Мәдібаева қанипаш қайсақызы



бет64/85
Дата01.03.2023
өлшемі1,9 Mb.
#70870
1   ...   60   61   62   63   64   65   66   67   ...   85
Сол желіккеннен желігіп,
Жынды сары жоғалды.
Ойбайлаған болайын-ай,
Жоқтамасам обал-ды.

Баймағамбетке қатынының атынан шығарылған өлең. Алғашқы жолдары


8 буын, екінші 7 буын. Кілең 7 буын болса желдірме жыр өлшемімен жеңіл оқылар еді дейді. Бірақ Абай сөз интонациясына жуықтату үшін жыр ырғағын әдейі өзгертіп 8 буынды жолдар араластырады. Соның нәтижесінде қонымды, құнарлы жаңа түр туады.
Бұл әдіс Абайдың көп өлеңдерінен аңғарылады.


Сұрғылт тұман дым бүркіп,
Барқыт пешпент сулайды.
Жеңіменен көз сүртіп,
Сұрланып жігіт жылайды.
Әйелмісің, жылама
Тәуекел қыл құдаға.
Өлең айт,
Үйге қайт.

Осының алғашқы 6 жолы белгілі бір ырғақпен, буын өлшмімен келеді де, соңғы екі жол кілт өзгереді. Әрине, бұл сыртқы форма үшін жасалмаған. Өлеңнің ішкі динамикасынан туған [90, 113 б.].




Не іздейсің, көңілім, не іздейсің,
Босқа әуре қылмай шыныңды айт.
Шарқ ұрып, тыныштық бермейсің,
Сырласайық бермен қайт, –

деген жолдардың ырғақ жаңалығы тіптен ерекше. “Рас, осы алуандас кедір ырғақтар билердің шешендік сөзінде, ділмарлардың терме, тақпағында бар-ды. Бірақ Абайдағыдай бір ізге, заңды қалыпқа түспеген-ді. Сондықтан да тосындық түр жаңалығын Абайға телиміз” [90, 113 б.].


Тәкен Әлімқұловтың Абай өлеңін талдауы – ақындыққа үн қосып отырып талдау. Т. Әлімқұлов Абай шеберлігін әр қырынан “тексереді”. Оның өлеңінің тармақтарын ауыстырып отырып, ақын тәсілінің таптырмас сиқырына тартады: “Көріп отырсыз, поэзия сәл нәрседен жүнжіп, сәл нәрседен құлпырып шыға келеді”.
Тәкен Абай өлеңіне қисынды, тосын, анық тұжырымдар жасайды. Құрғақ тамсану, анадайдан таңырқап қарау емес, сөз сөлін сіміріп, ақынның жүрек дыбысын нәзік аңдап, дәл жеткізген талғам.
Тәкен Әлімқұлов Абайдың ақындық асқарының биігіне бас иіп тұрып Абай Абай екен деп, қазақ әдебиет өркенінің барлық өріс-өсімін мүмкіндігінше бір Абайға теліп қою сияқты біржақтылық белең алған замандарда ғылымның жөнін, қисынның сөзін айтты.
Әлімқұловтың “Жұмбақ жаны” – ақындық, ақындық болғанда да қазақтың дарасы Абай ақындығы туралы ғажайып құштарлықпен жазылған тұнық зерттеу.
Ілияс Жансүгіров алғаш рет Абай шығармаларының текстология мәселесіне назар аударды. Күні бүгін абайтанудың өзекті мәселесінің бірі күйінде қалып отырған текстологиялық түйткілді Ілияс орынды, дер кезінде айтқан еді.
“Тегінде Абай – мұсылманша жазудың реттелмеген шатақ уағындағы жазушы. Ескі кітабы да осы жөнде болатын. Сондықтан Абайдың өлеңін түзетіп жаңа жолмен жазу, кейбір сөздерін мағыналаудың ауыр тиетіні анық. Бұл ретте Абайдың осы 3-баспасында (Ташкент басылымы, 1922Қ.М.) өлеңдегі, жырлардағы қайбір жеке сөздер жорамалмен жаңылыс түзетіліп кеткен. Бұдан басқа кітаптың баспа қатесін түзетуші (корректор) нашарлау болған” [85, 109 б.].
Сол заманда Абай өлеңінің құнын жеткізіп айтушының бірі І. Жансүгіров.
Ілияс Жансүгіров 1922 жылы Ташкентте шыққан Абай кітабы туралы мақаласында кейінде абайтанудың іргелі салаларына арналған қадау-қадау мәселелерді қарастырды. Абай шығармаларының текстологиясы жөнін алғаш көтерген, сол заманның өзінде нақтылы дәлелдер келтіріп, қисынын ұсынған еді.
Абайдың 1922 жылғы басылымындағы жаңсақтықтардың сипаттамасын жасап, түп себеп, негізгі белгілерін ажыратып көрсетудің жолын салады.
“Ұя бұзар” – “ұят бұзар емес”, “құлқың” – “құлың” емес, т.б. осындай жаңсақ кетті деген 21 сөз келтіреді.
“Міне, бұлар жорамалмен кеткен жаңсақтықтар. Мұның ішінде кейбіреулерінің ұйқастық жағынан жақындығы бар болса да, мағына жағынан зор айырмалары бар. Мұны келесі басылатын кітаптарда ескеру керек” [85, 111 б.].
Ғ. Сағдидің Абайды тану үшін не қажетті саралап отырып айтқан мына бір ой ұшқыны кейінде Абай және Дулат төңірегінде біршама қарастырылып жүр. Қалған жағы күңгірт, көмескі күйде.
“б) Абайдың қазақ арасындағы ел ақындарымен қатысы болды ма, болған күнде олардың шығарған өлеңдеріне еліктеді ме? Еліктеген болса, олар қандай ақындар еді? Қандай типтегі кісілер еді?” [85, 135 б.].
Ғабдрахман Сағди алғаш рет Абай шығармаларының көлемі жөнін тексерген. Барлығы – 5313 жол шамасында өлең, тәржіма – 1700. Өзінікі – 3612 жол дейді.
Ғ. Сағдидің Абайдың дүниетаным, дінге қатысы, ақындық мектеп жөніндегі: “6) Абайға мұсылманшылдық дүниесіндегі сопылыққа әсер бермеген, Абай – мұндай сипатпен уланбаған кісі” [85, 143 б.] “8) Абайдың әдеби өмірінің әуелгі жартысында орыс әдебиетінің берген әсері сезілмейді. Абайдың өзінен өлең шығарушылық дәуірінде ешбір халықтың әдебиетіне әм ешбір адамға еліктегендігі білінбейді” деген пікірлері – назар аударарлық.
Ғ. Сағди Абайдың өлең өлшемін алғаш қарастырды. Абайда ескісі бар, жаңасы бар 8 түрлі өлшеу бар деді (“Ақжол”, 1923, №335, 356, 359, 363, 369, 370).
Ғ. Сағди Абай тілінің бір ерекшелігі одағай сөздерден жасалған етістіктерді көп қолдануы дейді. Әрі шеберлікпен өзі жасайды деді. М. Әуезов Т. Әлімқұлов т.б. Абайда орыс әдебиетшілері Пушкин, Лермонтов әсерімен етістік аз дейді. Бәлкім, бұл Абайдың аудармаға келгеннен кейінгі ерекшелігі.
Ғ. Сағди – Абайдың шығармашылық сырына, оның шығармаларының туу себебіне, жазылу тарихына, жазылу мерзіміне, текстологиялық мәселелеріне, өлең өлшемі, өлең құрылымына тереңнен зер салған алғашқы зерттеушінің бірі.
Ғабдрахман Сағди 1922 жылы “Ақ жол” газетінде жариялаған “Абай” зерттеуінде Абайдың кітабын шығаруда өлең өлшеуіне, жол айыруларына мұқият болуды алғаш ескертеді. Ғ. Сағди көрсеткен Абай өлеңіндегі өлшемдерді Абайдың кейінгі басылымдарындағы түзілуін қарастыруда да ескеріп отырғанның артықтығы болмас еді.
Ғ. Сағди абайтанудың бірнеше өзекті мәселесін алға тартып, күн тәртібіне қойды.
1. Туысы мен өмірі жайлы тереңірек зерттеу ақынның шығармашылық сырына алып барарын айтты.
2. Басылым жөнінде ұстанатын қағидаларға назар аударды. Түпнұсқаның құндылығы мәселесін көтерді.
3. Өлең өлшемі туралы деректер берді.
4. Қазақтың жазба әдеби тілінің мәселесіне қатысы бар Абайдың қазақ тілінің “Әдеби жақтан істелуіне” көп қызметі тиді дейді.
5. Абайдың дінге көзқарасы, сопылыққа қатысы, Алланы тану жолындағы шығармашылық мұрат, мұрасы жайлы қадау-қадау мәселелер айтты. Осы Абайдағы дін жайын “серъезно” сөз еткен алғашқы зерттеу десек артық емес.
6. Абайдың заманы, әлеуметтік жайлар мәселесін аса ащы, тым терең айтуында да концептуальдылық бар.
Абайтанудың басындағы көрегендікпен айтылған ойтүрткі, ойарна еңбектер абайтанудың ұзақ жылдар бойы негізгі зерттеу мәселелерінде негізгі ой желілері ұстаным болып отырғанымен, аталмады. Сол себепті де абайтану тарихын фактография деңгейінен (белгілі бір кезеңдерде қажет болғанҚ.М.) көтеріп, әр кезең, әр зерттеушінің таным, пайымын бүгінгі ғылыми айналымға қосып отыру парыз.
Абайтанудың басында тұрған А.Байтұрсыновтың Абай өлеңіндегі мін деп қарастырған шумақ ішіндегі бунақтардың, тармақтардың басында иә ортасында бірыңғай болып келмегендігіне байланысты пікірінен, Абайдың ән өлеңдерінің ерекшелігіне қатысты да, әнге арналмаған өлеңдеріндегі түр жаңалығын да ой зердесіне тартар “қызық” қисын бар. Қазақтың бар өлеңі бұрын әнге салып айтуға келе беретін. Енді Абай әнге салып айтуға келмейтін өзгеше өлең жасап отыр!
“Шумақ ішінде бунақтар тармақтардың басында иә ортасында бірыңғай болып келу тиіс. Мәселен, бір тармақтың басында үш буынды бунақ келсе, басқа тармақтарда да солай келу тиіс. Әйтпесе өлең өлеңдігінен айрылмағанмен, жорғағынан жаңылады, айтуға ауырлық келтіреді.
Бұл кемшіліктен қазақ ақындарының көбінің-ақ сөзі аман емес. Әсіресе Абай өлеңдерінде көбірек ұшырайды. Мұндай кемшілігі бар өлеңдерді де сол күйінде өзгертпей әнге қосуға болмайды” [12, 389 б.].
Қажым Жұмалиев 1948 жылы “Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі” тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Абай поэзиясының тілін әр сапада ең алғаш тереңнен зерделеген бұл монографиялық еңбек түрлі себептермен 1960 жылы жарық көргені белгілі.
Қазақ халқының өміріндегі көркем сөздің, өлең тілінің мәні мен орны жайлы, ауыз әдебиетінің тілдік құндылықтары жөнінде, Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі жайлы жан-жақты ғылыми негіздеме жасалған бұл еңбекте Қажым Жұмалиев ауыз әдебиеті үлгілерін тарата талдап, Абайдың алдындағы ақындық мектеп жайын қозғайды. Абай поэзиясы тілінің көркемдік сырына теориялық тұғырнама жасайды. Абайдың өлең шығармашылығындағы орыс, Батыс әдебиетінің ықпалына да кең тоқталады.
Қажым Жұмалиев Абайдың өзінің алдындағы әдебиеттен жаңа сападағы өлең жасауын қазақ әдебиетінің даму заңдылықтарымен, өзіндік дара сипаттарымен сабақтастықта қарау арқылы Абайдың ақындық әлеміне бойлаудың ғылыми жөндерін қисындады. Абайды танудың, ашудың жалпылық ұғымнан нақтылы дәйектемелерге ұласуына өлшеусіз еңбек жасады.
Қ. Жұмлиев алғаш Абайдың метафора, синекдоха, метонимия, метафоралық эпитет арқылы сөйлемді жаңартқанын айтты. “Тұлпар міну” – “Талаптың тұлпарын міну”.
“Әйел адам гүлмен тең, дымды сүймек” – метафора.
“Боламын деп жүргенде болат сынып”, “Ауру жүрек ақырын соғады жай” – метонимия.
“Күнді уақыт итеріп
Көкжиектен асыра” – кейіптеу (олицетворение).
Қ. Жұмалиев Абайдың тіл тазалығына қосқан тарихи үлесін ақынның өз заманындағы, одан ілгерідегі қазақ тілінің жайымен сабақтастықта таратып ашты.
Қ. Жұмалиев Абайға шейінгі халық әдебиетінің тілі және Абай поэзиясы тілін сабақтастықта, салыстыра отырып зерттеуінде Абайдың өткеннен алғаны мен өзіндік қана өзгешелігін саралады. Абайдың сөз ұстарту әдісін теориялық жақтан тұғырлаудың басы болды. Абай тілінің ішкі заңдылықтарын ашты.
“Абайдың еңбектерінде ең алдымен, халық ауыз әдебиетінен пайдаланған сөз, сөйлемдер, мақал, мәтелдер көп кездеседі. Оларды Абайдың пайдалануы екі түрлі: біріншісін, халықта қалай айтылса, сол қалпында өзгертпей қолданады да, екіншісін, ел аузындағы түрінен өзгертіп, сөз, сөйлемдерін өзінше құрып, кейде жаңаша мазмұн береді. Кейде сол мазмұнның өзін қалдырып, сөз, сөйлемдерін басқаша етіп құрайды” [17, 158 б.].
Қ. Жұмалиевтің саралап көрсетуінде Абайдың тіл қазынасы, сөздік қоры ең алдымен халықтық әдеби мұрамен байланысты. Абайтануда Қ. Жұмалиевтің Абай өлеңдеріндегі жаңалық жайлы пікір, түйіні – орны бөлек байлам.
“Абай қазақ өлеңдеріне әр түрлі жаңалықтарды, бізше, үш түрлі жолмен кіргізгенге ұқсайды. Кейбір өлеңдерін әнге арнап жазған. Кейбір өлеңін қазақта бұрыннан бар өлеңдердің ізімен жаза келіп, аяғына жаңаша бунақ, буындар қосып жаңартқан, кейбір өлеңдерді басқа елдердің ақындарының өлең құрылысына еліктеп, сол әдіспен жаңа түр жасаған”.
Абайдың сөйлем құрылысына кіргізілген әр алуан жаңалығының бір бұтағы өлең сөйлемдердің ұйқастарында. Абайға шейінгі әдебиетімізде болмаған, Абай өлеңдерінде ғана кездесетін төмендегі тәрізді ұйқастар бар. Олардың жалпы бағыты бір болса да, құрылыстары әр келкі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   60   61   62   63   64   65   66   67   ...   85




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет