46-бап. Мемлекеттік сатып алу туралы шарттың күшіне енуі
1. Мемлекеттік сатып алу туралы шарт тапсырыс беруші мен өнім беруші оған қол қойғаннан кейін не соңғысы конкурстық құжаттамада (аукциондық құжаттамада) көзделген мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді толық енгізгеннен кейін күшіне енеді. Егер мемлекеттік сатып алу туралы шарт тіркелуге жататын болса, онда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелгенінен кейін күшіне енеді.
2. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тiркелуге жататын мемлекеттiк сатып алу туралы шартты тапсырыс беруші бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті органның тиісті аумақтық бөлімшесіне оны жасағаннан кейiн не өнім беруші конкурстық құжаттамада (аукциондық құжаттамада) көзделген мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етудi толық енгiзгеннен кейiн бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей ұсынады.
9-тарау. ШАҒЫМ ЖАСАУ
47-бап. Тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының, комиссиялардың, сарапшының, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасау
1. Әлеуетті өнім беруші тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының, комиссиялардың, сарапшының, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне, егер олардың әрекеттері (әрекетсіздігі), шешімдері әлеуетті өнім берушінің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса, шағым жасауға құқылы.
2. Тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының, комиссиялардың, сарапшының, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне конкурс (аукцион) тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы туралы хаттаманы орналастырған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей, уәкілетті органға шағым жасалған жағдайда, мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу мерзімі шағымды қарау мерзімі аяқталғанға дейін тоқтатыла тұрады.
3. Осы баптың 2-тармағында белгіленген мерзім өткеннен кейін тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының, комиссиялардың, сарапшының, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Әлеуетті өнім берушінің шағымы электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы уәкілетті органға берілуі мүмкін.
5. Тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының, комиссиялардың, сарапшының, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне осы баптың 2-тармағында белгіленген мерзімдерде уәкілетті органға шағым жасалған жағдайда, шағым келіп түскен күнінен бастап он жұмыс күні ішінде қаралады.
Уәкілетті орган шағым келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей, тапсырыс берушіге мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасуды тоқтата тұру туралы хабарлама жібереді.
6. Осы баптың 2-тармағында белгіленген мерзімдерде келіп түскен шағымды қарау нәтижелері бойынша уәкілетті орган мемлекеттік сатып алу қорытындысының күшін жою не күшін жоюдан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Уәкілетті органның шағымды қарау нәтижелері бойынша қабылдаған шешіміне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот тәртібімен шағымдануға болады.