2-параграф. Коммуникативтік дағдыларды дамыту 180. Коммуникативтік дағдыларды дамыту балалардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, күн сайын ойын түрінде және сөйлеуді дамыту, көркем әдебиет, қазақ тілі ұйымдастырылған іс-әрекеттері арқылы жүзеге асырылады. 181. Мақсаты инновациялық әдістер мен технологияларды қолданып, әлеуметте ауызша қарым-қатынас жасау, диалог құру дағдыларын қалыптастыру болып табылады. 182. Міндеттері: ересектермен және балалармен еркін қарым-қатынас жасау дағдыларын қалыптастыру; Қазақстан халқының мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен таныстыру арқылы түрлі балалар әрекетінде балалардың ауызша сөйлеуін дамыту; балаларды өздігінен сипаттау және баяндау әңгімелерін құруға баулу; баланың айналасындағы өзін қоршаған ортадан тыс заттар мен құбылыстар туралы ақпараттарды алуында оның қажеттіліктерін қанағаттандыру, оларды құрдастарымен талқылау; балаларға жастарына сәйкес тыңдауға, сахналауға, тәрбиелік мәні бар әдеби шығармаларды ұсыну; балалар әдебиетіне, театр әлеміне қызығушылықты дамыту. 183. Күтілетін нәтижелер: сөйлеуді дамыту бойынша: дауысты, дауыссыз дыбыстарды дұрыс айтады; ақырын, жылдам сөйлейді; сөздер мен сөз тіркестерін дұрыс, анық айтады; естіген дыбыстарды дұрыс айтады; белгілі дыбысқа ауызша сөздерді табады; сөйлегенде сөйлемдердің түрлерін (жай және күрделі), сын есімдерді, етістіктерді, үстеулерді, қосымшаларды қолданады; өзін қоршаған ортадан тыс заттар мен құбылыстардың атауларын біледі; адамдардың мамандықтарын білдіретін зат есімдерді, еңбек әрекетін білдіретін етістіктерді біледі; тұрмыстық заттар және қоршаған табиғат заттарының мәнін түсінеді; қазақтың ұлттық тұрмыстық заттарын таниды, атайды; қазақ халқының құндылықтарын құрметтейді; тұрмыстық электротехника заттарын таниды және атайды; зат есімдерді жекеше және көпше түрде айтады; сан есімдерді ретімен атайды, оларды зат есімдермен септіктерде, жекеше және көпше түрде байланыстырып айтады; зат есімдерді сын есімдермен байланыстырып айтады; өзі зерттеген заттарды, суреттерді сипаттайды; бейнелеген суреттері, бұйымдары бойынша әңгімелер құрастырады; шығармалардың, ертегілердің қызықты үзінділерін қайталап айтады; бейтаныс заттар, құбылыстар, оқиғалар туралы ақпаратты қызығушылықпен талқылайды; ұсынылған сюжеттер бойынша қойылымдарды сахналайды; көркем әдебиет бойынша: көркем шығармаларды эмоционалды қабылдайды; таныс ертегілер мен әңгімелердің мазмұнын қайталап айтады; әдеби кейіпкерлердің әрекеттерін бағалай алады; шығарма мазмұнын қайталап айтуда сюжет желісінің реттілігін сақтайды; тақпақтарды, санамақтарды, өлеңдерді мәнерлеп, жатқа айтады; ересектермен бірге ертегі мен әңгіменің басын, соңын ойдан құрастырады; кітаптағы иллюстрацияларды өз бетінше қарап, ертегі, әңгіме құрастырады; дауыс күшін өзгерте отырып, әртүрлі интонацияларды жаңғыртады; әдеби кейіпкерлердің әрекеттеріне өз көзқарасын білдіреді; сахналық қойылымдарға қатысады; образды бейнелеу үшін мәнерлілік құралдарын қолданады; еркін ойындарда таныс кейіпкерлердің образын