Патша боп бұл дүниеге даңқы жеткен. Отыз ұлы бар ғой деп көптік ойлап, Құдайым отызын да әлек еткен… Жылаған Дәуіт патша тоба қылып, Өзінің бенде екенін сонда біліп, Мұнан соң Тақ Сүлеймен туды дейді, Отыз ұлға бір өзін жора қылып, – дейтін өлең шумақтарының сыры мол”.
Ш. Сәтбаева: “Сөйтіп, қазақ ағартушысы дүние жүзі халықтарының көбі әңгіме еткен аңызға айналған тарихи адамдар туралы өлеңдер, әңгімелер жазып, онда өз көзқарасымен қатынасын анық білдірді. Мұның өзі Ы. Алтынсарин мұрасының шеңбері айтарлықтай кең, өрісі биік қазына екендігінің тағы бір айғағы, тағы бар маңызды қыры”, – деп жазды [97, 282 б.].
Ыбырай Алтынсариннің көркем туындылары жанрлық, стильдік жақтан біршама зерттелді. Ыбырайдың жазудағы үлгі, өнеге мектебі мәселесі де белгілі бір дәрежеде қарастырылды. Қазірде сол негізде қамтылған мәселелерді жүйелеу арқылы Ыбырай Алтынсаринннің қазақтың жаңа жазба әдебиетін қалыптастырудағы орнын айқындай түсудің жолдары ашылып отыр.
Б. Кенжебаев Ыбырай шығармаларындағы жаңа үлгілерді бағалап, саралауда Алтынсариннің қазақ әдебиеті тарихындағы орны жайлы тұтас хабарлама жасайды. Ал сол ерекшеліктің ішкі мазмұны ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің жаңа сапаға ойысу тарихындағы көп көркемдік әдіс-тәсіл, шеберліктің көп сырын бүгіп жатқаны даусыз.
Ыбырай Алтынсариннің “Қазақ хрестоматиясындағы” сөз қолданыс, стиль, жаңа жанрлар қазақтың жаңа жазба әдебиетінің, әдеби тілінің бар саласында да жалғасын тапты.
Қазақтың бұрынғы ауызша әдеби тілі белгілі бір дәстүрлі қалыптарға, шектеулі баяндауларға байлаулы болу жағы көбірек болса, Ыбырай Алтынсарин өз жазбаларында қазақтың қара сөзінің жаңа тынысын ашты. Ұрпағынан ұрпаққа мұра болатын ұлы тілдің, сұлу тілдің жаңа сәнін тапты, сапасын көтерді.
Дәстүрлі құрылымдардың құрсауында бұлқынған жанды тілдің өмірдің алуан түсін, тіршіліктің бар сәтін, ой-сан күйін, жанды қалпын жеткізудің толып жатқан тәсілдерін Ыбырай, сөз жоқ, ең әуелі сол ана тілдің өз мүмкіндігінен тапты. Тапқанда да өзі үлгі еткен орыс, еуропа әдебиетіндегі үрдіс үлгісін шеберлікпен, ұтымды, оңтайлы, жатық, қазақ тілінің құрылым, құбылу заңдылықтарына емін-еркін енгізе отырып тапты. Мәселен, қазақтың жаңа жазба әдебиетіндегі диалогтың алғашқы үлгілерін Ыбырай Алтынсарин, сөз жоқ, аударма шығармалардан барып шығарды. Яғни, қазақ сөзіне орыс үлгісін аудару арқылы жаңа өріс ашты.
Күнделікті өмірдің бар қалпын, тіршілік әрекетін көзге көрініп тұрғандай етіп, бейнелі суреттеу әдістері орнықты.
Нақтылы сурет жасау, шын құбылысты қаз-қалпында жеткізу, берудің төселген шеберлігі де қазақтың жазба көркем әдебиетінде осы аудармалардан бастау алады.
Ыбырай тілінің халыққа ұғынықтылығы, тазалығы, қарапайымдылығы көп айтылады. Қарапайым болғанымен, қарабайыр емес. Қара сөздегі сөзге жан кіргізу үрдісі де, біздіңше, Ыбырайда аударма үлгісінен өріс алды.
