Тошия Чичибудың айтқандарын қорытындылап, Жапонияда «Сабақты зерттеу» (Lesson Study) әдісін қалай қолданатындығын нақтылайық. 1. «Сабақты зерттеу» (Lesson Study) әдісін мектеп жұмысын бағалау емес, оқу мен оқытуды жақсарту үшін қолданылады.
2. Қателер жасырылмай, оның себептерімен жұмыс жасалады.
3. Мектептің барлық мұғалімдері үшін сабақты зерттеу міндетті болып саналады.
4. Мектептің барлық мұғалімдері 4-5 адамнан тұратын «Сабақты зерттеу» (Lesson Study) топтарына бірігеді.
5. Бүкіл мектепке ортақ бір зерттеу тақырыбы таңдалады.
6. Lesson Study сабақтары мектепте айына бір рет бір күнде өтеді, олардың саны 1, 2 не 3 болады.
7. Белгіленген күні барлық мұғалімдер Lesson Study сабағына қатысады. Әдетте Lesson Study сабақтары соңғы сабақта өткізіледі де, басқа сыныптар үйлеріне қайтарылады.
8. Зерттеу фокусы ретінде не оқушылардың үйренуі, не мұғалімдердің сабақ беруі, не екеуін де жақсарту мәселелері таңдалады. Екі мәселені де таңдаған дұрыс деп есептелінеді.
9. Мектеп бір ай бойы таңдап алған ортақ зерттеу проблемасы бойынша бірлесе жұмыс жасайды.
10. Алдымен 2 апта бойы шағын топтар құрамында Lesson Study сабағын өткізетін мұғалімнің ұсынған сабақ жоспарын талқылайды.
11. Үшінші аптада бүкіл мектеп бірлесіп сабақ жоспарын талқылайды, оған өзгерістер енгізеді.
12. Төртінші аптада Lesson Study сабағы өткізіледі, ол дереу талқыланады.
13. Сабақты талқылау барысында мұғалімдер арасындағы ынтымақ пен жағымды қарым-қатынас бағаланады.
14. Сабақты зерттеу үрдісінің нәтижелерін мұғалімдердің өздері таңдап алады. Олар бірінші кезекте оқу мен оқытудың жақсаруын меңзейді.
15. Сабақта қанша оқушыны бақылау қажеттігін мұғалімдердің өздері шешеді. Олар бір оқушыны, не бір жұпты, не бір шағын топты бақылайды. Алайда бір мұғалімнің бүкіл сыныпты бақылағаны да тиімді деп есептелінеді.
16. Бақылау нысандарын мұғалімдердің өздері таңдап алады. Тиімді бақылау құралдарына фотосуреттер мен кестелер жатқызылады.
17. Сабақтан кейін оқушылардан интервью алу міндет емес. Алайда бұл тәсілдің тиімді екендігі ескеріледі.
18. Бақылау барысында сабаққа кедергі болады деген оймен негізінен оқушыларға сұрақ қойылмайды.
19. Бақылауды мұғалімдер орындарынан тік тұрып жүзеге асырады.
20. Lesson Study сабағын талқылауда жасалған қорытынды барлық мұғалімдер үшін міндетті деп есептелінеді.
Тошия Чичибу келтірген жапон мектептерінің сабақты зерттеу тәжірибесі еліміздің мұғалімдеріне бір пайдасын келтіріп қалар. Әрине, қатып қалған ешнәрсе жоқ. Тошия Чичибу келтірген жапон тәжірибесін өзімізге бейімдеп, шығармашылықпен өзгерте әрі дамыта қолданғанымыз орынды. «Жақсы адам бәрінен үйренеді, ылғи да үйрену үстінде болады» деген қағиданы ұстанып, бұдан да бір жақсы жақтарды алып қалуымыз керек.
Бұл жердегі ең басты мәселе еліміздің әр мектебіне ешбір нұсқаға ұқсамайтын өзіндік «Сабақты зерттеу» (Lesson Study) тәжірибесін құрастыруда болып тұр. Ең маңыздысы – бір үлгіге сәйкес болу емес. Ең маңыздысы – өзімізге тиімді, қолайлы, жақсы нәтиже беретін өзіндік нұсқа дайындау, ешкім жүрмеген сара жол іздеу. Әр мектептің сабақты зерттеуді өзіндік тұрғыдан жүзеге асырғандығы дұрыс.