өздігінен сомдайды; еркін ойындарда таныс кейіпкерлерді басқа қырынан көрсетуге тырысады; рөлді, сюжетті таңдауда бастамашылық пен дербестік танытады; қазақ тілі бойынша: айналасындағы өзін қоршаған ортадан тыс заттар мен құбылыстар туралы біледі; ұжымдық әңгімеге қатысады, әңгімелесушінің сөзін бөлмей, кезекпен сөйлейді; еркін ойындарда және сахналық қойылымдарда адамдар мен жануарлардың эмоционалды көңіл-күйін жеткізеді; түрлі балалар әрекеттерінде өзінің және құрдастарының әрекетін түсіндіреді және дәлелдейді; қазақ тіліне тән ө, қ, ү, ұ, і, ғ дыбыстарын жеке, сөз ішінде анық айтады; туыстық қарым-қатынасты білдіретін сөздерді біледі; өзінің отбасы, отбасылық мерекелер, отбасындағы қызықты оқиғалар, салт-дәстүрлер туралы айтады; төрт түлікті бағатын адамдардың кәсіпшілік атауларын біледі; төрт түліктің төлдерін дауыстап шақыра алады; өлеңдер, санамақтар, жаңылтпаштар, тақпақтарды жатқа айтады; жұмбақтардың жауабын табады; шешендік өнерге, айтыс өнеріне қызығушылық танытады; шығарма кейіпкерлеріне жанашырлық танытады; кейіпкердің іс-әрекетіне өз ойын білдіреді; шығарма кейіпкерлерінің бейнесін сахналық қойылымдарда жеткізеді; еркін ойындарда кейіпкерлердің бейнесін басқа қырынан көрсетуге тырысады; сөздерді жіктеп, тәуелдеп, септеп қолданады; өз ойын жай және жайылма сөйлемдермен жеткізеді; қарым-қатынас барысында балаларды қойылған сұрақтардың сипатына сәйкес хабарлы, лепті, бұйрықты сөйлемдермен жауап береді; өзі мен құрдастарының жауабындағы қателіктерді және жауаптың дұрыстығын ажырата алады; бір-бірімен еркін диалог құрады; таныс немесе бейтаныс ертегілер мен шағын көркем шығармалардың мазмұнын иллюстрациялар бойынша, өз бетінше ретімен қайталап айтады; өзінің тәжірибесіне сүйеніп, суреттер бойынша әңгіме құрастырады; ойыншықтар мен заттарды 4-5 сөйлеммен сипаттайды; берілген сурет бойынша оған дейінгі және одан кейінгі оқиғаны ойлап табады. 184. Сөйлеуді дамыту. 185. Сөйлеудің дыбыстық мәдениеті. Дауысты, дауыссыз дыбыстарды дұрыс айту дағдыларын бекіту, ызың және үнді (р, л) дыбыстарды анық айтуға жаттықтыру. Артикуляциялық аппаратты жетілдіру. Сөйлеу қарқынын өзгертуді бекіту: ақырын, жылдам сөйлеуді меңгерту үшін тақпақтар мен жаңылтпаштар айтқызу. Дикция бойынша жұмысты жалғастыру: сөздер мен сөз тіркестерінің дұрыс айтылуын жақсарту. Фонематикалық естуді дамыту: белгілі бір дыбыстан басталатын сөздерді есту арқылы ажырата білуге және атауға үйрету. 186. Сөздік қор. Айналасындағы заттармен сөздік қорды кеңейту: тұрмыстық заттар және қоршаған орта заттарының қолданылу маңыздылығын түсіну, заттардың атауларын, олардың бөліктері мен бөлшектерін, олар жасалған материалдарды, материалдардың белгілі және белгісіз қасиеттерін сөйлеуде қолдану. Баланың сөздік қорын айналасындағы өзін қоршаған ортадан тыс заттар мен құбылыстардың атауларымен кеңейту, аталған заттардың қолданылу аясы туралы балалармен талқылау. Сөздік қорды ересектердің мамандықтарын білдіретін зат есімдермен, еңбек әрекетін білдіретін етістіктермен толықтыру. Сөйлеуде күнделікті көп қолданылатын сын есімдерді, етістіктерді, есімдіктерді қолдану. Сөздік қорды заттар тобын білдіретін жалпылаушы сөздермен (ойыншықтар, киім, аяқ киім, ыдыс, жиһаз), заттардың орналасқан жерін (сол, оң, қатар, жанында, арасында), тұрмыстық электротехника заттарының және ұлттық тұрмыстық заттардың атауларын білдіретін және мағынасы қарама-қарсы антоним сөздермен байыту. Балаларды қазақ халқының қонақжайлылық дәстүрімен таныстыру, қонақты күтіп алу, төрге отырғызу, "қонақ кәде", "сыбаға", ас қайыру, бата беру, қонақты шығарып салу дәстүрлерін үйрету арқылы үлкендерді сыйлауға, дастархан басында әдептілікті сақтауға баулу. 187. Тілдің грамматикалық құрылымы. Сөйлемдегі сөздерді байланыстыруға, көмекші сөздерді дұрыс қолдануға үйрету, зат есімдерді жекеше және көпше түрде, сан есімдерді ретімен атауға, оларды зат есімдермен септіктерде, жекеше және көпше түрде, зат есімдерді сын есімдермен байланыстыруға, етістіктерді бұйрық райымен қолдана білуге үйрету (отыр, жүр, жүгір). 188. Байланыстырып сөйлеу. Диалогтік сөйлеуді жетілдіру: әңгімеге қатысуға баулу, диалогке қатысушы үшін түсінікті сұрақтар қоюға және қойылған сұрақтарға дұрыс, толық жауап беруге баулу. Балаларды әңгіме айтуға үйрету: затты, суретті өз бетінше қарап, сипаттауға, түрлі балалар әрекеттерінде бейнелеген суреттері, бұйымдары бойынша әңгімелер құрастыруға, шығармалардың, ертегілердің қызықты үзінділерін қайталап айтуға, бейтаныс заттар, құбылыстар, оқиғалар туралы ақпаратты талқылауға баулу. Ұсынылған сюжеттер бойынша қойылымдарды сахналауға үйрету. 189. Көркем әдебиет. Балалардың түрлі әрекеттерінде ертегілерді, әңгімелерді, өлеңдерді тыңдауға, көркем сөзге, кітапқа қызығушылыққа баулу. Тыңдалған шығарманың мазмұнын қайталап айтуға, қысқа өлеңдерді, санамақтарды жатқа айтуға, шығарма мазмұны мен сипатына сәйкес тақпақтарды, өлеңдерді жаттауда түрлі интонацияларды, үзілістерді, логикалық екпінді қолданып, оларды есте сақтауға, шығарма мазмұнын дұрыс қабылдауға, кейіпкерлеріне жанашырлық танытуға баулу. Әдеби шығармаларды мұқият тыңдау, кейіпкерлерге жанашырлық таныту, ондағы әрекеттердің дамуын қадағалау, мазмұнын түсінуге және олардың мазмұнын қайталап айтуда сюжет желісінің реттілігін сақтауға, автор сөздерін айту, кейіпкерлердің мінезін беру, шығарма мазмұны бойынша сұрақтарға жауап беруге, ересектермен бірге ертегі мен әңгіменің басын, соңын ойдан құрастыруға баулу. Балалардың кітаптағы иллюстрацияларды өз бетінше қарастырып, ертегі, әңгіме құрастыруына мүмкіндік беру. Шешендікке, сөз өнеріне баулу, халық ауыз әдебиеті шығармаларымен таныстыру, санамақ, жаңылтпаш айту, жұмбақ шешу, айтыс өнеріне баулу. Сахналық қойылымдарға қатысуға, таныс әдеби шығармалар, ертегілер бойынша қарапайым қойылымдарды ойнауға, образды бейнелеу үшін мәнерлілік құралдарын (интонация, ым-ишара, қимыл) қолдануға, еркін ойындарда таныс кейіпкерлердің образын өздігінен сомдауға, оларды басқа қырынан көрсетуге (қатыгез-мейірімді, ақкөңіл-салмақты) ынталандыру. 190. Қазақ тілі. 191. Тілдік дамытушы орта. Айналасындағы өзін қоршаған ортадан тыс заттар мен құбылыстар, оқиғалар туралы ақпараттарды алуға және оларды талқылауға мүмкіндік беру. Ұжымдық әңгімеге қатысуға, әңгімелесушінің сөзін бөлмей, кезекпен сөйлеуге, бейнелеу құралдарын қолдана отырып, еркін ойындарда және сахналық қойылымдарда адамдар мен жануарлардың эмоционалды көңіл-күйін жеткізуге, сөйлесу барысында әңгімелесушінің назарын өзіне аудару үшін интонациямен сөйлеу мәнерін өз бетінше қолдануға, түрлі балалар әрекеттерінде өзінің және құрдастарының әрекетін түсіндіруге және дәлелдеуге баулу. 192. Сөйлеудің дыбыстық мәдениеті. Артикуляциялық және дауыс аппаратын, сөйлеуде тыныс алуды, фонематикалық естуді, анық және қалыпты қарқынмен сөйлей білуді дамыту. Қазақ тіліне тән ө, қ, ү, ұ, і, ғ дыбыстарын жеке, сөз ішінде анық айтуға баулу. 193. Сөздік қор. Қоршаған ортадағы заттар мен өсімдіктердің, жануарлардың, құстардың, табиғат құбылыстарының, тұрмыстық заттардың атауларын білдіретін сөздерді түсіну және атау дағдыларын қалыптастыру. Туыстық қарым-қатынасты ("сіңлі", "жеңге", "жезде", "нағашы", "жиен", "бөле") білдіретін сөздерді үйрету. Өзінің отбасы, отбасылық мерекелер, отбасындағы қызықты оқиғалар, салт-дәстүрлер туралы айтуға баулу. Төрт түлікті бағатын адамдардың кәсіпшілік атауларын таныстыру: "қойшы", "жылқышы", "түйеші", "сиыршы" аталған атаулардың олардың еңбегімен байланыстылығын түсіндіру. Төрт түлік иелерінің төлдерді қалай шақыратынын балалардың өздеріне айтқызу. Шағын өлеңдер, санамақтар, жаңылтпаштар, тақпақтар жаттату, жұмбақтар шешкізу. Шығарманы жеткізуде оның мазмұны мен сипатына сәйкес түрлі интонацияларды, үзілістерді, логикалық екпінді қолданып, мәнерлеп айтуға баулу. Кітаптан ертегілер, көркем шығармалар оқып беруде олардың мазмұнын дұрыс қабылдауға, кейіпкерлеріне жанашырлық танытуға, кейіпкердің іс-әрекетіне өз ойын білдіруге баулу. Тыңдалған шығарма кейіпкерлерінің бейнесін сахналық қойылымдарда жеткізе білуге, еркін ойындарда кейіпкерлердің бейнесін басқа қырынан көрсете білуге мүмкіндік беру. 194. Тілдің грамматикалық құрылымы. Сөздерді жіктеп, тәуелдеп, септеп қолдана білуге үйрету. Етістіктің болымсыз түрін немесе есім сөздермен қолданылатын "емес" шылауын қолдана білуге үйрету, үлгі бойынша жай, жайылма сөйлемдер құра білуге үйрету. Өз ойын жай және жайылма сөйлемдермен жеткізуге мүмкіндік беру. 195. Байланыстырып сөйлеу. Қарым-қатынас барысында балаларды қойылған сұрақтардың сипатына сәйкес хабарлы, лепті, бұйрықты сөйлемдермен жауап беруге, өзі мен құрдастарының жауабындағы қателіктерді және жауаптың дұрыстығын ажырата білуге және дұрыс жауабын ұсынуға, бір-біріне неге, не үшін деген зерттеу сипатындағы сұрақтарды қоюға, бір-бірімен еркін диалог құруға, еркін талқылауға мүмкіндік беру. Бұрыннан таныс немесе бейтаныс ертегілер мен шағын көркем шығармалардың мазмұнын иллюстрациялар бойынша қайталап айтуға, өз бетінше ретімен қайталап айтуға, өзінің тәжірибесіне сүйеніп, суреттер бойынша әңгіме құрастыруға, ойыншықтар мен заттарды 4-5 сөйлеммен сипаттауға, берілген сурет бойынша оған дейінгі және одан кейінгі оқиғаны ойлап табуға баулу.