21-1-бап. Проактивті қызметтер көрсету
Проактивті қызметтер көрсету көрсетілетін қызметті алушының өтінішінсіз, "электрондық үкімет" веб-порталында көрсетілетін қызметті алушының ұялы байланыс абоненттік құрылғысының телефон нөмірі тіркелген кезде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы көрсетілетін қызметті берушінің бастамасы бойынша жүзеге асырылады және мыналарды:
1) көрсетілетін қызметті алушыға мемлекеттік қызмет көрсетуге сұрау салуы бар автоматты хабарламалар жөнелтуді;
2) көрсетілетін қызметті алушының ұялы байланыс абоненттік құрылғысы арқылы проактивті қызмет көрсетуге көрсетілетін қызметті алушының келісімін, сондай-ақ көрсетілетін қызметті алушыдан өзге де қажетті, оның ішінде қолжетімділігі шектеулі мәліметтерді алуды қамтиды.
22-бап. Мемлекеттік қызметтер көрсету процестерін оңтайландыру
Мемлекеттік қызметтер көрсету процестерін оңтайландыруды орталық мемлекеттік органдар, Мемлекеттік корпорация, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен тұрақты негізде жүзеге асырады.
Мемлекеттік корпорация арқылы мемлекеттік қызметтер көрсету процестерін оңтайландыру мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы уәкілетті органның шешімі негізінде, оның ішінде мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы пилоттық жобалардың қорытындысы бойынша жүргізіледі. Мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы уәкілетті органның және мүдделі орталық мемлекеттік органдардың – мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіні әзірлеушілердің мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы пилоттық жобаларын іске асыру бірлескен шешімнің негізінде жүзеге асырылады.
23-бап. Көрсетілетін қызметті алушыларды мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібі туралы хабардар ету
1. Мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібі туралы ақпарат:
1) мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді көрсетілетін қызметті берушілердің орналасқан жерлерінде және Мемлекеттік корпорацияда орналастыру;
2) жеке және заңды тұлғалардың көрсетілетін қызметті берушілерге өтініш жасауы;
3) мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді "электрондық үкіметтің" веб-порталында, орталық мемлекеттік органдардың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, қаладағы аудандар, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінің, көрсетілетін қызметті берушілердің интернет-ресурстарында және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыру;
4) Бірыңғай байланыс орталығына өтініш жасау арқылы ұсынылады.
2. Орталық мемлекеттік органдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері және көрсетілетін қызметті берушілер мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық акт бекітілген немесе өзгертілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оны көрсету тәртібі туралы ақпаратты жаңартады және Бірыңғай байланыс-орталығына жібереді.
3. Орталық мемлекеттік органдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері, көрсетілетін қызметті берушілер және Мемлекеттік корпорация көрсетілетін қызметті алушылар өтініш жасаған кезде оларға қажетті түсініктемелермен бірге мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібі туралы ақпаратты дереу беруге міндетті.
4. Мемлекеттік қызмет көрсету сатысы туралы ақпарат көрсетілетін қызметті алушыға оның Бірыңғай байланыс орталығына және (немесе) көрсетілетін қызметті берушіге өтініш жасаған кезінде ұсынылады.
5. Орталық мемлекеттік органдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері жыл сайын "электрондық үкіметтің" веб-порталында, интернет-ресурстарда және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі қызмет туралы есепті орналастырады.
6. Орталық мемлекеттік органдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері көрсетілетін қызметті берушілердің, мүдделі жеке және заңды тұлғалардың қатысуымен мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы қызмет туралы есептерге жылына кемінде бір рет жария талқылаулар өткізеді. Жария талқылаулардың қорытындылары мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру және мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру үшін пайдаланылады.
24-бап. Мемлекеттік қызметтер көрсеткені үшін төлемақы
1. Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызметтер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ақылы немесе тегін негізде көрсетіледі.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында тегін ұсынылуға кепілдік берілген мемлекеттік қызметтерді көрсеткені үшін көрсетілетін қызметті алушыға төлемақы белгілеуге жол берілмейді.
25-бап. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шағымдарды қарау ерекшеліктері
1. Көрсетілетін қызметті алушылардың мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шағымдары осы Заңда белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаралуға жатады.
2. Мемлекеттік қызметтерді тікелей көрсететін орталық мемлекеттік органның, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының, қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің, көрсетілетін қызметті берушінің, Мемлекеттік корпорацияның атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы оны тіркеген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарауға жатады.
Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы оның тіркелген күнінен бастап он бес жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.
3. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган шағымды қарау қорытындылары бойынша:
1) көрсетілетін қызметті алушының шағымы бойынша орталық мемлекеттік орган, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы, қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімі, көрсетілетін қызметті беруші, Мемлекеттік корпорация қабылдаған шешімге оның қанағаттанбауы себептерін кешенді зерделеуді қамтамасыз етуге;
2) орталық мемлекеттік орган, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі тарапынан Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнамасының сақталмау фактісі анықталған жағдайда олардың атына көрсетілетін қызметті алушының бұзылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру жөнінде шаралар қолдану үшін ұсыныстар жіберуге;
3) көрсетілетін қызметті алушының шағымын орталық мемлекеттік орган, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі тарапынан қанағаттандырудың уақтылылығы мен толықтығын бақылауды жүзеге асыруға міндетті.
4. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның, орталық мемлекеттік органның, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының, қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің шағымды қарау мерзімі:
1) шағым бойынша қосымша зерделеу немесе тексеру не жергілікті жерге барып тексеру жүргізу;
2) қосымша ақпарат алу қажет болған жағдайларда он жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартылады.
Шағымды қарау мерзімі ұзартылған жағдайда шағымдарды қарау бойынша өкілеттіктер берілген лауазымды адам шағымды қарау мерзімі ұзартылған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде шағым берген көрсетілетін қызметті алушыға ұзарту себептерін көрсете отырып, шағымды қарау мерзімінің ұзартылғаны туралы жазбаша нысанда (шағым қағаз жеткізгіште берілген кезде) немесе электрондық нысанда (шағым электрондық түрде берілген кезде) хабарлайды.
5-тарау. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын мемлекеттік
бақылау. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және
оған қоғамдық мониторинг жүргізу
26-бап. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын мемлекеттік бақылауды, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалауды және оған қоғамдық мониторингті жүргізу қағидаттары
Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын мемлекеттік бақылауды, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалауды және оған қоғамдық мониторингті жүргізу мынадай қағидаттарға негізделеді:
1) заңдылық;
2) объективтілік;
3) бейтараптық;
4) анықтық;
5) жан-жақтылық;
6) ашықтық.
27-бап. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын мемлекеттік бақылауды жүргізудің ерекшеліктері
1. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Орталық мемлекеттік органдардың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, қаладағы аудандар, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсететін жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы қызметі мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын мемлекеттік бақылаудың объектісі болып табылады.
28-бап. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалауды жүргізу тәртібі
Электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді қоспағанда, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалауды мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
Электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын бағалауды ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
29-бап. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингі
1. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингін жеке тұлғалар, коммерциялық емес ұйымдар өз бастамасы бойынша және өз есебінен жүргізеді.
Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша да жүргізіледі.
2. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргізу кезінде жеке тұлғалар, коммерциялық емес ұйымдар, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды, коммерциялық және өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын ақпаратты қоспағанда, мемлекеттік қызметтер көрсету саласына жататын қажетті ақпаратты орталық мемлекеттік органдардан, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарынан, қаладағы аудандар, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінен, Мемлекеттік корпорациядан осы ақпарат олардың интернет-ресурстарында болмаған жағдайда, сұратуға құқылы.
3. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингі нәтижелері бойынша жеке тұлғалар, коммерциялық емес ұйымдар қорытынды жасайды. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингінің қорытындысы:
1) орталық мемлекеттік органдардың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдерінің, Мемлекеттік корпорацияның, сондай-ақ көрсетілетін қызметті берушілердің Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнамасының талаптарын сақтауы туралы ақпаратты;
2) мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингі барысында анықталған Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнамасының сақталмау фактілерін жою жөніндегі ұсынымдарды;
3) мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру жөніндегі ұсыныстарды;
4) мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі ұсыныстарды қамтиды.
4. Орталық мемлекеттік органдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері, Мемлекеттік корпорация, сондай-ақ көрсетілетін қызметті берушілер мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына қоғамдық мониторинг қорытындысын ескере отырып, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру жөнінде шаралар қабылдайды.
6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
30-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
31-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |