Арғы атасы қажы еді,
Бейістен татқай шәрбәтті.
Жарықтықтың өнері.
Айтуға тілді тербетті.
Адалдық, ақыл жасынан
Қозғапты, тыныштық бермепті.
Мал түгіл жанға мырза еді.
Әр қиынға сермепті.
Мұңды, шерлі, жоқ-жітік
Аңсап алдын кернепті.
Бәрінің көңілін тндырып,
Біреуін ала көрмепті.
Әділ, мырза ер болып.
Әлемге жайған өрнекті.
Тәубесін еске түсіріп,
Тентекті тыйып, жерлепті.
Қазақтың ұлы қамалап,
Іздеген жүзік көрмек-ті.
Ақылынан ап қайтқан
Өлгенше болар ермек-ті.
Ол сыпатты қазақтан
Дүниеге ешкім келмепті.
Өлмейтін атаң қалдырып,
Дүниеге көңлін бөлмепті.
Жарлығына алланың
Ерте ойлаған көнбек-ті.
Олар да тірі қалған жоқ.
Тірлік арты өлмек-ті.
Оны да алды бұл өлім.
Сабырлық қылсаң керек-ті.
Әбіш: “Жасқа жас, ойға кәрі еді”
Көргені мен білгені
Жүзге келген шалдан көп.
“Көзге қамшы тигендей
Шыр айналды артқы жас”
“арман деген ащы сол”.
Абайдың Оспанға, Әбдірахманға арнауларында жоқтау жанрының дәстүрлі ерекшеліктері ұсталынбайды.
Дәстүрлі қолданыстар, жоғалтқан жанды арысым, боздағым деп келетіндей, мәселен Махамбеттің Исатайға арнаулары жоқтаудың дәстүрлі үлгісі. Зардың, шердің, дәстүрлі лексикасы, ауыз әдебиетіндегі үлгісі Абайда жоқ. Адамшылық қасиетін, кісілігін, қоғамын айтады, байсалды басқаша байыппен, тоқтаммен айтады.
Алланың ісіне тоқтам. Бұл жерлерде Абайдың өмір мен өлім жөніне исламият жөнімен данагөйлік тоқтаммен келуі байқалады.
“Өмірін берген құдайым
Ажалын да беріпті”.
М. Бөгенбай өліміне жоқтау, тоқтам бөлек – орта жүзде қатын көп. Батыр ұл туады дейді. Исламның ықпалы бұларда көрінбейді.
Тағдырына тәбдил жоқ,
Тәубе қылсаң керек-ті”.
Абайдың мұсылманшылыққа ықыласы “Әбдірахман өлген соң өзіне айтқан жұбатуында да” көрінген.
“Мұсылманға қоймаған
Орынсыз жанжал шатақты,
Ерегіскен жауларын
Кісен салып матапты.
Зекет жиып егін сап,
Тойдырған ғаріп жатақты.
Ескендір, Темір, Шыңғыстай
Мұсылманда атақты
Мұқым қазақ баласы
Тегіс ақыл сұрапты
Тобықтыны ел қылып,
Басын жиып құрапты,
Меккеде уақып үй салып
Пәтер қып, жаққан шырақты.
Бір құдайдың жолына
Малды аямай бұлапты.
Ажал уақыт жеткен соң,
Соның да гүлі қурапты.
Қажыны алған бұл өлім,
Сабыр қылсаң керек-ті.
Ұмытқаның жарамас,
Жаратушы құдайды”.
Абайдың анық жоқтау үлгісінде келетін арнаулары кезінде өзіне айтқан, Мағышқа айтқан жұбатуы. Баласы өлген анаға шығарып берген жоқтауы:
Көз жұмғанша дүниеден
Иманын айтып кеткені-ай!
“Бейсенбі ме бүгін?” – деп,
Жұмаға қарсы өткені-ай!
Жер күңіреніп, жұрт шулап,
Ағайын түгел жеткені-ай!
М. Әуезовтің Абай өлеңін талдаудағы қайсыбір сөз тіркестері мынадай боп келер еді: “ойшыл, мұңды, шебер өлең”, “ызалы сыншылдық”, “мысқыл мазақ”, “сыншылдық соққысы”, “алыс өріс”, “шынайы ақындық шабыт үстіндегі шарқ ұрарлық, өскелең халді ашады”, “сыншылдық зәрі”, шебердің сараңдығымен берілген тамаша сурет аса бір ұстамды ұқыптылыққа бағынады.
Абайдың өлеңін ішінен алып талдауда Мұхтар Әуезовке ілесетін Тәкен Әлімқұлов. Осы аталған тіркестермен туыс аса сыйымды, аса тапқыр, аса сұлу оралымдар Тәкен Әлімқұловта да мол. Өлең жаратылысы туралы көп зерек сөздерді тауып айтқан зеттеуші Абайдың поэзиясы жаныңа құйған нұрдың, жылы қуаттың әсерін баянды етуге барын салады.
“Бұл – күңіренген күй, шалқыған сөз”, “Болмысы байтақ ақын қалай салсаң солай ағып кете береді”, “Абайдың ұстагерлігі”, “Шеңбері үлкен, тынысы кең шумақ”, “тіркес тізу, сөз қалау”, “сараң поэзия деп осындайды айтамыз”, “Поэзия сәл нәрседен жүнжіп, сәл нәрседен құлпырып шыға келеді”, “Оның бұрқыраған қуатына іштен шалғыш әдіскерлік қосылады”…
Тәкен Әлімқұлов Абай әсемпаздығын ғажап талдайды. Ынтық, сұңғыла сезіммен қабылдап, жеткізеді. Асыл сөз, айшықты сөз, тереңді ой иірімі көп. Өлеңді таныту, талдау өнері артық, бөлек. Ішіне еніп, асылы мен табиғи жарқылын тұтас сезініп тұтас танып айтудың кілтін тапқан.
Т. Әлімқұлов эстетика категориясының қазақ арасында орнығуын Абаймен байланыстырып, себебін ғылыми негізді уәжбен бекітеді.
“Эстетика дегеніміз – әлеуметтік-қоғамдық ой өрісінен, философиядан, социологиядан, моральдық-этикалық қағидалардан құнарланған әсемдік ілім. Бұл ілім көркем творчествоның тарауларын талдап, табиғатын жете тануға қызмет етеді. Өрісті, үлгілі, озық әдебиеттерде әлдеқашан құнарлы да қажетті салаға айналған эстетика – қазақтың бергі замандағы жазба әдебиетінде Абайдан туындаса, бұнда тарихи сыр жатады, дәуірдің ділгерлігі жатады” [90, 48 б.].
Осы ойдың жалғасқан тиянағының бірі мына пікір. “Көркем творчествода, оның ішінде әсіресе поэзияда интуицияның, субъективтік жәйттердің нұсқасы лақпай, қаңғырмай, жетімденбей қоғамдық заңдылыққа жарасты ұласып, объективтік шындыққа қызмет етеді. Қазақша айтқанда, “қырық кісінің” көкейінен шығып, “қыңыр кісінің құтын қашырады”. Осы шындық Абайдың туындысынан анық ашылады [90, 50 б.].
Т. Әлімқұловтың “Жұмбақ жан” зерттеуінде Абайдың алдындағы әдебиет үлгілері кәнігі әдебиеттанушының зердесімен жүйленіп беріледі.
ХІХ ғасырдағы әдебиет үлгілерін қарастыруда бұл пікірлер елеусіз қалмауы керек. Соған қоса Т. Әлімқұлов Абайдың жаңа жазба әдебиетке, қазақ әдеби тілінің қалыптасып, дамуына қатысын жалпы айтпайды, нақтылы сөйлейді. Барлығына бас шұлғып, Абайға теліген ғылымдағы сыңаржақтықтан сақтандырады бәлкім.
