Мәдібаева қанипаш қайсақызы


ХІХ ғасырдағы аймақтық әдеби мектепті айқындау мәселелері



бет57/85
Дата01.03.2023
өлшемі1,9 Mb.
#70870
1   ...   53   54   55   56   57   58   59   60   ...   85
2.4 ХІХ ғасырдағы аймақтық әдеби мектепті айқындау мәселелері атты тараушада қазақ әдебиеті тарихында арғы бір дәуір аясындағы даму бағыттары, даралық сипаттарымен тұтас алынып, арнайы зерттелуі кенжелеп келе жатқан аймақтық әдеби мектеп, оның ХІХ ғасырдағыв қайсыбір әлеуметтік негіздері қарастырылды.
Қазақ жерінің Оңтүстік, Батыс, Орталық аймақтарындағы әкімшілік-билік жүйесінің ел әдебиетіне тигізген ықпалы айқын. Сол негізде аймақтардағы әдеби дамудың өзіндік дара бағыттары туды. Сонымен бірге, ең әуелі, аймақтық әдеби мектеп мәселесі түпнегіз бастаулары арғы дәуірлерде қалған шығармашылық дәстүр аясында ашылып, айқындалатын, бір кезеңнің саяси ахуалынан ғана туып қалыптаспайтын, даму үрдісі дара; уақыттың ұзақ көшінің жемісі есебінде зерттеліп, зерделенуі тиіс.
Қазіргі кезеңде айқындай түсуді қажет етіп отырған мәселенің бірі – аймақтық әдеби мектеп, әдеби дәстүр мәселесі сияқты. Бұл жөнді көрнекті ғалым Мекемтас Мырзахметов орыс отыршылдығы тарабынан жүргізілген әлімшілік территориялық биліктің тұрпаты мен төркінінен табады [Мырзахметов М. Отаршылдық дәуірдегі қазақ әдебиеті // Жұлдыз. – 1993. – №7. – 39-45 бб.].
Біздіңше, бұл құбылыстың да ықпалы болуымен бірге мәселенің мәні арғы негіздерде жатыр.
“Зерттеушілердің үшінші қолға алатын ғылымдық мәселесінің бірі – жыраулар мектебі. Қазақта батырлар жырының белгілі-белгілі мектебі, ол мектептің өзінше айтылу стилі барлығы байқалып отыр. Бұрын Қазақстанның кей жерлерінде батырлар жыры үзінді, не бөлек-бөлек қысқа жырлар болып айтылатын. Бұл – жалпы эпос жайлы ғылымының сипаттауынша, орыстың ұлы сыншысы Белинскийдің айтуы бойынша батырлар жырының әлі марқайып, пісіп жетпеген, кемеліне келмеген сатысын көрсетеді десек, сонымен қатар Қазақстанның кейбір облыстарында батырлар жырының кең желіге құрылған, ұзақ сонарлы түрлері барлығы да айқындалып отыр.
Әбілден (Абыл – Қ.М.) Нұрымға, Нұрымнан Мұрынға ата мирасындай болып қалған Қырымның “Қырық батыры” бұған толық дәлел. Мұрын жырау “Қырық батырда” оқиғасының жартысы шындық, жартысы миф болып келетін алатайлы Аңшыбайдан бастап, батырлықты тұқым қуалата жырлай келеді де аяғын “Қарасай-Қазимен” тындырады. Аңшыбай мен Қарасай-Қази аралығындағы көп батырлар бірін-бірі толықтырушы, бірі екіншісінің жалғасы, бірі бір тұтас желілі дастан болып суреттеледі” [Жұмалиев Қ. Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері. – Алматы, 1958. – 1 т. – 403 б.].
Осы тұста әдеби мектеп мәселесінде орындаушылық, жыршылық дәстүрмен бірге өлең жасаудағы әдіс-тәсілдің байырғы негіздері (архетип – Қ.М.) жайлы арнайы зерттеулердің қажеттілігі пісіп-жетілгені ХІХ ғасырдағы әдеби дамуды зерттеу барысында айқындала түскенін айтар едік.
