18-бап. Мемлекеттік қызметтер көрсету
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер:
1) көрсетілетін қызметті берушілер арқылы;
2) Мемлекеттік корпорация арқылы;
3) "электрондық үкіметтің" веб-порталы және ұялы байланыс абоненттік құрылғысы арқылы;
4) стационарлық абоненттік құрылғы арқылы көрсетіледі.
19-бап. Көрсетілетін қызметті берушілердің мемлекеттік қызметтер көрсетуі
Көрсетілетін қызметті берушілердің мемлекеттік қызметтер көрсетуіне қойылатын талаптар және оларды көрсету тәртібі мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіде айқындалады.
Көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіде көзделген тізбеге сәйкес құжаттардың топтамасын толық ұсынбаған және (немесе) қолданылу мерзімі өтіп кеткен құжаттарды ұсынған жағдайларда, көрсетілетін қызметті беруші өтінішті қабылдаудан бас тартады.
19-1-бап. Көрсетілетін қызметті берушілердің мемлекеттік қызметтер көрсетуден бас тартуы
1. Көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік қызметтер көрсетуден бас тартқан кезде көрсетілетін қызметті алушыға мемлекеттік қызметтер көрсетуден бас тартудың себептерін көрсете отырып, жауап жібереді.
2. Көрсетілетін қызметті берушілер мынадай негіздер:
1) көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) анық еместігін анықтау;
2) көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті ұсынылған материалдардың, объектілердің, деректердің және мәліметтердің Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;
3) уәкілетті мемлекеттік органның мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті келісімі туралы сұрау салуға берілген теріс жауап, сондай-ақ сараптаманың, зерттеудің не тексерудің теріс қорытындысы;
4) көрсетілетін қызметті алушыға қатысты оның қызметіне немесе мемлекеттік көрсетілетін қызметті алуды талап ететін жекелеген қызмет түрлеріне тыйым салу туралы соттың заңды күшіне енген шешімінің (үкімінің) болуы;
5) көрсетілетін қызметті алушыға қатысты соттың заңды күшіне енген үкімінің болуы, оның негізінде көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік көрсетілетін қызметті алумен байланысты арнаулы құқығынан айырылуы бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсетуден бас тартады.
3. Көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту себептерін жойған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсетілетін мемлекеттік қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті алушының қайта жүгінуіне болады.
4. Осы баптың 2-тармағының қолданысы "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен лицензия алу жағдайларына қолданылмайды.
5. Қазақстан Республикасының заңдарымен мемлекеттік қызметтер көрсетуден бас тартудың өзге де негіздері белгіленуі мүмкін.
20-бап. Мемлекеттік корпорация арқылы мемлекеттік қызметтер көрсету
1. Көрсетілетін қызметті алушының өтініші мен құжаттарын көрсетілетін қызметті берушілерге қағаз жеткізгіште жөнелтуді көздейтін мемлекеттік қызметтерді Мемлекеттік корпорация арқылы көрсету кезінде өтініштер мен құжаттар қабылданған күн мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіде белгіленген мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кірмейді.
2. Мемлекеттік корпорацияның қызметкері мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіде көзделген тізбеге сәйкес құжаттардың толық топтамасы көрсетілетін қызметті алушыда болған кезде оның өтінішін қабылдауға міндетті.
Көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіде көзделген тізбеге сәйкес құжаттардың толық топтамасын ұсынбаған, сондай-ақ қолданылу мерзімі өтіп кеткен құжаттарды ұсынған жағдайда, Мемлекеттік корпорацияның қызметкері өтінішті қабылдаудан бас тартады.
3. Мемлекеттік корпорация арқылы мемлекеттік қызмет көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушының жеке басын сәйкестендіруді Мемлекеттік корпорацияның қызметкерлері жүзеге асырады.
4. Мемлекеттік корпорация арқылы мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде көрсетілетін қызметті берушілермен өзара іс-қимыл жасау мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесі пайдаланыла отырып жүзеге асырылады.
6. Мемлекеттік корпорацияның қызметкерлері мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, ақпараттық жүйелерде қамтылған, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға көрсетілетін қызметті алушының жазбаша келісімін алуға міндетті.
21-бап. Электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсету
1. Электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсету Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес "электрондық үкіметтің" веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.
2. Электрондық құжат немесе қағаз жеткізгіштегі құжат не "электрондық үкіметтің" ақпараттық жүйесінен мәлімет беру электрондық нысанда мемлекеттік қызмет көрсетудің нәтижесі болып табылады.
2-1. Ұялы байланыс абоненттік құрылғысы арқылы алынған, электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсету нәтижелері электрондық құжат нысанында "электрондық үкімет" веб-парталындағы пайдаланушының кабинетіне, сондай-ақ көрсетілетін қызметті алушының таңдауы бойынша қысқа мәтіндік хабар түрінде оның абоненттік нөміріне жіберіледі.
2-2. Ұялы байланыс абоненттік құрылғысы арқылы алынған, электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсету нәтижелерінің міндетті деректемелері, сондай-ақ олардың анықтығын тексеру тәртібі Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасымен реттеледі.
2-3. Ұялы байланыс абоненттік құрылғысы арқылы алынған, электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсету нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушы оларды қағаз жеткізгіште ұсыну қажеттілігінсіз, заңдық мәні бар фактілерді растау үшін пайдаланады.
3. Мемлекеттік корпорация арқылы электрондық нысанда мемлекеттік қызмет көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушының жазбаша келісімі негізінде электрондық құжат нысанындағы оның сұрау салуын Мемлекеттік корпорацияның қызметкері өзіне қызметтік мақсатта пайдалану үшін берілген электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырады.
4. Көрсетілетін қызметті алушыларға ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен бір өтініш" қағидаты бойынша электрондық нысанда бірнеше мемлекеттік қызмет көрсетілуі мүмкін.
5. Электрондық нысанда мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін мемлекеттік органдар тұрақты түрде өздерінің ақпараттық жүйелеріндегі электрондық ақпараттық ресурстарын жаңартылған күйде ұстап тұруға міндетті.
Достарыңызбен бөлісу: |