«Қысқа қайырсам, хатыңыз тебірентті, жылы әсерге бөледі, көп нәрсеге көзімді ашты, ой салды.
Әрине, рахмет, бәрекелді деймін.
Қазақ сөздіктері жайындағы мәліметтер мен – әсіресе Машанов туралы деректер мені өте-мөте қызықтырды. Мұның бәрінен бейхабар екенмін.
Жалпы шығармашылығым жайында осы кезге дейін 518 мақала, рецензия, монография, сұхбат жарияланған екен (бәрін тіркеп, тізіп жүретін әдетім бар), солардың ішінде Сіздің хатыңыздың орны бөлек.
Памук төңірегіндегі ойларыңызды қостаймын. Марқұм Әбілмәжін Жұмабаев маған Памуктың кітабын беріп еді, екеуінен де түңілгенмін. (Сөз арасында айта кетейін, Сіз көтермелеп жазған Коэльоны да оқи алмадым)
Айтматовты мен тәуір білетін сияқтымын. Адамшылығын да, шығармашылығын да жоғары қадірлеймін. Ол жайында талай жаздым да. Мәскеуде, Қостанайда, Алматыда әлденеше рет кездескенбіз. Шоң азаматтың болмыс-бітімі, тұлғасы, шығармашылық өресі, өмірге құштарлығы – бәрі де ұнайтын. Өзіне жарасып тұратын. Марқұм Асқар (С) айтар еді: «Біздің Әбе ауылдың жаман белсебетін тебеді, ал, Айтматов спорттық тұлпар мотоциклді айдайды».
Айтматовтың мен білерде негізгі кемшілігі – орысша тіл жұтаңдығы, қарабайырлығы. Оның қанында орыс тілі болмайтын. Сондықтан ол Дальден, орыс жазушыларынан, орыс фольклоры мен мифологиясынан, латын американдықтардан, жапонның прозашыларынан, немістердің Т.Манн, Г.Гесселерден аздап-аздап «жиендік» жасайтын, әртүрлі стильдерді (публицистика, очеркистика, эссеистика, мақала, газет мақамы) араластырып, ботқалайтын. Бұл ауру орыс тілді бұратаналардың бәрінде бар (мені де осы топқа қосыңыз).
70-жылдардың орта шенінде «Россия» қонақ үйінде Ан.Киммен танысып едім. Ол: «Айтматов маған романымды аудар деп өтінді» – деп қалды. Таңырқадым. «Аударғаны қалай?! Ол өзі орысша жазбаушы ма еді?!» «Ия, орысша жазады, бірақ орысшаға орашолақ. Оған редактор, я стилист емес, аудармашы керек»-деген жауап алдым.