Біздіңше, Абыл, Нұрым, Мұрын, Махамбет, Мұрат, Қашаған, т.б. сияқты сөз саңлақтарының негізінен ерлік, жорық жырларын жырлауы әріден, Ноғайлы дәуірінен, онан арғы жаугершілік дәуірлерден сақталып жеткен сарын. Бұл ақындарда Қазақстанның оңтүстіктегі әдеби мектебі мен Арқадағы сөз дәстүріндегі басты белгілер есебінде көрінген өсиет, өнеге сөз, нақыл-терме үлгісі алдыңғы планда емес. ХІХ ғасырдағы Оңтүстіктің, Сыр бойының шайырлық мектебінде араб әдебиеті әсері, ортағасырлық түрік әдебиетінің дәстүрі сайрап жатса, Арқа мен Шығыс өңірлер әдебиетінде қожалар, татарлар арқылы тараған мұсылмандық әлемнің ықпалымен бірге орыс, батыс әдебиетінің ізі айқын. Жетісу елінде Оңтүстік пен Арқа әсері де байқалатындай.
Әрине, бұл мәселе кешенді, нақтылы өлеңдік өрнек, үлгі, жанрлық сипат арқылы арнайы зерттеуді күтеді.
Аймақтық әдеби мектеп дегенді тарата түсудің қажеттілігіне орай қайсыбір қисындарға өзіндік барлау жасау барысында түйгенімізді ұсындық.
Күнгейлік ақындық мектептің қалыптасып, дамуының белгілі бір кезеңі Қоқан хандығы билігіне қараған тұсымен байланысты болды.
Әдебиет зерттеуші ғалым Әселхан Оспанұлы “күнгейлік ақындық мектеп” дегенді қолдана отырып, негізгі белгілерін, жазу мәнерін айқындай түсер байламдар жасайды.
Ғалым Құныпия Алпысбаев: “Ақыл үйрету, өсиет айтудан алшақтау кеткен Махамбет поэзиясы, жалпы қазақ өлеңіндегі жаңа арна, жаңа құбылыс”, – дейді Махамбет өлеңі жайлы [Алпысбаев Қ. Ақберен ақын тұлғасы // Жинақта: Елдік пен ...]. Дәл байқау. Қапысыз тану, табу. Сол өзгешелік Батыстағы әдеби мектептің де өзгешелігі деуге негіз бар. Арғы жыраулық мектеп өкілдері Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет, Жиембет поэзиясы мен Есет, Абыл, Махамбет, Қашаған, т.б. күн астында, Еділ мен Жайық арасында жортқан батырлықтың дәстүріндегі арынды ақындардың барлығында бар ерекшелік.
Оңтүстіктегі ақындық дәстүр сипатын бір Құлыншақ ақынның шығармашылығынан қарастырып көру барысында Ә. Оспанұлы атап көрсететін бірнеше айқын сипат ашыла түсті.
Ә. Оспанұлы Құлыншақ Кемелұлының шығармашылығын негізгі-негізгі үш қыры бар деп саралаған. Бастысы – пәлсапалық, ойшылдық пайымдаулар. Келесі арна – өткір әзіл-оспақ, әжуа-мысқыл, сын-сықаққа құрылған әлеуметтік өлең. Үшіншісі – айтыскерлік шеберлік. Оған қоса, ақынның дастаншылдығын да атап, мұны өнерпаздықтың төртінші қыры деп бағалаған.
Құлыншақтың арнау өлеңдері адамшылық қасиет неде, не жақсы, не жаман дегенді арқау етеді. Сауатты, өмірден көрген-түйгені мол сөз ұстасы айнала жұртын азғындықтан арашалап қалар ғибрат айтады. Пиғылы бұзық жандардың кесепатынан шошынып сөйлейді.
“Дүйсенбі датқаға” арнауында датқаның өшпенділікке, ызаға толы, беймаза, қара бұлттай түнеген ауыр бейнесін шебер кескіндейді.
Әлсізді аз ғана күн амалдайық,
Жақсылық бұл пейіліңнен таба алмайсың.
Жеріне ерегіскен қап-қара боп,
Бұлттай жауатұғын табандайсың.
Елді қанап, әділетсіздіктің теңізін белуардан кешіп жүргендерге Құлыншақ ащы, аямай сөйлейді. Содан өзінің зардап шеккені де аз болмаса керек.
Тізесі Дүйсенбінің маған өтті,
Қайсыңды мендей қуып еңіретті? –
дейді ақын.
Құлыншақ өлеңдерінде қазақ жыраулар поэзиясының дәстүрлі ерекшеліктері айқын көрінеді. Ақынның не жақсы, не жаманды термелеуі, адамның ғұмыр жас өткелдерін тіршілік түйіндерімен астарлауы, тіл кестесі, ақын өлеңдеріндегі дәстүрлі қолданыстар, қайталаулар, сөз құбылту, сөз айшықтау, сөз айшықтау, сөз ойнату тәсілдері, ежелгі жыраулық, ақпа-төкпе ақындық жемісті желісі. Сонымен бірге, Құлыншақ шығармаларынан Шығыс қиссалары мақамымен үйірілген тұстарды да, жазба әдебиет ерекшеліктерін де кездестіріп отырамыз.
Ақындық шеберлік, дүниетаным кеңістігін аша түсетін ендігі бір шығармасы – оның “Тәнің де мейман жаныңа” толғауы. Адамның өткінші өмірі, тән мен жан жайы арқау болған шығарманың көлемі ұзақ, жүз елу жолдан астам. Ақынның сөз таңдау, сөз құбылту, сөз тірілту шеберлігі осы бір туындыда да молынан көрініс тапқан. Құлыншақ бұл өлеңде де имандылық, ізгілік, адамшылық жөндерін алға тартады. Опасыз жалған дүниенің тиянақ-тұғыры, баянды мен баянсыз жайлы кең толғанады. Өмір есігі қуанышпен ашылып, адам айнала жұртын марқайтып, дүниеге келеді. Ата-ана, айнала жұрт мәре-сәре. Жарық пәниге талпынған сәби үшін олардың әрқайсысының өлшеусіз өз орны бар. Өкініші сол, күні жеткенде олардың бәрінің дүниеден өтуі хақ. Терме, сол қимас жандар, олардың арасындағы айрықша адамшылық, туысқандық, махаббат, жақындық “өлместей болса ше?” деген көңіл аңсауынан туған.
Бұл дәуірде, Абай дәуірінде бірнеше әдеби мектеп қатар жасады.
Қазақ даласының бір аймағында ерлік, жауынгерлік поэзия дәстүрі үзілмеген үлгіде жаңғыра жасаса, келесі бір аймақта ғашықтық, көңіл-күй жырлары басым болды. Енді бір аймақта шығыстық жазба дәстүр, көк мазмұнды дүние толғаулары өріс жайды.
Қилы қисынға бастап жатқан құбылысы мол сол әдебиеттегі өзгешеліктің барлығы қамтылып, айтылды, таусылып, танылды деуге болмасы даусыз.
Қазақ әдебиеті тарихындағы аймақтық әдеби мектептің туып-дамуының түп-төркіні, біздіңше, орыс отаршылдығы дәуірінен әлдеқайда әріден бастау алатын күрделі шығармашылық құбылыс есебінде қарастырылғаны дұрыс деген пікіріміз – бұл ауқымды құбылыстың әзіргі тоқтамы. Сонымен бірге зар заман дәуіріндегі әкімшілік, территориялық аймақтандыру саясатының да әдеби ізі қалғаны даусыз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   53   54   55   56   57   58   59   60   ...   85




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет