Мәңгілікпен үндесу



бет32/32
Дата06.01.2022
өлшемі94,39 Kb.
#14578
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   32
Өтінішім осы.

Үй-ішіңіз аман болғай!».

Екі зиялының жазысқан хаттарына қарап, олардың бір-біріне деген ыстық ықыласына ғана емес, асқан сыпайылық пен қалтқысыз құрметке негізделген, «ағалы-інілі» адамдар арасында ғана кездесетін риясыз көңіл-бейілдерін айқын аңғаруға болады. Інісі: «үш том шығаруға бейілмін» –  десе, ағасы немісше ұқыптылықпен әлдеқашан атауын қойып, көлеміне лайықтап қойған екі кітабын: «Әрине, бұл арман ғой. Бірақ түптің түбінде орындалуы бек мүмкін», – деп үлкен үмітпен ұсынады. Тіпті, «реті келмесе, әлбетте, реніш-өкпе болуы мүмкін емес» дегенін айтуды да ұмытпайды.

Әрине, Герағаңның хатын оқыған адам: «Қабырғалы қаламгердің  қазақтар туралы жазылған триллогиясын бастыру туралы ұлы арманы орындалды ма екен?», – деп ойлайтыны анық. Біз де осы сауалды Мұхтар ағамызға қойғанбыз. Ол кітап сөресіндегі Герағаңның он томдығы тұрған жерден қоңыр мұқабалы қос томдықты алып, жайымен ғана алдымызға қойды. Қолымызға ұстап қызықтап «Вблизи и рядом» атты нән кітаптың алғашқы бетін ашқанымызда  көзімізге Герағаңның сол баяғы маржандай жазуымен түсірілген «Дорогой Мухтар Абрарұлы! Вы ведь тоже – уже десятилетями – вблизи и рядом. С благодарностью обнимаю вас!»,- қолтаңбасы оттай басылды.

Ағасы ондаған жыл жанында болған қамқор інісін зор ықыласпен құшағына басады. Алғыстың бұдан артық қандайы болуы мүмкін.

Шамамен көлемі 25 табақтай  «Вблизи и рядом» кітабында халқымыздың айтулы тұлғалары, әрі замандастары Шота Уәлиханов, Мұрат Әуезов, Әбіш Кекілбайұлы, Асқар Сүлейменов, Баққожа Мұқай, Әбдіжәміл Нүрпейісов пен Леонид Кошут жайындағы эсселері мен ой-толғамдары бір ізге түсіріліпті.  Егер де әдеби эсселерінде Герольд Бельгер тіршілік сапары табыстырып, өмірдің ащысы мен тұщысын бірге татқан қаламгерлердің шығармашылық әлемінің тұңғиығына бойласа, күнделік үлгісіндегі ой-толғамдарында олардың қалың оқырманға беймәлім қырлары түрлі ситуация барысында жан-жақты ашыла түседі. Көзімен көріп, куә болған деректерінің бәрін де асқан ұқыптылықпен күнделігіне түртуді үйреншікті әдетіне  айналдырған Бельгердің қырағы жанары байқамай қалған бірде-бір әдеби оқиға жоқ.  Тілге тиек етіп, талдаған шығармаларында көпсөзділіктен бойын аулақ ұстап, әр жазушының таланты мен парасатына лайық дәл анықтама береді.

Жайлап, қоңыр мұқабалы «Казахские арабескиді» аштым. Кітаптың алғашқы бетіндегі Герағаңның бекзат болмысты фотосуретінің жанына: «Қадірменді Мұқа! Сіздің батаңызбен баяғыда жоспарланған екі кітабым да, ақыры, жарық көрді. Қуаныштымын. Алғысымды айтамын. Тілекшіңіз. Герольд Б» деген жазушы қолтаңбасы қонақтапты. Жазушының риясыз көңілінен шыққан осы жолдарды оқығанда: «Герольд Карловичтей бекзат болмысты, дегдар жанның осыншама құрметі мен алғысына, шынайы тілектестігіне ие болған Мұхтар аға, Сіз қандай бақытты жансыз», – деген ой оралды санама.

Алғашқы бетіне көзімді жүгірте бастағаннан-ақ шынайылығымен көңілімді баурап алған бұл еңбекті де бір түнгі ұйқымды қиып, басымды алмай оқып шықтым. Екі-үш беттен аспайтын шағын миниатюралар назарың кідірістемей, жылдам оқылады. Герағаңның өте қысқа дүниелерімен  мағынасы терең, тағылым мол дүниелерді жеткізе білетін шеберлігі таң қалдырады.

Айталық, көлемі үш қана беттен тұратын Абай туралы жазған дүниесінде осы тақырыпты зерттеген адамға бір үлкен кітап жазып шығуға азық бола алатын қаншама ой жатыр. Герағаң үшін Абай – қазақтың ұлттық символы. Ол ұлы ақынның әлем әдебиетіндегі алуға тиіс орнын Данте, Шекспир, Гете, Пушкиндермен бір қатарға қойып, оның себебін қалың оқырманға өте түсінікті тілмен, жан-жақты дәлелдейді. Ұлы Абайды шет ел оқырмандарына таныту үшін тынымсыз еңбек еткен әдебиеттанушылардың бірі де Герағаң болғанын айтпай тұра алмаймыз.  Абайды өмір бойы пір тұтып, құдіретіндей қастерлген Герағаңның сонау совет заманының өзінде Германияда совет әдебиетін басып шығарумен айналысқан Лео Кошут арқылы ұлы ақын шығармаларының неміс тілінде жарық көруіне мұрындық болғанын да «Казахские арабескиден» оқып білдік.

Шіркін, арман біткеннің ақынның көзі тірісінде орындалғанына не жетсін! Герағаңның өзі «Қазақ әлемі» деп ат қойып, ғұмыр бойы жазған триллогиясын аяқтап қана қоймай, оның тасқа басылып шыққанын өз көзімен көріп, риза-хош болып дүниеден озды.

Осы тұста мына бір жайтқа орала кеткенімнің артықтығы болмас. Герағаңның рухани сырласы, әрі туған бауырындай болған Мұхтарға жазылған жауабының соңы: «хатыңыздың ұнағаны сонша, мен оны – ұлықсат болса келешек кітаптарымның біріне соңғы сөз түрінде жариялауды қалар едім», деген өтінішімен аяқталады.

Әрине, Герағаңдай сұңғыла адам өмірінің тұйықталар мезгілі таяғанын сезген. Он томдық шығармалар жинағы мен қазақтар туралы трилогиядан кейін өзі жайлы жинақтың да нобайын белгілеп, оның соңғы сөзі ретінде сыйлас інісінің ерекше тебіренткен хатын жариялауды жөн көрген. Оның бұл өтініші де жүзеге асып, жазушы бақилық болған соң оның қырқына орай жарық көрген «Герольд Бельгер кім?» атты жинақ Мұхтар Құл-Мұхаммедтің алғы сөз орнына берілген хатымен ашылды.

Қырықтан астам кітап жазып, жүздеген еңбектерді орыс тіліне  тәржімалаған  қаламгердің Аллаға өкпесі жоқ шығар. Алайда Герольд Бельгердің әдебиеттегі алатын орны оның еңбекқорлығы немесе жазушылық жолындағы жанкештілігімен ғана өлшенбейді.

Өнерге жан бітіріп, оны өміршең етіп, ұлылықпен үндестіріп, мәңгіліктің биігіне қарай жетелейтін құдіреттің аты – шыншылдық. Әдебиетке жанының тазалағымен, жүрегінің адалдығымен қызмет еткен шыншыл адамдарға ғана ұлы Рухтардың қақпасы айқара ашылады.

Герағаңның шыншылдығы шығармаларынан ғана емес, жазған хаттарынан, жүргізген күнделіктерінен, оқырманға берген қолтаңбаларынан да айдарланып тұратын.



Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Жалғасын «Тағылым мен тағзымнан» оқи аласыздар

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   32




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет