Абайдың 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы 2020 жылы қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын жоғары ұйымдастырушылық және мазмұндық деңгейде мерекелеуді қамтамасыз ету мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
2019 жылғы 1 шілдеге дейін 2020 жылы қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын (бұдан әрі - Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы) дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрсын;
2019 жылғы 1 қазанға дейін Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспарды бекітсін;
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорықмузейін кешенді жаңғырту жөнінде қажетті шаралар қабылдасын;
2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізсін;
Абай Құнанбайұлының еңбектерін кең таралған негізгі шет тілдеріне сапалы аударуды жүзеге асыру, басып шығару және халықаралық ілгерілету жөнінде қажетті шаралар қабылдасын;
Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын Біріккен Ұлттардың Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) мен Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) аясында мерекелеуді ұйымдастыру жөніндегі мәселені пысықтасын; 7) Осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де шаралар қабылдасын.
Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.