2.2 Суғару каналдарының конструкциялары және есебі
Каналдарға қойылатын талаптар. Каналдың көлденең қимасы және бойлық пішіні суды егістік танаптарына үздіксіз түрде беруді, арнаның шайылмауын және тұнбаланбауын, сүзілудің ең аз мөлшерін, қолданыстағы машиналар мен механизмдерді канал құрылысында қолдануды қамтамасыз етуі тиіс.
Жер арнасындағы каналдардың конструкциясы анықталады: канал өтімімен; канал басшылығының талап етілетін шамасымен; канал өтетін топырақтардың сипатымен; каналдың атқаратын қызметімен және оның жерде орналасу жағдайларымен; көлденең қиманың формасымен; каналды қазуға қолданылатын механизмдердің жұмыс органдарының өлшемдерімен.
Каналдардың көлденең қималарының формасын оның өлшемдеріне, канал табаны өтетін топырақтардың сипатына және жұмыс жүргізу тәсілдеріне байланысты таңдап алады. Каналдардың көлденең өималарының формалары 5.21 суретте келтірілген.
Су өткізу қабілеті орташа және төмен каналдардың көлденең қимасы, әдетте, трапеция формалы болып келеді.
Қимасы тіктөртбұрыш, табаны және жақтаулары шегенделетін каналдар сирек жобаланады (мысалы, тау беткейлерінде, сусымалы немесе судың сүзілуі жоғары дәрежеде байқалған топырақтарда).
Тереңдігі 4...5 метрден асатын каналдардың қима формасы полигональды болады. Мұндай форма трапецияға қарағанда орнықты және гидравликалық тұрғыда пайдалы болып келеді. Параболалық қиманы орындау едәуір қиындыққа әкеледі, бірақ басқа жағдайларда ең жақсы форма болып табылады.
Қиыстырмалы формалы канал қимасы қысқа уақыт кезеңінде үлкен өтімдер өткізілетін, ал басқа уақыттарда аз өтім ағатынжағдайларда пайда болады.
Үшбұрышты формалы қима оқ арықтар мен уақытша арықтарға тән.
Жұмыстарды жүргізу жағдайлары бойынша және жер бедерін ескере отырып каналдарды төрт типке бөледі: қазындыда, жартылай қазынды-жартылай үйіндіде, үйіндіде, қия беткейде.
Қазындыдағы каналдар (сурет 5.22). Жер бетіне басшылық жасау қажет емес телімдерде, сонымен қатар канал көлбеулігін жер бетінің көлбеулігінен кіші етіп қабылданғанда, каналды қазындыда орындаған тиімді.
Каналдар терең қазындыда орындалатын жағдайларда беткейлердің кездейсоқ деформациялануының алдыналу және каналды механикалық тәсілмен тазалау мүмкіндігін туғызу үшін бермалар қарастырылады. Берманың енін d=(t-h)/2 өрнегі арқылы анықтайды, мұнда (t-h) – берманың үстіндегі қазындының тереңдігі (1 метрден кем емес) м.
Жартылай қазынды жартылай үйіндідегі каналдар – каналдың суғармалы ауданға басшылығын қамтамасыз ететін кеңінен таралған конструкция (сурет 5.23).
Үйіндідегі каналдарды (сурет 5.24) канал трассасы жер бедерінің төмен орналасқан тұстарымен немесе көлбеуліксіз жайпақ жерлермен өткенде және суғармалы жерлерге басшылық жасау талап етілетін жағдайларда қолданады.
Қия беткейдегі канал (сурет 5.25). Беткейдің қиялығы 20º жететін жерлерде каналдарды жобалағанда, саз топырақтарда өтетін каналдың көлденең қимасын жер беті, беткейдің, каналдағы судың тасқынды деңгейімен қиылысу нүктесі арқылы өтетіндей етіп қабылдау қажет.
Көлбеулігі 20º және одан да жоғары мәндерге жететін жерлерде каналдарды орналастырғанда, каналдың көлденең қимасын толықтай қазындыда өтетіндей етіп жобалайды. Қия беткейдің жоғары жағынан ені 3 метрден кем емес берма орналастырылады. Суғару жүйелеріндегі тұрақты каналдардың беткейлерін, ұқсас жағдайларда пайдаланылатын, қолданыстағы каналдардың беткейлерінің орнықтылығын ескере отырып қабылдайды (кесте 5.2).
Каналдың бұрылу радиусы, су деңгейі бойынша алынған канал енінің 5 еселі мәнінен кем болмауы тиіс.
Кесте 5.2. Канал беткейлерінің көлбеулігі
Достарыңызбен бөлісу: |