Мәдібаева қанипаш қайсақызы


Қазақтың жаңа жазба әдебиетінің қалыптасуындағы Ыбырай Алтынсариннің тарихи орны



бет59/85
Дата01.03.2023
өлшемі1,9 Mb.
#70870
1   ...   55   56   57   58   59   60   61   62   ...   85
3.1 Қазақтың жаңа жазба әдебиетінің қалыптасуындағы Ыбырай Алтынсариннің тарихи орны
Қазіргі кезеңде қазақ әдебиетінің тарихы әріден, біздің дәуірімізге шейінгі уақыттан басталып оқытылып жүр. Қазақстан жерін мекендеген арғы замандардағы халықтардың рухани мұрасы – қазақ халқының да еншісі. Сол орайда арғы әдебиет, орта ғасырлардағы түрік әдебиеті бастан кешкен өркениет, өрлеу дәуірлерінің бар тарихы біздің қазіргі төл әдебиетіміздің де тарихы. Ол тарихта жазу мәдениеті де болды, жазба әдебиет те болды. Тарихтың ұлы көшінде қазақ халқының дербес мемлекеті Қазақ хандығы тұсында жазба өркениет жаугершілік замана ағымына, орай ауызша өркениетпен алмасты.
Ендігі өріс – бірнеше ғасырлық өріс негізінен ауызша әдебиеттің өрісі болды. Бұл жөнінде басы ашық айғақ та мол, айтылған сөз де аз емес. Қазақ хандығы тұсында жазба мәдениеттің де болуы даусыз, алайда бізге тасқа басылып жеткен әдеби мұра жоқ. Ол замандардың әдебиет нұсқалары кейінге ауызша ғана сақталып жетті.
ХІХ ғасырдағы әдебиет нұсқаларының көпшілігінің туып, дамуында осы үрдіс сақталды. Сонымен бірге ендігі заманның ағымы ел өміріне әкелген мың-сан өрістің шарпуы ел әдебиетін де қамтыды. ХІХ ғасыр басынан бастап қазақ даласында жазба дәстүр, кітап басып шығару ісі қайта жанданды. Ресей империясы Қазақстанды тұтастай өз қолтығына алудың қам-қарекетіне шындап кірісті. Қазақ жерін айнала қамалдар салу, қазақтың ішкі ісін: тұрмыс-тіршілігіне, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін белгілбір мақсатпен зерттеу жанданып, өрістеді. Қазақ даласына басқару-әкімшілік жүйесіне реформа жасалды. Қазақтың жері тұтастай мемлекет меншігіне алынды. Қазақ баласы Ресей империясына қызмет ету үшін оқуға тартылды. Қазақстанда үлкен дін саясаты жүрді. Ол бастапқыда ислам негіздерін орнықтыруға бағытталғынмен, шығыстанушы ғалымдар, қазақ жерін зерттеген саяхатшылардың “қазақтар мұсылманшылықты соншалықты ұстана қоймайды, дін шарттарын беріліп орындамайды” дегендей мәліметтерден кейін, қазақтарды орыстандыру, шоқындыру ниеті бой көтерді.
Ресей патша үкіметі өзінің жергілікті жердегі әкімшілік саясатының баспасөз органдарын ашты. Қазақ тіліндегі баспасөз туды.
Қазақтар арасына шығыстық қисса-дастандар кітап болып, басылып тарады. Ортағасырлық нәзира дәстүрінде жаңа қисса-дастандар жазылды.
ХІХ ғасырдағы бұл жазба дәстүр жазбаша әдебиеттің, жаңа жазба әдебиеттің тууына негіз болды. Мұхтар Әуезовтің атап көрсетуінде
ХІХ ғасырда Шортанбай, Дулат, Ақан сері, Мәшһүр Жүсіп, т.б. зар заман ақындары қазақ әдебиетінің ауызшадан жазбашаға өткен көшпелі кезеңнің өкілдері болды.
1927 жылғы “Әдебиет тарихы” оқулығының “Зар заман ақындары” бөлімінде Мұхтар Әуезов Ыбырай Алтынсариннің әдебиет тарихындағы орнына байланысты да қадау-қадау пікір айтады.
