Мемлекеттік тәуелсіздік – Қазақстан Республикасының ұлттық идеясы



бет3/3
Дата18.02.2022
өлшемі25,18 Kb.
#25861
1   2   3
Жерімізегемендіктің территориясы

1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесінің жетінші сессиясында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының қабылдануы ғасырлар бойы аңсаған тарихи сәт болды. Тәуелсіздік туралы Конституциялық Заңның 1-бабында Қазақстан тәуелсіз, демократиялық, құқықтық мемлекет деп жарияланды. Республика өз территориясында үкімет билігін толық иемденуге, ішкі және сыртқы саясатын дербес жүргізуге құзырлы болды.

Тәуелсіздік туралы Конституциялық Заңның мазмұнында жеке тұлғалардың құқығы мен бостандығына басымдық беру, Егемендіктің бірден- бір иесі және мемлекеттіліктің қайнар көзі халық болып табылатыны, саяси тұрақтылық, ұлттық құндылықтарды сақтау, республика өз тұтастығын қорғауы сияқты іргелі қағидаттар көрініс тапты. Тәуелсіздік туралы Заңның негізгі мәні 18 баптан тұратын жеті тарауда айқын көрсетілді. Қазақстан Республикасының аумағы қазіргі шекараларында біртұтас, бөлінбейтін және қол сұғуға болмайтын аумақ деп жарияланды. Сөйтіп 1991 жылғы 16 желтоқсан Қазақстан Республикасының тәуелсіздік күні ретінде әлемге танылды.

Қазақстанның өзінің ұлттық тарихында алғаш рет халықаралық келісімдер арқылы мемлекеттік шекараға ие болуы – тәуелсіздіктің басты жетістіктерінің бірі.

Қазақ КСР-ның өз меншігінде ішкі әскері болған емес еді. Мемлекеттік қауіпсіздік, ішкі істер органдары одақтың тиісті органдарының бөлігі болатын. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін ең алдымен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қарулы күштерін ұйымдастыру қажеттігі туындады. Бұл Қазақстан Республикасының Конституциялық заңдарының алғашқы құжаты – «ҚР мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияда» алғаш белгіленді деп айтуға болады.

1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Президенті, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» жарлықтарға қол қойды. Бұл күн Қазақстанның дербес Қарулы Күштерінің құрылған күні болып белгіленді.

Қазақстанның сыртқы саясатындағы көңіл аударылған басты мәселелердің бірі – елдің шекаралық қауіпсіздігін сақтау болатын. Құрлықта ең үлкен шекара Ресеймен шектессе, оңтүстік шығыста Қытаймен, оңтүстікте Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстанмен көрші жатты. Қазақстанның көрші мемлекеттермен шекарасының жалпы ұзындығы 15 мыңға жуық шақырымды құрайды. Қырғызстанмен шамамен 1050 шақырым, Ресеймен 7,5 мыңнан астам шақырым, Түрікменстанмен – 400 шақырым, Өзбекстанмен – 1660 шақырым.

Ресеймен, Қытаймен, Орталық Азия мемлекеттерімен шекаралық мәселелерді реттеу жөніндегі келіссөздер үдерісі білікті саяси басшылықтың арқасында жүзеге асты. Қазақстан-Ресей шекарасы әлемдегі ең ұзын құрылықтық шекара болып табылады. Қазір ол толығымен заңдастырылды.

1992 жылғы 15 мамырда Қазақстан мен Ресей арасында арасында ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа және 1998 жылы шілдеде «Мәңгі достық және одақтастық туралы декларация» қабылданып, 1999 жылы 28 наурызда Қазақстан мен Ресей арасында Әскери ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылды. Осы құжаттар негізінде сарапшылар шекаралық сызықтың барлық нүктелері бойынша ортақ келісімге келіп, Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Ресей президенті В.Путин 2005 жылғы 18 қаңтарда Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шартқа қол қойды.

1960-шы жылдардың соңындағы, ішінара Жалаңашкөл көлі маңындағы кеңес-қытай шекаралық қақтығыстар әлі күнге дейін барша жұрттың есінде. 1994 жылдың сәуір айында Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев пен ҚХР Премьер-министрі Ли Пэн екі ел арасындағы шекара сызығын заңдастырып, белгілеу (делимитация) жөніндегі келісім-шартқа қол қойды. Бұл бағытта 1996-1998 жж. үш арнайы келісім болды. Соның нәтижесінде 1999 жылы қарашада Цзянь-Цземинь мен Н.Ә.Назарбаев шекаралық мәселелердің толық үйлестірілуі туралы арнайы коммюникеге қол қойылды. Сөйтіп, Қытаймен шекараны межелеу негізінен аяқталды. Қазір Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара заңдастырылған, межеленген.

Сонымен қатар осы жылдары Қырғызстан, Өзбекстан және Түркменстанмен арадағы шекара мәселелерін іс жүзінде түпкілікті реттеуге қол жеткізді.

Көршілес мемлекеттермен барлық келісімшарттар заңды тұрғыдан мүлтіксіз дұрыс, саяси тұрғыдан екшелген әрі Қазақстан үшін тиімді. 2018 жылдың тамыз айында Ақтауда Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылды, осы тақырып аясындағы келіссөздер ширек ғасырға созылған еді. Осылайша, біздің құрылықтағы және теңіздегі шептеріміз толығымен бейбітшілік пен тату көршілік шекарасына айналды. Франсуа Миттеран «Шекараны талқылау – алдағы соғысты талқылау деген сөз», деген еді. Енді бізге шекараны талқылау қажет емес. Бұл қазіргі геосаяси шындық шеңберінде өте маңызды.



Шекара мәселесін сөз еткен тұста, біз міндетті түрде кешегі Кеңестік республикалардағы шекаралық қақтығыстар туралы айтпай кете алмаймыз. Молдоводағы қазіргі ахуал, Оңтүстік Осетия мен Грузия, Әзербайжан-Армения, Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы қарулы қақтығыстар бізді де ойлантуы тиіс.

Бұдан басқа, 2022 жылғы «қаралы қаңтар» оқиғасында шекаралық қызметтегі кейбір лауазымды тұлғалардың жауапсыздығының кесірінен елімізге экстремистердің жасырын еніп кетуіне жол берілгенін тағы айтпай кете алмаймыз. Шекараның мызғымастығы – тәуелсіздігіміздің аса маңызды кепілі екендігін әр қазақстандық, әсіресе өскелең ұрпақ, ешқашан естен шығармауы тиіс.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет