Мәдібаева қанипаш қайсақызы


Жаңа жазба әдебиет жанрларының, жазба әдеби тіл стилінің қалыптасуындағы Абай мектебі



бет61/85
Дата01.03.2023
өлшемі1,9 Mb.
#70870
1   ...   57   58   59   60   61   62   63   64   ...   85
3.2 Жаңа жазба әдебиет жанрларының, жазба әдеби тіл стилінің қалыптасуындағы Абай мектебі
Қазақтың ХІХ ғасыр әдебиеті алуан үлгіде, түрлі жанрда жасаған олжалы мұра. Сол үлкен әдебиетте Абай – өз алдына бір ғалам. Қазақ әдебиеттану ғылымында абайтану ілімі – іргелі ғылым арнасы.
Абайдың ақындығы жайлы сөз әріден бүгінге шейін жалғасып толассыз, тоқтамсыз дамып, уақыт озған сайын толыға түсіп отыр.
Абайтану мәселесі жүйелі ғылым нысаны етіп, кеңінен қозғап, орнықтырып бекіткен – Мұхтар Әуезов. Абайтануда қазақтың көрнекті әдебиеттанушы, тілтанушы ғалымдары А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, С. Мұқанов,
Е. Ысмайылов, З. Ахметов, З. Қабдолов, Б. Кенжебаев, С. Қирабаев, Т. Кәкішев, Қ. Жұмалиев, Т. Нұртазин, Х. Сүйіншәлиев, Р. Бердібаев, Р. Сыздық,
Қ. Өмірәлиев, А. Ысқақов, А. Нұрқатов, Қ. Мұқаметқанов, М. Мырзахметов,
Ғ. Есім, А. Шәріп, Т. Шапай, т.б. олжалы зерттеулер жасады.
Қазірде абайтану тарихы жасалды. Абайтанудың ендігі кезеңдегі өзекті мәселелері сараланып, дараланып, көкейкесті түйіндер жан-жақты зерттеулер нысанына айналып отыр.
Абайтану – Абайдың ақындық мұрасын тану. Абайтану – абайтанудағы ғалымдардың баршасын негіз ете отырып Абайдың шығармашылық мұрасын мүмкіндігінше бар жағынан бағалауды ілгері дамыту, толықтырып отыру.
Ол – Абайдың туысы мен өміріне, өмірбаянына қатысты зерттеулер және соның нәтижесі. Ол – Абай ақындығының айналасы жайлы зерттеулер және соның нәтижесі. Абайдың Шығысы мен Батысы. Абай ақындығы бастау алған ұлттық арналар.
Ол – Абай шығармасының тіл кестесі, сөз өрнегі. Абайдың қазақтың жаңа жазба әдебиет тілін жасағандағы орны. Сол ыңғайдағы зерттеулер нәтижесі.
Ол – Абай шығармаларының жанры.
Ол – Абай қара сөздерін зерттеу.
Ол – Абайдағы дін жайы. Дүниетаным қағидалары.
Ол – абайтанудың негізгі арналары мен қазіргі кезеңдегі көкейкесті мәселелерінің ғылыми негіздемесі.
Абайтанудың бүгінгі деңгейі оның өткеніне борышты.
Сол тұрғыда Абайдың өлеңі, Абайдың шығармашылық әлемі жайлы абайтану тарихында аса мәнді, аса құнды тұжырым жасап, абайтанудың таным табиғатын ғылым негізінде қалыптастыруға өлшеусіз еңбек сіңірген қадау-қадау абайтанушылар еңбегінің қазақ әдебиеттану ғылымындағы құны мен мәнін уақыт ілгерілеген сайын жарқырата ашып, айтып отыру, қажетімізді аптапта тұныққа бас қойғандай құштарлықпен тауып қуанып отыру, сол өрісті қисынды негіздері көңілден таса етіп алмай, көмбеге айналдырып алмай, жаңғыртып, жаңартып отыру – ғылым міндеті.