“Бұқар жыраудан соң ХІХ ғасырдағы зар заман ақындарының басы Махамбет. Одан кейінгілері: Шортанбай, Мұрат, Алтынсарыұлы, бұлардан соңғы бір буыны Абаймен тұстас ақындар” [10, 208 б.].
Мұхтар Әуезовтің “Әдебиет тарихы” оқулығының кіріспесінде әдебиет тарихына, жазба әдебеттің жайына тоқталған тұстағы жасаған теориялық тұжырым-түйіндері Ыбырай Алтынсариннің қазақтың жаңа жазба әдебиетін жасаудағы тарихи орнына да айғақ болған қисындар.
“Біздің білуімізше, зар заман ақындарынан бастап біздің әдебиет екінші жікке қарай ауысады. Бұдан бұрын қарастырған әдебиет жұрнақтарының барлығын ауызша әдебиет десек, мыналарды жазба әдебиеттің басы деу керек. Не болмаса қазақ топырағында ең алғашқы жазба әдебиетті туғызған анасы осылар деу керек, – деп, Мұхтар Әуезов жазба әдебиетке анықтама береді. …Осындай ақыл шығып, көптің жайылып жүрген бетінен бөлек бір жаңа беттер тауып, қалың елге жаңа өріс, жаңа жайылыс табамыз деген ниеттер туған соң, бұл елдің әдебиетінде ең алғашқы бағыт, мақсат деген нәрселер туады.
Жақсылыққа бастасын, теріске, жаңылысқа жаманға бастасын, қайда тартса да, әйтеуір ел халқының бұрынғы халіне қанағаттанбай жаңалықты іздеп, “бастаймын, түзеймін, қазіргі күйге қанағаттанбаймын” деген күй бірлік, алғашқы рет тұтасқан ой құралып, әдебиет жүзінде елдің, әлеуметтің тіршілігі сөз бола бастаған соң, жазба әдебиет дәуірі туа бастады деп есептеу керек. Ауызша мен жазба әдебиеттің арасын бөлетін белес, кезең осы.
Зар заман дәуірі қазақ әдебиетінің тарихында жаңағыдай кезең асқан дәуір болғандықтан, қазақтың жазба әдебиеті осылардан бастап әлеумет халін ұғып, ел қамын жоқтауға кіріседі. Өлең бұрынғыша қызық, сауық сияқты ермек емес, қауым қызметін атқара бастайды. Елдің саяси пікірмен тілек, мақсат, мұң, зар сияқты сезімдерінің басын қосып, жаңадан ой негізін, салт санасын құрай бастайды. Бұл уақытқа шейін болмаған әлеуметшілдік сарыны, азаматтық нысанасы шығады” [10, 195 б.].
Мұхтар Әуезов енді бір мәнде Ыбырай Алтынсаринді зар заман ағымына кейбір сарынымен қосылады, бірақ өзгеледерден бөлек бір жаңалығы бар. Ол мәдениетті ақын. Алтынсариннен ең алғаш қазақ әдебиетіндегі сипаттау өлеңі басталды. Европа ақындарының үлгісімен, қыр тұрмысының көркін суреттейді деп бағалады.
М. Әуезовтің зар заман ағымы, жазба әдебиетке қатысты ой түйіні ыбырайтануда аса ескеріліп жүрмеген, Ыбырай Алтынсарин шығармаларының қазақтың жаңа жазба әдебиетін жасаудағы мазмұндық мәнін алғаш айқындаған пайым екендігі де даусыз. Бұл еңбектің қазақ әдебиеттану ғылымындағы қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеу мәселесіне саяси көлеңкелер түсе қоймаған тұста жазылғандығын, ондағы ой-танымның таза теориялық тұрғыдан әдебиет тарихы мәселелеріне мейлінше анық жеткізудің басы болған жөндерін әр уақыт есте ұстауымыз керек. Кейін ХІХ ғасыр әдебиеті 2 кезеңге, екі сапаға бөлініп қарастырылды. Ыбырай Алтынсарин мен Шортанбай, Мұраттардың әдеби мұрасында қазақ әдебиетінің даму, жасау тарихында туған табиғи сабақтастық желі, дәстүр, үрдіс байланысы үзілді-кесілді жоқ деп танылды…
Ыбырай Алтынсарин қазақтың еуропа үрдісі ықпал еткен, жаңа тұрпаттағы жаңа жазба әдебиетінің басында болды.
