2 том - ежелгі әдебиет тарихы. көне түркі әдебиетіне жататын Орхон-Енисей руна жазба ескерткіштері, оғыз-қыпшақ дәуіріндегі әдебиет мұралары - "Қорқыт ата кітабы", құмандардың "Кодекс Куманикус" жазба туындысы, "Оғызнама" дастаны, Қарахандықтар тұсындағы әдебиеттің көрнекті өкілдері Жүсіп Баласағұнның "Құтты білік" ("Құт әкелетін білім") еңбегі, Махмұд Қашқаридің "Диуани луғат-ит-түрік" ("Түркі сөздерінің жинағы") кітабындағы аңыздар мен әпсаналар, әдеби-поэтикалық үзінділер енеді. ХІ-ХІІ ғасырлар түркі халықтарының жазба әдебиетінің туып, қалыптасуымен байланысты болса, әрі бұл аралық кезең қазақ халқының қалыптасуы алдындағы дайындық кезең болғандығын да ескеру керек. Біздің заманымызға дейін сақталып жеткен көне түркі әдебиетінің жазба ескерткіштерін көрнекті түркітанушы ғалым Х.Көроғлы шартты түрде екі топқа бөліп көрсетеді: руна жазуымен бедерленген тарихи-эпикалық туындылар және көне соғды жазуына барып тірелетін ұйғыр жазуы пайдаланылған этикалық-дидактикалық шығармалар. Түркілер ислам дінін қабылдағаннан кейін көне түркі әдебиетіндегі ұйғыр жазуы біртіндеп ығыстырылып, араб жазуы кеңінен қолданысқа енді. Солтүстік Монғолиядағы Орхон өзенінің бойынан табылғандықтан "орхон жазба әдеби ескерткіштері", ал Енисей өзені бойынан табылған жазулар "енисей жазба ескерткіштері" деп аталады. Көне түркі әдебиетінің бұл көне үлгілері құлпытастарға қашап жазылғандықтан руна жазулары деген атқа ие болған.