Қараңыз: “Күндерде бір күн Сәтемір далада ойнап жүріп, бір ескі тамның түбінде шаршаған соң сүйеніп, жан-жағына қарап жатса, бір аяғы ақсақ құмырсқа тамның төбесіне қарай өрмелеп барады да, орта шеніне барғанда құлап түседі: тұра салып тағы да өрмелейді, – манағыдан гөрі жоғарырақ барғанда тағы құлап түседі”.
Ыбырай Алтынсарин қазақ әдебиетінде адамның портретін жасау үлгісін қалыптастыруында орыс әдебиетіндегі үлгілерден үйренгені даусыз, алайда құр еліктеу арқылы мынадай нақты сурет, нақты қалыпты беру шеберлігі бойында өзіне дарыған бөлек дарыны жоқ жай жазушының қолы емес екендігі анық. Мына бір суреттемеге қараңыз. Кәдімгі, отырған адамның жанды кейпі.
“Жәнібек батыр бала күнінде ақыл-білім үйрену үшін Қаракерей Соқырабыз дегенді іздеп келген екен. Сәлем беріп кіріп келсе, қарттықтан екі жағын жібекпен таңып отырған кісі екен”.
Ыбырай әңгімелерінің дара сипатының бірі сурет жасаудағы шеберліктен көрінеді. Ыбырай әңгімелеріндегі жанды, нақты сурет тіршілік қалпын, табиғат көрінісін баяндау арқылы жеткізудің тиімді тәсілі.
“Бір мезгілде жақын жерден қасқыр ұлыды; алысырақта өгіз-шағала адамша шыңғырып, біресе жылаған балаша, біресе қарқылдап күлкен адамша, әр түрлі дауысқа салды”. “Күншығыста таң әуелі алтынмен бояғандай қызарып, жан-жаққа жайыла-жайыла барып, ақыры қызылы тарап ағара бастағанда, Үсен Асанды да оята бастады”.“Су әдемі, айнадай таза су екен, ішіндегі ойнаған балықтары көрініп жүретұғын”.
Ыбырай Алтынсариннің қазақ тарихындағы елеулі еңбегі ағартушылықпен байланысты болды. Сол бағытта Ыбырай Алтынсарин қазақ балаларын оқытатын мектептерге арнап оқулық еңбектерін жазды. “Қазақ хрестоматиясы” қазақ баласына өнеге үйрету құралы болумен бірге, ХІХ ғасырдағы қазақтың жаңа жазба әдебиетінің жанрлық негізін салды, қазақтың жаңа жазба әдеби тілінің стильдік арналарын ашты.
Бұл жөнінде қазақ филологиясында ыбырайтанудың көкжиегін кеңіткен көп құнды тұжырымдар жасалды. М. Әуезов, С. Сейфуллин, Қ. Жұмалиев,
Б. Кенжебаев, Б. Сүлейменов, Ә. Дербісәлин, Х. Сүйіншәлиев, Р. Сыздық,
Б. Әбілқасымов, С. Хасанова, Б. Ысқақов, М. Жармұхамедұлы, т.б. ғалымдардың Ыбырай Алтынсариннің жаңа жазба әдебиет жанрларын жасаудағы, қазақ тілінің тазылығы, қазақтың жаңа жазба әдеби тілін қалыптастырудағы орны жайлы айтқандарының негізінде осы мәселені жинақтай түсуге, сол арқылы Ыбырайдың жазушылық еңбегінің ішкі иірімдеріне үңіле түсуге мүмкіндік туып отыр.
Ыбырай Алтынсариннің көзін көрген, өнегесін үйренген ізбасары Ғабдолғали Балғынбаев өзінің “Естелігінде” Алтынсариннің мұғалімдерге байлығы жағынан да, стильдік құрылысы жағынан да татар тілінен кем түспейтін, аса бай тілімізді әлі де болса дамыта түсу керек, қазақтың мақал-мәтел, жұмбақ, фольклорындағы қанатты, нақышты сөздерінің бар негіздеріне дейін меңгеру керек, содан үйрену керек деп үйреткенін айтады. Ыбырай бұл сөздерді айтып, насихаттап қана қойған жоқ, оларды өзінің төл шығармаларында шебер қолдана білді дейді.
Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық қызметі басталған тұста қазақ тілінің өркениет тіл болу мүмкіндігі аса шектелген уақыт еді.
1869 жылы белгілі шығыстанушы ғалым В.В. Радлов: “Қазақтың таза жазба тілі жоқ, өйткені қазақтарды оқытқандардың көбі татарлар еді, олар бұл тілді шала біледі де, “қойыртпақтап” сөйлейді, сондықтан сауатты қазақтар татарша жазатын”, – еді деп көрсетті.
Ыбырайдың заманында қазақ тілі П.М. Мелиоранскийдің: “…қазақтың жазба тілі мен сөйлеу тілінің арасында көп айырмашылық бар екенін байқаймыз” деп жазғандай күйге түскен еді.
Ыбырай Алтынсарин қазақтың таза жазба тілін, жаңа әдеби тілін халықтың рухани тағдырының белгілі бір кезеңінде қалыптастырудың тарихи миссиясын атқарды. Ол халық әдебиетінің үздік үлгілерін тасқа басып шығарып, рухани айналымға түсірді. Кейінгіге жеткізді.
Ол туған тілінде, өзінің тарабынан мақсатты түрде неғұрлым қырланып, қалыпқа түсіп жөнделген халық тілінде көркем шығармалар жазды. Көркем аударма тілін қалыптастырды. Ол таза қазақ тілінде тұңғыш оқулық шығарды.
Сонымен бірге Ыбырайдың тіл тазалығы үшін күрес нәтижелері оның “Шарият-ул ислам” еңбегінде де өріс тапты. Ыбырай таза қазақ тілінде қолжазба газеттің бір 1-нөмірін шығарған (“Қазақ газеті”, 1880 жыл).
Ол қазақ тілінің ғылыми грамматикасын жасаудың басында тұрды…
Ыбырай Алтынсариннің ХІХ ғасырдың бел ортасында, ана тілінің басына бұлт үйірілген заманда қазақ тілін қорғау, сақтау, дамыту жөніндегі тарихи еңбегі филология ғылымында жан-жақты қарастырылып, зерттелді. Сонымен бірге бұл мәселенің қайсыбір, әлі де дамыта зерттеуді қажет етіп жатқан тұстары аз емес. Мәселен, Ыбырайдың “Шарият-ул ислам” атты оқу құралының тілі әлі зерттелген жоқ. Академик Рәбиға Сыздықованың Абай тілін зерттеуі, Абайдың қара сөздерін жанрлық, стильдік жөннен зерттеуі деңгейінде Ыбырайдың аталған шығармасы да тілші, филолог ғалымдар тарапынан арнайы қарастырылуының қажеттілігі айқын.
Ыбырай Алтынсариннің өзіне тән жазба стилінің бастау бұлақтарының басы айқын арнасы – ана тілі, туған халқының дәстүрлі әдебиеті, сонымен бірге Ыбырайдың жазба тіліне классикалық орыс әдебиетінің әсер-ықпалы да аса айқын.
Ал, Ыбырай Алтынсарин орнықтырған жазба тілдегі шығыстық, ортағасырлық түріктік, ХІХ ғасырдағы кітаби тілдің үлесі жайлы қазіргі күнге шейінгі зерттеулерде мүлде қозғалған жоқ деуге болады.
Ыбырай тіліндегі, қазақтың жаңа жазба әдеби тіліндегі көп сипат осы уақытқа шейін негізінен орыстың классикалық әдебиетінің ықпалымен сабақтастықта қарастырылды.
Ыбырайдың жазба тілі орыс әдебиетінен аударма арқылы да ысылды; сол әдебиет үлгілеріне орайластырып жазған шығармашылық баяндауларында да ұмтыла түсті.
Ыбырайдың тілінде орысша оралымдар кездесетіні кездейсоқ емес. “Ол кемпір қастықпен өлтіруге ойлапты” (“Алтын айдар” ертегісі). “Менің бір дос адамым әңгіме етеді”, т.б. (“Надандық” әңгімесі). Кейінгі қазақ әдеби тілінде орысша сөйлем құру үрдісі де өз орнын тапқанын ешкім де жоққа шығармайды.
“Ыбырай Алтынсариннің тілі мен стилі” зерттеуінде тілші ғалым Секерхан Хасанова Ыбырайдың тілі мен стилі қою боямалықтан аулақ, ойнақы болмай, әрдайым ұстамды, оқушының ой-сезім, қабылдау қабілетіне лайық келетін ерекшелігін бөліп айтады.
Ыбырай өзінің шығармаларындағы бейнелеу тәсілдерінде, көркемдеу құралдарында төселген, ысылған шеберлік танытқан суреткер. Оның шығармалары теңеуге толы. Күрделі, құрамды эпитеттер сөздің әсер күшін, кернеуін арттырудың бір тәсілі. Ыбырайдың баяндауы бейнелі. Ыбырайда ұстамды, орынды өрнектелген сөз айшығы, шираққан шендестіру, астарлы метафора да аз емес. Бірақ тым әлеміштен аулақ. Сонымен де тым ұтымды. Ыбырайдың өзіндік сөз қолданыстары әлі де кем зерттеліп отыр.
Абай тіліндегі қайсыбір өрнектермен туыс тіркестер Ыбырай тілінде аз емес. Қазақтың ХІХ ғасырдағы жаңа жазба әдебиеті, жазба әдеби тілі мәселелері сөз болғанда Ыбырай есімі Абаймен лайықты түрде қатар аталып келе жатқанымен, олардың тіліндегі, жаңа жазба тіл стиліндегі ұқсастық, өзгешеліктер, айырым белгілер мүлде қарастырылған жоқ. Абай мен Ыбырай қазақтың европалық үлгіні де жатсынбай сіңірген жаңа әдебиетін қалыптастырғаны – тарихи шындық. Екеуінің арасындағы шығармашылық ықпал, дәуір туғызған ортақ көркем сипаттар жалпы идеяларды ғана айтудың ығында қалып қоюмен келе жатыр.
Мәселен, зерттеуші С. Хасанова Ыбырайдың көркемдеу амалының бірі – синоним мәндес сөздердің қатарын табудағы көп ізденгенін атап айтады.
“… Осы сияқты Ыбырайдың синонимдік сөздерді қолданудағы стильдік тәсілін аша түсетін дәлелдер толып жатыр. Соның бірі – мәндес сөздердің плеонастикалық тіркесте қолданылуы: Сөйтіп жан-жағына қарап тұрса, ілгері алдында бір биік қыр үстінде үлкен мола көрінді. Мұндағы ілгері, алдында дегендер – бірыңғай бағытты білдіріп тұрған плеоназм синонимдер. Олар бір-бірімен қабаттасып айтылып, ойды анықтай түседі. Сол сияқты айдынды көлдей; дәулеттің байлығы; ұрып-соғу сөздерін де қатар қолданған” [97, 337 б.].
Осы бір синонимді үстемелеп қолданудың стильдік тәсілі Абайда аз емес.
ХХ ғасырдың басында Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов: “Абай қазақтың дөкір тілін сұлулады” дейді ғой. Сол ұсталықты Ыбырайға қатысты да айту қажет. Мына бір үзіндінің өзінде қазақтың жаңа өріске бет алған, ысылған жаңа жазба тілі, ауыз әдебиетінің, ауызша әдебиеттің тілінен құрылым жөнінен болсын, тігісін жатқызып, көсіле баяндау жөнінен болсын басқаша сөз ұқсату, сөз ұстарту үлгісі.
“Келіп екеуі енді молалы қырға шықты, қараса қырдың жығылар асты үлкен көл екен, көлдің айналасы да, іші де жыңылдаған мал; жағасындағы жібектей жапырылған көкорай шалғынында қора-қора қой мен жылқы, жылқының бір парасы көл ішіне кіріп, белінен құраққа кіріп тұр, енді бір жақ жағасындағы сортаңда бір топ түйе жатыр” (“Бай баласы мен жарлы баласы”).
Сөйлемнің құрылымы бөлек (сол кезең үшін – Қ.М.) Құрмалас сөйлемнің бірнеше түрі салаласа, сабақтаса келген күрделі сөйлем. Біздіңше, осындай мәдениетті құрмалас сөйлемдер қазақтың жазба тіліне орыс әдебиетінен жасалған аудармалар арқылы ауысты. Әрі Ыбырайдан басталды.
Әрине, қазақтың ауызша шешендік тілінде құрмалас сөйлемнің неше бір түрі болды. Бірақ жазба, қалыпты баяндау тіліндегі Ыбырай қолданған құрмалас сөйлемдер болған жоқ. Осы жөнінен де Ыбырай тілі әлі кең зерттеулерге сұранып тұрған тіл.
Ыбырайдың аударма шығармасы болсын, өзінің төл туындылары болсын сөйлемнің алуан түрлі үздік үлгілеріне бай.
“Бір күні тағы сол жолмен келе жатып, бір орта бойлы, арықтау кісіге ұшырасып, жөніміз бір болған соң бірге келе жатқанымызда, манағы Антон алдымыздан шығып қайыр сұрады. …Бай болғың келсе мен саған ақыл айтайын: мен өзім де сендей кедей едім, бірақ сендей тіленшілік қылған жоқ; елден, қала-қаладан қыдырып жүріп әуелі боқтық, салам арасынан, не болмаса жай кісілерден ескі шүберек сұрап жиып жүрдім” (“Дүние қалай етсең табылады?”).
“Бұлақ бір тастақ жерден шыққан, айналасы қалың біткен ағаш жапырақтары бұлақтың үстіне төгіліп, суы мұздай салқын, шыныдай жылтылдап тұрған сонша әдемі, таза бұлақ екен” (“Таза бұлақ”).
Ыбырай Алтынсарин көркем әңгімелерінде белгілі бір мерзім аралығындағы бар әрекетті жинақтап беру үшін бірнеше етістікті (бірыңғай – Қ.М.) еселеп, еселеп, үстемелеп қолданады.
“Жаңа мекен еткен жеріне орныққан соң, Сейітқұл егінді жылдан-жылға күшейтіп, арық басына шығыр салып, суды шығырмен айдап, астықтың (ол күнде бидай, арпа егеді) артығын төңіректегі елге малға айырбас етумен бұлардың малдары көбейіп, бай болды” (“Қыпшақ Сейітқұл”).
Ыбырай шығармаларына дәстүрлі сөз құбылту, сөз айшықтау амалдарымен қатар орыс әдеби тілінің, орыс әдебиетінің ықпалы тек сөйлем құрылымы емес, теңеу, суреттеу, айқындау тәсілдерінде де айқын.
ХІХ ғасырдағы қазақтың жаңа жазба әдебиет тілі, әрине тек көркем қара сөздің тілі емес екендігі белгілі. Бұл тұста поэзияның да сөз жаратуы жаңаға бет алды.
Ыбырай көркем шығармада, өзінің қайсыбір хаттарында, оқу-әдістемелік еңбектерінде, өзі қолмен жазып шығарған (бір ғана нөмірі – Қ.М.) газетінде бір жағынан ана тілінің тазалығы үшін күрес жүргізді. Жалпыға ұғынықты, таза қазақ тілінде жатық жазылған шығармалар тілі бір-бірте жазба тілдегі кітабилықты, шағатайшылаған, ұғымға аса ауыр, жатбауыр, жасанды тілді ығыстырып шықты. Қазақтың тілі қайта тірілді. Кітаптың тілі болды.
Ғылымның тілі, өркениеттің тілі болуға бет алды.
Жалпы осы ақиқатты айтуда асыра сөйлеп, біржақты кетуден де сақ болғанымыз жөн. ХІХ ғасырдағы кітаби жазба тіл дәстүрінің Ыбырайдың жазба тіліне ешқандай ықпалы болмады деу де – қисынсыз.
Бабаш Әбілқасымовтың “Ыбырай мұраларына көбірек көңіл бөлінсе…” атты зерттеуінде Ыбырайдың 1883 жылы Баяділ Кейкин деген кісіге жазылған хаты туралы мағлұмат бар. Бұл дерекке де қазақтың жазба әдеби тілінің қалыптасуындағы бір құнды мәлімет, қажет қисын деп қараған жөн.
“Бұл хат бізге тілдік жағынан да өте қызғылықты. Бұдан біз, біріншіден, Ыбырай тұсындағы жеке адамдар арасындағы хат үлгісін, стилін көрсек, екіншден ұлы ағартушының өз ана тілінің сөз байлығын қалай пайдаланғандығын, ол тұстағы жазба әдеби тіл дәстүрін қалайша сақтағанынан байқаймыз.
…Алайда хат тексінен сол кездегі қазақ қауымы қолданған көне жазба әдеби тіл (түркі) дәстүрі де көрініп қалады.
Бұл, әрине, хаттың кімге арналып отырғандығынан да болуы мүмкін. Өйткені осы мақалада келтірілетін оның өз қолымен жазған қолжазба газетінің материалдарында бұл дәстүр сақталмаған.
Аталған дәстүр емледе с, ш дыбыстарының орнына ш, й дыбыстарын жазып жіберу, түбірге қосымша қосылғанда үндестік заңының сақталмауы сияқты жайттардан көрінеді. Сол сияқты ш орнына ч әрпін жазу, етістіктің шартты рай формасынан кейін -лар, -лер көптік жалғауын қосу, есімшенің -ар, -ер, -р жұрнақтарының -ұр, -үр келуі де дәстүрлі орфографияның заңдылықтары деуге болады” [97, 313 б.].
Бұл жайдан Ыбырай Алтынсариннің өз дәуірінің дәстүрлерімен де қажет кезінде санасып отыру мәдениетін көреміз. 1883 жылы, аталған хат жазылған тұста, Ыбырайдың “Қазақ хрестоматиясы” 1879 жылы шыққанымен де, жазба тілде жаңа қазақ тілін қолдану дәстүрі үрдіске айналмаған, орнықпаған кезең.
Ыбырайдың сол кезеңдегі қазақ тілінің жандануы үшін жасаған шаруасының бірі қазақ тілінде газет шығару болғандығы ыбырайтануда көп сөз болған жоқ. Бабаш Әбілқасымов бұл газеттің жайын егжей-тегжейлі айтып берген бірден бір зерттеуші.
1879 жылы Ыбырай Алтынсарин қазақ тілінде газет шығару жөнінде жергілікті патша әкімшілігік орындарына ұсыныс жасайды. Газеттің бірінші нөмірінің макетін жасап ұсынады. Қазақша – 4 бет, 4 бет соның орысша аудармасы. Газет “Қазақ газетасы” деп (“Киргизская газета”) аталыпты.
Бірақ Ішкі істер министрлігі бұл газетті шығаруға келісім бермеген.
Газеттің мазмұны мен тіліне Әбілқасымов толық сипаттама берді. 4 бөлімді газеттің бірінші бөлімі әкімшілік хабарларға арналған. Бас әкімдер жағынан шыққан хабарлар” деп аталады. Бас мақала – Ыбырай Алтынсаринннің халыққа арнаған үндеу-өсиеті.
“Өнерлі өрге жүзеді” деген бұрынғылардан қалған сөз бар екен. Бұл күнде бақ та, дәулет те, күш те сол мақалды ұмытпай ескерген жұрттарда. Қазақ халқы көшіп-қонып, шаруашылық қылып, болашақ күнді ойламай бейпіл жүріп, бұл күнде бөтен қатар жұрттардан әрбір кемге соғып жүр. Қазақтан бөтен ақ патшаға қарап тұрған жұрттардың қай-қайсысы да болса, еш болмаса өз мұңын, арыдан өзі айта біледі, болмаса қағазбен жазып көрсететін адамдары бар…
Қос, бұл күнде заманымызға қарай мұқтаждық жылдан жылға үйретіп келеді қыс күні үйдің байдалы екендігін. Ал үй салуға кірісейін десек, қазақтың өзінен жөнді терезе, пеш, есік (жасайтын), жөнді үй салатын бір адамымыз жоқ. Өнердің ең жаманы ағаш табақ, аяқ күрек, балта, төрт аяқ арба болса, соларды да өзіміз істей алмай, базардан сатып аламыз. Малымыз бізге есепсіз көп май, жүн, тері береді, олардан өзіміз ешбір нәрсе істей алмай, терімізді 30 тиыннан 3 теңгеге шейін, майымызды 2-3 теңгеден сатамыз. Кент жұрты теріден дереу былғары істеп, өзімізге 2-10 теңгеге шейін қайта сатады. Тіпті жерден илеп, кім болса сол істеп жатқан кірпішті істей алмайды, керек болса не қазақ-орыстан, не естек, ноғайдан аламыз. Осылардың бәрі де оқып, үйреніп байқасақ, кез келген қазақ істейтін нәрселер, бірақ білім жоқ надан болған соң, бізге бәрі де қиын көрінеді [97, 317 б.]. Қазақ қазір сондай күйде, ол тумысында зерек ақылды халық, оқуы керек, мұндай тұрмыстан арылуы керек деген ой – бас мақаланың өзегі.
ІІ бөлімде ел ішіндегі хабарлар, мал бағасы, өрт, ауа райы туралы жазылған.
ІІІ бөлім шет елдердегі оқиғаларға арналған.
ІV бөлім “Таңсық әңгімелер” деген айдармен “Жиренше шешен туралы” әңгімеге арналған әрі мұнда “Қазақ хрестоматиясына” кірген вариантынан біраз өзгешеліктер бар дейді Б.Әбілқасымов.
Ғалым өзі қолымен ұстап, көзімен көріп оқып шыққан газет мазмұнын таныстырған соң, оның тілі жайлы арнайы сөз қозғайды.
“Ең алдымен, газет қазақша жазылып, содан кейін орысшаға аударылғанға ұқсайды. Өйткені қазақша текстердің тілі жатық, өте жүйелі және қазақтың мәнерлі, көркемдеуіш сөздеріне толы…” Мұнан әрі қарай ғалым газеттің таза орыс графикасымен жазылғандығынан кейбір сөздердің оқылуында қиындықтар кездесетінін, қазақ тілінің өзіндік дыбыстарының берілуі жөнін, қайсыбір сөздердің жазылу, тыныс белгілерінің қойылу жөндерін баяндап келіп, газет тілінің лексикасының ерекшелігіне назар аударады.
“Атап айтатын жайт – газет тексінің лексикалық жағынан тазалығы. Мұнда оқымаған қазақ түсінбейтіндей сөздер жоқ деуге болады. Әкімшілік хабарлары жазылған ресми бөлімде ғана бірен-саран орыс әкімшілік терминдері кездеседі, олар да, көбінесе, қазақтың байырғы айту формасында жазылып берілген (болыс, ауылнай, мұнай).
Б. Әбілқасымов газет тіліндегі орысша қалыпта алынған сөздердің, араб-парсы сөздерін қолдану жөндерін, тілдегі қайсыбір жергілікті ерекшелікті, газет тілінің грамматикалық құрылысын, фонетикалық ерекшеліктерді, қайсыбір термин мәнді қолданыстағы сөздерді келтіріп отырып: “Қорыта айтқанда, Ыбырай жасаған бұл газет үлгісі – қазақ баспасөзі тарихында белгілі орын алатын, сонымен қатар ұлттық жазба әдеби тіліміздің ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы жай-күйін танытатын бағалы документ ”, – деп түйіндейді [97, 321 б.]. Осы тұста ғалымның сөз арасында атап өткен, “Қазақ тілінің өзіндік жалғау, жұрнақтары да, көбінше, ауызша сөйлеу тілінде кездесетін формада ұшырайды” деген мәліметі Ыбырайдың жаңа жазба тіл жасаудағы әдіс-тәсіл машығына, басқа да жөндері бола тұра, негізінен, қазақ халқының ауызша әдеби тілінің басым ықпал жасағанын көрсететін қисынға бастап жатқан ерекшелік екенін айтқан жөн.
Ол ерекшелік Б. Әбілқасымов келтірген, Ыбырайдың Баяділ деген кісіге жазылған, бұрын беймәлім болып келген хаттың көне жазба әдеби тіл (түркі) дәстүрімен жазылғанына қарамастан сөзді қолдану, сөйлем құрылысында да айқын. Бұл жөнінде Б. Әбілқасымов аса байқампаздықпен айтып өткен.
Ыбырай Алтынсариннің 1883 жылы өзі қолмен жазып шығарған газеттегі бас мақалада сол кезеңдегі қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық күйінің соншалықтық айқын сарапталуы кейінде Абай қарасөздерінде қозғалған әлеуметтік кеселдермен сабақтастығы – замананың ақиқат күйін танудағы бір алым, бір биіктік, бір деңгейді көрсетіп жатқан қоғамтанудың табиғи сатысы.
Ыбырай Алтынсарин шығармашылығының тілдік құндылығы жайлы айтқанда, оның жаңа тіл жасаудағы, басқа жөндерге қоса, негізінен, ана тілдің ғылыми заңдылықтарын танып отырып, соның негізгі қисындарын өзінің тіл үйрету оқу құралдарында ғылыми жөнге түсіріп, жүйелеп отырып, сол қисындарды мақсатты түрде, шығармашылықпен пайдаланғанын да айту керек.