Бірінші сөзде Абай өзіне өзі “қарасы шығады”.
Ел де бақпаймын, мал да бақпаймын, ғылым да бақпаймын, софылық қылып, дін де бақпаймын, бала да бақпаймын дейді. Дейді де, ойыма келгенді қағазға жаза берейін, кім де кім керегін тапса – қажетіне жаратсын дейді:
Абайдың “ойына келгені” – бәрі де өзі әлгінде ғана “ат тонын ала қашқан” мәселелер. Елдің де мұңы, баланың да қамы, ғылымының да жөні, діннің де жайы…
Қара сөздерде осының бәрі ұлттық мүдде өресінде өріс тапты.
Екінші сөзде Абай қазақ баласына сол заманда, “өз билігі өзінен кеткен” күнде, кәсіп қылудың жөнін айтады. “Есектің артын жусаң да мал” тап қағидасын, дүнияуи кіріптарлықтан шығудың, азат басты болудың, зор болудың бір тірегі, “өзіңе сену, өз еңбегің” дегенді пысықтайды.
Үшінші сөзде осы мүдде жалғаса түседі. Егін, сауда, өнер ғылымға салынса – қазақ жалқау, қорқақ, қайратсыз, мақтаншық, ақылсыз, надан, арсыз, т.б. өзін қор етер жаман құлықтан арылар еді.
Бұл сөзде Абай заманындағы ел мінезі, ел өміріндегі әлеуметтік кеселдер түп-төркін себебі, салдар-зардабымен тұтас қамтылып, сараланады.
Партиягерлік, билікке талас, ұрлық, пәле, жала қуу, т.б.
Абайдың бұл сөзінде Сөз дәуіріндегі әкімшілік-билік жүйесіндегі, мемлекеттік құрылымдағы ұстанымдарға ашық қарсылық айтылған. Патша үкіметі тарапынан жүрігізіліп отырған әкімшілік, билік саясатқа Абай бұрынғы Қасым ханның “Қасқа жолын”, Есім ханның “Ескі жолын”, Әз Тәуке ханның “Жеті жарғысын” көлденең тартады.
Төртінші сөзде айтылған мәселе тек күліннің түрі, күлкінің жайы емес. Бұл сөзде де Абай өзінің өмір философиясы жайлы ұстанымдарын негіздей түседі. Адамның адамша ғұмыр кешуі үшін сүйенетін рухани таянышы жайын сөйлейді.
Адам баласы тал бесіктен жер бесікке шейін өмір өлшемінде дүниенің рақатын неден таппақ деген мәңгілік сауалға Абай: “Әуелі құдайға сыйынып екінші өз қайратыңа сүйеніп еңбегіңді сау, еңбек қыл, жақсыдан ғибрат ал, орынды ғибрат жаса” дейді.
Бесінші сөз. Қазақтың қайсыбір мақалын мінеу ғана емес, қазақтың тыныштық, білім, ғылым, әділет үшін емес, мал үшін ғана қам жейтіндігіне, сол малды табудың қулық-сұмдыққа құрылған жолымен кететінін; тағы да тіршілік қағидаларынан бет бұрып, азғындап бара жатқандығына ашынады.