№ 8 Мәтін талдау мен мәтінтану: айырмашылықтары мен ұқсастықтары.
2.1 Қазақ тіл біліміндегі мәтінтану мәселесі. Мәтінтану проблемасы мәтін тарихы мен мәтінтану деген екі ұғымның айырмашылықтарын танып–біліп алудан басталады. Бұл екі ұғымды тең дәрежеде қабылдауға болмайды. Орыс тіл білімінде мәтінтану мәселесіне А.С.Рейсер, Б.В.Томашевский, Д.С.Лихачев, Г.О.Винокур, П.Н.Берков, Е.И.Прохоров т.б. белгілі ғалымдар өз ғұмырларын арнады. Осы ғалымдардың еңбектері арқылы қазақ тіл білімінде мәтінтанудың негізгі ұғымдары мен терминдік жүйесі қалыптасты. Қазіргі кезде көркем шығарманың мәтінтану тұрғысынан зерттелуі де өзекті болып отыр. Көркем шығарманың мәтінтанымдық жағынан зерттелуі филологияның басты салаларының бірінен саналады.
Мәтінтанушы белгілі бір мәтіннің жарыққа шыққанға дейінгі тарихын зерттеп қана қоймайды, әрбір автографтағы өзгерістердің пайда болу себебін ашады, өзгерістер мен жапсырмалардың, қоспалардың мәтінге енген кезі мен көмескі сөздердің, тіркестердің шыққан тегін анықтағанда, ұлт тілінің әр дәуірдегі ерекшелігімен сабақтастықта, саяси-әлеуметтік, мәдени өзгерістерімен ұштастыра келіп, қолжазбаны көшірушінің ұстанған мақсатын жадында тұта отырып, қарастыруға міндетті. 2009 жылы жарыққа шыққан академик Р.Сыздықтың «Қазақ тіліндегі ескіліктер мен жаңалықтар» (Алматы:Арыс,2009) еңбегі де осы салаға тыңнан қосылған еңбекке жатады, мәтінтануға қатысты қазақ тіл біліміндегі бірнеше проблеманы көрсетеді: 1) текстологиялық зерттеулердің жолға қойылмауы; 2) мәтінге қалай болса, солай қарау: а) тарихи мәтіндерді, ә) кейінгі жаңа жазба мәтіндерді да жариялану барысында кемшіліктердің жіберілуі, б) мәтіндер қазына іспетті, көне мен ескіліктердің топтастырылған орын екені, в) ескілер мен көнеліктердің мән-мағынасын ашуда да мәтіндердің көмегі көптігін ескерусіз қалып отыруы [12, 11 б.].
Қолда бар кез келген ескерткіш-мұраның екі түрлі жарияланымы, нұсқасы: 1.лингвистикалық басылым (Орхон жазбалары, «Хан жарғылықтары», «Қадырғали Жалаири т.б.» және 2.әдебиленген («қазіргіленген») басылым (Қ.Халиди «Тауарих Хамса» т.б.) болады. Мұраны «лингвистикалық қалыпта» (яғни таңбасын нақты беріп) жариялаудың да көптеген даулы мәселелері бар. Қазақ филологиясындағы мұра атаулы о баста жазба күйге (қолжазба, кітап түрінде) араб қарпімен, оның ішінде қадим жазулы нұсқалар түрінде түскендіктен, оны қайта оқудың, қазігі әріпке түсіріп таңбалаудың толық әдістемесі жасалмаған. Сол себепті де тілші ғалымдар кез келген мәтінді қайта жарияларда өз принциптерін, жазу қалыбын қайталап түсіндіруге мәжбүр болады. Мәселен,А.Байтұрсынұлының «Тіл тағылымы» (Алматы, 1993) атты еңбегі араға 70 жыл салып қайта жарық көрген тұста академик Р.Сыздық оған мынадай түсінік жазды: «Ауыспалы шақтық есімшенің жұрнағы көбінесе тұн, түн (баратұн, келетүн) түрінде жазылғанмен, түпнұсқадағы орфограмма сақталмай, қазіргі нормасымен тын, тін болып жазылды. А.Байтұрсынов грамматикасында жіктік жалғаудың ІІ жағының тұлғасы қазіргідей –сың емес, -сын түрінде берілген (сен барасын, сен не сұрап тұрсын дегендерде), бұл өзгешелік сақталды». Сол принциппен көне мұраларды мәтінтанулық тұрғыдан зерттеу олардың тұтастығын қалпына келтіруден, өзгешелігін сақтаудан басталатынын сызба түрінде көрсетуге болады (Махамбет өлеңдері негізінде)