Бұл жөнінде қазақ әдебиеттану ғылымында мейлінше жан-жақты айтылды. Ауқымды таным жүйесі қалыптасып, дамыды. Сәкен Сейфуллин өзі құрастырған “Алтынсарыұлы Ыбырайдың өлеңдері” деген жинақтың алғысөзінде осы жөнінде алғаш айтқан адамның бірі.
“Және ол қазақ әдебиетін Еуропа жолына, өнер жолына бұрып бастаған ең тұңғыш жаңашыл, суретшіл ақын”, – деп жазды [97, 249 б.].
Бейсенбай Кенжебаев Ыбырайдың көпшілік шығармасы қазақ әдебиетінің тарихында мазмұн жағынан болсын, түр жағынан болсын жаңа өлеңдер, жаңа әңгімелер екендігін, Ыбырай, оны іле-шала Абай қазақтың жаңа, европалық стильдегі әдебиетіне негіз салды, әдебиет тарихында жаңа сарын туғызды, бұл сарын біздің ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы әдебиетіміздің негізгі сарыны болды деп жазды.
Ол сарын – замана ағымына орай, озған жұрттан қалыспасқа ұмтыл деген сарын еді. Өнер үйрен, кәсіп қыл, білім ал, тіршілік үшін күрес – деген сарын еді. Ағартушылыққа үндеу, оянуға шақыру сарын еді.
А. Самойлович атап көрсеткендей, батысында Жайық бойындағы татар әдебиетімен және Шығысында көне шағатай әдебиетімен көршілес болуы қазақтың төл әдебиетінің дамуын тежеп отырған тұста Ыбырай Алтынсарин мен Абай Құнанбаев қазақтың жаңа жазба әдебиетінің негізін салды.
Б. Сүлейменов Ыбырай қазақтың әдеби және жазба әдеби тілінің негізін қалаушы ақын әрі жазушы деп бағалады.
Мұсатай Ақынжанов Ыбырай қазақ прозасының негізін салған тұңғыш прозаик, оның прозасы көркем әдебиет жанрының новелла түріне жатады деді.
Зерттеуші Қасым Жұмағұлов былай деп жазды: “…Мұндай қысқа мазмұнды, көркем әңгімелер қазақ әдебиетінде Ыбырайға дейін өріс алмаған еді. Бұл Ыбырайдың қазақ әдебиетіне кіргізген жаңалығының бірі еді”.
Қ. Жұмағұлов Ыбырайдың “Залым төреге”, “Ей, жігіттер” деген өлең-поэмалары Некрасовтың “Россияда кімдер жақсы тұрады” деген атақты поэмасының идеялық бағытына ұқсас деп жазды. “Өнер-білім бар жұрттар” өлеңі де Некрасовпен үндес дейді.
Жалпы орыс әдебиетінің Ыбырай шығармашылығына ықпалын Некрасов, Толстой, Пушкин, Крылов, Лермонтов үлгісімен сабақтастыра қараған зерттеуші Ыбырайдың көркем шығарма туғызудағы шеберлік қырларын қарастырып, оның өз дәуірі талап еткен рухани мұраттарға жауап іздеп, қазақ әдебиетіндегі жақсы бағыттың беті болғанын жазды.
Әнуар Дербісәлин Ыбырай Алтынсариннің шығармашылығындағы көркем дүниелерге келуінің бұлақ-бастауларын қисындауда оның өз өмір шындығын шебер қиюластырады.
Ыбырай Алтынсарин 1862 жылдан бастап халықтың ауыз әдебиеті нұсқаларын жинау, зерттеумен шұғылданады. Мұның өзі шығармашылықтың тәрбие мектебі болды. Сонымен бірге орыс әдебиетінің үздік үлгілерімен, орыстың әйгілі жазушыларының шығармаларымен түпнұсқада таныс болу, оны күнделікті ағарту, оқу саласында үнемі кәдеге жаратып, пайдаланып отыру оның қоғамдық, ағартушылық танымын қалыптастырып, дамытумен қатар жазушылықтың әдіс-тәсілін үйренуге, көркемдік танымын жаңаша сипаттармен байытуға ықпал жасады.
1959 жылғы аталған конференцияда ыбырайтанушы, тарихшы ғалым
Б. Сүлейменов көпке беймәлім бір мәселенің мәнін аша сөйледі: “Осында
М. Фетисов жолдас орынды пікір айтты. Ағартушылардың не жазушылардың әдеби мұраға көзқарасы қандай болды деген мәселе зерттелмей келеді деді.
1870 жылдары бұл мәселе төңірегінде екі рет дискуссия ұйымдастырылды. Бұл дискуссияда пікір айтушылардың мақалалары баспа бетінде жарияланды. Дискуссияға қазақтың ақындары, оқымыстылары, тілмаштары қатысты. Бұл екі дискуссияның екеуінде де қазақ тілі мемлекеттік тіл бола ала ма? Ресми қарым-қатынас қағаздарды жазуға келе ме? деген мәселені талқылауға орыстың генерал-губернаторлары, халық ағартушылары Ы. Алтынсарин, В. Радлов сияқты көрнекті ғалымдар қатынасты. 1880 жылы болған дискуссияның қорытындысын Ы. Алтынсарин жасады. Дискуссия қазақ әдебиетінің негізі – қазақтың фольклорлық тілі деп қаулы алынды. Қазақтың жазба әдебиеті бар ма деген сұраққа Ы. Алтынсарин “Қазақ хрестоматиясы” кітабымен қазақтың жазба әдеби тілінің барлығын дәлелдеді” [93, 268 б.].
Ыбырай Алтынсарин “Қазақ хрестоматиясын” 1876 жылдан бастап жазып, 1879 жылы аяқтаған. Дәл осы уақыт – Ыбырайдың көркем шығармаларын жазған уақыты.
Бұл шығармаларында Ыбырай қазақ әдебиетінде бұрын-соңды болмаған жаңа түр, жаңа стиль туызды.
Ыбырай Алтынсариннің орыс әдебиетінен аударған шығармалары қазақтың жаңа көркем қарасөзіне, прозасына жол ашты. Әңгіме, новелла жанры туды.
Ыбырай Алтынсарин қазақтың жаңа жазба балалар әдебиетінің негізін салды. Қазақ әдебиетіне ол жаңа сападағы мысал жанрын енгізді. Табиғат лирикасын туғызды.
Ыбырай өзінің көркем шығармаларында қазақтың бай тілін, айшықты, нұрлы тілін жазба әдебиеттің қалпына икемдеп, жаңа жазба әдеби тілдің жүйесін жасап, үлгісін көрсетті.
Кезінде зерттеушілер “қазақ сөзі емес – бірде-бір сөз кездеспейді” деп атап көрсеткеніндей сол кезеңдегі шұбарланған баспа тілінен бөлек жаңа қазақ тіліндегі шығарма жазудың шеберлік үлгісін көрсетіп, үрдісін орнықтырды.
Ыбырай Алтынсарин ана тіліміздің құнарын, құнын мейлінше ұғынықты шебер де шешен тілмен ұстартқан. Ыбырайдың көркем шығармаларының тілінде күрделі оралымдар кездеспейді. Бұл – қарабайыр дегендік емес. Бұның себебі балаларға арнап жазуында болса керек. Ыбырайдың шығарма тілі соншалықты таза, өзгеше тартымды. Әрі дәл, әрі мәнді, түсінікті, үйлесімді сөзінің бойына жасырған асылы мен жарқылы мол.
Бұл – оның өз стилі. Сөйлеу тіліндегі ұсталық, шешендікті Ыбырай жазба тілге көшіріп, жазбашаға түсірген анық зергер, қас шебер.
Жалпы, қазақ әдебиетіндегі Ыбырай дәстүрі өте аз сөз болды. Ыбырай Алтынсаринннің шығармашылық арнада кейінгіні былай қойғанда, әріде қайсыбір жөнде Абайға да ықпал жасағаны, әсер еткені, ой салып отырғаны рас.
Оны айтқаннан Абайдың айдыны ортаймайды.
Бегежан Сүлейменовтің мына бір пікірі қисынды: “Ы. Алтынсарин қазақ жазба әдеби және әдеби тілінің негізін салушылардың бірі болып табылады. Оның шығармалары қазақ әдебиетін мазмұн жағынан байытты. “Қазақ хрестоматиясы” қазақ халқының жазба әдеби және әдеби тілінде жазылған айрықша ескерткіш-мұра” [97, 47 б.].
Ыбырай Алтынсарин қазақ әдебиетінің тарихында жаңа әдеби жанрларға өріс ашты. Жанрдың негізін салды.
Қазақтың жазба балалар әдебиетінің негізін салған Алтынсарин бұл әдебиеттің жанрлық ерекшеліктеріне бағынған уақиғалы, қысқа, қызық, тартымды, ұғымға жеңіл, тілі жатық, тәлім-тәрбиеге тартатын әңгімелер жазды. Ыбырай балалар әдебиетінің жанрлық шарттарын сақтап шығарма жазудың шеберлік үлгісін көрсетіп, үрдісін туғызды.
Ыбырайдың шығарма жазудағы шеберлік сырына бойлаған жан-жақты нағыз теориялық негіздемені алғаш Қажым Жұмалиев жасады.
“Ол ең алдымен қазақ әдебиетіне мысал өлеңнің түрін енгізді. Оған шейінгі қазақ поэзиясындағы қара өлең, қайым өлең, толғау, жыр тәрізді өлеңдер, орыс әдебиетінің үлгісінде тәрбиеленген ақынға аз, жеткіліксіз көрінді.
…Алтынсариннің орыс әдебиетінен үйрену арқылы қазақ поэзиясына және бір енгізген жаңалығы – табиғат лирикалары” [17, 145 б.].
Қажым Жұмалиевтің Ыбырай шығармашылығына жасаған пайымдамасы – ХІХ ғасырдағы әдебиет үлгілерінің көркемдік сипатын нақтылы айқындаған ғылыми тұжырым. Ол Ыбырай мен Абайдың өмір құбылыстарын пейзаж арқылы шебер суреттеу әдісін бастағанын, ел тіршілігінің сәулесін түсіре, қатал табиғаттың ойыншығы тәрізді қыста қысылып, жазда ғана кеуде керіп дем алатын көшпелі елдің көңіл күйлері мен өздеріне тән ерекше тұрмысы түскен шығармалар жазғанын айрықша бөліп, атап айтты.
“ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясына тән өлеңнің негізгі түрлері – саяси лирика мен дидактикалық өлеңдер болатын. Үздік талант иелері Махамбет өлеңдері мен Біржанның айтысын ғана алмасақ, өмір құбылысын суреттегенде оны полотноға түсірген суретшілердің портреттері тәрізді, суреттеумен объектісін әрбір қимылы мен қыбын, кескіні мен түсін, ісі мен әрекетін, бояуын қандыра, жеріне жеткізе суреттеу болған емес. Өмір құбылысын бұл тәрізді барлық жағын мүлтіксіз етіп, тым шебер, аса місерлікпен және өмірдің шындығына дәл етіп суреттеу әдісінің Алтынсарин, Абайлардан бері ғана үлгісі салынды.
Алтынсарин орыс әдебиетінен үлгі алды дегенде айрықша тоқтауды керек ететін бір мәселе оның қара әңгімелері. Ең алдымен, өз қаламына жататын новеллалары.
Алтынсаринге шейінгі қазақ әдебиеті түп-түгел поэзия. Ауыз әдебиетіндегі ертегі әңгімелерді ғана айтпасақ, тарихқа аты мәлім ХІХ ғасырдағы қазақ ақындарының біреуі де қара сөз жазған емес. Тіпті ұлы ақынымыз Абай да көркем қара сөзбен шұғылданған жоқ. Эпостық жанрдың бұл түрін жасауда бірінші рет қолына қалам ұстап, әдебиетімзге соныдан жол салып, үлгі пішкен жазушы – Алтынсарин. Сондықтан оны қазақ әдебиетіндегі көркем сөздің шебері десек, мақтау емес, шындық” [17, 145 б.].
Қажым Жұмалиев Ыбырай Алтынсариннің “Бай мен жарлы баласы”, “Надандық”,“Қыпшақ Сейтқұл” шығармаларын шебер жазылған новеллаға жатқызады. “Новелла эпостық жанрдың әріден келе жатқан түрі, шын мәніндегі новелла өмір құбылысының жұртшылық үшін ең керекті, ең маңызды жағын алады да, әрі қысқа сюжетті, әрі ауызша айтып беруге лайықты оқиғаға құрады. Әңгіме көбіне бір не екі эпизодтан ғана құралады. Әрдайым оқиғаның шешуі оқушының күтпеген жерден шешіледі”, – деп, жанрдың анықтамасын беріп, өзі атаған шығармалардың новеллаға жататындығын бекіте түседі.
Ыбырай Алтынсарин әңгімелерінің жанрлық ерекшеліктерін Ханғали Сүйіншәлиев үш топқа бөлуге болады дейді. Бірі – новелла, екіншісі – ауыз әдебиетінде қалыптасқан ертегі-аңыз үлгісіндегі әңгіме, үшіншісі – шағын көлемді мысал үлгісіндегі өнеге сөздер.
Ғалым Ыбырай Алтынсариннің кейбір хаттары жай хат-хабар дәрежесінен асып, көркем публицистика дәрежесіне көтерілген дейді.
ХІХ ғасыр әдебиетіндегі, Ыбырай Алтынсарин шығармашылығындағы жаңа беталыс, бағыты, бағдарлар туралы аударма маманы, аударма теоретигі Сәйділ Талжановтың пікірлері сол әдебиеттің жанрлық сипаттамасын жасауда ойда болатын қисындар. С. Талжанов қазақ елінің оқығандары дүниежүзілік мәдениетті меңгеруге ХІХ ғасырда-ақ жұмыла кірісті дей келіп, Ыбырайдың орыс әдебиетінен аудармаларының жанрлық ерекшелігіне айрықша тоқталады. Ыбырайдың аудармадағы қайсыбір тәсілі, еркін аударуы, қайсыбір тұста тақырыбын, кейде мазмұнын өзгертіп беруі, шығарманың баяндау тіліндегі өзіндік өрнектердің басым болуы, сол себепті аударманың кейде төл шығарма болып қабылдануына тоқталады.
Осы тұста Ыбырай өзінің аудармаларында Шығыс әдебиетіндегі нәзира дәстүрін еркін қолданып, нәзира жанрындағы шығармалар да туғызған деп айтуға болатын сияқты.
Көп уақыттар бойы қазақтың ХІХ ғасырдағы жаңа жазба әдебиеті тек орыс, еуропа үлгісінде туып қалыптасты деген пікір басым болды. Осы мәселе, әсіресе, Ыбырай Алтынсариннің көркем шығармаларына қатысты көп айтылды. Сөз жоқ, Ыбырай Алтынсарин “Қазақ хрестоматиясында” орыс жазушыларының шығармаларын аударып берді. Көптеген шығарманың жазылу жөні, құрылымы да орыс әдебиетінен ауысқан.
Ыбырай Алтынсарин шығармаларының ұлттық, халықтық негізі де біршама айтылды. Ал Ыбырай және Шығыс әдебиеті деген мәселені арнайы сөз еткен Ш.Қ. Сәтбаева еді. Негізінде, бұл жай кеңіте зерттеуге зәру.
Шәмшиябану Сәтбаева “Ы. Алтынсарин өрнектерінің кейбір сырлары” атты зерттеуінде былай деп атап көрсетеді:
“Алтынсарин қызметінің ағартушылық-демократияшылдық мазмұны мен бағыты оның Батыс Европа және Шығыс әдебиеттері үлгілеріне де творчестволық қатынасын, көзқарасын анықтап, белгіледі. Мұны мысалы, халықаралық кейіпкерлер саналатын Ескендір – Александр Македонский, Дәуіт, Сүлеймен туралы оның өлең шығармаларынан, басқа елдердің өмір-тұрмыстарынан алып жазған кейбір әңгімелерінен көруге болады”.
Пайғамбар бұрынғы уақытта Дәуіт өткен,


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   55   56   57   58   59   60   61   62   ...   85




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет