"Менің атым-Қырмызы" атты романын Орхан махаббат хикаясы ретінде атап өткен. Алайда шығарма қазақ оқырманының танымындағы махаббат əңгімелеріне мүлдем ұқсамайды. Керісінше ислам өркениетіндегі сурет өнеріне қатысты оқиға мол. Сондықтан, шығарманы аудару кезінде түпнұсқадағы ойдан ауытқымауды құп көрдік. Себебі шығарма орыс тіліне аударылып, бізге жетіп үлгерген еді. Орыс тіліндегі аудармасында оқырман талабы ескерілгені байқалады. Ал біз түпнұсқаға мейілінше жақын қылуға тырыстық. Өйткені, қазақ ислам өркениетінің бір бөлшегі. Түрікпен туыстығымыз, парсымен көршілігіміз бар. Шығармада ХІІІ-ХҮІ ғасырлардағы миниатюра өнері туралы айтылды. Əрі Орталық Азия мен Хорасан өлкесіндегі саяси оқиғалардан да хабар береді. Мəселен, Қасым ханның бөлесі əрі бəсекелесі болған Мұхаммед Шайбанидің суретін салған Кəмаладдин Бекзат туралы да айтылған. Яғни, біздің тарихи, діни танымымызға жақын тұстары мол. Сондықтан шығарманың тұпнұсқаға жақын болғанын қаладық. Ал оқырман талабына келсек, аударған жағдайда мағынасы мүлдем өзгеретін сөздерді қалдырдық та, түсініктеме бердік. Мысалы, тəзхиб деген өнер бар. Отырықшы мұсылман жұртына тән. Құсни-хат өнеріне жақын. Көркем безендіру тəсілі. Сонымен қатар суретші деген бар да, кескіндемеші деген бар. Бірақ шығармада нақышкер деген ұғым басты орында. Тарихтағы олардың қызметіне үңілсеңіз классикалық үлгідегі суретші емес екеніне көзіңіз жетеді. Мұсылман миниатюра өнерінде негізгі рөл атқарған кəсіп иелері. Оларды тура суретші демедік. Сызғышшылар да болған сол кезде. Оларға да түсініктеме бердік. Себебі, миниатюра өнері қазақта тым сирек. Болмаған кəсіп десек те болады. Сол жағын ескердік. Міне мұны оқырман талабын ескеру деуге де болатын шығар. "Қырмызы" біздің оқырман үшін тарихи деректі романға айналып шыға келді. Жалпы, əр халықтың мəдениетінде өзіндік ерекшеліктер болады. Қазақтағы құсбегілер, қағушылар немесе ат айдаушылар түрік пен парсыда болмауы мүмкін. Демек біздің əдеби шығармалар өзге тілге аударылса осы мəдени ұғымдар ескерілетін шығар. Біз Орханның еңбектеріне осы қырынан келдік. Мейлінше қазақ оқырманының танымын кеңейте түскенін қаладық.