Негізгісі – жаңа тақырыптың мазмұны. Мұғалімнің оқыту әрекеті саналы болуы үшін ол педагогика ғылымының заңдылықтарын нақты білуі керек.
Жоспарлау – сабаққа әзірліктің соңғы кезеңі. Оның нәтижесі сабақ жоспары. Жас мұғалім сабақ жоспарын, конспектісін толық жазу керек.
Сабақ жоспарының үлгісі:
• сабақтың өтетін уақыты, тақырыптық жоспардағы нөмірі;
• сабақтың тақырыбы, сабақ өтетін сынып;
• оқушыларды оқыту, тәрбиелеу, дамыту міндеттері;
• сабақтың құрылымы, оның кезеңдері және әр кезеңге кететін уақытты бөлу;
• оқу материалының мазмұны;
• әрбір сабақтың бөлігіндегі жұмыстың әдістері және тәсілдері
• сабақ өткізуге керекті оқу жабдықтары;
• үйге тапсырма.
Классикалық сабақ процесін жобалау (Столяренко ... 298-бет)
1. Нақты тұжырымдалған тақырып.
2. Сабақ мақсаты:
а) дидактикалық;
ә) тәрбиелік;
б) дамытушылық.
3. Жабдықтары (кино, бейнефильм, кесте, оқу құралы):
4. Дыбыстық құралдар.
5. Сабақ барысы (сценарий жасалады, оқушыларға сабақ үстінде берілетін сұрақтар, сабақтан оқушылар өздері қорытынды жасауы керек).
6. Сабақ қорытындысы.
7. Шығармашылық тапсырма.
8. Қорытынды. Оқушылардан не ұнағанын, не ұнамағанын сұрау, кім белсенді болғанын сұрау.
9. Сабақтың жақсы өтуіне байланысты оқушыларға рақмет айту.
Сонымен сабаққа әзірленгенде мұғалім оқу бағдарламасын тағы да қарап, оқу материалын оқиды, қосымша әдебиеттермен жұмыс істеп, оқушыларға тапсырма беріп, оқыту құралдарын (кесте, сызба, модель, үлестірілетін материалды) іріктейді және қарайды, әдіс және тәсілдерін таңдап, сабақтың типін және құрылымын анықтап, барлығын оқу жоспарына жазады.
7. Экскурсия кезінде оқу табиғатта, мұражайда, өндірісте өтіп, оқушылар алуан түрлі объектілерді және болмыс құбылыстарын бақылайды және зерттейді, өмірдегі құбылыстарды тікелей қабылдайды. Экскурсия әсемдікті түсінуге, танымға қуануға, қоғамға пайдалы болуға ұмтылуға көмектеседі.
Далада, орманда, өзен жағаларында оқушылар табиғат сұлулығын түсінуге үйреніп, өздерінің әсерлерін сурет салу, гербарийлер жасау арқылы білдіреді. Мұражайларға, көрме залдарына, өндіріс орындарына бару өнер шығармаларын түсінуге, үйреншікті заттар мен құбылыстардан сұлулықты табуға, адамның еңбегінің сұлулығын сезінуге үйретеді.
Әрбір экскурсия тақырыппен байланысты. Экскурсия арқылы бала әртүрлі курстарда оқылып жатқан құбылыс, зандардың байланысын көреді, оларды қолдануға үйренеді.
Мысалы, жерде жұмыс істегенде өлшеу үшін геометрия заңдарын қолданып, қарапайым құралдармен жұмыс істеп, сурет салады, көргендерін жазады, картамен жұмыс істейді.
Экскурсия мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Мәселенің өзі, танылуға тиісті объекті оқушыларға қызықты болады. Экскурсия нәтижелері сыныпта шығарылады.
Экскурсия жаңа білімдермен қатар, мұғалімге өз оқушыларын жақсы білуге көмектеседі. Экскурсияға баратын топтарда 10 оқушыдан 40 оқушыға дейін болады, ұзақтығы 40-90 минут.
Оқу экскурсияларын мазмұнына қарай тақырыптық және кешенді (шолу) деп бөледі. Тақырыптық экскурсияларға барғанда оқу пәндерінің бір немесе бірнеше байланысты тақырыптар оқылады. Кешенді экскурсиялар екі немесе одан да көп оқу пәндерінің бір-бірімен мәселен, дүниетанудан "Ағын сулар мен желдер", өсімдіктер, жануарлар және "сыртқы орта" деген тақырыптарды оқу үшін экскурсияға баруға болады, байланысты тақырыптарын оқу үшін ұйымдастырылады.
Оқылатын бөлімдегі орнына қарай кіріспе, негізгі, қорытынды экскурсиялар өткізіледі. Кіріспе экскурсия оқушыларды және оқу курстарымен, бөлімдерімен таныстырады. Негізгі экскурсиялар арқылы оқушылар тақырыпты терең түсінеді, теориялық материалдың тәжірибесі керектігін үғынады.
Қорытынды экскурсиялар бөлімді қорытындылау және жүйелеу үшін, оның нақты процестермен және құбылыстармен байланысын анықтау үшін өткізіледі. Мұғалім алдын ала экскурсия болатын жерді көріп, оның білімге ықпалын анықтап, экскурсияның мақсатын және міндеттерін, түрін және құрылымын анықтайды, оқушылар үшін проблемалық сұрақтар, тапсырмалар әзірлейді, экскурсияның әдіс, тәсілдерін белгілеп, жоспар құрастырады. Жүретін жерлердің бағдарын жасап, қосымша көрнекіліктер және керекті жабдықтарды (өлшейтін құралдарды, блокнот, қарындаштарды, гербарийлерге арналған папкаларды, фотоаппаратты, компасты) әзірлейді, оқушыламен әңгімелеседі, қауіпсіздік ережелерін, өзін-өзі ұстау жөнінде айтады , экскурсия өтетін жерге қысқаша сипаттама беріп, қалай, қайда қарау керек екенін, нені бақылау, жазып алу, суретке түсіру керектігін айтып, қалай жүру керектігін түсіндіреді. Әрбір оқушының міндетін айтып, керек жағдайда топқа бөледі, топ басшыларын тағайындайды, жауапты оқушыларды бөліп, мәліметтерді талдап қорыту туралы нұсқаулар береді.
Кіріспе әңгімеде мұғалім экскурсияның мақсатын айтады, содан кейін оқушылар объектілерді қарап, тапсырманы орындауға кіріседі; сурет салады, жазады, объектінің ерекшіліктерін бөліп, көргендерінен қорытынды жасайды.
Мұғалім экскурсия кезінде өз әңгімесін демонстрациямен ұштастырады. Оқушылардың бақылауларына басшылық етеді. Экскурсияның соңында мұғалім оқушылардың жұмыстарын тексереді, қорытынды әңгіме болады. Керек жағдайда оқушылар үй тапсырмасын орындайды. Экскурсия материалдарын кірістіріп сабақ өткізуге болады.
Мектепте өтетін экскурсиялар оқытудың тиімді формасы болғандықтан, оларды жиі өткізу керек, себебі ол өмірді тану дағдыларын қалыптастырады. Ол үшін экскурсияларға тапсырмалар әзірлеп, нәтижелерін тексеріп отыру керек.
Практикумдар арқылы оқушылар тәжірибелік, зертхана жұмыстарды өз беттерімен орындайды. Олар оқу курстарының ірі бөлімдерін оқыған соң өткізіледі, сонымен қатар теориялық материалды тәжірибеде көрсету үшін де өткізуге болады.
Практикум 2-3 апта өтеді. Мұғалім сыныпты 2-3 оқушыдан тұратын топтарға бөледі. Әрбір топ бір-біріне ұқсамайтын зертханалық және тәжірибелік жұмыстарды арнайы сабақ кестесі бойынша орындайды.
Практикум өткізер алдында кіріспе дәріс және нұсқау берілетін сабақ өтеді. Практикум кезінде оқушылардың тірек білімдерін жаңғырту тәсілдері қолданылады.
Оқушылардың іс-әрекетін басқару құралдары; жұмыс істеу ережелерін, қажетті материалды қайталату, зертханалық жабдықтарды суреттеу, оның қалай жұмыс істейтінін, тапсырмаларды орындау төртібін айту, тақырып бойынша бақылау сұрақтарын және қосымша әдебиеттердің тізімін жасау.
Жұмысты алгоритм бойынша істегенмен, шығармашылық, зерттеу жұмыстарын да жүргізуге болады. Белгілі бір заңдылықтардың, теориялардың шындыққа сәйкестігі тексеріледі. Тұрақты шамалар өлшенеді.
Практикум кезінде оқушылар шығармашылық сипаттағы тапсырмаларды орындайды; химиядан тәжірибе өткізеді, сызба жұмыстарын жасап, физикалық, биологиялық, әлеуметтік, тарихи, фенологиялық зерттеулер жүргізеді.
Достарыңызбен бөлісу: |