Қанағат, рақым ойлап қой - Бес асыл іс көнсеңіз..., -
Абайдың Қазақстан тарихында алатын орны
Абайдың өз өлеңдері мен қара сөзбен жазылған ғибраттарында қазақ қоғамы өмірінің барлық жақтарын ашып көрсетті. Одан ақыл-кеңес сұраған дала тұрғындары ағылып келіп жатты. Атап айтқанда, оған Баянауыл өлкесіндегі белгілі шежіресі, әрі ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы келіп тұрды. Абаймен Семейге саяси жер аударылып келгендер де санасатын. Патша үкіметінің әкімшілігі Абайдың соңына шам алып түсіп, аңду орнатты. Тіпті 1903 жылы Семей полицмейстері ақынның және оның балаларының үйіне тінту жүргізді. Жақын туыстары мен балаларының бірінен соң бірінің қазаға ұшырауы, оның үстіне ізіне түсіп қудалауға душар болуы ақынның денсаулығына әсер етті. Абай 1891 жылы өзінің ең жақсы көретін інісі Оспаннан айырылды. 1895 жылы үлкен ұлы Әбдірахман қайтыс болды. 1904 жылғы көктемде оның тағы бір ұлы Мағауия дүниеден өтті. Бұл қайғылы оқиғалар Абайға аса ауыр тиді. Мағауияның өлімінен кейін 40 күн өткенде Абайдың өзі де қайтыс болды.
Ақын өзінің талантты шәкірттерін тәрбиелеп өсірді. Абайдың ізбасар шәкірттері Шәкәрім, Көкбай, Ақылбай, Кәкітай және Мағауия болды.