Бірте-бірте волейбол халықаралық дәрежеге жетті. 1922 жылы АҚШ-та волейболды олимпиада ойындарына қосу туралы ұсыныс жасалды. 1932 жылы әйелдерден құралған волейбол командасы Сальвадорда өткен аймақтық олимпиада жарысында өнер көрсетті. Ал, 1936 жылы Стокгольмда гандболдан халықаралық федерация мен Польша өкілдігі волейболды гандболдың бір түрі ретінде санау керектігі туралы бастама көтерген. Сол кезде Еуропадан 13, Америка елдерінен 5 және Азия мемлекеттерінен 4 елден арнайы комиссия құрылды. 1947 жылдың 18 мен 20 сәуір аралығында Парижде 14 елдің қатысуымен (Белгия, Бразилия, Мажарстан, Голландия, Мысыр, Италия, Польша, Португалия, Румыния, АҚШ, Уругуай, Франция, Чехословакия және Югославия) Federation Internationale de Volleyball (FIVB — ФИВБ) Халықаралық волейбол федерациясы құрылды. Бұл волейболдың халықаралық деңгейде беделін арттыруға көп септігін тигізді.
Ойын басталғандағы бастапқы тұрыс Волейбол ойынында ең әуелі, бастапқы тұрыс – ойын барысында еңкейіңкіреп, екі қолды шынтақтан бүгіп, басты көтеріп алдыға қарап тұру. Ұшып келе жатқан допты қағып алу үшін әр түрлі қозғалыстар орындалады. Алдыға, оңға, солға, аттау, допты қағу үшін секіріп барып қолға құлап түсу т.б. қозғалыстар орындалады.
Ойын барысында орындалатын бұрылыстар Волейбол ойынында орындалатын бұрылыстар ойын процесінде негізгі рөл атқарады. Себебі, ойыншы ұшып келе жатқан допты қабылдап алу үшін міндетті түрде бұрылыстар орындайды. Ойыншы орнында тұрып бұрылуды, ұшып келе жатқан доптың бағытына қарай орындайды. Егер де доп тура келетіндей жағдай болғанда алдыға адымдап барып допты қайтарады. Жалпы бұл қозғалыстың барлығы доптың бағытына байланысты орындалады.
Допты ойынға қосу Ойыншылар допты ойынға қосудың бірнеше түрін игереді. Бірінші – жоғарыдан шабуылдап ойынға қосу. Допты шабуылдап ойынға қосқанда қарсы жақтың ойынын қиындатады. Әдетте, допты мұндай тәсілмен беруді меңгеру үшін иық-шынтақ буындарының қимылдық қабілеті мен күші жеткілікті болуы керек. Қарсыластарға допты қатты ұшырып беру үшін қолын сермегенде иық-шынтақ буындары бос қалады. Шабуылдың барлық әдістерін игеру – икемділік, күш, секірумен қатар, денені ауа кеңістігінде ұстай білу т.б. қасиеттерінің дағдылануына байланысты. Бұл құбылыс дененің үнемі қозғалыста болу қабілеттілігін арттыратын арнаулы жаттығуларды орындау нәтижесінде іске асырылады.
Екінші – бүйірден жоғарыдан шабуылдап беру. Бұл әдісте әрине қарсыластың ойындарын қиындата түседі. Бұған да допты жоғарыдан шабуылдап ойынға қосқан сияқты дағдылану керек.
Үшінші – допты астынан тура беру. Бұл әдіс допты жоғарыдан шабуылдап ойынға қосу сияқты емес, қарсыласына онша қауіп төндірмейді. Берілген бұл допты қарсыластар оңай қайтарады.
Төртінші – допты астынан жанамалап беру. Бұл допты да қайтарып беру үшін қарсыластарына қиыншылық тудырмайды. Міне, омындай әдістермен доп ойынға қосылады.