Кедейшілік проблемасын шешу Кедейшілік проблемасы Қазақстанды 90-шы жылдардың басынан толғандыра бастады. Оның өткірлігі кедейшілік нақты табыстың күрт төмендеуі мен қоғамның әлеуметтік жіктелуінің күшеюі салдарынан қоғамның әлеуметтік құрылымының өзгеруіне әсер ете бастаған сәттен бастап байқалды. Кедейшіліктің өсуі оның үлес салмағынан да, кедейшілік санаттары бойынша да көрініс тапты. Кедейшілік деңгейінің өзгеру қарқынында оның қалыптасуының екі кезеңін бөліп көрсетуге болады. Бірінші кезең – 90-шы жылдардың бірінші жартысы – бұл кезде халықтың тұрмыс деңгейінің нашарлауынан, кедейшілік ауқымының ұлғаюынан, табыстар, тұтыну, маңызды материалдық және әлеуметтік игіліктерге қолжетімділік бойынша қарастырғанда әлеуметтік ала-құлалықтың күшеюінен көрінген аса келеңсіз үрдістер байқалды. Екінші кезең – 90-шы жылдардың екінші жартысынан бастап қазіргі кезге дейін – экономиканың нақты секторындағы оңды ілгерілеулер нәтижесінде халықтың бақуаттылығы өлшемдерінің біршама тұрақтану кезеңі.
Елдегі қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың ерекшелігі ретінде “жаңа кедейлер” деп аталатындардың пайда болғанын айтуға болады. Бұған реформаларға дейінгі кезеңде болған әдеттегі кедейлерден бастап жеңіл өнеркәсіп, мәшине жасау, білім беру, денсаулық сақтау, ғылым, мәдениет салаларында жұмыссыз қалғандар жатады. Шағын бизнес өкілдері, зейнет жасына тақаған адамдар, мектеп, жоғары оқу орындарын бітірушілер, экологиялық дағдарыс өңірлерінде тұрып жатқан халық жоғары тәуекел аймағында қалып отыр.
“Жаңа кедейшілік” ауқымы ауылдық жерлерде тұратын халықтың есебінен едәуір кеңейді. Ауыл халқының табысы қала халқының табысынан орташа алғанда 2,2 есе төмен және ауылдағы кедейшілік деңгейі едәуір жоғары. Мысалы, ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табысы бар ауылдық отбасылардың үлесі (ҚР Статистика агенттігі 2004 жылы жүргізген үй шаруашылығын зерттеу деректері бойынша) 24,8 %-ды, ал қалалық отбасылар үлесі 9,2 %-ды құрайды.
Қазіргі жағдайда өңірлік кедейшілікті ерекше бөліп көрсету керек. Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейтін отбасылардың үлесі жоғары өңірлер арасында Атырау облысы оқшау тұр, онда кедейшілікте өмір сүріп жатқан халықтың үлесі 29,1%-ды құрайды (бұл республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіш), Маңғыстау – 21,0%, Жамбыл – 18,3%, Қызылорда – 26,5%, Оңтүстік Қазақстан – 23,0%. Аталған облыстарда жағдай осындай болса, республика бойынша орташа көрсеткіш – 16,1%.
Халықтың табыс деңгейі бойынша теңсіздігі еңбекке ақы төлеудегі айырмашылық пен басқа да табыс көздерінің болуынан ғана емес, отбасында қанша жан бар екендігіне, отбасында жұмыс істейтіндер санына, балалардың болуына қарай да қалыптасады. Асырау жүктемесі неғұрлым жоғары болса, табыс та соғұрлым төмен болады. Үй шаруашылығы деңгейінде табысты екінші рет қайта бөлу мен отбасылық бюджетті қалыптастыру жүріп жатыр. Атырау және Маңғыстау облыстары сияқты жоғары табысты өңірлерде отбасындағы жандардың орташа алғандағы санының жоғары болуы, әсіресе ауылдық жерлерде, олардағы табыс деңгейінің төмен болуына ықпал етеді және оңтүстік өңірдегі табысы төмен облыстардағы жағдайды шиеленістіріп жібереді.
Елде қазіргі кезеңде жүргізіліп отырған әлеуметтік саясаттың негізгі мақсаты кедейшілік деңгейін төмендету және қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық теңсіздікті азайту болып табылады. Экономикалық өсу халықтың әл-ауқатын көтеру үшін негіз жасайды, бірақ әлеуметтік проблемаларды шешу үшін әлеуметтік үдерістерді мына бағыттар бойынша мемлекеттік реттеуді күшейту қажет:
1) табыстар саласында ең төменгі әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету, олардың бастапқы негізі маңызды өмірлік игіліктер мен қызметтердің әлеуметтік қажетті деңгейін көрсететін ең төменгі тұтыну бюджеті болуы керек. Рыноктың дамуымен табыстардың жаңа түрлері ғана пайда болып қойған жоқ, халықтың тұтынушылық шығындарының құрылымдары өзгеруде. Азаматтардың төлемдерінің жаңа түрлері пайда болуда: жылжымайтын мүлік салығы, ипотекалық жүйе, міндетті сақтандырудың әртүрлі нышандары және т.б. Осының бәрі тұтыну бюджетін есептеудің жаңа құрылымына көшу қажеттігін алға тартады, оның үстіне байқалған экономикалық өсу жағдайында елдің осындай әлеуметтік ең төменгі деңгейді есептеуге көшуі үшін ресурстық мүмкіндіктері ұлғаюда.
Республика Үкіметі мақұлдаған әлеуметтік реформаларды тереңдету жөніндегі 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламаға сәйкес 2006 жылдан бастап жаңа ең төменгі күнкөріс деңгейі енгізілді, ең төменгі тұтыну себеті азық-түлік тағамдарының көбірек ассортиментін қамтиды (20-ның орнына 43 түрлі атаулы).
Жаңадан ең төменгі күнкөріс деңгейін енгізу маңызды материалдық игіліктер мен қызметерді тұтынудың ең төменгі шекті деңгейін неғұрлым нақты айқындауға мүмкіндік береді. Одан төмен болуы адамның қалыпты өмір сүруін қамтамасыз етпейді. Бұл өз кезегінде неғұрлым күшті әлеуметтік диспропорцияны анықтауға және халықтың неғұрлым әлсіз топтарын әлеуметтік қорғау шараларын талдап жасауға мүмкіндік береді. Алайда, ұзақ уақыттар бойы тек қана ең төменгі күнкөріс деңгейіне бағдар ұстануға болмайды. Ең төменгі тұтыну бюджетін жасау мен пайдалану объективті үдеріс болып табылады, бұл ең алдымен күнкөрістің ең төмен деңгейі базалық әлеуметтік норматив ретінде адамның тіршілік етуінің өзгеріп отырған әлеуметтік-экономикалық жағдайларына сай келуін көздейді.
2) салааралық және салаішілік деңгейде, мемлекеттік және жекеменшік секторлар арасында, сондай-ақ кәсіпорын ішінде жұмыс күшін қайта қалпына келтіру үшін бірдей жағдайлар жасау (еңбекке ақы төлеудің ең төменгі мөлшері рөлін күшейту, еңбекке ақы төлеудің ең төменгі, орта және ең жоғары деңгейлері арасындағы арақатынасты реттеу, салық салу жүйесін жетілдіру және т.б.);
3) республикада орта таптың қалыптасуы жөніндегі саясатты қалыптастыру мен жүзеге асыру. Осы мақсатта халықтың табыстарын түбегейлі көтерумен бірге жұмыс орындарын құру, шағын және орта бизнесті қолдау, білім беру технологияларын дамыту, жинақ ақшаның, меншіктің қорғалуына кепілдікті күшейту және т.б. жөніндегі шаралар қажет;
4) ауылдағы еңбекпен қамтылу құрылымының индустриялық еңбектің үлесін ұлғайту жағына қарай оңтайландыру (ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу, тұрғын үй және жол құрылысы, әлеуметтік инфрақұрылым нысандары құрылысы, агросервис және т.б.);
2.Экономикалық өсудің типтері, тиімділігі мен сапасы
Батыс елдеріндегі қалыптасқан экономикалық жүйе шеңберінде
экономикалық өсу мәселесі жетекші нақтылы мақсат болып саналады.
Экономикалық өсу ұлғаймалы ұдайы өндірістің болуымен түсіндіріледі: бұл жыл сайынғы өндіріс көлемінің сандық әрі сапалық артуы. Яғни, экономикалық өсу деп, өндіргіш күштердің ұзақ мерзімдік дамуымен байланысты өндірістің нақты көлемінің табиғи дәрежесінің ұзақ мерзімді өзгерістерін атайды.
Басқаша айтқанда, ЖҰӨ-нің нақты көлемінің өсу қарқынымен өлшенетін немесе осы көрсеткіштің жан басына шаққандағы өсуінің қарқынымен өлшенетін қағидат кең тараған.
Экономикалық өсудің мәні-экономиканың негізгі қайшылығын жаңа дәрежеде шешу және ұдайы өндіру б.т: өндірістік ресурстардың шектелуі мен қоғамдық қажеттердің шексіз болуының арасындағы осы қайшылықты шешудің негізгі екі түрі бар:
Біріншіден, өндірістік мүмкіндіктерді көбейту арқылы.
Екіншіден, бар болған өндірістік мүмкіндіктерді пайдалану тиімділігн жоғарылату және қоғамдық қажеттіктерді дамыту арқылы.
Бірақ осымен процесс бітпейді: дамудың әрбір жаңа кезеңінде өндірістік мүмкіндіктердің молаюымен байланысты қоғамдық қажеттердің барлығы қамтамасыз етілмейді. Қоғамдық қажеттіктер, оларды қамтамасыз ететін өнімдердің өндірісін осы елдің өндірушілері немесе импорт жасалған өнімдердің жеткізушілері игергеннен кейін пайда болады. Бірақ осыған қарамастан, қоғамдық қажеттіктер өндірістік ресурстарға қарағанда біріншілік, жетекші болып табылады. Өйткені, пайда болған қажеттілік бірте-бірте жаппайлыққа айналады, ал бұл жағдай өндірістің үздіксіз дамуын талап етеді.