Т. Әлімқұлов зерделеуінде “қазақтың ысылған классикасын” жасаған Абай кейде төкпе, кейде бүкпе. Кейде сыршыл, кейде суретшіл. Кейде іңкәр, кейде торыққыш. Кейде әсершіл, кейде байқампаз. Кейде ойшыл, кейде ақылгөй.
Т. Әлімқұлов Абай өмірбаянына қатысты да жан-жақты ізденген. Абайдың пенделік қалпы, өмірдегі ғұрпы жайлы естеліктердің құндылығын баса айтқан.
Абай шығармаларының жанрлық сипаты жайлы Тәкен Әлімқұлов нақты-нақты түйіндер жасайды. Соның ішінде Абайдың поэма жанрына бармау себебін ашып айтқан мына пікірі де аса елеулі.
“Өрісі қысқа өлеңде өлмес дүние жасап кеткен Абайдың профессионалды поэмаға бармауы өкініш. Сыршыл, шыншыл поэма ішті келмек. Геройлардың ішкі әлемі бір қырынан емес, қыруар қырынан көрініс беріп, характері қарекет, қақтығыс, толғаныс үстінде ашылмақ. Қоғамдағы орынның, өрлеу мен құлдыраудың диалектикасы сорғалаған поэзия тілінде түсіндірілмек. Лирикалық шегініс сұлу саз шығарма өрнегіндегі компоненттерді толықтыруға, ақындық концепцияны мүсіндеуге қызмет етпек. Поэма – поэзияның кең жайлауы. Геройларды қалай жарастырамын, қалай қағыстырамын десе автордың еркі. Құр баяндауды, қарекетті іштен ашпай, сырттан суреттеуді, желі селкеулігін, сөз солғындығын поэма көтермейді. Мағыналы нағыз жолдар түйдек-түйдек шумақтарға ұласып, переходтар көркемдік логикаға саяды. Қауқарсыз қара сөз, тереңсіз түсіндірме поэманың құнын түсіреді [90, 93 б.].
Т. Әлімқұлов абайтанудың бір мәселесі есебінде Абайдың аудармасы мен еліктеуден туған шығармаларын жіктеуді қозғады. Абай шығармаларының текстологиясы мәселесінде ащы айтылар дүниелер жеткілікті екендігін көрсетті.
“Ойшыл Абайдың бөгде қолжазба арқылы және ауызша жеткен өлеңдерінің қайсыбірі дүрбімен үңілуді керек етеді”.
“Жазба жаңа әдебиеттің негізін салған Абай Құнанбаевтың” (Т. Әлімқұлов) кітабындағы өлеңдердің берілу қалпына ой қосты. Абайды көзкөрген адамдардың бірталай естелігін жариялатуы да Тәкен Әлімқұловтың абайтанудағы сүбелі үлесінің бір парасы.
Тәкен Әлімқұлов – Абайдың қазақ өлеңіне әкелген түр жаңалығын өлең теориясы негізінде өзіндік тосын таныммен талғам таразысына тарта білген сирек зерттеушінің бірі.
“Қатыны мен Масақбай” өлеңінің жаңалығы неде? (6 буын – 3 буын).
Өлеңнің формасы мазмұнға бағынып туған.
“Қысқа сурет табады да, мысқылдап, мығымдап тұрып алады: а-б-а-б-в-г ретімен келетін шалыс ұйқастары көп аралас жұп ұйқастары қазақ өлеңінде бұрын болмағаны мәлім. Өлеңнің ішкі динамикасынан туған бұндай сыртқы формалар да үлкен жаңалық еді”, – деп келетін таным, байлам Тәкен Әлімқұлов зерттеуінде қою, қалың.
“Абай жаңалығының ең бір батылдығы мен кіріптарсыздығы – өлең жолдарының әуендес болуын шарт қылмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |