Көлеңке басын ұзартып, Алысты көзден жасырса Күнді уақыт қызартып, Көкжиектен асырса. Сұрғылт тартқан бейуақта, Төмен қарап мұңдасар Ой жіберіп әр жаққа! – деп келетін дәріпті өлең дүние жүзі поэзиясына ұялмай қосылатын бұлбұл лирика. Абай табиғаттың шырайлы да мұңды тұсын бейнелеп, соған өз көңіл-күйін ұластырады. Басы ұзарған көлеңке, қызарып батқан күн, кешкі арай, сұрғылт тартқан бейуақыт ақынның ішкі дүниесімен үндесе сыр шертіседі. Өмірдің осынау кештей өткінші екенін пайымдаған ойлы пенде, алғыр ақын әрі мұңая, әрі толықси толғанады. Ой мен сезімді жалаң бермей, сиқыр суретпен жымдастырады. Мұндай суреттер шығыс поэзиясында көбінесе теңеу түрінде келуші еді. Абай оған соқпай, шымырлаған сезімге, пікірдің тереңдігіне бойлайды, шеберліктің мәдениетін көздейді” [90]. “Сөздің сыртқы сұлулығына қызықпай, ішкі мағынасына үңілген Абай екінші бір өлеңінде:
Жауған күнмен жаңғырып, Жер көгеріп күш алар. Аққан жасқа қаңғырып Бас ауырып, іш жанар. Қандай тұтас, қандай жұмыр, қандай сыршыл шумақ! Жаңбырдан кейін күн ашылып, жер көгерген. Көз жастан кейін бас қаңғырып, іш жанбақ. Мінсіз өлең. Еуропалық мәдениетте туған өлең!
Т. Әлімқұлов Абай поэзиясын ғалымдық салқын сабырға қоса ақындық құштарлыққа өртеніп отырып аялайды, ашады.
Абайдың қайсыбір ғашықтық өлеңін Тәкен “жүректің ыстығы қайтпаған салқын сөз” деп, өлеңнің ынтық, үздік күйін үдете түседі. “Сыпайы сыр, ынтық сөз” деп тебіренеді. “Мәдениетті әдебиет үлгісі”, “реалистік әдебиеттің сөзі” деп салмақты баға береді.
Т. Әлімқұловтың “Жұмбақ жандағы” Абай әлемін аралауында орынды оралым, әсерлі тіркес, ақындық ынтық жүректен сығылып шыққан сиқыр сөз аса мол. Біріне бірі сәулесін түсірген (Ғ. Мүсірепов) сөз асылы Абай ақындығының алымына қарай ұмтылады…
Т. Әлімқұловтың Абайды ашуы өзгеше бір құштарлық, ақындықтың жойқын табиғатын ашудағы танымпаздық, өзгеше шабыт дүниесі. Өрісті, таза талғамның сөзі.
Т. Әлімқұловтың абайтанудағы назар аударарлық қисынды бір пікірі Абайдың “Масғұт”, “Ескендір”, “Әзім әңгімесі” шығармаларына байланысты.
Т. Әлімқұлов бұл шығармаларды поэманың жанрлық үдесінен шықпаған, дәстүрлі шығыстық дастан үлгісіндегі шығармалар дейді. Абайдың бұл шығармаларын Абайдың ақындық мүмкіншілігінен төмен шығармалар деп, ақынның поэмаға бармау себебін бірнеше жайға бағындыра қарастырды.
“Осы жолда ол үш дастан (поэма емес) жазды. …Мың бір түннен өлеңге көшірген “Әзім әңгімесінің” аяқталмай қалуында сүрлеуден қайтқан көңілдің, торыққан шабыттың селқостығы жатады” [90 б.].
Ғалымның “Масғұт” туралы мына бір ойы қисынды. Осы дастан Мүрсейіттің 1907 жылғы қолжазбасында “Түргеневтен” деп көрсетіліпті.
