«Ғасырлар мақсаты – саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, ізгіленген ХХІ ғасыр құрушы іскер, өмірге икемденген, жан- жақты жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру» Н.Ә. Назарбаев Ұстаз — ұлы есім. Осы сөз мен үшін өте құдіретті. Құзіреттілігі соншалық балғын бала кезімнен ұстаз болуды армандадым. «Ұстаз» есімі — парасатты да, балаларды жанындай жақсы көретін жандарға берілген ұғым.
Мен осы ұстаздық мамандықты таңдағаныма мақтанамын, өмірімді бір сәт те шәкірттерімсіз елестете алмаймын.
Шәкірттерім — менің өмірімнің бір бөлшегі. Менің таңдаған осы жолым — үлкен жауапкершілікті, төзімділікті, ізденімпаздықты, шығармашылықты талап ететін киелі жол.
Бүгінгі ақпараттар ағылған технологиялық мәдениет дәуірінде заманауи ұстаздық қызметтің жауапкершілігі мол. Сондықтан да мен өз ісімді жоспарлауда ең алдымен «ХХІ ғасырдың нағыз ұстазы қандай болуы керек?» — деген сұрақ тұрады. Осы сұрақ жауабын табу жолындағы ізденіс жұмыстарым, бүгінгі заманауи жаңашыл мұғалімді қалыптастырудағы жаңа істеріме бастама болды. Кәсіптік шеберлікті, заманауи ақпараттық технологияларды толық игерсе ғана, бүгінгі қоғамымызды байытатын, дамытатын және жаңартатын мол мүмкіндіктерге жол ашылатыны тәжірибеде дәлелденді.
Бүгінгі заманауи ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеуі керек. Ол нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді.
Жаһандану дәуірі – әлемдегі елдердің бәсекелестік жағдайында халықаралық деңгейде өзара кірігу үрдістерінің жандану дәуірі болғандықтан, білім пайдалы инвестиция саласы ретінде еліміздің экономикалық, әлеуметтік және саяси даму тұрақтылығын қамтамасыз етуі тиіс. Елбасымыз: «Біз білім ,ғылым саласында бәсекеге қабілетті болмасақ, өз мақсатымызға жете алмаймыз» — деген болатын.
ХХІ ғасыр ұлттық бәсеке, ақпараттық сайыс, инновациялық технологиялар, күрделі экономиялық реформалар сияқты көріністерімен ерекшеленеді. Сол кезеңге сай интеллектуалды, дені сау, ой-өрісі жоғары дамыған, халықаралық деңгейге сәйкес білімі бар азаматты тәрбиелеу – әр ұстаздың міндеті. Ұстаз – барлық білім беру жүйесінің негізі, жаны және жүрегі. Оның негізгі басты мақсаты – рухани бай, ізденімпаз, адамгершілігі мол жаңа заман адамын қалыптастыру болып табылады.
Қазіргі заманғы педагог — ізденуші, зерттеуші, технолог, өнертапқыш. Сондықтан да ол шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңа формацияның жаңашыл ұстазы болуы керек.
Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд:
Жай мұғалім хабарлайды,
Жақсы мұғалім түсіндіреді,
Керемет мұғалім көрсетеді,
Ұлы мұғалім шабыттандырады – дейді.
Жаһандану заманында өркениет көшінен қалмайтын, бойында бәсекеге қабілеттілік қасиеті бар, барынша жаңа технолгиялармен қаруланған білімді де, білікті ұстаз өз кәсібінің майталманы болары сөзсіз. Халқымыз қолдап отырған Елбасының білім беру саласындағы стратегиясын жүзеге асыруда қоғам сұранысындағы ұстаздың бойынан мынадай сипаттарды даралап көрсетуге болады:
Еліміздің ең асыл қазынасы өскелең ұрпақты дамыта тәрбиелеуде жаңашыл, заманауи, ұстаз ретінде мен қандай үлес қосудамын?!
Бұл сұрақтың жауабы мені әрқашан алға жетелейді.
Соның нәтижесінде іс-тәжірибемді сын тұрғысынан қарастырып, оқытудың ақпарттық технологияларын, электронды оқулықтар, ғылыми жетістіктерін сабақта тиімді қолданып, заман талабына сай, сапалы мамандар даярлауда нәтижелі еңбек етіп келемін. Менің ұстаздық ұстанымым – әр сабақты әдістемелік жағынан жоғары дәрежеге жеткізу, оқыту мен тәрбие беруде дамыта оқытудың жаңа жолдарын іздестіру.
Өз ойымды қорытындылай келе,менің ұстаздық борышым – адамға ғана тән өмір сүре білетін жеке тұлға қалыптастыру деп білемін. Сондықтан да мен өз болашағыма білім алып жатқан болашақ маман – шәкірттерімнің болашағына үлкен сеніммен қараймын. Менің шәкірттерім заманауи технологиялар заманында осы қоғамға сай өмір сүре алатын білімді де, білікті, елін, жерін, мамандығын сүйетін, адамдарға ізгілік жасайтын, шәкірт жүрегіне жол табатын маман болып шығуы керек.
Еңбек етсең, ерінбей,
Бақытыма сенемін.
Мақсатыма жеткізер,
Уақытыма сенемін! – деп, ақын ағамыз жырлағандай, мен де жан-жақты дамыған құзіретті де, кәсіби маман дайындаудағы еңбегімнің еш кетпейтініне сенемін.