Ең әуелі, Абайдың өмірбаяны … Осы жайлы айтылмаған сөз қалмағандай көрінгенімен қайсыбір қасаң деректер жинақтан-жинаққа, кітаптан-кітапқа ұзақ жылдар бойы елеулі өзгеріссіз көшіп келе жатқаны белгілі жай.
Мұхтар Әуезов 1954 жылы былай деп жазады: “Абайдың өмірбаянын зерттеп, толықтырып жазу жұмысы жетер өрісіне жетіп ақын шығармаларының әрбір толық баспасының тұсында сол өмірбаянына кіретін тың дерек, жаңалықтар қосыла түсіп, өсіп келеді.
…Сонымен қатар, ерекше бір көңіл бөлініп, кейінгі зерттеушілердің есіне, әсіресе салып өтетін бір жай: ақын жөніндегі орыс тілінде сақталған деректер туралы [119, 83 б.].
Біздіңше, осы мәселеге әлі де көкейкесті күйде. Осыған қатысты толыға түскен деректің бағалысы деп Ә. Марғұланның, Тәкен Әлімқұловтың зерттеу, зерделеулерін таныған жөн сияқты [90].
Мұхтар Әуезов Абайдың өмірбаянын оқыған кісінің бәріне оның патша ұлығымен көп кездескендігі белгілі, крестьян начальнигі, ояз начальнигі, жандарал, округ соты, Омбыдағы корпус (генерал-губернаторлар) кеңселері, барлығының архивтерінде Абай жөнінен әлі де көп жаңалық табуға болатын тәрізді деп жазған еді. Орыс достарының өзара хаттары, естеліктері, күнделік жазбалары да Абай жөнінен қымбат қызық жаңалықтар айтса керек деп, тағы бір өріске меңзеген болатын. Абай өмірбаяны жайлы мәселе ертеректе
Б. Күлеев, Т. Шонанов, Ғ. Сағди, т.б. зерттеушілерде қозғалып отырады.
Мәселен, Телжан Шонанов “Абай кітабын бастыру керек” деген мақаласында (“Ақжол”, 1921 жыл) басқа зерттеушілердің ешқайсысында кездеспеген Мекаил туралы дерек береді.
“Абай сөзін жатқа білемін, Абайдың өз аузынан жазып алып отырған Абайдың Мекаил деген баласы. Мекаил бұл күнгі басылған өлеңдерінің арасында қалған жолдарын, кітапқа кірмегендерін һәм қай өлең қандай мезгілде не себепті жазылғанын біледі” [85, 89 б.].
1884 жылы Г.Н. Потаниннің өтініші бойынша Абай оған өзінің бір топ өлеңін өз қолымен жазып жібергені жайлы Әлкей Марғұлан тың нақты дерек тапты.
Тәкен Әлімқұлов Әлкей Марғұлан Абай өлеңдерінің төрт тізбегін тапқанын айтады. Г.Н. Потанин – 1. Князь Кулешов – 2. Садуақас Мұсаұлы – 3.
Н.Я. Коншин – 4.
“Бұлардың ішінен Садуақас Мұсаұлының тізбегі айрықша назар аударады. “Тегінде, – деп жазады Әлкей Марғұлан, – мұны бірінші рет тізген Жүсіп ақын Көбейұлы, ал Садуақас оларды өз дәптеріне содан көшіріп алған” [90, 44 б.].
Мұхтар Әуезовтің 1967 жылы жарық көрген Абай жайлы әр кезеңдегі зерттеулері жинақталған Ы. Дүйсенбаевтың жалпы редакциясымен шыққан “Абай Құнанбаев” монографиясында, Л. Әуезова мен М. Мырзахметов баспаға әзірлеген “Абайтанудан жарияланбаған материалдар” (1988) жинағындағы зерттеулер – Мұхтар Әуезовтің Абай жайын зерттеудегі негізгі еңбектері.
М. Әуезов Абайдың өмірбаяны деректерін жинақтады. Шығармаларының жиналу, басылым мәселесінің басы-қасында болды.
Абай ақындығының айналасы, Абайдың Шығысы мен Батысы туралы мәселені қойып, ғылыми негіздемесін жасады, өрісін кеңітті.
Абай шығармаларының жазылған мерзімін қисындады.
