өлең түрлері бұл әдебиеттерде ол кезде болған емес. Бұларды ақын қазақтың ауызша поэзиясы туғызған үлгі-түрлерді жетілдіру негізінде жасады” [31, 162 б.].
Дулат он тоғызыншы ғасырдың орта тұсында жасаған қазақ әдебиетін туғызушы тұлғалардың ішіндегі әрі ауызша, әрі жазба түрде жыр тудырған, заман, ел күйін толғаған, айтқаны кейінгінің де қымбаты болып қалған, қала беретін тағы бір биігі. Тұнығы.
Дулаттың әдеби мұрасын бағалауда ғылымда қилы пікірлер болды. Саяси тұрғыдан бағалаумен бірге Дулат поэзиясының мен мұндалап тұрған айырмашылықтарына да назар аударылып отырды. Саяси тұрғыда бағалау қалай болғанына қарамастан Қажым Жұмалиев Дулаттың әдебиет тарихындағы орнын, оның шығармаларының көркемдік ерекшеліктерін дөп басып айтады. “Қандай ақын” қандай жазушыны болсын әдебиет тарихына енгізгенде және бір керекті шарт – оның қалдырған көркемдік дәрежесі, айтайын деген ойын терең мағыналы, образды түрде айтып бере білуі. Бұл жағынан алғанда да Бұхардың, Дулаттың шығармалары сын көтере алады.
Мұның екеуі де тілге бай ақындар. Өз кезегіндегі тіл қорын толық меңгеріп, пайдалана білген не алуан көркем образдар, шешендікке құрылған қанатты сөздер кезедеседі. Кейбір сөздері қазір архаизмге айналғандары да рас. Бірақ, әдеби тілдің даму жолдарын салыстыра зерттеушілер үшін керекті де. Образ динамикасы – тілшілердің де, әдебиетшілердің де әлі қолға алмаған, бірақ зерттеушілерін күтіп отырған мәселе десек, бұл жағынан да Бұхар, Дулат жырларының мәні зор [93, 214 б.]. Ғылым Дулат поэзиясындағы дәстүрлі жыраулық өнер сипаттарын көре отырып, мынандай тұжырым жасады. “Сонымен қатар, Дулат өз кезегіндегі ақындардан өзгеше, өзінің стилі, өзіне тән тіл ерекшелігі бар ақын екендігі байқалды.
Мысалы:


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   44   45   46   47   48   49   50   51   ...   85




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет