Мектептегі педагогикалық кеңес. Әдістемелік жұмыс Педагогикалық кеңес барлық мектептерде жұмыс істеуге тиіс. Педагогикалық кеңес оқу-тәрбие жұмысының негізгі мәселелерін қарау үшін құрылған жұмыс орталығы онда қаралатын мәселелер – мектептің жылдық оқу-тәрбие жоспарында атап көрсетіледі және онда қаралып бекітіледі.
Педагогикалық кеңесте оқу-тәрбие жұмыстарының өзекті мәселелері талқыланып, нақты шешімдер қабылданады.
Педагогикалық кеңес мүшелері болып барлық мұғалімдер, психология қызметкерлері, дәрігер, ата-аналар комитетінің басшылары кіреді. Мектеп директоры педагогикалық кеңестің басқарушысы.
Педагогикалық кеңес мәжілісінде:
мектептің жылдық оқу жоспары;
оқу-тәрбие жұмысының тоқсан бойынша қорытындылары;
емтиханға және бірыңғай ұлттық тестілеуге дайындық;
сыныптан сыныпқа көшу және ондағы жүргізілетін емтихандар;
оқу жылының қорытындылары;
оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру
Педагогикалық кеңес — мектеп, техникум, училищелердегі ұжымды басқару органы. Құрамына оқу орнының директоры, педагогтар, кітапханашы, дәрігер, ата-аналар комитетінің төрағасы енеді. Кеңес төрағасы сол оқу орнының директоры болады және жыл сайын бір мұғалім хатшылыққа сайланып отырады. Педагогикалық кеңестің жоспары жалпы жұмыс жоспары негізінде жасалып, сол оқу орнының басты, көкейтесті мәселелерін қамтиды. Кеңесте әкімшіліктің есебі тыңдалады, оқытушылардың баяндамалары, ұжымның пед. мәселелер бойынша жүргізген жұмыс қорытындылары, т.б. талқыланады. Педагогикалық кеңес әр оқу тоқсанында кем дегенде бір рет өткізіледі.
Педагогикалық кеңес педагогтардың кәсіби қызметінің барлық мәселелері бойынша басқарушылық шешімдер қабылдайды.
Педагогикалық кеңестің міндеттері: 1) білім беру ұйымдарындағы оқу-тәрбие процесінің жағдайын, оқытушылардың кәсіби даярлық деңгейін, білім беру ұйымдарында білім алушылардың білімділігін, тәрбиелілігін және дамуын диагностикалау;
2) білім беру ұйымдары дамуының, кәсіби шеберлігінің және әрбір оқытушы мен өндірістік оқыту шеберінің шығармашылығының кешенді нысаналы бағдарламаларын әзірлеу;
3) сапалы оқу-тәрбие жұмыстары үшін білім беру ұйымы ұжымының күшін біріктіру;
4) республика экономикасының даму перспективаларын, еңбек рыногының қажеттілігін ескеріп, кадрларды даярлаудың сапасын әрдайым жетілдіру үшін жағдайлар жасау;
5) білім алушыларды тұлғалық бағытталған біліммен және тәрбиемен қамтамасыз ету;
6) білім беру ұйымдарының оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруда құзіретті көзқарасты қалыптастыру;
7) оқу-тәрбие процесінің нәтижелігі мен тиімділігі мониторингісінің нысандары мен әдістерін жетілдіру;
8) білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудағы шығармашылық көзқарасты қамтамасыз ету болып табылады.
Мектептегі әдістемелік жұмыс
Әдістемелік жұмысты ұйымдастырудың алгоритміне төмендегілер кіреді:
- Оқу - әдістемелік және педагогикалық - ұйымдастыру құжаттарын дайындау;
- Мектеп әкімшілігінің әдістемелік жұмыс жүйесінде күн тәртібіндегі негізгі мәселелерді көтере білуі;
- Әдістемелік кеңес және әдістемелік бірлестіктер қызметі;
- Озат тәжірибелі мұғалімдерді анықтау және олардың тәжірибесін зерттеу, жинақтау және таратуды қамтамасыз ету;
- Белгілі тақырыппен жұмыс жүргізетін шығармашылық топ құру және оның жұмысына көмек беру;
- Таңдалған тақырып бойынша теориялық және әдістемелік семинарлар өткізу, өз білімін көтеруді ұйымдастыру;
- Тәжірибелі мұғалімдер және оқушылардың жұмысын көрме немесе ашық түрде өтетін іс - шаралар арқылы көрсету;
- Алынған мәліметтерді жинақтау және өңдеу (әртүрлі диагностикалық әдістер арқылы);
- Шығармашылықпен жұмыс жасайтын мұғалімдерге мектеп әкімшілігі және әдістемелік бірлестік тарапынан көмек беру;
- Жұмыстың әр деңгейінің орындалуын қорытындылау және жаңа жұмыстарды жоспарлау;
- Мектепішілік әдістемелік жұмыс жүйесінде әртүрлі әдістемелік іс - шаралар нәтижесінде оқу - тәрбие процесіне өзгерістер енгізу;
- Шығармашылықпен жұмыс істейтін мұғалімдерді марапаттау, мектепте өзара көмектесу, бірлесіп жұмыс жасау, шығармашылық орта қалыптастыру;
- Жас мұғалімнің кәсіптік деңгейін дамыту үшін әдістемелік көмек көрсету;
Мектеп директорының әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасарының құжаттар тізімі
Нормативтік – құқықтық және әдістемелік - нұсқаулық құжаттары (бұйрықтар, байқаулардың ережелері, әдістемелік жұмыстар бойынша нұсқау хаттар):
- педагогтардың әдістемелік бірлестік және шығармашылық топтар құру жөніндегі бұйрықтары;
- әдістемелік бірлестік және шығармашылық топ жетекшілерін тағайындау жөніндегі бұйрықтар
Дәптерлер (журналдар);
- директордың орынбасары жанындағы кеңес;
- пән мұғалімдерімен кеңес;
- сабақтарға ену;
- пән бойынша сабақтан тыс іс - шараларға ену.
Әдістемелік жұмыстарды ұйымдастыру формалары: педагогикалық кеңестер, әдістемелік кеңестер, әдістемелік бірлестіктер, проблемалық шығармашылық топтар, ғылыми-практикалық конференциялар, педагогикалық оқулар, шығармашылық есептер, теориялық семинарлар мен семинар-практикумдар, озат тәжірибе мектебі, жас мамандар мектебі.
Үй тапсырмасы: 1. Мектепте неше мұғалім болғанда педагогикалық кеңес міндетті түрде өту керек?
2. Педагогикалық кеңес қызметінің түрлері қандай?