Абайдағы дін, дүниетаным жайын қозғады.
Абай қара сөздерінің туу себеп, жанрлық даралығын қарастырды.
Абайдың қазақтың ХІХ ғасырдағы жазба әдебиетіне, жаңа жазба әдебиетке қатысын қарастырады…
Жалпы, абайтанудың бүгінде де аса өзекті болып отырған мәнді мәселелерінің баршасын қамтып, қарастырып, ғылымның жөніне түсірді. Бүгінде көп дүниені (Абайға қатысты) сол Әуезовтің Абай жайлы арғы-бергіде жасаған зерттеулерінен табамыз, тауып жатырмыз.
Кейінгі кезеңде Абайдың алдындағы ұлттық әдеби мектептің үлкен өкілі Дулат пен Абай шығармаларындағы өлең өру, ой түзу ұқсастықтары Құлмат Өмірәлиевтің мәселе қоюынан бастау алып, бүгінде біраз зерттеушінің мойнын бұрғызған елеулі жайға айналып отырғаны белгілі.
Бұл жөнінде кезінде М. Әуезов мынадай пікір білдіріпті: “Мәдениетті, жаңа бағытты ақын Абай қазақ тіршілігінің қай тақырыбын жырласа да өз алдындағы қазақ поэзиясының атақты саналған Бұхар, Дулат, Шортанбайларынша жазбайды. Тұтас өлең түгіл, соларды қайталап, не солар үлгісіне түсіп, жазған бір шумақ өлеңнің өзі де жоқ деуге болады. Өлеңіндегі тіл, кейбір теңеу, кейбір мақал және кейбір тақырып пен көңіл-сезім сарыны соларға ұқсас сияқтанғанымен, әркезде Абайдың ойы өрісі, идеясы мен әлеуметтік арманы, мақсаты әлдеқайда басқаша боп, классик ақынның өзіне ғана тән болған ерекшелікпен айқындалып шығып отырады” [119, 102 б.].
Дулатты қазірде Абайдың алдындағы ақындық мектептің ірі, ықпалды өкілі есебінде қарастыру өрісі кеңіп отырса – ол да қазақ әдебиеттану ғылымының толыса түсіп, толыға түсіп отырғанының бір айғағы деп қабылданатын құбылыс.
Бұл негізде Х. Сүйіншәлиев, Қ. Өмірәлиев, Р. Сыздық, Қ. Раев еңбектерін атаған жөн.
Құлмат Өмірәлиев Абай тілін зерттеген арнайы еңбектерінде атап өтіп келіп: “Ал Абайдан бұрынғы әдеби тілі – поэзия тілі бұл күнге дейін нақты түрде түбегейлі зерттелген емес.
… Нақты бір дәуір поэзиясы тілін я бір ақын тілін тұтастай әрі лексикология, әрі грамматика, әрі стиль мен жанр, әрі көркемдік компоненттер, әрі өлең құрылымы жағынан әр жақты талдау әлі жоқ”, – деп жазды [28, б.].
Жалпы, қазақ әдебиетінің көркемдік жөндеріне қатысты болуымен бірге, бұл пікір абайтануда аса көкейкесті. Абайдың ақындық алымын тануға ашуға ұмтылыста, Абай ақындығының айналасы мәселесінде мұндай ұстанымның олжасы мол екендігі даусыз.
Әрине, қазірде бұл мәселе біршама қанық, айқындала түскен. Аталған ұстанымда белгілі бір мақсатты зерттеулер жасалды.
М. Әуезовтің абайтануында қазірде құндылығы өсе түсіп отырған дүние аса мол. Мұхтар Әуезовтің Абайдың ән өлеңдері жайлы пікірінде Абайдың орыс романстары үлгісімен, әнге бейімдеп сөз, шығарғандығымен бірге Шығыстағы бәйіт үлгісіндегі ән өлеңдерін айқындауы – өзге зерттеушілер қозғамаған мәселе.
М. Әуезов атап көрсетіп, айқындаған Абайдағы өлеңнің ғаруз өлшемі жайы да абайтануда әрі қарай елеусіз жалғасып, теориялық тұрғыда аз зерттелген сала.
Абайтанушылар Абайдағы Шығыс әсерін бір замандарда саясатпен шектей сөйлесе, кейінгі кезеңде бұл үлгілер өзіміздің байырғы әдебиеттің, ауыз, ауызша әдебиетіміздің үрдісі еді, сондағы үлгілер еді деген пікірлер өрістей түскен. Бұлар, сөз жоқ, белгілібір дәрежеде негізді. Дегенмен де біздің әдебиетіміздің айнала әлем халықтарының көркемдік дариясының орны ғасырлар бойғы мәдени байланыс, сабақтастық, аралас-құраластықпен тамырласып жатқан дүние екендігін ескергенде мүлде оқшаулануға болмас.
М. Әуезов Абай өлеңдерін талдауда қаншама ғажайып тілдік оралымға барады. Абайдың сөз айшығымен сөз жарыстырып, ой жарыстырып отыруы қандай.
Сонау жас күнінің өзінде Абайдың сөз өрнегі, сөз өнері жайлы “қыз тілді шешендік” дейді. Абайдың “Қансонардасын” талдауы, “Қақтаған ақ күмістейді” талдау қандай?
М. Әуезов Абай өлеңдерін жазылу мерзім ретіне қарай көрсетіп отыруында, оның бар ақындық қуатының серпінді күш-қозғалысын, эволюциясын орын-орнымен жүйелеп тастап кетіп отырады.
“Тегінде 1886, 1889, 1896 жылдар Абайдың ойшылдық еңбектерінің ең жемісі мол, өнімді жылдары болды”, т.б. М. Әуезов Абай ақындығын Абайдың өлеңінің өрісімен, барша аумақ, ауданымен, мүмкіндігінше сабақтастықта зерделеудің толық ғылыми негіздемесін қисындады.
Жеке шығарманың өзінен әдеби құбылыстың ұлттық, тарихи, жалпыадамзаттық мән-мәселесін өсіріп, өрбітудің жөнін түзеді. Қазақ әдебиеттану ғылымындағы жолын салды.
1886 жылдың Абай шығармашылығындағы орнын былайша айқындауы қаншама дүниені қамтып жатыр, ойды иіріп тұр.
“Өз заманына да, біздің дәуірімізге де Абайды қадірлі дана, анық классик етіп танытатын ақындық жолдың нақтылы арналары осы жылда салынған” [119, 114 б.].
Бұл жылы Абай М. Әуезов көрсетуінде 18 өлең шығарған. Олар:
– мән жағынан қоғамдағы мін, надандық, қанаушылықты сыншылдық, ойшылдықпен айтқан өсиет өлең;
– табиғат, жаратылыс жайлы, жаздың қалпы, аттың сыны;
– жас буынға білім жөнін айтқан;
– көңіл күй жырлары.
1886 жылы “Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман”, “Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек”, “Қалың елім, қазағым, қайран жұртым”, “Адасқанның алды жөн”, “Жаз”, т.б. жазылды.
“Жазды” М. Әуезов былайша бағалайды.
“Өлеңнің ішінде жанды тіршілік қайнар қызу мол болғандықтан түрі менен өлшеу ұйқастарында да аса жанды, қызулы жүрдектік бар. Ұйқастарда келетін “шыбындап”, “шылпылдап”, “бұлтылдап”, “сымпылдап”, “сыңқылдап”, “жылпылдап” деген сияқты айтуға ауырлау келгенмен, тұрақты тыныштық күй емес, үнемі өзгеріп тұрған қозғалыс әрекетті көрсететін сөздер барлық өлеңге өзгеше ағындылық (темп) береді” [119, 115 б.].
Абайдың өлең жасау әдісі, тәсілі осы жөнде, жазылу мерзімдеріне қарай жүйелеп, талдауында әр қырынан ашылып отырады.
М. Әуезов абайтанудың теориялық негіздемесін тұтас жасады.
Көбіне абайтануда жекелеген зерттеушілер әр қырынан кейін, жеке мәселені қозғап қарастырып отырған болса, Әуезов абайтануды тұтас игеріп, меңгерді, ғылыми-теориялық негізін салды.
М. Әуезов өзі Абайдың қоғамдық сатирасы атаған “Болыс болдым, мінеки”, “Мәз болады болысың” өлеңдерінің үлгісі ерекше дейді.
“Ақын сатираның ең бір өтімді дәлелді және өмір шындығына ерекше жақын төте жолын алады. Жалғыздығын өз аузымен тегіс түгендетіп өзіне айтқызу – Абайдың жаңадан дәл басып тапқан шебер әдісі” [119, 133 б.].
“Өзінен бұрын ешкім таппаған қиын ұйқасты шебер түрге Абай әдейі арнап ән де шығарды”.
“Шығармашылық еңбегінің қайсысына болса да ерекше ықылас, ұқыптылықпен қарайтын ақын, бұл өлеңге бұрын айтпаған, таппаған жаңа түр береді. Сол жаңа түрі оқушыға тосаңдық етеді деген оймен ұғымдырақ, қонымдырақ ету үшін әдемі ән де шығарып таратады”.
Осы тұста М. Әуезов пікірі қаншалықты беделді бола тұра, Абайдың ән өлеңдеріне байланысты бір ой туатын сияқты. Мүмкін үлгі сол әннің өзімен келеді?
Абайдың ән өлеңдері жайын әріге үңіле қарастырып қозғайтын Тәкен Әлімқұлов Абай өлеңіндегі түр ерекшелік, жаңалықтың бір түрі – ән өлең екенін анықтап, ажыратып айтады.
Абай әнді көбіне өлеңнің уағыздаушысы есебінде шығарып отырған сияқты деп қисындайды.
Абай әнінің ерекшелігін, әсер қуатын дәл, айқын сезіндіріп бағалайды.
“Қыз айтуға арналғандай”, “Желсіз түнде жарық ай” әні соншалық сезімтал, назды, сағынышты келсе, еркек болғанда, кәртамыс еркек айтуға жаралғандай “Қор болды жаным ” әні күн күркірерлік күңіренісімен көңіл қамықтырып, жан түршіктіреді. Ән ауық-ауық ұлиды.
…“О-у, қамырықты көңіл, қайтсе болар жеңіл?!” боп жетімдей өксіп, өгіздей өкіруінде азатшыл ақынды тұншықтырған сұм заманның сұмдығы жатыр” [90, 115 б.]. Абайдың өлеңдегі елеулі өз өзгешеліктері қай өлеңінде, қашан байқалған деген мәселеде де М. Әуезов аса ыждаһатты, ықыласты, сергек, сезімтал. Бұл жөн де абайтануда үздіксіз үрдіске айнала қойған жоқ.
Мәселен, бір ғана “Сен мені не етесіңнің” өзіне М. Әуезов сан қырынан үңілген.
“Абай осы өлеңде ең алғаш рет әр жолдың ырғақ, буын өлшеуін де қатты өзгертеді. Кей жол төрт-бес сөзден құрылса, белгілі санаулы қатарда, мысалы: төртінші, алтыншы жолдарда бір-бір-ақ сөз бір жол болып отырады. Осындай өлең уәзінін (Абайдың өзі айтуынша) тауып, ақын және де арнаулы ән шығарады” [119, 142 б.].
М. Әуезовтің осы өлеңді талдауында бірталай мәселенің бастамасы іспетті ой бар. “Сен мені не етесің” – ән өлең. Осының әні де қазақ есітпеген ән-күй ырғағынан мүлде бөтен дейді ғалым. Қазақ музыкасы үшін ән өзгешелігін іздегенде Абай әдейілеп речитатив өрнегін тапқан. Ондағы үй-ішілік драмалық-уақиғалық мазмұнда 14 жолдан қайырылған шумақ өлеңдегі жеделдік, бір демділіктен гөрі ауызша айтылып отырған сөздің интонациясы бар, бұған Лермонтов лирикасының зор әсері бар тәрізді деген пікір “Сен мені не етесіңнің” табиғатын ашып-ақ тұр.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   57   58   59   60   61   62   63   64   ...   85




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет