Мектепте білім берудегі мұғалімнің сапасы
М. Барбер, М. Муршед әлемнің әртүрлі елдеріндегі мектеп жүйелерінің білім беру сапасын зерттеу нәтижелері бойынша «Әлемдегі үздік мектепте оқыту жүйелерін талдау нәтижелері» есебінде келесі мәселелерді атап көрсеткен.
Үздік мектепте оқыту жүйелерінің тәжірибесі үш фактордың шешуші рөл атқаратынын көрсетеді:
1) мұғалімдік қызметпен осыған лайықты адамдар ғана шұғылдануы керек;
2) олар мұғалімдік жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін дайындықтан өтуі тиіс;
3) әрбір оқушының сапалы білім алуы үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету қажет.
Зерттеуде мектеп оқушыларының білім сапасын арттыруда мұғалімнің сапасы ерекше рөл атқаратыны атап көрсетіледі. Зерттеу нәтижелерін талдау байқатқандай, мұғалімнің сапасы басқа факторлармен салыстырғанда оқушылардың үлгеріміне елеулі әсер етеді; үлгерімі орташа екі оқушы (50 пайыздық тармақ) қай мұғалімнен білім алғанынан байланысты үш жылдан кейін 50 пайыздық тармаққа өзгереді.
1-сурет. Мұғалім сапасының рөлі
Бостонда жүргізілген зерттеу көрсеткендей, жақсы математика мұғалімдері сабақ берген оқушылар осы пән бойынша көрсеткіштерін анағұрлым жоғарылатқан, ал дайындығы аз мұғалімдер оқытқан оқушылардың көрсеткіштерін едәуір төмендеген.
Мұғалімдер жұмысының тиімділігі туралы барлық қолжетімді деректерді қамтыған зерттеулер жоғары білікті мұғалімдердің сыныбындағы оқушылар біліктілігі төмен мұғалімдердің сыныбындағы балаларға қарағанда үш есе тез ілгерілегенін көрсеткен. Салыстырмалы зерттеу барысында қарастырылған барлық мектеп жүйелерінде мектеп директорлары оқу нәтижелеріндегі елеулі айырмашылықтарды мойындаған, олардың пікірінше, бұл айырмашылықтар негізінен мұғалімдердің жұмыс сапасына байланысты болды.
Нашар мұғалім балалардың оқу нәтижелеріне, әсіресе мектептің алғашқы жылдарында елеулі теріс әсерін тигізеді. Жыл сайын нашар мұғалімдерге түсетін оқушыларға (бұл жиі орын алатын жағдай – мұның себебі олардың білікті мұғалімдерді жұмысқа тарта алмайтын мектептерде оқитынына немесе мектеп жүйесі бастауыш мектепте белгілі бір сыныпты бір мұғалімге «бекітіп қою» саясатын қолдайтынына байланысты болуы мүмкін) бұл білім алуда орны толмайтын зиянын тигізеді.
Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, білім беру жүйесі жақсы болғанымен, мектепте оқудың алғашқы жылдарында білікті мұғалімдерге түспегендіктен, бірден жақсы жетістікке жете алмаған оқушылардың басқа оқушыларды қуып жету мүмкіндігі аз.
Зерттеушілер оқытудың құрылымы мен мазмұны жағынан бір-бірінен ерекшеленетін тиімділігі жоғары мектеп жүйелері мұғалімнің жұмыс сапасын жақсартуға назар аударады деген қорытындыға келді, себебі дәл осы фактор оқушылардың білім деңгейіне тікелей әсер етеді.
Оқыту сапасын арттыру мақсатында әлемнің алдыңғы қатарлы мектеп жүйелері үш принципті берік ұстанады:
мұғалімдікке лайықты адамдарды тарту (білім беру жүйесінің сапасы оны жүзеге асыратын мұғалімдердің сапасынан жоғары болуы мүмкін емес);
бұл тұлғаларды тиімді педагогтерге айналдыру (оқушылардың нәтижелерін жақсартудың жалғыз жолы оқыту сапасын жақсарту болып табылады);
әр баланы жоғары білікті оқытумен қамтамасыз ететіндей жүйені құру және атаулы қолдауды қамтамасыз ету (жүйенің жоғары нәтижелі деңгейіне жетудің жалғыз жолы – әр оқушының деңгейін жоғарылату).
Мектептегі білім берудің тиімді жүйелерінде оқу нәтижелерін жақсартудың жалғыз жолы – оқыту сапасын жақсарту: оқыту мұғалімдер мен оқушылар арасында өзара әрекеттестік болған кезде жүзеге асады, сондықтан оқыту сапасын жақсарту үшін осы өзара әрекеттестікті оңтайландыру қажет. Табысты мұғалім әр оқушының күшті және әлсіз тұстарын дәл бағалай білуі керек, оған білімді меңгеруге көмектесетін тиісті педагогикалық әдістерді таңдай білуі, онымен тиімді және орынды өзара әрекеттестік орнатуы керек.
Оқытуды жетілдіру үшін сыныптағы оқытуды түбегейлі өзгерту керек. Мұғалім үшін бұл келесі қадамдарды қамтиды:
Мұғалімдер өз жұмысындағы кемшіліктерді түсінуі тиіс. Көп жағдайда бұл олардың жұмыс әдістерін ғана емес, сонымен қатар оларға негіз болатын басқа мәселелерді де білуді қамтиды.
Әрбір мұғалім алдыңғы қатарлы озық әдістемелерді меңгеруі тиіс.
Әрбір мұғалім өзінің жұмысын жетілдіруге ынталы болуы керек. Әдетте бұған тек материалдық ынталандыру арқылы ғана қол жеткізуге болмайды. Нақты өзгерістерге қол жеткізу үшін мұғалімдердің күтетін нәтижелері жоғары болып, барлығына түсінікті мақсаттары және, ең бастысы, балаларға білім беруді жақсарту қабілетіне ұжымдық сенімі болуы керек.
Сонымен, мектепте оқыту жүйесінің сапасы мектеп мұғалімдерінің сапасына негізделеді. Бұл балалардың мектепті аяқтағаннан кейін табыстарға жетуіне әсер ететін маңызды фактор болып табылады.
Орта білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде жаңартылған оқу бағдарламаларын жүзеге асыру кезеңінде мектеп пәндерін, әсіресе математиканы оқыту сапасы біздің еліміздегі негізгі талап болып табылады.
Мектепте біз математиканы қалай оқытамыз?
Балаларымыздың функционалдық сауаттылығын, математикалық сауаттылығын қалай дамытамыз?
Біздің оқушыларымыз PISA халықаралық зерттеулерінің нәтижелері бойынша қандай нәтижелер көрсетеді?
Достарыңызбен бөлісу: |