5-параграф. Әлеуметтік-эмоционалды дағдыларды қалыптастыру 48. Әлеуметтік-эмоционалды дағдыларды қалыптастыру балалардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, күн сайын ойын түрінде және қоршаған ортамен таныстыру ұйымдастырылған іс-әрекеті арқылы іске асырылады. 49. Мақсаты әртүрлі өмірлік және ойын жағдаяттарында әлеуметтік қатынастар жүйесіне ену негізінде баланың әлеуметтік тәжірибесін, жеке қасиеттерін қалыптастыру болып табылады. 50. Міндеттері: балалардың қоршаған ортамен танысуына, бейімделуіне, ересектермен және құрдастарымен мейірімді қарым-қатынас орнатуына жағдай жасау; баланың өз отбасының мүшесі екенін сезінуіне ықпал ету; қоршаған ортаның заттары мен табиғат құбылыстары жайлы бастапқы түсініктерді қалыптастыру; тіршілік иелерін бақылау және оларға қамқорлық жасауға баулу; балаларды әлеуметтендіру үшін икемді дамытушы заттық-кеңістіктік орта құру; баланы әрекет түрлеріне, ойын арқылы өзіне - өзі қызмет көрсетуге, адамгершілік құндылықтарға баулу; айналасындағы заттық ортаға қызығушылықты қалыптастыру; мінез-құлық мәдениетінің қарапайым дағдыларын (амандасу, қоштасу, алғыс айту), құрдастарымен өзара әрекеттің бастапқы дағдыларын қалыптастыруға ықпал ету. 51. Күтілетін нәтижелер: фотосуреттерден өзін таниды; өзіне жақын адамдарға күлімсірейді, басын изейді, қолын бұлғайды; қоршаған ортаның заттары мен табиғат құбылыстарына қызығушылық танытады; сумен, құммен ойнайды; гүлдеп тұрған өсімдікке қызығушылық танытады; жануарларға қызығады, олардың дауыстарын салады; өзіне жақын отбасы мүшелерін таниды, ересектердің дауысын тыңдайды, олардың қимылдарына еліктейді, оған көмекке жүгінеді; мінез-құлық мәдениетінің дағдыларын меңгерген: амандасады, қоштасады, алғыс айтады; құрдастарына және ересектерге мейірімділік танытады; қоршаған ортаның заттары мен табиғат құбылыстарына қызығушылық танытады; өлі табиғат заттарын (су, құм, тас) біледі; гүлдеп тұрған өсімдікті бақылайды және оның бөліктерін көрсетеді; кейбір көгөністер мен жемістердің шынайы өзін, суретін таниды және атайды; қоршаған ортадағы жануарларға, құстарға қызығады, олардың дене бөліктерін көрсетеді, дауыстарын салады, қимылдарын ойындарда қайталайды; өсімдіктер мен жануарларға қызығушылық танытады, оларға қамқор болуға тырысады; "болады", "болмайды", "қауіпті" сөздерінің мағынасын түсінеді; серуенде қауіпсіз мінез-құлықтың қарапайым ережелерін сақтайды. 52. Қоршаған ортамен таныстыру. 53. 1 жастан 1 жас 6 айға дейін. Баланың өзіне деген қызығушылығын қалыптастыру. Фотосуреттерден өзін, құрдастарын тану. Өзіне жақын ересектер мен құрдастарына жағымды қарым-қатынас таныту (күлімсіреу, басын изеу, қолын бұлғау). Қоршаған ортаның заттары мен табиғат құбылыстарына қызығушылықты ояту. Өлі табиғат заттарымен (су, құм, тас) таныстыру, олармен әрекет етуді көрсету (сумен жуыну, құммен ойнау, тастарды жинау). Гүлдеп тұрған өсімдікті бақылау, оның бөліктерін (гүл, жапырақ) көрсету. Қоршаған ортадағы жануарларды көрсету, олардың дауыстарын (қозы - мәәә, бұзау - мөөө, мысық - мияу, ит – аб-аб) келтіру. Өсімдіктер мен жануарларға деген қызығушылықтарын ояту, оларға қамқор болуға баулу. 54. 1 жас 6 айдан 2 жасқа дейін. Ата-анасы мен өзіне жақын отбасы мүшелерін (анасы, әкесі, ағасы, апасы, әжесі, атасы) тану, қоршаған кеңістікті (бөлме – пәтер, үй – кіреберіс, аула-балалар алаңы) бағдарлау, күнделікті тұрмыста жиі қолданылатын заттарды тану. Ересектермен (дауысын тыңдау, қимылына еліктеу, одан көмек сұрау) және құрдастарымен (әрекетін бақылау, ойнап отырған құрдасының жанына бару, ойыншықтарын алмастыру, өзара келісім бойынша оларды тартып алмай, сұрап алу) өзара әрекет етуге баулу, балалар мен ересектердің бірлескен ойындарына жағдай жасау (доппен, құммен, сумен ойнау). Мінез-құлық мәдениетінің дағдыларын қалыптастыру: амандасу, қоштасу, алғыс айту. Баланың құрдастарына деген мейірімді қарым-қатынасын үлгі ету. Жанашырлық пен елгезектік танытуға баулу. Құрдастары мен айналасындағы ересектердің көңіл-күйіне сәйкес жауап беру (күлімсіреу – қуаныш, жылау – реніш). Өлі табиғат заттарының қасиеттерін (су, құм, тас) ойын арқылы түсіну (суды құю, төгу, шашу, құмды салу, шашу, жинау, мүсіндеу, тасты жинау, қалау). Табиғаттағы ауа-райы құбылыстарын бақылау (жаңбыр, жел, күннің жарқырауы, қар). Көгөністер (қызанақ, қияр, сәбіз) мен жемістердің (алма, алмұрт, шие, өрік) сыртқы түрін тану және атауларын білу. Өсімдіктердің (ағаш, жапырақ, гүл) өзін немесе оларды суретінен тану және атау. Қоршаған ортадағы жануарларға (лақ, бота, құлын), құстарға (тауық, үйрек, қаз) қызығушылықты ояту, олардың дене бөліктерін (басы, көздері, құлақтары, құйрығы, аяқтары, қанаттары) табу, дауыстарын салу, қимылдарын бақылау, қимылдарды ойындарда қайталау. Серуенде қауіпсіз мінез-құлықтың қарапайым ережелерімен таныстыру (өсімдіктерді, бөгде және лас заттарды ұстамау, ауызға салмау, сондай-ақ құммен және сумен ойындарда лас суды ішпеу және төкпеу, құмды, топырақты шашпау). Өсімдіктер мен жануарларға деген қызығушығын дамыту, оларға қамқор болуға баулу. Айналасындағы заттармен қауіпсіз әрекет ету ережелерімен таныстыру, "болады – болмайды", "қауіпті" сөздерінің мағынасын түсіндіру.