И.С. Тургеневтің “Восточная легенда” атты шағын әңгімесінің сюжеті “Масғұттың” алғашқы шағына ұқсайтыны рас. Бірақ екеуі бір емес (88-бет) дейді. Абай көшірмегенін айтады. “Ескендірде” дәстүрлі мадақ емес, тарихи шындық жөнінен келуін Дрэпердің “История умственного развития Европы” еңбегімен үндестік дейді. “Абайдың байырғы бай лирикасымен терезесі тең түсерлік поэма жазбауы неліктен?” дегенге төрт түрлі себеп атайды.
1. Абай дәуірінде қазақ топырағында заманның сипатын, қоғамның ішін танытарлық релистік поэма жоқ-ты.
2. Абайға дәуірлік, шежірелік қатпарлы үлгі керек болды.
3. Шығыста бұл үлгі жоқ.
4. Ғақлияға отырды. Қуаты қашқан ақындық қара сөзге бастады.
ХІХ ғасырда қазақ әдебиетінде еуропалық үлгідегі поэма жанры болмағанымен, дәстүрлі тарихи жырдың өзгеше сапасы болғандығын есте ұстаған жөн. Мәселен, Нысанбай жыраудың “Кенесары-Наурызбай” жырын кезінде Сәбит Мұқанов (1942 жылы) поэма, реалистік шығарма деп бағалады.
Т. Әлімқұлов – Абай шығармаларын түр, үлгі, жанрлық жақтан білгірлікпен жинақтап, жинақтаудың ғылыми үрдісін ілгерілетуде абайтанудағы Әуезов жолын жалғастырған зерттеуші. “Байырғы нәшірияты жоқ заманда қазақтың жазба әдебиетін профессионалдық әдебиеттердің дәрежесіне көтерген Абай кейінгі ұрпақтардың үлесіне сан-салалы сыбаға қалдырды. Бұл дербес формада жазылған ойшыл, шыншыл, түйсікшіл проза. Бұл түп нұсқа мен терезесі тең көркем аударма. Бұл парасатты дастандар. Бұл – алуан өрісті өлеңдер”, – деп, Абай шығармашылығының ұлттың рухани тарихындағы орнын көздей отырып, Тәкен Әлімқұлов ХІХ ғасырдағы әдеби ағым, бағыттардың түп төркінін, өзгешелігін тарихи-әлеуметтік жағдай, қоғамдық өмір көрінісінен шығарып зерделейді. Орыс отаршылдығын кезең-кезеңімен қарастырады. Абай заманының ащы мұңын, ақиқатын айқын ашады… Шортанбай, Бұқар жыраулардың зарлайтын “кер заманынан”, отарлау процесінің алғашқы кезеңінен Абай дәуірінің және бір өзгешелік күйін, ендігі жаңаға бұрылған беталысын, астар, қатпарын саралайды.
Абайдың ақындық стилінің табиғатында Шығыстың да, Батыстың да өз сәулесі қалды. Бұл мәселе абайтануда әріден қозғалып келгенімен, теориялық негізде өрісін жайып, нақтылы түйін, тұжырымдармен жинақталып қарастырылуы Айгүл Ісімақованың қазақ прозасының теориялық мәселелеріне арналған зерттеу еңбегінің “Классический стиль Абая Кунанбаева и его роль в зарождении казахской художественной прозы” тарауында беріледі.
Стиль, шығармашылық дара стиль жөнін қозғай отырып ғалым былай дейді: “По мнению специалистов, стиль вырабатывается, воспитывается, совершенствуется, по-своему “учится” у действиельности, у культуры, у своих предшественников, у того материала, на который он обращен. При этом стиль, конечно, опирается на дарование, талант, личные качества художника, его жизненный, духовный и художественный опыт, на процессы его развития, которые, разумеется, не являются лишь стихийными” [135, с. 61].
А. Ісімақованың қай әдебиетте болмасын әдеби дамуды мүлде жаңаға бастаған ұлттық сана мен озық мәдениетті тұтас баураған ұлттық классикалық стильге айналған дара стильдің айрықша орын алатындығын, оның ендігі көркемдік дамудың классикалық үрдіс-үлгісін қалыптастыратындығын Абайдың шығармашылық жаратылысымен айғақтауы абайтанудағы “белгілі” көрінетін жайдың беймәлім қисындарына нақтылы, “суық” теорияға суарылған салқын ақылмен барған ғылым сөзі. Кеңестік кезеңдегі, әсіресе өткен ғасырдың сексенінші жылдарына шейінгі абайтануда Абай және орыс әдебиеті мәселесі мейілінше, көп жайды қамтып отырып зерттелген арнаға айналды.
Абайдың орыс әдебиетіне көз салып, құлаш ұруының тарихи себептері жайы да абайтануда аз айтылған жоқ. Алайда, бұл жөнде қайсыбір әлеуметтік алғышарттар ұзақ жылдар бойы, кезінде айтылғанына қарамастан, қағаберіс қалды. Мәселен, Абайдың орыс әдебиетіне баруының мынадай алғышарттары кезінде Ахмет Байтұрсыновтың, басқа да зерттеушілердің еңбектерінде аталып өтіп отырғанымен, кейінде “ұмыт” болды.
“Әдебиет танытқышта” Ахмет Байтұрсынов ХІХ ғасырдағы дін саясаты, оның зардап, салдарлары, ел әдебиетіне ықпалы жайлы былай деп жазады: “Қазақ діні шығып жетпеген шала мұсылман халық, мұны мұсылман дінінен христиан дініне аударып жіберу оңай” деген пікірмен, орыс үкіметі қазақ пен ноғай арасына жік салып, екеуін айырғысы келеді. Оның үшін қазақ байлары ноғайша оқымай, орысша оқитын боларлық саясат жүргізеді. Қазақ балалары үшін школ ашады, ноғайға қазақтың жазу жағынан сорпасы қосылмас үшін, араб әрпін қалдырып, қазақ тіліндегі кітаптарды орыс әрпімен басады. Орыс өзіне тартып, ноғай өзіне тартып, екеуі екі жаққа сүйреп жүргенде, қазақ орыс әдебиеті арқылы Европа жұртының әдебиеттерімен танысады.
Бұрын қазақта жоқ сөздердің түрлері шыға бастайды. Дін күшімен емес, тіл күшімен өзін тыңдайтын сөздер шыға бастайды. Бастапқы жазба әдебиеттің бас мақсаты – дінді жаю, дінді күшейту болса, соңғы әдебиеттің бас мақсаты – тілді ұстарту, әдебиетті күшейту, көркейту болады. Сөйтіп, жазба әдебиеттің өзі екі дәуірге бөлінеді: діндар дәуір, ділмар дәуір [12, 434 б.].
Абай осы дәуірде ғұмыр кешті…
Абай Батыстан не алды дейтін ауқымды айналымның және бір белгілі де беймәлім сырын кейінгі кезеңдегі абайтану өресінжаңа өлшемдермен өсіре түсіп жүрген залымның бірі Бақытжан Майтанов бұлтартпай ұстайды.
“Абайдың ілгері-кейіндегі, қатарындағы сөз иелерінен алабөтен ашу сыр, түйіткілі көп күмбір күй шертуге қымсынбай, батылдықпен кірісуінде Батыс мәдениетінен ауысқан ашық ойлау дәстүрін(астын сызған біз – Қ.М.) ықыластана игеріп, тың өрнек қосар нәзік түсінігі, аса сезгір назары елеулі қызмет атқарады” [146, 13 б.].
Абайтану айдыны жаңа бір ағысты арналардың толқынды екпінін қай кезеңдегіден де аңсай тосатындай...