Қорытынды Халық педагогикасы - ежелден халықпен бірге жасасып келе жатқан тәлім-тәрбие мектебі. Ғалымдар тұжырымына сүйенсек, халық педагогикасы ғылым емес, ол халықтың ғасырлар бойы жинақтаған, бірақ бір жүйеге келтірілмеген ұрпақ тәрбиесі жөніндегі эмпирикалық білімі мен тәжірибесінің жиынтығы, этнопедагогика ғылымының зерттеу объектісі, педагогика ғылымын тудырушы қайнар бұлақ.
Халық педагогикасының негізгі принциптерінің бірі – тәрбиенің біртұтастығы. Халқымыз жас ұрпақты өмірге дайындап, «сегіз қырлы, бір сырлы», жан-жақты жетілген азамат етіп тәрбиелеу үшін бар мүмкіндікті сарқа пайдаланған. Кез келген тәрбие құрамына талдау жасасақ, тәрбиенің түрлері (еңбек, ақыл-ой, адамгершілік, әсемдік, т.б.) іштей сабақтасып жатады. Оны бесік жырынан, бата-тілектер мен терме толғаулардан байқауға болады. Тәрбие ісін кешенді жүргізуді ғылыми педагогикалық еңбектер де қуаттайды.
Тәрбие ісінің туғаннан өмір бойы үздіксіз жүргізілуін халық педагогикасы да, ғылыми педагогика да құптайды.
Халық педагогикасында тәрбие ісін баланың жас ерекшелігін ескере отырып жүргізуді талап еткен. Мәселен, «Ұлыңа бес жасқа дейін патшадай қара, он бес жасқа дейін қосшыңдай сана, он бес жастан асқан соң ақылшы досыңдай бағала» деген мәтел баланы еркін тәрбиелеудің, көмекшім деп үмітпен қараудың, ақылшым деп тең санаудың қажеттігін меңзейді. Ал бұл ғылыми педагогиканың ыңтымақтастық принципімен қабысып жатыр.
Ахмет Байтұрсыновтың ұлттық білім беру жүйесі, Мағжан Жұмабаевтың қазақ педагогикасын түзуі, Жүсіпбек Аймауытовтың қазақ психологиясы ғылымын зерлей бастауы, үшеуінің қазақ этнопедагогикасын ғылым ретінде қалыптастырып, пән ретінде оқытуға ұсынуы ұлттық педагогиканың ( халық педагогикасы мен педагогикалық ойлардың), яғни қазақ этнопедагогикасының дамып қалыптасу жолдарын көрсетті.
Қолданылған әдебиеттер
Этнопедагогика ( оқулық) – С. Қалиев, Ж. Ж. Молдабеков, Б.І. Иманбекова. Астана: Фолиант, 2010
Этнопедагогика ( оқу құралы) – Б.Мұқанова, Р. Ильясова, Астана: Фолиант, 2008
Қазақ этнопедагогикасы (оқу құралы) – Ә.Табылдиев, Алматы: «Санат»,2001